Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Діннің абыройы имамның білімімен көтеріледі»

19.11.2013 3652 0 пікір

Облыстың бас имамы жергілікті имамдарға нақты тапсырмалар берді

Ағымдағы жылдың 18 қарашасында  жаңадан тағайындалған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров танысу мақсатында қала имамдарымен кездесті. Басқосуда өкіл имам Батыржан Берденұлы асыл дініміз Исламның негізгі құндылықтарына тоқталып, оның ішінде Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын кеңінен дәріптеу мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жандандыру қажеттігін баса айтты.

Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің барлығы асыл дініміздің мәртебесін, имамдардың беделін көтеру бағытындағы жұмыстарға негізделген. Сондай-ақ, ұсыныстар да ортаға салынды.

Облыстың бас имамы барлық имамдарға әр апта сайын апталық жұмыс есебін фотосуреттерімен қоса «Иманғали» орталық мешітінің электронды поштасына жіберіп отыруды міндеттеді. Есепте жоғарғы және орта, арнаулы оқу орындары мен түрлі мекемелерде өткен кездесулер, шаруашылық істер, БАҚ-пен байланыс, уағыз-насихат жұмыстары және сауат ашу курсының қызметі қамтылуы тиіс. Сондай-ақ, намаздар арасында айтылатын уағыздардың тақырыптары бекітіліп, бес уақыт намазды міндетті түрде ҚМДБ бекіткен имам немесе наиб имам өткізетін болып шешілді.  

Жыл соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасына орай барлық имамдардың сынақтан өтуі қаралған. Осыған орай, облыс имамдарының діни сауатын арттыру мақсатында семинарлар мен «дөңгелек үстелдер»  ұйымдастыру мәселесі сөз болды.

- Өзге мекемелер секілді имамдар да сынақ тапсыратындықтан, бүгіннен бастап дайындықтарыңызды пысықтай беріңіздер, - деген бас имам алдағы уақытта  «Иманғали» мешіті жанынан арнайы комиссия құрылып, барлық құлшылық орындарына тексеру жүргізетіндігін де жеткізді.

Сонымен қатар, Бас мүфтидің тапсырмасы - жергілікті БАҚ-пен тығыз жұмыс жасау мақсатында имамдарға баспасөздерге мақала беріп отыруды тапсырды.

Алқалы жиын қорытындысында имамдар тарапынан экстремистік бағыттағы керітартпа діни ағымдардың жетегінде жүрген жастарымызды дәстүрлі ислам бағытына қайтару жолдары мен ұсыныстары тыңдалып, бірқатар тапсырмалар жүктелді.

- Жасыратыны жоқ, бүгінде мешіт жамағаты мен имамдар арасындағы байланыстың ажырап бара жатқаны байқалады. Бұл олқылықтың орнын толықтыру үшін келуші жамағаттың, оның ішінде жастардың мешіт қызметкерлері туралы оң пікірін қалыптастыру мақсатында барлық мешіт қызметкерлеріне арнайы бір күнді «Қабылдау күні» деп белгілеп, бұл туралы Жұма намазында және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарлап отыруды тапсырамын. Мұндағы мақсат – жамағаттардың діни мәселеге байланысты проблемаларын шешуге көмектесу, дұрыс бағыт сілтей отырып, рухани қолдау көрсету, - деп, барлық имамға, оның ішінде наиб имамдар мен ұстаздарға намаздардан кейін «Ханафи мәзһабы – қазақ халқының рухани мұрасы» тақырыбында 15 минут уағыз айтуды және мешіт жамағатымен, әсіресе жастармен үздіксіз кездесулер өткізуді міндеттеген облыстың бас имамы Батыржан Мансұров сөзін былай қорытындылады: - Дін қызметкері өзгеге үлгі боламын десе, алдымен өзі әдепті, мәдениетті, ішкі-сыртқы өзгерістерге дайын, парасатты тұлға болуы қажет. Өйткені, мешітке келушілерді имандылық пен ізгілікке тәрбиелеуге, қоғамдағы харам нәрселердің алдын алып, жақсы амалдарды көбейтуге, адамдарды күнә істерден аулақ болуға, керісінше, сауапты істерді көбірек жасауға, жақсы болуға, мұсылмандыққа сай іс-әрекет етуге үндеу - біздің басты міндетіміз.  

Кенже БАҚЫТ.
Атырау.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру