Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН, ТАЗА ҚОҒАМ – МҰСЫЛМАНДЫҚТАН

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyatkz 17.04.2026 155 0 пікір
ТАЗАЛЫҚ – ИМАННАН, ТАЗА ҚОҒАМ – МҰСЫЛМАНДЫҚТАН

 

اَلْحَمْدُ لِلّٰهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ، وَالصَّلَاةُ وَالسَّلَامُ عَلَى سَيِّدِنَا مُحَمَّدٍ وَعَلَى آلِهِ وَصَحْبِهِ أَجْمَعِينَ، أَمَّا بَعْدُ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Ислам діні – адамзат баласын кемелдікке жетелейтін, оның рухани әрі материалдық өмірін үйлесімді түрде реттейтін ұлы тәрбие мектебі. Діннің негізгі мақсаттарының бірі – адамды сыртқы және ішкі тазалыққа тәрбиелеу.  Шариғатта тазалық ұғымы кең мағынада қарастырылады. Ол тек дене мен киімнің тазалығын ғана емес, жүректің, ниеттің, ойдың, сөздің және амалдың тазалығын қамтиды. Яғни, мұсылман адам дәрет алып, тәнін таза ұстаумен қатар, жүрегін күнәдан, көреалмаушылықтан, тәкаппарлықтан, риядан және басқа да рухани дерттерден тазартуы тиіс. Өйткені Алла Тағала тазалықты ұнататындарды жақсы көреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

فِيهِ رِجَالٞ يُحِبُّونَ أَن يَتَطَهَّرُواْۚ وَٱللَّهُ يُحِبُّ ٱلۡمُطَّهِّرِينَ

«Онда тап-таза болуды сүйетін кісілер бар. Алла да өте таза болушыларды жақсы көреді», – деген («Тәубе» сүресі, 108-аят).

Сондықтан тазалық жалпы түрде құлшылықтың дұрыс болуының шарттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар, бұл тек сыртқы (дене) тазалығы ғана емес, рухани тазалықты да қамтиды. Яғни, адам жаман мінез-құлықтардан, жағымсыз сипаттардан және арсыз істерден де арылуы тиіс.

Ислам дінінде тазалыққа үлкен мән беріледі, себебі ол иманмен тығыз байланысты. Мұсылманның өміріндегі тазалықтың маңызы мен оның исламдағы орны жөнінде айтқанда Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі еске оралады:

الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ

«Тазалық – иманның жартысы» (имам Мүслим). Мұнда айтылған «طُهُور» (туһур) тазалық сөзі рухани да, тәндік те тазалықты білдіреді.

Бұл хадис исламдағы тазалықтың адам болмысында, руханиятта және қоғамда маңызды рөл атқаратын ереже болып табылады. Асыл дініміз қоғам тазалығын қалыптастыруда әрбір мұсылманға үлкен жауапкершілік жүктейді. Мұсылман баласы тазалықты өзінен бастап, айналасына үлгі болып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйылуы керек. Таза қоғам иманды адамдардың нәтижесі. Иман бар жерде – ұят бар, ұят бар жерде – тәртіп бар, ал тәртіп бар жерде береке мен бірлік болады.

Тазалық – иманның айнасы, ал таза қоғам – мұсылмандықтың жемісі. Сондықтан әрбір мұсылман өзінің ішкі және сыртқы тазалығына мән беріп, қоғамның көркеюіне үлес қосуы тиіс. Себебі қоғамның түзелуі әр адамның өзінен басталады. Ислам дінінің асыл құндылықтарында «Тазалық – иманның жартысы» деген қағиданың алтын әріптермен жазылуы тегін емес. Тазалық – адамның ішкі болмысы мен сыртқы әлемінің тұтас үйлесімін білдіретін терең философиялық ұғым. Тазалық адамның ішкі мәдениетінің, тәрбиесінің, жан-дүниесінің айнасы. Асыл дініміз тазалықты исламдағы басты шарттардың бірі ретінде қарастырған. Сондықтан тазалық мұсылман баласы үшін өмірінде маңызды орын алады.

Бірінші: жан тазалығы

Жан тазалығы – адам баласының ішкі әлемінің айнасы, оның иманы мен мінез-құлқының көрінісі. Сыртқы тазалық қаншалықты маңызды болса, ішкі тазалық – одан да жоғары. Себебі жүрек пен жан түзелмейінше, адамның амалдары да кемел болмайды. Адамның жаны күнә, жаман ой, көреалмаушылық, тәкәппарлық секілді рухани дерттермен былғанады. Мұндай кеселдер жүректі қарайтып, иманның нұрын әлсіретеді. Ал жан тазалығы сол дерттерден арылып, жүректі иман, ықылас, шынайылық және тақуалықпен безендіреді. Жан тазалығына жетудің ең басты жолы – тәубе етіп, өзін-өзі есепке алу және Алланы үнемі еске алу. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّاهَا 

«Оны (нәпсіні) тазартқандар құтылды», – деген («Шәмс» сүресі, 9-аят). Яғни Аллаға бойсұну арқылы тазартқан. Имам Қатада  (Алла оны рақымына алсын) бұл аятты: «Сондай-ақ, ол нәпсісін жаман мінездер мен теріс қылықтардан арылтып, тазартқан адам дегенді білдіреді», – деп түсіндірген.

Расында жан тазалығы адам баласын көркем мінезге жетелейді. Жүрегі таза жан өзгеге жамандық ойламайды, қызғаныштан аулақ болады, кешірімді әрі мейірімді келеді. Мұндай адам қоғамға да пайдасын тигізіп, айналасына шуақ шашады. Жан тазалығына жетудің жолдары:

– Аллаға шынайы тәубе ету;

– Құран оқу және оны түсініп амал ету;

– Жиі зікір айту;

– Ізгі амалдарды көбейту;

– Жаман мінездерден арылу.

Жанды таза ұстау – бір сәттік емес, үздіксіз жүретін рухани тәрбие. Әрбір мұсылман өз жүрегіне үңіліп, ниетін түзеп, жан дүниесін тазартуға ұмтылуы тиіс. Себебі ақыреттегі құтылу – тек таза жүрекпен ғана мүмкін болмақ. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَوْمَ لَا يَنْفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ. إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні (қияметте) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға таза жүрекпен келсе, сол ғана құтылады», – деген («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар). Бұл аятта келген сау жүрек дегеніміз – Аллаға серік қосудан, күмәннан, күнәлардан ада болған жүрек. Яғни әрбір ісін Алла бұйырған үкімге сай, шынайы орындайтын жүрек деген сөз.

 Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

ألا وإِنَّ فِي الجَسَدِ مُضْغَةً، إذا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وإذا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، ألا وَهِيَ القَلْبُ

«Естеріңізде болсын! Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл денесі бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).

Жүрек тазалығы – адамның ішкі дүниесінің, ниетінің, ойының кіршіксіздігі. Бұл – риясыз сенім, шынайы ықылас, адал ниет, көркем мінез, кек пен тәкәппарлықтан арылған таза көңіл. Мұндай жүрекпен жасалған әрбір іс шынайы, таза болады.

Хакім Абай: «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды», – деп айтуы әсте бекер болмаса керек.

 

Қисса

Бірде сахабалар Алла Елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың абзалы кім? – деп сұрайды:

Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Әрбір жүрегі таза, тілі шыншыл адам, – деп жауап береді.

– Сахабалар Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қайта:

– Расында біз шыншыл тілді адамды білеміз, ал жүрегі таза деген кім? – деп сұрайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Ол – тақуа, күнә атаулыдан пәк, әрі жүрегінде өзге адамдарға деген зұлымдығы, кек (өшпенділік), әрі қызғанышы (көреалмаушылық) жоқ адам, – деп жауап береді.

 

Екінші: тән тазалығы

Тән тазалығы адамның денсаулығы мен рухани тепе-теңдігінің негізі. «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі», – дейді дана халқымыз. Адам баласының қоғамда өзін сенімді сезінуі, жұмысқа қабілеттілігі және тән саулығы тікелей жеке басының тазалығына байланысты. Қазіргі дамыған заманда тән тазалығы тек сыртқы келбеттің әдемілігі емес, сонымен қатар түрлі жұқпалы аурулардан қорғанудың басты кепіліне айналды. Сондықтан денені күтіп ұстау – әрбір саналы тұлғаның өз алдындағы басты міндеті. Адам баласы рух пен тәннен тұратын тұтас жаратылыс. Рухтың тазалығы иманмен өлшенсе, тәннің тазаруы шариғаттың басты талаптарының бірі болып табылады. Тән тазалығы – адамның ішкі жан дүниесінің айнасы және Жаратушының берген аманатына деген құрметі. Дене – адам жанының мекені. Лас мекенде сау ой мен таза рухтың болуы мүмкін емес. Тән тазалығы – бұл жай ғана жуыну емес, бұл өзіңді сыйлау, айналаңа жағымды әсер қалдыру және өмір сүру мәдениеті. Денесі таза адамның көңіл-күйі сергек, ойы анық болады. Сұлулық пен денсаулықтың алтын көпірі саналатын тән тазалығы – адамгершілік пен мәдениеттіліктің алғашқы баспалдағы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ

«Киіміңді тазала!» – деген («Мүддәсир» сүресі, 4-аят).

Имам Құртуби (Алла оны рақымына алсын) бұл аяттың мағынасына сегіз түрлі пікір айтылған деген:

Бірінші пікір: мұндағы «киім» – амал (іс-әрекет) дегенді білдіреді.

Екінші пікір: жүрек.

Үшінші пікір: нәпсі.

Төртінші пікір: дене.

Бесінші пікір: отбасы.

Алтыншы пікір: мінез-құлық.

Жетінші пікір: дін.

Сегізінші пікір: сыртқа киілетін нақты киімдер, – деген.

Тазалық – адам болмысының ажырамас бөлігі, иманның көрінісі әрі жаратылыстың табиғи талабы. Ислам діні адам баласын рухани ғана емес, тәндік тазалыққа да үндеп, оны өмір салтының өзегіне айналдырған. Себебі сыртқы тазалық ішкі дүниенің айнасы, ал дененің тазалығы – жүректің салауаттылығына бастайтын жол.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

خَمْسٌ مِنَ الفِطْرَةِ: الخِتَانُ، وَالِاسْتِحْدَادُ، وَنَتْفُ الإبْطِ، وَتَقْلِيمُ الأظْفَارِ، وَقَصُّ الشَّارِبِ

«Бес нәрсені адам баласына жаратылысынан келеді: сүндетке отыру, ұятты жерді түктен тазарту, қолтықты түктен тазарту, тырнақ қысқарту және мұртты басу», – деп (имам Бұхари), тазалықтың адам баласының дене мүшелерінің барлық жеріне қатысы бар екенін аңғартқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

إِذَا اِسْتَيْقَظَ أَحَدُكُم مِن نَومِهِ فَلَا يَغمِسْ يَدَهُ فِي الإِنَاءِ حَتَّى يَغْسِلَهَا ثَلَاثًا فإنَّهُ لا يَدرِي أَيْنَ بَاتَتْ يَدُهُ

«Сендердің ешқайсыларың ұйқыдан тұра салысымен қолын жумастан бұрын қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпесін. Өйткені қолының қайда түнегенін білмейді», – деген (имам Бұхари). Бұл хадистің де тазалық үшін мәні жоғары. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَن أَكَلَ مِن هذِهِ الشَّجرةِ. قالَ : أوَّلَ يومٍ ( الثُّومِ ) ثمَّ قالَ: الثُّومِ والبصلِ والكرَّاثِ - فلا يقربنا في مساجدنا

«Кім осы өсімдіктен (алғаш күні – сарымсақтан) жесе, мешітімізге жақындамасын», – деді. Сосын: «Сарымсақ, пияз және көк жуа», – деп жалғастырды», – деген (имам Насаи). Себебі көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – ислам әдебіне қайшы.

Үшінші: құлшылықтағы тазалық

Ислам діні – тазалыққа ерекше мән берген кемел дін. Өйткені тазалық – иманның жартысы, ал иман – мұсылманның ең қымбат қазынасы. Адам баласы Раббысына құлшылық ету үшін алдымен ішкі және сыртқы тұрғыдан тазарып, өзін рухани әрі тәндік жағынан дайындауы қажет. Себебі тазалық жоқ жерде құлшылықтың кемелдігі де болмайды. Құлшылықтағы тазалық екіге бөлінеді: сыртқы тазалық және ішкі тазалық. Сыртқы тазалық – дененің, киімнің және намаз оқылатын орынның нәжістен таза болуы. Ал ішкі тазалық – жүректі күнәдан, жаман ниеттен, рия мен тәкәппарлықтан арылуы. Осы екеуі қатар келгенде ғана құлшылық шынайы мәніне жетіп, Алла Тағаланың алдында қабыл болуға лайық болады. Бүгінгі қоғамда кейбір адамдар тазалыққа немқұрайлы қарап, құлшылыққа салғырттық танытып жатады. Алайда шынайы мұсылман үшін тазалық – жай ғана әдет емес, ол – Раббысының құзырына баруға дайындық, жүректегі құрметтің белгісі. Өйткені адам дәрет алып, тәнін тазартқанда, ол тек сыртқы кірден арылып қана қоймайды, сонымен бірге рухани тұрғыдан да Жаратушысына жақындай түседі. Тазалық – жүректің айнасы, ал сол айна қаншалықты таза болса, құлшылықтың нұры да соншалықты жарқын болады. Міне, осы терең мағынаны Алла Тағала Құран Кәрімде былай деп баяндайды:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلَاةِ فَاغْسِلُوا وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ وَامْسَحُوا بِرُءُوسِكُمْ وَأَرْجُلَكُمْ إِلَى الْكَعْبَيْنِ

«Уа, иман келтіргендер! Қашан намазға тұрсаңдар (тұрарда), жүздеріңді және шынтақтарға дейін қолдарыңды жуыңдар. Бастарыңа мәсих тартыңдар. Және екі тобықтарға дейін аяқтарыңды жуындар», – деген («Мәйда» сүресі, 6-аят).

Бұл – аса ұлы аят. Оның ішінде көптеген үкімдер мен ғибраттар қамтылған. Осылардың бірқатарын атап өтер болсақ:

Біріншісі: бұл аятта айтылған амалдарды орындау – иманның ажырамас талабы. Өйткені аят: «Уа, иман келтіргендер!» – деп басталады. Яғни: «Уа, иман келтіргендер! Иманның талаптарына сай, Біз сендерге бұйырған үкімдермен амал етіңдер» дегенді білдіреді.

Екіншісі: намазға тұру бұйырылған: «Қашан намазға тұрсаңдар...».

Үшіншісі: бұл жерде ниетке ишара бар. Яғни «намазға тұрсаңдар» – «ниет етіп, мақсат қойып тұрсаңдар» деген мағынада.

Төртіншісі: намаздың дұрыс болуы үшін тазалық шарт. Өйткені Алла Тағала намазға тұру кезінде тазалықты бұйырды. Ал бұйрықтың негізі – міндеттілік.

Бесіншісі: тазалық уақыт кіргенде емес, намаз оқуға ниет еткен кезде ғана парыз болады.

Алтыншысы: «намаз» деп аталатын барлық ғибадаттар – парыз, нәпіл, жаназа намазы – барлығы үшін тазалық шарт.

Ауыз қуысының тазалығы мен тіс тазалығына қатты мән берген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетіме ауыр соқпағанда әр намаздың алдында мисуәк қолдануды міндеттер едім», – деуі өзінің бойындағы тазалықтың, үмбетінің бойынан да көргісі келетінін байқатады.

Төртінші: қоршаған ортаның тазалығы

Тазалық – имандылықтың көрінісі. Ислам тек құлшылық пен жеке бастың тазалығы ғана емес, қоршаған ортаның тазалығы мен тәртібін де талап ететін дін. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

وَتُمِيطُ الْأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَة

«Жолдағы зиянды нәрсені алып тастау – садақа», – деген (имам Мүслим).

Имам ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл хадиске былайша түсіндірме жасаған: «Бұл істі садақа деп атаудың мәнісі – сен жолдан зиянды нәрсені алып тастау арқылы ол жолмен өтетін адамдардың амандығына себепкер боласың. Бұл – дәл садақа бергенмен тең. Сол себепті сен бұл ісің үшін садақа жасағандай сауап аласың».

Мұсылман баласы – тек мешітте ғана емес, қай кезде болмасын таза жүретін адам. Қоғамдағы қоқыс, ластық – бұл тек санитарлық мәселе емес. Бұл – рухани деңгейдің көрсеткіші. Кез келген адам қай жерде жүрсе де, қоғамдық орындарды ластамай өзінен кейін жаман із қалдырмауы керек екенін әсте естен шығармаған жөн. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман баласын былайша сипаттаған:

المُسْلِمُ مَن سَلِمَ المُسْلِمُونَ مِن لِسانِهِ ويَدِهِ

«Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен детілімен де зиян тигізбеген адам», – деген (имам Бұхари). Бұл хадис – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қысқа болғанымен мағынасы терең сөздерінің бірі. Мұнда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге мұсылмандықтың негізгі әдептері мен көркем мінез-құлықтарын үйретуде. Бұл әдептер – мұсылмандардың бір-бірімен бауырмал әрі тату өмір сүруіне себеп болатын асыл қасиеттер. Яғни, мұсылман адамның қандай болмасын іс-әрекеті, сөзі басқа адамға зиян тигізбеуі тиіс.

 

Құметті жамағат!

Жүрек тазалығы – иманның шынайылығын көрсететін басты өлшем. Адам – қоғамның бір бөлшегі. Әрбір жеке тұлғаның тазалығы мен тақуалығы тұтас қоғамның бейнесін қалыптастырады. Егер қоғам мүшелері адалдықты ту етіп, ар-ұятты жоғары қойса, бір-біріне құрметпен қарап, зұлымдықтан аулақ болса, мұндай қоғам міндетті түрде таза, өркениетті әрі берекелі болады. Ал керісінше, рухани ластық жайлаған ортада әділетсіздік, жемқорлық, азғындық белең алып, қоғам іштей бүлініп бастайды. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ

«Расында Алла тәубе етушілерді және таза болушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят). Алла тазаланушыларды жақсы көреді, яғни, күнә атаулыдан бойын аулақ ұстап, пәк болуға ұмтылатындарды жақсы көреді. Бұл мағынаға нәжістер мен дәретсіздік сияқты нәрселерден тазару да кіреді. Демек, бұл аятта жалпы тазалықтың заңды әрі маңызды екендігі көрсетілген.

Бүгінгі таңда «Тазалық – иманнан, таза қоғам – мұсылмандықтан» деген ұранның мәні бұрынғыдан да арта түсті. Себебі тазалық бар жерде – тәртіп, тәртіп бар жерде – береке, ал береке бар жерде өркениетті қоғам қалыптасады.

Дін мен дәстүрді қатар сақтаған еліміз қай жағынан алып қарасақ та тазалық ұғымын ешуақытта ұмытпаған. Әрдайым «Тазалық – иманның жартысы», – деп дәріптеп, жанның да, тәннің де, айналаның да тазалығын қатар алып жүрген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин:

Сабаз болсаң жердей бол,

Жер бәрін шыдап көтереді.

Таза болсаң судай бол,

Су бәрін жуып кетіреді, – деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан.

Тазалық – адамның әдебі, мәдениеті, рухани кемелдігінің көрсеткіші.  Сондықтан да мұсылман адам ішкі жан-дүниесін, тәнін, киімін, жейтін асы мен қоршаған ортасын таза ұстауға аса мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَٰتِ مَا رَزَقْناَٰكُمْ

«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің тазасынан ғана жеңдер», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 172-аят).

Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру