Барша мұсылман жұрты үшін қасиетті саналатын құрбан айт мерекесі Маңғыстау жерінде ерекше аталып өтті. Адамзатты қуаныш-шаттыққа бөлеп, құт-береке әкелер ұлық мейрам әрбір отбасында және облыстық Бекет ата мешітінде болып өткен шараға Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар айтқан жамағат көп жиналды. Жүректеріндегі игі тілектерімен таң ертемен Алланың көк үйіне жиналған жұртқа облыстың бас имамы Тыныштық қажы Мырзаев қасиетті мерекенің мән-маңызы, жалпы ислам дінінің қадірі туралы уағыз айтты.
- "Құрбан" сөзі де араб тілінен аударғанда "жақын болу", "жақындау" мағынасын білдіреді. Олай болса, құрбандық шалу ғана емес, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Құрбан айт мейрамының жамағат арасындағы бірлікті күшейтіп, бауырластықты арттырудағы рөлі аса зор. Айт намазын оқуға мешітке келген мұсылмандар бір-бірімен көрісіп, қабыл болсын деу арқылы достық пен ағайындықты нығайта түседі,-деді Тыныштық қажы Мырзаев.
Мешіт жамағаты мен Маңғыстау халқын құрбан айтпен құттықтауға облыс әкімі Алик Айдарбаев, Ақтау қаласының әкімі Еділ Жаңбыршин және басқа да лауазымды тұлғалардан құралған ресми топ келді.
- Құрбан айт мүбәрак болсын! Бұл мереке Алла тағаланың ризалығы үшін құрбандық шалып, садақа беріп, тілек тілейтін күн. Ислам мейрамдарының қай қайсысы да мұсылман бауырларымыз ғана емес, барща адамзатты ынтымақ пен ауызбіршілік, өзара сыйластык пен құрметке бастайды. Маңғыстаулық мұсылман қауымы мен облыстың барлық тұрғындарына шын жүрегімнен береке бақыт, әр жанұяға тыныштық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!,-деді облыс басшысы Алик Айдарбаев.
Осыдан соң барша қауым бірігіп айт намазын оқыды. Ақсақалды аталар бата берген соң, облыс әкімі құрбандық шалу рәсіміне қатысты.
Әлем мұсылмандары бұл күні жаратушының разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Бұл күні қажылыққа аттанған мұсылмандар жүздерін Қағбаға қаратып еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін тілеп, екі дүниенің бақытын сұрап, дұға жасайды.
Анар Шамшадинова,
Маңғыстау облыстық Бекет ата мешітінің баспасөз қызметі
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
24.10.2013
3537
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру