Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

НЕКЕ – САЛАУАТТЫ ӨМІР ШАРТЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 26.06.2026 41 0 пікір
НЕКЕ – САЛАУАТТЫ ӨМІР ШАРТЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Асыл дінімізде адамзаттың пайдасы үшін баяндалған маңызды үкімдердің бірі – некелесу. Неке – ер мен әйел арасындағы Алла разылығы үшін құрылған, өзара махаббат пен мейірімге, сенім мен құрметке, сабыр мен жауапкершілікке негізделген келісім. Некелесу арқылы адам баласы өмірлік жұбымен бас қосып, ұрпағын жалғастырады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

وَمِنۡ ءَايَٰتِهِۦٓ أَنۡ خَلَقَ لَكُم مِّنۡ أَنفُسِكُمۡ أَزۡوَٰجاً لِّتَسۡكُنُوٓاْ إِلَيۡهَا وَجَعَلَ بَيۡنَكُم مَّوَدَّةً وَرَحۡمَةً إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَأٓيَٰتٖ لِّقَوۡمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендердің өздеріңнен (өз болмыстарыңнан) тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйіспеншілік пен мейірімділік орнатуы Оның (Алланың) белгілерінен (дәлелдерінен). Шын мәнінде, мұнда ойланатын қауым үшін ғибрат (белгілер) бар», – дейді («Рум» сүресі, 21-аят).

Имам әл-Қуртуби мен Ибн Касир (Алла оларды рақымына алсын) тәпсірлерінде бұл аяттағы «өз болмыстарыңнан» деген сөзді «бір жаратылыстан» деп түсіндірген. Кейбір деректерде «Адам пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қабырғасынан Хауа анамыздың жаратылуы» деп түсіндіріледі. Бұл жерден ер мен әйел бірін-бірі толықтыру үшін жаратылған екендігін түсінеміз.

Алла Тағала аяттың жалғасында отбасының іргетасы мен баяндылығының кепілі ретінде екі ұлы құндылықты бекіткен. Олар  «мәуәддә» (сүйіспеншілік) және «рахма» (мейірім). Бұл екі ұғым бірін-бірі толықтырып тұратын сипаттар.

«Мәуәддә» (сүйіспеншілік) – бұл екі жастың бір-біріне деген жүректегі алғашқы жалындаған сезім.

«Рахма» (мейірім) – бұл уақыт өте келе, тұрмыстың ағымымен алғашқы жалындаған сезім байсалдылыққа ауысқанда пайда болатын жанашырлық, ортақ өмірге деген құрмет пен төзімділік. Жылдар өте келе адамның сұлулығы кетіп, денсаулығы сыр беруі мүмкін. Міне, осындай кезеңде отбасын құлатпай ұстап тұратын күш – мейірім. Бір-бірінің қателігіне кешіріммен қарау, ауырғанда демеу болу, қиындықты бірге еңсеру осы «рахма» құндылығынан туындайды.

Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Біз үшін Адам ата заманынан осы заманға дейін және соңы жәннатта жалғасатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ», – деп некенің екі дүниелік маңызын айқындап берген.

Дана халқымыз өмір жолына бірге аттанған жас-жұбайларды ата-ананың разылығынсыз, ақ батасыз, яғни некесіз қоспаған. Демек, қазақи отбасының негізі тек некелесу арқылы ғана қаланған. Адам баласының дүние-ақыретіне некенің тигізер пайдалары өте көп. Мұсылман адам отбасы мәселесінде келесідей құндылықтарға мән беруі қажет:

Бірінші: ізгі жар таңдаудағы ниеттің түзулігі

Отбасының іргетасы берік, болашағы баянды болуының алғашқы шарты – ізгі жар таңдаудағы ниеттің түзулігі. Өмірлік серікті таңдауда уақытша сезімге немесе көрсеқызарлыққа салынбай, ақылмен, жан-жақты ойланып шешім қабылдаған жөн. Шариғатымыз жар таңдауда адамның имандылығына, мінез-құлқына және тәрбиесіне басты назар аударуды бұйырады. Алла Тағала қасиеті Құранның «Бақара» сүресі, 221-аятында:

وَلَأَمَةٌ مُّؤْمِنَةٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكَةٍ وَلَوْ أَعْجَبَتْكُمْ

«Әлбетте, иман келтірген (күң) әйел, сендерді таңғалдырған (имансыз) мүшрік әйелден әлдеқайда қайырлы (жақсы)», – деп адамның сыртқы тартымдылығы мен әлеуметтік мәртебесінен бұрын, оның иманы мен рухани байлығы әлдеқайда маңызды екенін көрсетеді.

Ал Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 الدُّنْيَا مَتَاعٌ، وَخَيْرُ مَتَاعِ الدُّنْيَا الْمَرْأَةُ الصَّالِحَةُ

«Бұл дүние – өткінші. Ондағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел», – деген (имам Мүслим).

Дүниенің бүкіл байлығының ішіндегі ең қайырлысы, ең құндысы, иманды, көркем мінезді әрі күйеуіне тірек бола білетін – салиқалы жар. Себебі материалдық байлық адамды тек сырттай бақытты етсе, салиқалы әйел адамның жан дүниесіне тыныштық сыйлайды, ұрпақ тәрбиелейді және шаңырақтың берекесін кіргізеді.

Хакім Абай атамыз да бұл мәселеге:

Лапылдап көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл берме!

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп сыртқы сұлулыққа алданбай, ішкі жан дүниенің тазалығына мән беруді өлеңмен жеткізеді.

Үйленетін адам ең әуелі ниеттің дұрыстығына мән беруі тиіс. Неке «тұрып көрейік, болмаса ажырасармыз» деген таяз түсініктен ада болуы тиіс. Ол осы дүниеде де, ақыретте де бірге боламыз деген шынайы ниетпен, мәңгілікке қиылуы керек.

 

Қисса

Бірде үш кісі (сахаба) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайларының үйлеріне келіп, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасырын жасайтын құлшылықтары туралы сұрайды. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалай құлшылық ететіні туралы естіген кезде, олар бұл амалдарды өздері үшін азсынғандай болады (яғни, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түнде ұйықтайтынын, кей күндері ораза ұстамайтынын естіп, таң қалады). Олар өзара: «Біз қайда, Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайда? Оның өткен әрі болашақ күнәларының бәрі кешіріліп қойған (сондықтан ол аз құлшылық етсе де болады, ал бізге көп құлшылық ету керек)», – деседі. Сонда олардың  біріншісі: «Мен өмір бойы түнімен намаз оқимын», – дейді. Екіншісі: «Мен өмір бойы ауыз ашпай ораза ұстаймын», – дейді. Ал үшіншісі: «Мен әйелдерден алыстап, мүлде үйленбеймін», – дейді. Бұл сөзді естіген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды шақырып: «Осындай деп айтып жүрген сендер ме?! Алламен ант етейін, мен іштеріңдегі Алладан ең қатты қорқатынымын және ең тақуаларыңмын. Бірақ мен ораза ұстаймын, ауыз ашамын; намаз оқимын, ұйықтаймын; әйелге де үйленемін. Кімде-кім менің сүннетімнен (жолымнан) бас тартса, ол меннен (үмбетімнен) емес!» – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).

Олар бұл іске жаман ниетпен емес, тақуалыққа ұмтылу мақсатында бекінген. Алайда шынайы тақуалық – дүниеден безіну емес, сүннетке сай өмір сүру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйленуді өзінің сүннеті ретінде бекітіп:

 تَزَوَّجُوا الْوَدُودَ الْوَلُودَ فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمُ الأُمَمَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ

«Сүйіспеншілігі мол (мейірімді), бала табатын (тез бала көтеретін) әйелдерге үйленіңдер. Өйткені қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңмен мақтанамын», – деп өсиет қалдырған.

Сондықтан әрбір мұсылман отбасын құруға жауапкершілікпен қарауға, махаббат пен мейірімге толы шаңырақ көтеруге және Қиямет күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мақтанатындай ізгі де парасатты үмбет тәрбиелеуге ұмтылуы қажет.

Екінші: некенің шариғи талаптары

Неке сөзі араб тілінде «бірігу, қосылу» деген мағынаны білдіреді. Шариғаттағы терминдік мағынасы – ер мен әйелдің ортақ өмір кешіп, ұрпақ жалғастыруын адал ететін келісім-шарт. Шариғат бойынша мұсылмандық некенің заңды деп танылуы үшін оның негізгі рүкіндері (парызы) мен шарттары толық орындалуы қажет. Олар некенің толық болуы үшін өте маңызды. Некенің рүкіндері (парызы):

  • Ижаб (ұсыныс): тараптардың бірінің отбасын құруға білдірген ұсыныс сөзі.
  • Қабул (қабыл алу): екінші тараптың бұл ұсынысты өз разылығымен құптауы.

Неке қию барысында екі жақтың разылығы өте маңызды. Себебі мұнсыз неке заңсыз әрі дұрыс болып есептелмейді. Сонымен қатар, некенің жүзеге асуы үшін үйленуші тараптардың сөздері толықтай анық болуы әрі екі жақтың мәлімдемесі бір уақытта және бір жерде, яғни бір мәжілісте айтылуы керек.

Некенің шарттары:

  • Уәлидің рұқсаты. Қыз баланың ата-анасының (немесе шариғи қамқоршысының) келісімі мен ризашылығының болуы;
  • Куәгерлердің қатысуы. Неке қию сәтінде кем дегенде екі ер кісі немесе бір ер, екі әйел кісі куәгер болады. Куәгерлер балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс және мұсылман болуы керек. Сондай-ақ, олар некелесуші тараптардың ижаб пен қабыл (ұсыныс пен қабылдау) сөздерін өз құлақтарымен нақты естуі;
  • Мәһрдің бекітілуі. Мәһр – ер адамның неке қиылу барысында қалыңдыққа өз ризашылығымен беретін шариғи сыйы. Ханафи мәзһабында мәһрдің ең төменгі шегі 10 дирхам. Сахабалар өмір сүрген заманда 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Бұл қазіргі өлшеммен 4,25 грамм алтын немесе соған тең келетін ақшалай қаражатқа (нарықтағы құнына) сәйкес келеді. Мәһрдің мөлшерін ер азаматтың материалдық мүмкіндігіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескере отырып айтқан жөн. Өйткені мәһр күйеу жігітті қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек. Мәһрді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһр муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһр муәжжәл) беруі; 
  • Кедергілердің болмауы. Некелесуші жастардың арасында үйленуге тыйым салынған туыстық немесе діни кедергілердің болмауы.

Халқымыз да осындай шарттардың жүзеге асуы арқылы құрылған некені «адал неке», «ақ неке» деп атаған. Бүгінгі таңда қоғамда «азаматтық неке» деген атпен, ешқандай заңды әрі шариғи рәсімдерсіз бірге тұру үрдісі белең алып барады. Алайда мұндай уақытша қатынастар біздің дінімізде де, ұлттық мәдениетімізде де қатаң айыпталады.

Үшінші: некені жария ету

Ислам діні жасырын үйленуге, елден жасырған құпия келісімдерге үзілді-кесілді тыйым салады. Некенің ашық, адал әрі жария болуы туралы Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

أَعْلِنُوا هَذَا النِّكَاحَ، وَاجْعَلُوهُ فِي الْمَسَاجِدِ، وَاضْرِبُوا عَلَيْهِ بِالدُّفُوفِ

«Некелеріңді жариялаңдар, оны мешіттерде өткізіңдер және өзгелерге естіртіңдер (дауылпаз соғып, той жасаңдар)», – деген (Термизи).

Некені жария ету – адамдардың бір-біріне деген қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуінің, сондай-ақ адал неке мен жасырын қатынастың арасын ажыратудың басты көрінісі.

Дана халқымыз шариғаттың бұл әмірін өзінің төл салтымен керемет ұштастыра білген. Жасырын қосылуды ар санаған бабаларымыз жаңа түскен келінді халыққа «беташар» рәсімі арқылы таныстырған. Беташар арқылы жаңа отаудың құрылғаны бүкіл ағайын-туысқа, ауыл-аймаққа жария етілген. Ел-жұрттың ақ батасын алған жас шаңырақтың алғашқы қадамы берекемен басталған.

Төртінші: ерлі-зайыптылардың міндеттері мен отбасылық ақылары

Шаңырақтың берекесі кіріп, отбасының іргесі берік болуы ер мен әйелдің өз міндеттерін біліп, оны ықыласпен орындауына тікелей байланысты. Ислам шариғатында шаңырақты басқару, оны қорғау және материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету міндеті ер азаматқа жүктелген. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 34-аятында:

الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاءِ بِمَا فَضَّلَ اللَّهُ بَعْضَهُمْ عَلَى بَعْضٍ وَبِمَا أَنفَقُوا مِنْ أَمْوَالِهِمْ

«Ерлер әйелдерге басшы (һәм қорған). Өйткені Алла оларды бірін-бірінен (жаратылысы мен мінезіндегі ерекшеліктері бойынша) артық етті. Сондай-ақ, олар (әйелдеріне) өз дүние-мүліктерінен напақа береді (нәпақамен қамтамасыз етеді)», – деп ер адамның отбасындағы дәрежесі мен басты міндетін баяндайды.

Бұл аяттағы «басшылық» билік жүргізу үшін емес, керісінше, әйел затының қауіпсіздігіне, діні мен дүниесіне, ас-суы мен киіміне жауапты болу деген сөз. Ислам діні ер азаматтардан әйелдерімен қаталдықпен емес, жылылықпен және даналықпен қарым-қатынас жасауды талап етеді. Алла Тағала Құранда ерлерге:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Әйелдеріңмен жақсы тұрып, көркем мәміледе болыңдар», – деп әмір етсе («Ниса» сүресі, 19-аят), Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қоштасу құтпасында үмбетіне:

أَلَا وَاسْتَوْصُوا بِالنِّسَاءِ خَيْرًا، فَإِنَّمَا هُنَّ عَوَانٍ عِنْدَكُمْ... فَإِنَّمَا أَخَذْتُمُوهُنَّ بِأَمَانَةِ اللهِ

«Әйелдеріңе жақсы қараңдар! Өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар (олар сендерге Алланың аманаты)», – деп әйелдермен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырған (имам Мүслим).

Шариғатымыз бойындағы нәзіктігі мен сезімталдығына байланысты әйел затын аялап ұстауды бұйырады. Ер азамат өз жарын, біреудің өсіріп отырған ерке қызын ең алдымен «Алланың аманаты» деп білгенде ғана отбасында шынайы сыйластық пен баянды бақыт орнайды.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистеріне назар салсақ ер адамға әйеліне құрмет көрсетіп, жақсы қарауды бұйырса, әйел адамға: «Әйел адам бес уақыт намазын оқыса, рамазан айының оразасын ұстаса, ар-намысына ие болса және күйеуіне бағынатын болса, оған (ақыретте): «жәннаттың қалаған есігінен кір», – деп айтылады», ­– деп еріне бағынуды, сыйлап құрметтеуді әмір еткен (имам Ахмад).

Осылайша, екі тарап та өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарағанда ғана отбасы шаңырағы берік болып, ол отбасы дүниеде де, ақыретте де бақыттың мекеніне айналады. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Тұрмыстық тауқыметтер мен пендешілік түсініспеушіліктер кез келген шаңырақта кездеседі. Мұндай сәттерде шайтанның азғыруына ермей, Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір өсиетін басшылыққа алу керек:

لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً، إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَرَ

«Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көрмесін. Егер де оның әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатсын», – деген (имам Мүслим).

Ерлі-зайыптылардың арасындағы байланысты (некені) өте нәзік жіпке теңеуге болады. Егер бір тарап ашуға бой алдырып, нәзік жіпті өзіне қарай қатты тартса, екінші тарап міндетті түрде сабырлық танытып, жіпті босата білуі керек. Екі жақ та бірдей уақытта жіпті өзіне қарай тарта берсе, ерте ме, кеш пе ол жіп үзіледі, яғни некенің іргесі сөгіледі.

Бесінші: талақ – Алла сүймейтін іс

Бүгінгі қоғамда ажырасудың көбеюі, отбасы құндылықтарының әлсіреуі неке жауапкершілігіне жеңіл қараудың салдарынан туындап отыр. Дінімізде ажырасуға ең соңғы шара ретінде ғана рұқсат берілгенімен, ол – ең жағымсыз іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَبْغَضُ الْحَلَالِ إِلَى اللَّهِ الطَّلَاقُ

«Алла Тағала адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу (талақ)», – деп ескерткен (имам Насаи).

Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин (Алла оны рақымына алсын): «Орынсыз ажырасу парасатты адамның ісі емес, ол әйелдің құқығын таптау және оған жасалған зұлымдық әрі Алланың берген нығметіне (отбасы, бала шағасына) шүкірсіздік ету», – деп айтқан.

Бабаларымыз салған жолда ажырасудың аз болуы – ұрпақ тәрбиесіне байланысты еді. Аналарымыз қызына «Барған жеріңе тастай батып, судай сің», ал әкелеріміз ұлына «Жан қимақ бар, жар қимақ жоқ» деп тәрбиелеген. Жас жұбайлар үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асып, шаңырақтың шырқын бұзудан сақтанған.

 

Құрметті жамағат!

Дана халқымыз: «Отан отбасынан басталады», «Ері әйелін сыйласа, ердің бақыт тапқаны, ерін елі сыйласа, әйел бақыт тапқаны», – деп текке айтпаған. Тәуелсіз мемлекетіміздің беріктігі мен еліміздің тыныштығы әрбір шаңырақтың татулығы мен берекесіне тікелей байланысты. Қоғамның іргетасы берік болуы үшін отбасылық құндылықтарды сақтау – баршамызға ортақ міндет.

Неке тек бір шаңырақ астында бірге күн кешу немесе жай ғана тұрмыстық отау құру емес. Ол – қос жүректің өзара сыйластық пен қамқорлыққа, шексіз төзімділік пен шынайы шүкіршілікке негізделген рухани серттесуі. Сондықтан отбасылық өмірдің кез келген сынынан сүрінбей өтіп, бақытқа жету үшін ерлі-зайыптылардың ниеті таза, көңілдері кең болуы қажет. Қашан жұбайлар бір-біріне Алланың ең асыл аманаты деп қарап, арадағы сенім мен адалдықты нығайтқанда, ол шаңыраққа Алла Тағаланың ерекше мейірімі мен құт-берекесі орнайды. Осындай берік иман мен шынайы махаббат негізінде құрылған неке тек осы пәни дүниемен шектелмей, мәңгілік ақыретте де жалғасын табатын болады.

Жаратқан иеміз Алла Тағала әрбір шаңыраққа өзінің шексіз берекесі мен баянды бақытын нәсіп етсін! Шаңырақтарымызды шайқалтпай, отбасыларымызды аман, ақ некемізді мәңгілік әрі берік қылсын! Жас ұрпаққа саналы тәрбие беріп, ұлтымыздың абыройын асқақтататын салиқалы отбасылардан болуды жазсын!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру