Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ТӘРБИЕЛІК ЖӘНЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 15.05.2026 18 0 пікір
ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ТӘРБИЕЛІК ЖӘНЕ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Исламның бес тірегінің бірі – қажылық құлшылығы. Қажылық – бұл қасиетті сапар және рухани тазару мен толық мойынсұнудың көрінісі. Шариғатымызда ай күнтізбесі бойынша зул-хижжа айында қасиетті Меккеге барып, бекітілген рәсімдерді орындауды қажылық деп атаймыз.

Алла Тағала бұл ғибадатты (қажылықты) балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін мұсылманға өмірінде бір мәрте баруды парыз еткен. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында:

وَلِلَّهِ عَلَى النَّاسِ حِجُّ الْبَيْتِ مَنِ اسْتَطَاعَ إِلَيْهِ سَبِيلًا وَمَن كَفَرَ فَإِنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ الْعَالَمِينَ

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік етіп, қажылықты жоққа шығарса, (біліп қойыңдар) Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж», – деп айтқан.

Имам Ибн Касир өзінің тәпсірінде: «Бұл аят – көпшілік ғалымдардың пікірінше, қажылықтың парыздығын білдіретін негізгі аят», – деген. Бұл көзқарас исламдағы жауапкершіліктің маңыздылығын, әрбір ақыл-есі бүтін адамның Алла алдындағы міндетін еске салады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُنِيَ الإسْلامُ علَى خَمْسٍ، شَهادَةِ أنْ لا إلَهَ إلَّا اللَّهُ، وأنَّ مُحَمَّدًا عَبْدُهُ ورَسولُهُ، وإقامِ الصَّلاةِ، وإيتاءِ الزَّكاةِ، وحَجِّ البَيْتِ، وصَوْمِ رَمَضانَ

«Ислам бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед Алланың Елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, Қағбаға қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Хакім Абай атамыз:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс, – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан.

 

Қисса

Бірде Амр ибн Ас (Алла оған разы болсын) былай деген:

Алла Тағала жүрегіме исламды салған кезде, мен Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп:

  • Оң қолыңызды созыңыз, сізге серт берейін, – дедім. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолын созғанда, мен қолымды тартып алдым. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
  • Уа, Амр, саған не болды? – деді.

Мен:

  • Бір шарт қойғым келеді, – дедім.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  • Қандай шарт? – деді.

Мен:

  • Алла менің күнәларымды кешірсе екен, – дедім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
  • Ислам өзіне дейінгі күнәларды жоятынын, һижра өзінен бұрынғыны өшіретінін және қажылық өзінен бұрынғы күнәларды жоятындығын білмейсің бе? – деді.

Содан кейін мен үшін Алла Елшісінен артық сүйікті әрі көзіме одан ұлық жан болған жоқ. Оған деген зор құрметімнен көзімді тіке қадап қарай алмайтынмын. Егер менен оны сипаттап беруді сұраса, шамам келмес еді. Себебі мен оған қадала қарамайтынмын. Егер сол күйімде дүниеден өтсем, жәннаттықтардың қатарынан боламын деп үміттенер едім, – дейді.

Төменде қажылықтың адам баласына беретін негізгі рухани-тәрбиелік құндылықтарына қысқаша тоқталар болсақ:

Бірінші: қажылықтың рухани құндылықтары

Қажылықтың ең басты мақсаты Алланың разылығына бөлену және күнәлардан арылу.

  • Ниет (шынайы ықылас). Қажылық кезінде миллиондаған адам бірдей киім (ихрам) киіп, бірдей дұға айтады. Бұл жерде атақ, лауазым, байлық рөл ойнамайды. Адам тек өз амалымен және шынайы ықыласымен ғана Раббысының құзырында тұратынын сезіне алады. Ниет – құлшылықтың рухы, ал ниетсіз атқарылған құлшылық жансыз дене іспеттес. Ниет дұрыс болса, адамның атқарған амалы да дұрыс, ал ниет бұрыс болса, адамның амалы да бұрыс болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранның «Зумәр» сүресі, 2-аятында:

إِنَّا أَنْزَلْنَا إِلَيْكَ الْكِتَابَ بِالْحَقِّ فَاعْبُدِ اللهَ مُخْلِصًا لَّهُ الدِّينَ

«Біз саған осынау Кітапты ақиқатпен түсірдік. Ендеше, дінді Аллаға арнапықыласпен құлшылық ет», – деген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إنَّمَا الأعْمَالُ بِالنِّيَّاتِ، وَإِنَّمَا لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى

«Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты. Расында, әрбір кісіге ниет еткені тиесілі», – деген (имам Бұхари).

Сондықтан қажылыққа баруды ниет еткен адам, бұл құлшылықты бір Алланың разылығы үшін атқарып, атаққұмарлық немесе даңққа бөлену секілді жат ниеттен сақ болуы қажет.

Тәубе ету. Тәубе – бұл адамның қателігін мойындап, Жаратушысына бет бұруы және рухани тазарудың алғашқы баспалдағы.

Құран Кәрімде Алла Тағала Өзінің кешірімді екенін және пендесінің тәубесін қабыл ететіндігін жиі ескертеді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тахрим» сүресі, 8-аятында:

يَـٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ تُوبُوٓا۟ إِلَى ٱللَّهِ تَوْبَةًۭ نَّصُوحًا عَسَىٰ رَبُّكُمْ أَن يُكَفِّرَ عَنكُمْ سَيِّـَٔاتِكُمْ وَيُدْخِلَكُمْ جَنَّـٰتٍۢ تَجْرِى مِن تَحْتِهَا ٱلْأَنْهَـٰرُ

«Уа, иман келтіргендер! Аллаға шынайы тәубемен (насух тәубесімен) бет бұрыңдар. Раббыларың күнәларыңды өшіріп, астарынан өзендер ағатын жәннаттарға кіргізеді ...», – деп айтқан. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ حَجَّ، فلَمْ يَرْفُثْ، وَلم يَفْسُقْ، رَجَعَ كَيَوْمَ وَلَدَتْهُ أُمُّهُ

«Кімде-кім қажылықты дұрыс орындап, жаман сөз бен күнәлі істерден сақтанса, ол анадан туған күніндегідей күнәсіз болып оралады», деген (имам Бұхари).

Ақыретті еске алу. Қажылыққа ниет еткен кісі дүниелік әртүрлі киімдерін, көрікті әсем бағалы заттарын, әшекейлерін біржолата тәрк етіп, Алланың құзырында қарапайым ақ мата киеді. Бұл – дүниені тәрк етудің көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, ихрам – ақырет кебіні. Өйткені ихрам киімін киген кісіге күнделікті істеп жүрген рұқсат істерінің кейбіріне тыйым салынады.

Ихрам мал-мүліктің, мансап пен байлықтың Алланың құзырында түкке тұрғысыз екенін көрсетеді. Өзінің жеке қалауындағы дүниелік киімдерін ұмытады. Әрбір басқан қадамына мұқият болады. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 197-аятында:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَعْلُومَاتٌ فَمَنْ فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلا رَفَثَ وَلا فُسُوقَ وَلا جِدَالَ فِي الْحَجِّ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ يَعْلَمْهُ اللَّهُ وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَى وَاتَّقُونِ يَا أُوْلِي الأَلْبَابِ

«Қажылық белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) міндеттенсе, әйелге жақындасуға, күнә істеуге және жанжалдасуға қажылық кезінде болмайды (одан сақ болыңдар). Нендей қайыр істесеңдер, Алла оны біледі және азық алыңдар. Негізінде азықтың ең жақсысы – тақуалық. Уа, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар», – деп айтқан.

Адам баласының бұл дүниедегі дәрежесі қандай болмасын, Жаратушы Алланың құзырында барлығының бірдей құл, пенде екенін аңғартады. Қажылар бір сәтке бар байлығын, күнделікті киімін тәрк етіп, қажылық ғибадатын орындау үшін Арафат тауына барады. Барлығы бірдей аппақ киімге оранған. Осы көріністер сырттай қарағанда ертеңгі әрбір адам баласы есеп беретін «махшар» күнін көз алдымызға әкеледі. Сондықтан ғалымдарымыз қасиетті Арафатқа жиналған қажыларды махшар күнінің көрінісі деп сипаттаған. Бұл адамды дүние қызығына тым берілмей, мәңгілік өмірге дайындалуға тәрбиелейді.

Екінші: қажылықтың тәрбиелік мәні

Қажылық сапары адамның мінез-құлқын шыңдайтын үлкен мектеп іспетті. Айталық:

  • Сабырлылық. Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Ыстық күн, қалың топ, ұзақ жол және физикалық қиындықтар адамды төзімділікке үйретеді. Қажылықта біреуге ашулануға, дауласуға немесе жаман сөз айтуға тыйым салынған. Бұл – өз-өзіңді тәрбиелеудің ең жоғары мектебі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахл» сүресі, 96-аятында:

وَلَنَجْزِيَنَّ الَّذِينَ صَبَرُوا أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ 

«Расында, сабыр етушілерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», – деп айтқан.

Қажылық құлшылығы Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан оны орындауда пендеге сабырлық қажет. Себебі күннің аптап ыстығында құлшылық жасау, мұсылмандар топтасқан қоғамдық орындарда кезек күту, иық тірескен көпшілікпен бірге Қағбаны бірнеше мәрте тауап ету, жамаратқа тас атуға жаяу апаратын ұзақ жол, ыстықта шөл қысу, қажылық кезінде ыңғайсыз жайттар орын алса ұстамды болу т.б. істерді сабырлы жан ғана атқара алады.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисінде Алла Тағаланың былай дегенін айтқан: «Құлдарым жәннатымды қалап, Маған әр жақтан шаштары ұйысқан (жол жүріп, шаршап шалдығып) күйде келді! Егер олардың күнәлары майда тастардың, жаңбыр тамшыларының және теңіз көбігінің санындай көп болса да, Мен оларды кешірер едім! Уа, Менің құлдарым, сендерге кешірім сый етілді!». Міне, осындай сабыры үшін Алла Тағала ол адамға зор сыйлықтар уәде еткен.

  • Тәртіп пен жауапкершілік. Әрбір амалдың (Тауаф, Сағи, Шайтанға тас ату) өз уақыты мен тәртібі бар. Бұл мұсылманды жинақылыққа, уақытты қадірлеуге және шариғат талаптарына бағынуға баулиды. Қажылықтағы тәртіп пен жауапкершілікке қатысты Хазіреті Омардың (Алла оған разы болсын) мына бір ісі өте өнегелі:

 

Қисса:

Бірде Омар ибн әл-Хаттаб (Алла оған разы болсын) қажылық кезінде Қара тасты (Хажарул Әсуад) сүюге келеді. Ол тасқа қарап тұрып: «Мен сенің пайда да, зиян да бере алмайтын жай ғана тас екеніңді білемін. Егер Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сені сүйгенін көрмегенімде, мен де сені сүймес едім», – дейді де, сосын барып сүйеді.

Бұл оқиғада екі үлкен сабақ бар:

  1. Тәртіп: Өз бетінше әрекет етпей, бекітілген тәртіпке (сүннетке) бағыну.
  2. Жауапкершілік: Адамдардың тасқа табынып кетпеуін қадағалап, басшы ретінде ақиқатты айтып, түсіндіріп кетуі. Бұл сенім мен амалдың алдындағы жауапкершілік.
  • Қарапайымдылық. Ихрам кию – менмендікті тастап, қарапайымдылыққа бет бұру. Қарапайымдылықтың ең көркем сипаттамасы «Фұрқан» сүресі, 63-аятында берілген:

وَعِبَادُ ٱلرَّحْمَـٰنِ ٱلَّذِينَ يَمْشُونَ عَلَى ٱلْأَرْضِ هَوْنًۭا وَإِذَا خَاطَبَهُمُ ٱلْجَـٰهِلُونَ قَالُوا۟ سَلَـٰمًا

«Рахманның (Алланың) шынайы құлдары жер бетінде өте қарапайым (сыпайы) жүреді және надан адамдар оларға (ұнамсыз сөздермен) тіл қатқанда, оларға есендікте болыңдар дейді».

Бұл аят мұсылманды әрқашан кішіпейіл болуға шақырады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қарапайымдылықты иманның негізі, ал тәкәппарлықты жәннаттың кедергісі деп түсіндірген. Хадисте: «Жүрегінде тозаңның салмағындай тәкәппарлығы бар адам жәннатқа кірмейді», – деген (имам Мүслим).

Бұл хадис қажының жүрегін «мен өзгеден артықпын» деген ойдан тазартуға, бәріне бірдей бауыр ретінде қарауға тәрбиелейді.

 

Құрметті жамағат!

Қажылықта пенде өзінің әлсіздігін, Раббысының ұлылығын таниды. Ихрам киген сәттен бастап адам дүниелік атақ-даңқтан, мал-мүліктен арылып, тек құл ретіндегі болмысына қайта оралады. Бұл – тәубенің, тақуалықтың, тазарудың жолы. Сол себепті қажылық – адамның бір күнін емес, бүкіл өмірін, мінезін өзгертетін құлшылық. Осындай ұлы ғибадаттың қадірін білдіру үшін Алла Тағала күллі адамзатты қасиетті сапарға шақырып, қасиетті Құран Кәрімде:

وَأَذِّنْ فِي النَّاسِ بِالْحَجِّ يَأْتُوكَ رِجَالًا وَعَلَى كُلِّ ضَامِرٍ يَأْتِينَ مِنْ كُلِّ فَجٍّ عَمِيقٍ

«Адамдарға «Қажылыққа келіңдер», – деп жар сал. Олар саған мейлі жаяу-жалпы, мейлі ұзақ жолдан арып-ашқан түйелерге мініп болса да түкпір-түпкірінен келсін», – деген («Хаж» сүресі, 27-аят).

Қатада (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) адамдарды қажылыққа шақыруды бұйырғанда, Ол (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, адамдар! Расында, Алла Тағала бір үй салды, енді соған қажылық жасаңыздар!» – деп жар салды», – деген. Тағы бір аятта Алла Тағала:

لِيَشْهَدُوا مَنَافِعَ لَهُمْ

«Келіп, қажылықта өздерін күтіп тұрған пайдаларды көрсін», – деген («Хаж» сүресі, 28-аят).

Бұл аятты ғалымдар: «Бұл дүние үшін – сауда жасау, ал ақырет үшін – сауап пен кешірім алу», – деп түсіндірген.

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

الحُجَّاجُ والعُمَّارُ وَفْدُ اللهِ، إِنْ دَعَوْهُ أَجَابَهُمْ، وَإِن اسْتَغْفَرُوهُ غَفَرَ لَهُم

«Қажылар мен умра жасаушылар – Алланың қадірлі қонақтары. Олар дұға етсе, Алла оларға жауап береді (қабыл етеді), кешірім сұраса, Алла оларды кешіреді», – деген (ибн Мәжә).  

Қажылықтың тағы бір үлкен мәні – мұсылмандардың бірлігі. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері бір жерде жиналып, бір Аллаға құлшылық етеді. Бұл – исламдағы бауырластықтың айқын көрінісі.

Алла Тағала биылғы қажылық сапарына ниет етіп отырған жандардың ниетін қабыл етіп, ұлы сапарға амандықта барып келулерін, қажылықтарының «мәбрур қажылық» болуын нәсіп еткей! Алла Тағала қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етсін!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру