اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала адам баласын ет пен сүйектен жаратып, оның кеудесіне иман мен мейірімнің мекені ретінде жүректі орнатты. Ал, жүрек тыныштығы мен тазалығы біздің ойымызға тікелей байланысты. Біз көбіне сыртымызды жылтыратып, киіміміздің кірін жуып, сыпайы сөйлеуге тырысамыз. Бірақ Алла Тағала біздің сыртқы болмысымызға емес, ешкім көрмейтін ішкі жан-дүниемізге, яғни ниетіміз бен ойымызға қарайды. Сондықтан бабаларымыз: «Тән тазалығын сумен жасасаң, жан тазалығын ізгі оймен жаса», – деп тегін айтпаған.
Бүгінгі таңда біз үлкен бір рухани дертке бой алдырып барамыз. Ол адамдар туралы негізсіз күмән келтіру, жаман ойдың жетегінде кету. Жаман ой – жүректің қарайып, иманның әлсіреуіне себеп болатын ең алғашқы қадам. Егер біз ойымызды түземесек, ісіміз ешқашан түзелмейді.
Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 12-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيراً مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ
«Уа, иман келтіргендер! Көп жаман ойға салынудан аулақ болыңдар! Шындығында ойлардың кейбірі күнә», – деп ешқандай негізсіз адам туралы жаман ойлаудан тыйылуды бұйырады.
Ғалымдар бұл аятты түсіндіргенде мынадай қағиданы ұсынады: «Мұсылманның ісін ең жақсы жағына жору». Егер біреудің күмәнді ісін көрсеңіз, мүмкін ол жаңылысқан шығар, мүмкін оның біз білмейтін себебі бар шығар деп жетпіс түрлі сылтау іздеу керек екен.
Жаман сөз айтуға тыйым салынғандай жаман нәрсені ойлау да солай тыйым етілген. Мұсылман бауырың туралы кемшіліктерін басқаға айтып жария ету түгілі, ол туралы жаман ойлауыңның өзі жақсы емес. Кенеттен пайда болған ой болса, онда оған айып жоқ. Бірақ жүрегіңмен басқа бауырыңды көреалмаушылықпен немесе жек көрушілікпен жаман ойлап, күмән келтіргенің дінімізде құпталмайтын іс.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
إيَّاكُم والظَّنَّ، فإنَّ الظَّنَّ أكْذَبُ الحَديثِ
«Күмәннан (жаман ойдан) сақтаныңдар, өйткені күмән – сөздердің ең өтірігі» (имам Бұхари).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жаман күмәнді ойды «ең өтірік сөз» деп атаған, себебі ол көбіне шындыққа жанаспайды және шайтанның азғыруымен болады. Егер біз адамдар туралы тек жаман нәрсе ойлай берсек, бұл соңында оларды аңдуға, өсек айтуға және араздасуға алып келеді. Сондықтан мұсылман адам бауырының іс-әрекетінен немесе сөзінен жамандық іздемей, оны жақсылыққа жоруы керек. Тек ашықтан-ашық жамандық жасап жүрген адамдардан ғана сақтанған жөн, ал қалған жағдайда жүректі таза ұстап, өзгелер туралы тек жақсы ойда болу –керек. Ислам ғұламалары жоғарыдағы хадисті:
وَلَا تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ
«Анық білмейтін нәрсеңнің соңына түспе», – деген Құран аятымен байланыстырады («Исра» сүресі, 36-аят).
Адамның ішкі ниеті Аллаға ғана аян болғандықтан, сыртқы ісіне қарап, ішкі дүниесі туралы жаман болжам жасау Алланың құқығына кірумен тең деп бағаланады.
Қисса
Ертеде тақуалығымен танымал Саид ибн Мусаиб деген ғұлама болыпты. Бір күні ол мешітте отырғанда, үсті-басы шаң, түрі шаршаңқы бір адам кіріп келеді. Ол адам мешіттің бір бұрышына барып, асығыс намаз оқи бастайды. Оның намазды тез оқығаны соншалық рукуғ пен сәждесіне мән бермегендей көрінеді. Саидтың ішіне:
- Мынау не деген адам? Алланың үйінде тұрып, құлшылыққа немқұрайлы қалай қарайды? Намазы мүлдем қабыл болмас, – деген суық ой сап ете түседі. Бірақ ол дереу өз-өзін тоқтатып:
- Әстағфирулла (Алла мені кешір)! Мен бұл адамның жағдайын білмеймін ғой. Мүмкін ол алыс жолдан келген болар, бәлкім артында күтіп тұрған шұғыл шаруасы бар шығар немесе дерті болып, тұруы қиындаған шығар, – деп, жаман ойын жақсылыққа жориды.
Намаз біткен соң, әлгі адам Саидтың қасына келіп, жылы жымиып:
- Уа, ұстаз! Менің намазымның кемшілігін көріп, жүрегіңізбен маған сылтау іздеп, мен туралы жақсы ойда болғаныңыз үшін Алла сізге разы болсын. Шындығында, менің асығуымның себебі бар ..., – деп шынайы жағдайын түсіндіреді. Егер біз адамдардың сыртқы ісіне қарап үкім шығарсақ, қателесеміз.
Шәкәрім Құдайбердіұлы өмірінің соңғы 30 жылында елден жырақтап, жалғыз тұрды. Бұл уақытта ел арасында ол туралы түрлі қауесеттер, «діннен шықты», «елден безді», «неге жалғыз кетті, не істеп жатыр?» деген сияқты жаман ойлар (күмән) тараған. Ақын өзіне бағытталған осы негізсіз сындар мен жаман ойларға жауап ретінде және адамдардың өзгенің өміріне араласқыш келетін әдетін сынап:
Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен алыс өлгенше! – деп жауап берген екен.
Бұл оқиға – өзгенің жаман ойына жамандықпен жауап бермеуді және адамның ішкі тазалығы бәрінен биік екенін көрсетеді. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» пенде болған соң адамның күнә жасауы мүмкін. Біздің міндетіміз өзге бауырымыздың күнәсін барынша жасырып, жария етпей, қайта оның сол кемшіліктері мен күнәлардан арылуы үшін қол ұшын созып, тілекші болу екенін ұмытпауымыз қажет.
Бірінші: ойдың түрлері
Шариғат бойынша ой екі түрлі болады: жақсы ой (хусни зан) және жаман ой (су-и зан). Жақсы ой деп қандайда бір жағдайда мейлі жаман іс болсын, мейлі жақсы іс болсын естіп, көрген кезде тек жақсы ойда болуды айтамыз. Ал жаман ой дегеніміз адамның ісі мен сөзін ойша жорамалдап, бірден жаман ойға бару. Жаман ойлаудың соңы ғайбатқа жетелейтіндіктен Алла мұсылмандарды жаман ойдан сақтануға бұйырған.
Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «Біліп қой! Адамдар туралы жаман сөйлеу тыйым салынған болса, олар туралы жаман ойлау да тыйым салынған», – деген (әл-Әзкар әл-Мунтәхәбә).
Екінші: жаман ойдан арылудың жолдары
Ихсан (рухани тәрбие) іліміне сүйене отырып, бұл әдістерді бес негізге бөліп қарастыруға болады:
- Мұрақаба: құлдың әрбір сәтте, әрбір ісінде және әрбір ойында Алла Тағаланың өзін көріп тұрғанын, Оның бәрінен хабардар екенін жүрекпен сезінуі. Мұрақабаның негізі Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) хадисіндегі ихсан ұғымында жатыр:
الإِحْسَانُ أَنْ تَعْبُدَ اللهَ كَأَنَّكَ تَرَاهُ، فَإِنْ لَمْ تَكُنْ تَرَاهُ فَإِنَّهُ يَرَاكَ
«Ихсан дегеніміз – Аллаға Оны көріп тұрғандай құлшылық етуің. Егер сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұр деп құлшылық етуің» (Бұхари, Мүслим). Адам осы сезімге жеткенде, оның бүкіл өмірі өзгереді. Оңашада да, көпшілік ішінде де әдебін сақтайды, өйткені әрдайым Алланың бақылауында екенін біледі.
Ойыңызға біреу туралы жаман пікір келгенде немесе күмән туғанда: «Алла дәл қазір менің осы ойымды біліп тұр. Ол менің жүрегімдегі әрбір нәрседен хабардар», – деп өзіңізге ескерту жасаңыз. Алладан ұялу сезімі пайда болады. Адам сыртқы ісінен ғана емес, ішкі ойынан да ұяла бастағанда, жаман ойлар өздігінен шегінеді.
- Истиғаза айту: шайтанның сыбырынан Аллаға сыйыну. Жаман ойлардың көбі шайтанның «уәсуәсәсі» (сыбыры). Ол адамның әлсіз тұсын тауып, жүрегіне күмән ұялатады. Жаман ой келгенде оны «менің жеке ойым» деп қабылдамаңыз. Оны шайтанның сырттан атқан оғы һәм сыбыры деп біліңіз. Оған қарсы «Әғузу билләһи минаш-шайтанир-ражим», – деп айтып, сосын сол жаман ойды ойлауды дереу тоқтатыңыз. Пайғамбарымыз (оған Аланның салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ الشَّيْطَانَ يَجْرِي مِنَ الْإِنْسَانِ مَجْرَى الدَّمِ، وَإِنِّي خَشِيتُ أَنْ يَقْذِفَ فِي قُلُوبِكُمَا شَرًّا - أَوْ قَالَ شَيْئًا
«Шайтан адамның тәнінде қан жүрген секілді жүреді. Мен шайтанның сендердің көңілдеріңе жаман бір күмән салуынан қорықтым», – деді (имам Бұхари). Демек бұл сөзімен шайтан адамның тәнінде қан секілді жүріп, әрбір сәтті мүлт жібермей, адамның санасына күмән мен жаман ой салуға әзір тұратынын ескертеді.
- Хусни зан: жақсы ойлауды міндеттеу. Бұл ерік-жігер қажет ететін рухани жаттығу. Егер біреудің теріс қылығын көрсеңіз, жүрегіңізге «ол жаман адам» деген үкімді кіргізбеу үшін «үзір іздеу» әдісін қолданыңыз. Ғұламалар айтқандай, бауырың үшін жетпіс сылтау ізде. «Мүмкін ол мені көрмей қалған шығар», «Мүмкін байқамай айтып қойған шығар», «Мүмкін жағдайы мәз емес шығар». Бұл әдіс жүректі кек пен ашудан сақтайды. Өзгені кешіре білу арқылы адам өз жанына тыныштық сыйлайды. Хазіреті Али (Алла оған разы болсын): «Алланың құлдары жайында жақсы ойда бол! Егер сондай ойда болсаң, көптеген ауыртпалықтан құтыласың», – деген.
Қисса
Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен отырғанда: «Қазір есіктен жәннаттық адам кіреді», – дейді. Сол кезде бір ансарлық сахаба кіріп келеді. Бұл жағдай үш күн қатарынан қайталанады. Бұған таң қалған Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) сол адамның қандай ерекше амалы барын білмек болып, оның үйіне үш күн қонақ болады. Бірақ сол үш күннің ішінде оның ерекше көп құлшылық жасап жатқанын көрмейді.
Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын) бұған таңғалып, одан былай деп сұрайды: «Мен сізбен үш күн бірге болдым. Алайда сіздің құлшылығыңыздан ерекше іс байқамадым. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жәннаттық адамға қараңдар деп айтқанда, үш күнде де есіктен сіз кіріп келдіңіз», – дейді. Сонда әлгі сахаба: «Менде сен көргеннен басқа артық амал жоқ, бірақ сұрадың ғой айтайын. Мен ешбір мұсылманға қатысты жүрегімде жаман ой, кек немесе көреалмаушылық сақтамай ұйықтар алдында бәрін кешіремін», – деп жауап берген екен.
- Зікір: жүректі зікірмен суару. Алланы еске алудың ең керемет сыйы сіз Оны еске алғанда, Ол да сізді еске алады. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:
فَاذْكُرُونِي أَذْكُرْكُمْ
«Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын», – деген («Бақара» сүресі, 152-аят).
Әлемдердің Раббысының сізді еске алуы бұл адам баласы ие бола алатын ең жоғарғы мәртебе. Бұл сіздің жалғыз емес екеніңіздің, үнемі қорғауда және назарда екеніңіздің кепілі. Сондай-ақ, Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту мазасыздық пен мұңды кетіріп, ойды ретке келтіреді. Зікір айтылған жүрекке шайтан жақындай алмайды. Ол жүрек қорғанды қамал сияқты болады.
- Мухасаба: нәпсімен есептесу. Мухасаба адамның өз нәпсісінен өткен істері мен ниеттері үшін есеп алуы және Алланың ақысын қаншалықты деңгейде өтегенін таразылауы. Ғалымдар мұны «Қияметтегі есепке дейінгі кіші есеп», – деп атайды. Күннің соңында немесе жаман ой мазалағанда өзіңізге сұрақтар қойыңыз. «Бұл ой маған ақыретте пайда бере ме?», «Мен өзге туралы осылай ойлағанда, Алла мен туралы не ойлайды?», «Менің өз күнәларым жетіп артылмай ма, неге өзгенің айыбын қазбалап отырмын?» – деп, адам өз міндерін көре бастағанда, басқалардың кемшілігіне қарауға уақыты да, зауқы да қалмайды. Ал егер жаман ой өте қатты мазаласа, дәрет алып, екі рәкағат нәпіл намаз оқыңыз. Су тән мен жанды салқындатса, ал сәжде адамды Раббысына жақындатады.
Құрметті жамағат!
Қорыта айтқанда, адамның ішкі ниеті мен ой-өрісі оның бүкіл болмысының іргетасы, өйткені кез келген ізгі амал әуелі таза ойдан бастау алады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيراً مِّنَ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ
«Уа, иман келтіргендер! Күмән мен жаман ойдың көбінен сақтаныңдар, өйткені кейбір ойлар – күнә» («Хужурат» сүресі, 12-аят) деп ескертуі тегін емес, себебі негізсіз күдік пен «су-и зан» (жаман ой) адамның рухани әлемін улап, бауырмалдық пен сенімнің тамырына балта шабады.
Егер біз жүрегімізді өзгеге деген өкпе-реніштен, қызғаныш пен негізсіз жорамалдардан арылта білсек, қоғамның мызғымас бірлігі мен берекесіне жол ашатын ең үлкен ізгілік болмақ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Аланың салауаты мен сәлемі болсын) бізді жаман ойдан сақтандырып, мұсылман бауырымыздың бойынан тек жақсылық іздеуге, тіпті түсініксіз жағдайдың өзіне сылтау тауып, жақсылыққа жоруға шақырған.
Хакім Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі де осы ішкі жан дүниенің тазалығына нұсқайды. Ендеше, ізгіліктің бастауы болған ой тазалығын сақтап, жүрегімізді иманның нұрымен, ниетімізді ықыласпен көркемдейік.
Жаратқан Иеміз бізді ойы түзу, сөзі асыл, ісі нық салиқалы құлдарынан етіп, еліміз бен жеріміздің тыныштығын, жүрегіміздің пәктігін баянды қылғай.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyatkz
29.05.2026
258
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру