Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Қазіргі қазақстандық қоғамдағы діни білім мен ағарту: үрдістері мен келешегі

21.11.2013 4419 0 пікір

Ақтауда «Қазіргі қазақстандық қоғамдағы діни білім мен ағарту: үрдістері мен келешегі» тақырыбында халықаралық конференция болып өтті. Қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен жиынның мақсаты- еліміздің бүгінгі діни ахуалын  талқылау мен елдің бірлігі мен тыныштығын сақтау бағытындағы жұмыстарды дұрыс жүргізуді сараптау болды.

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен ауқымды шараға Стамбулдың Мармара университетінің профессоры Челеби Ильяс, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі С.Сейітбеков, Қазақстан қажылар қауымдастығының төрағасы Е.Дуанаев, ҚР Дін істері агенттігінің сарапшысы Н.Қабылов бастаған дінтанушылар мен мекеме басшылары, құқық қорғаушылар мен тілшілер қатысты.

- Бұл жиынның тақырыбы да, көтерер жүгі де ауқымды әрі маңызды. Өйткені, дін тақырыбы бүгінде елімізде өзекті болып отыр,-деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Ілмұханбетова.

Дін – адам өмірін, ақылын, мәдениетін және ұрпағын қорғауды мақсат етеді. Құран аяттары осы қағидатта түсіндірілді. Алайда, соңғы уақытта исламды өзінің жаман пиғылында түсініп пайданаланушылар көбейді. Бұл әрине, діннің емес, қандай да бір саяси топтардың әрекеті. Бұған діни сауат мықты болғанда ғана жол бермеуге болады. Осы бағытта сөз алған түрік профессоры Челяби Ильястың айтуынша, олардың елінде дінтану дәрісі дұрыс жолға қойылған. Түркиямен тілі бір болмаса да, діні бір, ділі бір, тегі, тіпті мәсхабы бір қазақ елінде осы мәселені қолға алатын кез келді.

- Қазіргі кезде исламдық білім беру орындарының дәстүр мен жаңаны бірге алып жүруге күші келетін оқу орындары жоқтың қасы. Жеткіліксіз білім беру- сауатсыз діндарлардың көбеюіне әкелуде. Қазір екі топ қоршап тұр. Бірі классикалық медреселерде білім беретіндер болса, екіншісі, заманның рухын түсінбейтін жаңа реформаторлық бағыттағылар. Құран мен сүннеті дұрыс түсіне алмаған бұл топ исламды да, заманды да ұғынар емес. Жихад жасап, кінәсіз адамдардың өмірін қию исламға да, адамгершілікке де жатпайды. Бұның өзі елдің діни білім беру жүйесінде олқылықтар бар екенін көрсетеді,-деді Челяби Ильяс.

Діни білім беру жүйесі түрік елінде дұрыс қалыптасқан көрінеді. Діни оқу орындарының бағдарламасын мемлекет жасақтап, бұл игі істі көзі қарақты толерантты мамандар мен теология факультетінің түлектері жүргізеді екен. Олардың қызметі мемлекет тарапынан үнемі қадағаланып отырады. Дін қызметкерлері уағыздарында елдің бүгінгі дамуы мен болашағы жайында үгіт-насихат айтады. Түрік профессорының айтуынша, олардың арасында радикалдық топ өкілдері жоқ деуге болады.

Ал, біздің елімізде жағдай басқашалау. Зайырлы ел болғандықтан, дін мемлекеттен бөлек. Мешіттердің есігі барлық жандар үшін ашық. Кім қашан, қалай, не оқимын десе де ерікті. Соңғы жылдары исламдай ізгі діннің атын жамылып, ел ішінде бүлік шығаратындар көбейді. Балағын шолақ кескен  шонтық сақалды жігіттер мен қарамен тұмшаланған қыздардың қатары артты. Киім ғана емес, ниет өзгеріп, мұсылмандық  мейірім жоғалды. Ата-бабасының рухын сыйламайтындар мен ата-анасын тындамайтындар пайда болды. Үлкенге ізетті о бастан ұстанған қазақтың кертартпа жастары шықты. Қаймағы бұзылмаған ел едік, радикалдық топтар біздің жерімізде қашан, қалай пайда болды? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бөлім меңгерушісі Смайыл Сейітбековтің айтуынша, қазақ қоғамындағы тұрақтылыққа сызат түсіруші теріс ағымдар сонау 90 жылдары пайда болды.

- Исламдағы бірлікті бүлдірген теріс ағымдар уаһһабилік немесе сәләфилік. Уаһһабилік идеология өкілдері елімізде өздерін «сәләфиміз» деп атап, таныла бастады. Олар ислам әлемінің көптеген елдерінде белсенді жұмыс жасауда. Қазақ жеріне олар тәуелсіздік алғаннан кейін келе бастады. Сәләфилік идеология өкілдері алғашқы кезде араб тілін үйрететін оқу орындарында қайырымдылық қорларын, сауат ашу курстарын ашып, жастарды жанына жинады. Орыс тіліндегі діни кітаптарды тегін таратып, қандастарымызды өз қатарларына тартты. Сол кезде көптеген жастарға араб елдерінде білім алуға мүмкіндік туды. Осы ағымның шырмауына түскендер елге оралғасын сол ағымның ұстанымын жайды,-дейді Смайыл Сейітбеков.    

Осыдан соң сөз алғандар еліміздегі діни білім беру, дінтану пәнін оқытудың өзекті мәселелеріне тоқталып, ислам білімінің қазіргі жағдайы мен болашағын сөз етті. Ең бастысы, діни ахуалдың тұрақтылығы мен ел бірлігін сақтау және теріс ағымдардан сақтанудың маңыздылығын талқылады.

Маңғыстау облысында ресми түрде 28 діни бірлестік тіркелген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы ретінде 18 мешіт жамағатқа қызмет етеді. Ал, қалғандары христиандық бағыттағы діни бірлестіктер. Оның ішінде екеуі дәстүрлі,  орыс православия шіркеуі, римдік-католиктік діни ұйым және протестанттық бағытта тағы 8 бірлестік жұмыс жасайды. Өңірімізде сондай-ақ, 21 ғибадат орны тіркелген. 18 мешіт ғимараты, орыс шіркеуі,  евангелдік христиан-баптистерінің ғибадат үйі және «Жаңаапостол шіркеуі орталығының» мінәжат орны бар екен.

Ислам — әлемдік монатеисттік-ибраһимдік дін. «Ислам» сөзі «бейбітшілік», Алланың заңдарына «мойынсыну, бағыну» дегенді білдіреді. Ал шариғатта «ислам» — толық мойынсыну, Алланың алдында парыздарды орындау, одан басқа құдайларға табынбау болып есептеледі. Ислам дінін ұстанушы жан мұсылман деп аталады. Мұсылмандардың негізгі діни кітабы құран кәрім. Ислам  бойынша,  жаратушы Алла әрдайым адамзат баласын тура жолға салып тұру үшін әр түрлі пайғамбарлар жіберіп отырған. Мұсылмандардың сенімі бойынша ең соңғы пайғамбар — Алланың елшісі Мұхаммед.

Мұсылмандардың сенімі бойынша, Алла — бүкіл әлемнің жаратушысы және билеушісі. Аллаһтан басқа ешкім бұндай күш иесі емес. Алланың болуы ғалам үшін өте керек нәрсе, оның жоқтығы мүмкін емес. Аллаға тең ешкім жоқ,  ол жалғыз әрі мәңгі.

Анар Шамшадинова,
Маңғыстау облыстық
Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру