اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Адам мен табиғат – бір-бірінен ажырамас егіз ұғым. Табиғат – тіршіліктің бастауы, ал қоршаған орта – адамзаттың өмір сүру кеңістігі, тынысы. Сондықтан табиғатты қорғау, оны аялау – әрбір адамның азаматтық әрі адамгершілік борышы. Қазақ халқы ертеден-ақ табиғатқа ерекше құрметпен қараған. «Жер – ана, ел – бала» деген даналық сөз арқылы жер мен елдің арасындағы терең байланысты айқын бейнелеген. Өйткені адам баласы табиғатсыз өмір сүре алмайды. Қоршаған ортаның тазалығы – адамның денсаулығы мен өмір сапасының басты кепілі. Сол себепті табиғатты сақтау – бүгінгі күннің және келешектің қасиетті жауапкершілігі. Сондықтан қоршаған ортаны көздің қарашығындай сақтау, қорғау әрбір мұсылман баласының міндеті болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلاَ تُفْسِدُوا فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاحِهَا وَادْعُوهُ خَوْفاً وَطَمَعاً إِنَّ رَحْمةَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِّنَ المُحْسِنِينَ
«Сондай-ақ жер беті түзетілгеннен кейін, онда бұзғыншылық жасамаңдар. Алладан қорыққан күйде әрі үмітпенен оған дұға тілеңдер. Негізінде, Алланың мейірімі жақсылықты (ықыласпен) істеушілерге жақын», – деген («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Алла Тағаланың: «Жер беті түзелгеннен кейін онда бұзақылық жасамаңдар», – деген аятқа қатысты бір ғана мәселе бар. Ол – Ұлы Алла қандай да бір түзетуден кейін, мейлі ол аз болсын, көп болсын, кез келген бұзақылықты түгелдей тыйған. Даххак (Алла оны рақымына алсын): «Мұның мағынасын: ағып жатқан суды құрғатпаңдар, әрі зиян келтіру мақсатымен жеміс беретін ағаштарды кеспеңдер», – деп түсіндірген.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
ما مِن مُسلِمٍ يَغرِسُ غَرْسًا، أو يَزْرَعُ زَرْعًا، فيَأْكُلُ مِنْهُ طَيرٌ أو إنسانٌ أو بَهِيمَةٌ إلَّا كَانَ لَهُ بِهِ صَدَقةٌ
«Қандайда бір мұсылман тал отырғызатын болса, яки егін ексе, оның әрбір жемісін құс, адам немесе жан-жауар жесе, ол адамға садақа (сауап) жазылады», – деген (имам Бұхари).
Тазалықты сақтау, табиғатты аялау және қоршаған ортаны қорғау – адамзаттың ортақ міндеті. Бұл тек экологиялық жауапкершілік қана емес, сонымен бірге адамгершілік пен имандылықтың көрінісі.
Бірінші: табиғат – Алланың аманаты
Алла Тағала адам баласына сансыз нығметтер сыйлап, оны жер бетінде өмір сүретін ең абыройлы жаратылыс етті. Сол нығметтердің бірі – бізді қоршаған табиғат пен жер беті. Адам тек сол игіліктерді пайдаланып қана қоймай, оны аманат ретінде қабылдап, әрбір бөлшегіне жауапкершілікпен қарауы тиіс.
وَالْأَرْضَ وَضَعَهَا لِلْأَنَامِ
«Жерге келсек, (Алла) оны тіршілік иелері үшін төседі», – деген («Рахман» сүресі, 10-аят).
Қоршаған ортаның әрбір бөлшегі – жер, су, ауа, өсімдік пен жан-жануар адамға қызмет ету үшін жаратылған. Осы себепті табиғаттың тепе-теңдігін сақтау, оның байлығын ысырап етпеу – адам баласының ең маңызды міндеттерінің бірі. Адам табиғатсыз өмір сүре алмайды. Су болмаса тіршілік тоқтайды, ауа болмаса тыныс үзiледi, жер болмаса азық өспейді. Сол себепті табиғатты қорғау, оны ластамау және аялау – тек экологиялық міндет қана емес, сонымен бірге Алланың аманатына адалдық таныту болып табылады. Бұл аманатқа қиянат жасау – болашақ ұрпақтың алдындағы жауапкершілікті елемеу деген сөз. Ал аманатқа адал болу – жерді көркейту, ағаш отырғызу, суды ысырап етпеу, қоршаған ортаны таза ұстау сияқты игі істермен жүзеге асады.
Әрбір адам табиғатқа жанашырлықпен қарап, оны қорғауды өз өмірлік ұстанымына айналдыруы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
هُوَ الَّذِي جَعَلَ لَكُمُ الْأَرْضَ ذَلُولًا فَامْشُوا فِي مَنَاكِبِهَا وَكُلُوا مِن رِّزْقِهِ
«Жерді сендерге көнбіс етіп бағындырып қойған да бір Өзі. Ендеше, оның төсінде (яғни, тау-тастары мен сай-салаларында және түкпір-түкпірінде) емін-еркін жүріп-тұрыңдар һәм Алланың өздеріңе нәсіп еткен ризығынан жеңдер, игіліктеріңе жаратыңдар», – деген («Мүлік» сүресі, 15-аят).
Екінші: қоршаған ортаны таза ұстау
Қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласының денсаулығы мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды міндет. Таза ауа, мөлдір су және қоқыстан арылған табиғат – салауатты өмірдің негізі әрі қоғамның өркениеттілігінің көрінісі. Табиғаттың тазалығы бұзылса, оның салдары ең алдымен адамның өзіне қайтып оралады. Сондықтан айналаны ластамау, қоқысты реттеу және табиғи ортаны сақтау әрбір адамның күнделікті өміріндегі қарапайым, бірақ өте маңызды әдетке айналуы тиіс істерінің бірі.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
نَزَعَ رَجُلٌ لَمْ يَعْمَلْ خَيْرًا قَطُّ غُصْنَ شَوْكٍ عنِ الطَّرِيقِ إمَّا قَالَ كَانَ فِي شَجَرَةٍ فَقَطَعَهُ فَأَلْقَاهُ وَإِمَّا كَانَ مَوضُوعًا فَأَمَاطَهَ فَشَكَرَ اللهُ ذَلِكَ لَهُ فَأَدْخَلَهُ الْجَنَّةَ
«Өмірінде ешбір игілік жасамаған бір кісі жолда жатқан тікенді бұтақты алып тастады. Ол адам жолаушыға кедергі келтіретін ағашта өсіп тұрған бұтақты кесіп тастады немесе жерде жатқан кедергіні жолдан алып тастады. Сол кішкентай ісі үшін Алла Тағала оған разы болып, оны Жәннатқа кіргізеді», – деген (ибн Хиббан).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисте қоршаған ортаға жанашырлық танытудың үлкен сауап екенін меңзеп, жол бойындағы кедергілерді алып тастаудың қаншалықты ізгі іс екенін айтқан. Сол кішкентай ісі үшін Алла Тағала оған разы болып, оны жәннатқа кіргізетіндігін жеткізген.
Қоршаған ортаны таза ұстау – адам баласының өмір сүру сапасын айқындайтын ең маңызды ізгі амалдардың бірі. Табиғаттың тұтастығы мен үйлесімі бұзылмай сақталғанда ғана тіршілік иелерінің тынысы кеңейіп, қоғамда береке мен тұрақтылық орнайды. Жер бетінің көркі мен жаратылыс әлемінің тепе-теңдігі әрбір адамның ұқыптылығы мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Бейберекет ластау, ысырапшылдық және немқұрайлылық табиғи жүйенің әлсіреуіне алып келеді. Сондықтан әрбір жан айналасына жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны қорғауды өз өмірлік мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналдыруы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
وَتُمِيطُ الْأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَ
«Жолдағы зиянды нәрсені алып тастау – садақа», – деген (имам Мүслим).
Имам ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл хадиске былайша түсіндірме жасаған: «Бұл істі садақа деп атаудың мәнісі – сен жолдан зиянды нәрсені алып тастау арқылы ол жолмен өтетін адамдардың амандығына себепкер боласың. Бұл – дәл садақа бергенмен тең. Сол себепті сен бұл ісің үшін садақа жасағандай сауап аласың».
Үшінші: жан-жануарларға мейірімділікпен қарау
Ислам – рақым мен мейірім діні. Жан-жануарларға жасалған әрбір жақсылық – сауап. Олар – Алланың үнсіз жаратылыстары, біздің қолымыздағы аманаты. Сол себепті табиғатқа, жан-жануарларға деген жауапкершілігіміз де үлкен. Мейірім көрсеткен жан мейірімге бөленеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَمَا مِنْ دَابَّةٍ فِي الْأَرْضِ وَلَا طَائِرٍ يَطِيرُ بِجَنَاحَيْهِ إِلَّا أُمَمٌ أَمْثَالُكُمْ مَا فَرَّطْنَا فِي الْكِتَابِ مِنْ شَيْءٍ ثُمَّ إِلَى رَبِّهِمْ يُحْشَرُونَ
«Жер басып жүрген жан-жануарлардың, қос қанатымен самғап ұшқан құстардың түр-түрі (өздерің сияқты қоғам болып топтасып тіршілік ететін, әрқайсысының өзіне тән өмір салты болған) өз алдына бірер үмбет болып табылады. Біз Кітапта еш нәрсені қалыс қалдырмадық, титтей де ағаттыққа жол бермедік. Кейін сол тіршілік иелерінің барлығы Раббыларының дәргейіне жиналады», – деген («Әнғам» сүресі, 38-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоршаған ортамызда өмір сүріп жатқан жан-жануарларға мейірімді болуды ескертіп, оларды қорлауға тыйым салған.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисінде:
بَيْنَمَا رَجُلٌ يَمْشِي بِطَرِيقٍ إِذِ اشْتَدَّ عَلَيْهِ الْعَطَشُ فَوَجَدَ بِئْرًا فَنَزَلَ فِيهَا فَشَرِبَ وَخَرَجَ فَإِذَا كَلْبٌ يَلْهَثُ يَأْكُلُ الثَّرَى مِنَ الْعَطَشِ فَقَالَ الرَّجُلُ لَقَدْ بَلَغَ هَذَا الْكَلْبَ مِنَ الْعَطَشِ مِثْلُ الَّذِي بَلَغَ مِنِّي فَنَزَلَ الْبِئْرَ فَمَلأَ خُفَّهُ ثُمَّ أَمْسَكَهُ بِفِيهِ حَتَّى رَقِيَ فَسَقَى الْكَلْبَ فَشَكَرَ اللَّهُ لَهُ فَغَفَرَ لَهُ ". فَقَالُوا يَا رَسُولَ اللَّهِ وَإِنَّ لَنَا فِي الْبَهَائِمِ لأَجْرًا فَقَالَ " فِي كُلِّ ذَاتِ كَبِدٍ رَطْبَةٍ أَجْرٌ.
«Өте ыстық күнде қатты шөлдеген адам құдыққа түсіп, су ішеді. Ол жерден шыққанында шөлдегеннен ластықты жеп тұрған, терең тынысты итті көреді. Сөйтіп, мына ит те менің күйіме жетіпті ғой деп, аяқ киімін суға толтырып, оны аузымен тістеп, жоғарыға көтеріліп, итке береді. Алла ол адамның күнәларын кешіреді. Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Жан-жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап бар ма? – деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болын) былай деп жауап береді: «Иә, әрбір тірі жанға жасаған жақсылықта – сауап бар» (имам Бұхари).
Хадисте айтылғандай күннің ыстығында шөлдеген итке суды беру арқылы күнәнің кешірілуіне себеп болса, Алла Тағаланың ең көркем жаратылысы адамдарға жақсылық жасау – әлдеқайда үлкен сауап әкелетіні сөзсіз.
Жан-жануарлардың адам баласының өмір тіршілігі үшін орны ерекше. Алла Тағала қасиетті Құранның «Муминун» сүресі, 21-ші аятында:
وَإِنَّ لَكُمْ فِي الْأَنْعَامِ لَعِبْرَةً ۖ نُسْقِيكُمْ مِمَّا فِي بُطُونِهَا وَلَكُمْ فِيهَا مَنَافِعُ كَثِيرَةٌ وَمِنْهَا تَأْكُلُونَ
«Расында сендер үшін малдарда ерекше ғибрат бар. Сендерге олардың іштеріндегі (сүтін) ішкіземіз. Сондай-ақ малда сендер үшін көптеген пайда бар әрі олардың ет-майын да жейсіңдер», – деп айтқан. Аятқа зер салсақ Алла Тағала малды біздерге пайдалану үшін берілгені айтылған.
Қазақ халқының тіршілігінде ішсе – асы, кисе – киімі, мінсе – көлігі, тұтынса – бұйымы, берсе – сыйы болған төрт түлік малдың маңызы зор болған. «Елдің көркі – мал, өзен көркі – тал», – деп, төрт түлікті үлкен нығметке балаған. Ата-бабаларымыз төрт түліктің әрқайсысының жаратылыс ерекшелігіне сай азығы мен жайылымы, күтімі мен бабы бөлек болатынын ертеден-ақ білген. Соған сәйкес жыл он екі ай мал қамын жасап, суыққа ұрындырмай, аптапқа қаталатпай, бабын таба білген. «Ақты төкпе, малды теппе», – деп, малға зорлық-зомбылық көрсетуден, оны теуіп, ұрудан тыйған.
Төртінші: бір тал ексең – мың сауапқа жол ашасың
وَهُوَ الَّذِي أَنشَأَ جَنَّاتٍ مَّعْرُوشَاتٍ وَغَيْرَ مَعْرُوشَاتٍ وَالنَّخْلَ وَالزَّرْعَ مُخْتَلِفًا أُكُلُهُ وَالزَّيْتُونَ وَالرُّمَّانَ مُتَشَابِهًا وَغَيْرَ مُتَشَابِهٍ ۚ كُلُوا مِن ثَمَرِهِ إِذَا أَثْمَرَ وَآتُوا حَقَّهُ يَوْمَ حَصَادِهِ ۖ وَلَا تُسْرِفُوا ۚ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُسْرِفِينَ
«Ол сондай Алла – сабағы шырмалма (яғни бір нәрсеге асылған) және (жерге) сұлатпа жүзім бақшаларын, құрмалықтарды, дәндері әр алуан егіндерді һәм кейбір қасиеттері жағынан бір-біріне ұқсағанымен, бір-бірінен өзгеше зәйтүн мен анар жемістерін жаратты. Жемістері піскен кезде, олардан жеңдер. Жемісін жиған күні садақасын (яғни, ондағы пақыр-міскіндердің ақысын) беріңдер. Алған өнімдеріңді орынсыз жұмсап, бейберекет шашып (немесе дұрыстап сақтамай), ысырап қылмаңдар. Өйткені Алла ысырапқорларды еш ұнатпайды», – деген («Анғам» сүресі, 141 аят).
Жаратылыстың әрбір бөлшегі – Алланың шеберлігінің көрінісі. Сол аманатқа адал болудың бір жолы – тал егіп, тіршілікке нәр беру. Өйткені бір талдың өзі үнсіз-ақ сансыз жанға пайдасын тигізеді. Егілген әрбір көшет ертең сая болып, жеміс беріп, адам мен жан-жануарға игілік сыйлайды. Сондықтан дінімізде бұл амал ерекше қадірленеді, одан пайда көрген әрбір тіршілік үшін сауап жазылып тұрады. Бұл – үзілмейтін садақа. Бір тал отырғызу – тек ағаш егу емес, ол – сауапқа жол ашу, қоғамға пайда әкелу. Бүгін еккен тал – ертеңгі ұрпақтың игілігі. Ал оған себепкер болу – әрбір саналы жанның борышы. Халқымызда «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», – деген. Асыл дініміз мұсылмандарға жасыл желектің өсуіне мүмкіндік жасап, тал отырғызудың сауапты іс екендігін айтқан.
Қисса
Бірде Һарун Рашид бір қарт адамның кішкене жеміс ағашының көшетін отырғызып жатқанын көріп:
- Уа, қария! Сен енді қартайдың. Отырғызып жатқан ағашыңның жемісін көре де алмасың белгілі, олай болса неге бейнеттеніп жатырсың? – дейді. Сонда қария:
- Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – деп жауап береді. Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт:
- Көрдің бе, балам. Отырғызып жатқан көшеттің жемісін міне мен де көрдім, – депті. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып, тағы да алтын береді. Сонда қария:
- Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен ағашым жылына екі рет жеміс берді, – деген екен.
Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
إِنْ قَامَتِ السَّاعَةُ وَفِي يَدِ أَحَدِكُمْ فَسِيلَةٌ، فَإِنِ اسْتَطَاعَ أَنْ لاَ تَقُومَ حَتَّى يَغْرِسَهَا فَلْيَغْرِسْهَا
«Кімде-кімнің қолында бір құрма ағашының көшеті (тал шыбығы) болса, соны қиямет-қайым басталып кетсе де дереу отырғызып үлгерсін», – деген (имам Бұхари).
Ислам шариғаты жер бетін көркейтіп, тіршілікті жандандыруға үндейді және мұсылманды әрдайым пайдалы болуға шақырады. Ағаш отырғызу, құдық қазу секілді амалдар – үздіксіз пайда әкелетін игі істер. Өйткені олар арқылы адамдар да, жан-жануарлар да ризық табады. Қалай біз бұрынғылар еккеннің жемісін көрсек, біз де кейінгілер үшін игілік қалдыруымыз керек.
Бесінші: бұлақ көрсең көзін аш
Жер қойнауындағы жасырын бұлақтың көзін ашып, оны халық игілігіне айналдыру – өмірдің өзегін сергітіп, айналаны мейіріммен нұрландыруға себеп болатын іс. Мұндай ізгі іс жүректегі салғырттықты сейілтіп, бойға сергектік пен жауапкершілік ұялатады. Әрбір ашылған қайнар көз – үміттің жаңғыруы, тіршіліктің қайта түлеуі. Бұл әрекет адамның ішкі болмысын тәрбиелеп, дүниетанымын кеңейтеді. Өйткені табиғатқа жанашыр болу – жүрек тазалығы мен рухтың пәктігінің көрінісі. Сондықтан тазалықты сақтау, табиғатты аялау және бұлақ көзін ашу – бір-бірімен сабақтас ұғымдар. Бұл – Алла Тағала аманат еткен, жерге құрмет пен тіршілікке жанашырлықтың көрінісі.
Су – бүкіл тіршіліктің негізі. Адам үшін су ауадай қажет, оның орны алмастырылмайтын құндылық. Халқымыздың: «Еңбек – кірістің көзі, су – ырыстың көзі», – деуінде үлкен мағына бар. Алла Тағала Құран Кәрімнің «Әнбия» сүресі, 30-шы аятында:
وَجَعَلْنَا مِنَ الْمَاءِ كُلَّ شَيْءٍ حَيٍّ
«Әрбір тірі нәрсені (тіршілік иелерінің барлығын) судан жараттық», – деп, су тіршілік көзі екенін айтқан. Дініміздің әдебінде суды ластауға, оған дәрет сындыруға болмайды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا يَبُولَنَّ أحَدُكُمْ في المَاءِ الدَّائِمِ الذي لا يَجْرِي
«Сендерден ешкім ақпайтын (тоспа) суға дәрет сындырмасын...», – деген (имам Бұхари).
Жүсіп Баласағұни бабамыздың: «Үй сатып алсаң – көршіңе қара, жер сатып алсаң – суына қара», – деп айтқанындай, көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабаларымыз судың қажеттілігін ерекше түсінген. Сондықтан да жазда жайлау, қыста қыстау ететін жерлерінің сулы болуына аса мән берген. «Бұлақ көрсең көзін аш», – деп, көктем келе бұлақтардың көзін ашқан.
Құрметті жамағат!
Табиғаттың тазалығы адамзаттың жан тазалығының көрінісі. Табиғатты аялау болашақ алдындағы ең үлкен парызымыз. Егер әрбір адам өз ауласын, қоршаған ортасын таза ұстаса жер бетінде қоқыс болмайды, адамзат тіршілігінде береке орнайды. Сондықтан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ
«Тазалық – иманның жартысы», – деген (имам Мүслим).
Қорыта айтқанда, тазалық – денсаулық кепілі ғана емес, ол мәдениеттіліктің белгісі. Табиғат біздің ортақ үйіміз, ал үйінің тазалығына әрбір тұрғын жауапты. Болашақ ұрпаққа мөлдір су мен жасыл желекті аманат етіп қалдыру үшін бүгіннен бастап табиғатқа жанашырлықпен қарау әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Демек, табиғат пен адам егіз ұғым. Қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарау өз болашағымызға балта шабумен тең. Халқымыздың: «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ», «Батырлар – ел байлығы, табиғат – жер байлығы», – деуінің сыры осы болса керек.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз...
Қоқысты сұрыптау, су мен жарықты үнемдеу, қоғамдық орынды бүлдірмеу – аса маңызды. Бұл біздің қоғамның қалыпты қағидатына айналуы қажет. Экологиялық ағарту ісіне айрықша мән берген жөн...
Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы», – деді.
Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
24.04.2026
139
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру