Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 24.10.2025 2485 0 пікір
ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕҢ ҚЫМБАТ ҚАЗЫНА

 

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Тәуелсіздік – халықтың рухы, елдіктің белгісі, ұрпақтың ең қымбат мұрасы. «Тәуелсіз» деген сөз – дүниежүзіндегі ең асқақ әрі өте ардақты ұғымдардың бірі. Ол – еркіндіктің, теңдіктің, бейбіт өмірдің баламасы, ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, ұрпағына аманат еткен баға жетпес құндылық.

Тәуелсіздік – мыңдаған жылдар бойы азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың ақиқатқа айналған арманы. Бұл – Қазақ елінің ғасырлар бойы жасаған жанқиярлық күресінің нәтижесі, аналарымыздың көз жасына лайық Алланың берген ұлы сыйы.

Бүгінгі таңда Қазақстан – шекарасы шегенделген, діні мен тілі айқындалған, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық ұстанымдары бекітілген, әлем мойындаған тәуелсіз мемлекет. Өзінің төл мәдениеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғырта білген ел ретінде әлемдік сахнада өз орнын айқындады.

Отанға деген осынау шексіз махаббатты қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев қандай дәл әрі мөлдір етіп жырлайды десеңізші:

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бұл өлең – жер мен елге, тіл мен рухқа арналған жүрекжарды үн, бұл – азаттыққа деген іңкәр жүректің жан дауысы. Осындай терең мағыналы шығармалар тәуелсіздіктен бұрын да, кейін де ұлт жадынан өшпестей орын алып, елдік сананы оятатын әдеби рухани мұраға айналды. Қазақ әдебиетінде отансүйгіштік, еркіндік, рухани тәуелсіздік тақырыптары әрдайым өзегін үзбей жалғасып келеді. Себебі ел болмысы – сөзінде, ал сөздің шыңы –  осындай жырлардан табылады. Өлеңнің жалғасында:

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған...

Жаным менің,

Кеудемді жарып шық та,

Бозторғайы бол оның шырылдаған!

Мұндағы «бозторғай» – еркіндік пен таза табиғаттың нышаны. Ол кең далада еркін ұшып, әсем үнімен тыныштық пен бостандықты бейнелейді. Ақынның «кеудемді жарып шық та, бозторғайы бол» деуі – жанын Отанға арнап, халықтың мұңын нәзік те айқын үнмен жеткіз дегені. Бұл – азаттық жолында жан-тәніңмен шырылдап, рухани еркін болуға үндейді. Осылайша, өлеңде тәуелсіздіктің көркем бейнесі мен рухани мәні терең ашылған. Иә, тәуелсіздік тек тарихи дерек емес, ол – жүректерде тірі тұрған, әдебиетте терең өрілген, рухта мәңгілік сақталған ұлы ұғым. Сол ұғымды сақтау мен ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы.

Бірінші: тәуелсіздік – Құдайдың берген ұлы нығметі

Алла Тағаланың құлдарына берген нығметтері шексіз, оларды түгел санау мүмкін емес. Ризық-несібенің түрлері де сан алуан әрі әрқилы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَإِن تَعُدُّوا نِعْمَةَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا إِنَّ اللَّهَ لَغَفُورٌ رَّحِيمٌ

«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар. Шүбәсіз, Алла (қанша күнә жасаса да, тәубесіне келген құлдарына) өте кешірімді, ерекше мейірімді», – деген («Нахл» сүресі, 18-аят).

Ризық тек мал-мүлікпен шектелмейді. Жаратушы Жаббар иеміздің адам баласына берген үлкен нығметтерінің бірі ол әртүрлі ұлт және ұлыстарға, руларға бөлуі. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«Уа, адамдар! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Сондай-ақ сендерді бір-бірімен танысып, табысуларың үшін сан алуан ұлыстар мен руларға бөлдік. Біле-білсеңдер, Алланың алдындағы ең ардақтыларың – ең тақуаларың. Шүбәсіз, Алла барлық нәрсені толық білуші, бәрінен толық хабардар», – деген («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірдің шынайы байлығы мен бақыты қайда екенін айқындап берген. Әрбір адам баласы таңды аман-есен, тыныштықпен қарсы алса, яғни өзі, отбасы мен жақындары да қауіпсіздікте, дендері сау, ауру-жарақаттан алшақ және күнделікті күн көрісіне жарайтын нан-несібесі болса, сонда ол адамға бүкіл дүние өз байлығын сыйлағанымен тең болатындығын үйреткен. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

مَن أَصْبَحَ مُعَافًى فِي بَدَنِهِ، آمِنًا فِي سِرْبِهِ، عِندَهُ قُوتُ يَوْمِهِ، فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا

«Кімде-кім таңды дені сау, қауіпсіз ортасында, бір күндік азығы бар күйде атырса, ол – бүкіл дүниенің игілігі өзіне түгелдей берілгенмен тең», – деген (имам Термизи).

Нағыз байлық – амандық, саулық және жеткілікті ризықта. Бұл үшеуінің бар болуы үлкен нығмет, әрі олардың қадірі ерекше болады. Жүрек жылу сыйлайтын шынайы бақытымыз қарапайым әрі асыл нығметтерде екені анық сезіледі. Жүрек тыныштығын да, жанымыздың азығын да, өзіміздің, отбасымыздың, туған-туыстардың амандығын, ел-жұртымыздың қауіпсіздігін де бір жерде тоғыстыратын ең негізгі, әрі ұлы нығмет ол – жеріміз бен еліміздің амандығы. Халқымыздың «Отан – оттан да ыстық» деп айтуының мән-мағынасы да осында.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отанына деген ерекше махаббатын Имам Хафиз Зәһәби өзінің сөзінде: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жан жұбайы Айшаны жақсы көрді, оның әкесі Әбу Бәкірді жақсы көрді, немерелерін жақсы көрді, балды жақсы көрді, Ухуд тауын жақсы көрді және өз Отанына ерекше махаббатпен байланды», – деп атап өткен.

Шын мәнінде де, еліміз бен жеріміздің бар болуы, оның азат, тәуелсіз болуы ұлы нығмет екені айдан анық.

Ендеше, тәуелсіздік – ол рухани тыныштық, елдік бірлік, дін мен ділдің тұтастығы, қасиетті жерге ие болу құқығы, ар-намыстың қорғаны.

Екінші: тәуелсіздік жолындағы сабыр мен тәуекел

Қазақ халқы ежелден азат, дербес болуды ұлықтаған халық. «Жаңбыр жаумаған жер жетім, ата қонысынан ауған ел жетім» деген Жиренше шешеннің даналығы бекер айтылмаса керек. Елдің қамы, жердің қамы үшін бабаларымыз жандарын пида етіп кеткендігі белгілі. Алайда тәуелсіздік – жай ғана ұран емес, ол – үлкен сабырдың, қайраттың, имандылық пен еңбектің жемісі.

Сахих әл-Бұхариде мынадай хадис келтірілген: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сапардан оралғанда, Мәдинаның белестері көріне бастаған сәтте, түйесін қамшылап, жүрісін шапшаңдата түсетін еді». Хафиз Ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл хадиске байланысты өзінің «Фатху әл-Бәри» еңбегінде: «Бұл риуаят Мәдинаның артықшылығын көрсетеді. Сонымен қатар отанды сүю мен оған деген сағыныштың шариғатта құпталған қасиетті іс екенін білдіреді», – деп түсіндірген.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали: «Адам баласы өзінің туған жеріне бауыр басады, тіпті ол шөлді, қу дала болса да. Отанға деген сүйіспеншілік адам жаратылысынан дарыған табиғи қасиет. Ол – адамға тыныштық сыйлайды, алыстаса сағыныш тудырады, шабуыл жасалса, оны қорғауға ұмтылдырады, қорланса ашу шақырады», – деген.

Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді:

إِنَّ اللَّهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّى يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْ

«Расында Алла қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді», – деген («Рағд» сүресі, 11-аят).

Бұл аяттан түсінетініміз – тәуелсіздікке, әділеттілікке, жақсылыққа жету үшін тек тілеп қана қоймай, амал ету, сабырмен, иманмен әрекет ету қажет. Қазақ тарихындағы батырлар мен ұлт зиялылары ел үшін күресіп қана қоймай, Аллаға тәуекел етіп, дұға жасап, халқына рух берген жандар еді.

Алла бізге сабыр мен үміттің нәтижесінде Тәуелсіздік нығметін нәсіп етті.  Бұл – Алланың үлкен сыйы болды.

Алла Тағала Құранда былай дейді:

... لَئِن شَكَرْتُمْ لَأَزِيدَنَّكُمْ ...

«...егер шүкірлік етсеңдер, арттыра беремін...», – деген («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Тәуелсіздік ұлы нығмет, ал оны сақтау – одан да үлкен жауапкершілік. Ол үшін бірлік, иман, білім және адал еңбек қажет.

Қисса

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) келген деректе:

Мәдинада алғашқы ауыр күндер болатын. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдинаға қоныс аударған кезде, Әбу Бәкір мен Біләлға науқастық тиіп, қатты ауырып қалды. Мен олардың халін білу үшін қастарына барып:

– Әкетай, қалыңыз қалай?

– Біләл, сенің жағдайың қалай? – деп сұрадым.

Әкем Әбу Бәкір науқастығы күшейген сайын әлсіз дауысымен мынандай өлең жолын оқи бастады:

Әркім өз жұртымен бірге өмір сүріп жатқанымен,

Аяқ бауындай-ақ жақын тұрады ажал деген.

Ал Біләлдің қызуы түсіп, дерті сәл басылған кезде, ол үйдің сыртында шалқасынан жатып алып, дауысын биіктетіп, аңсаулы жыр жолдарын былайша оқи бастады:

Шіркін, бір түн жусам ғой аңқыған иісімен,

Идхир мен Жәлил[1] шөптері тұнып, туған жердің төсінде.

Қашан бір дәмін татамын екен Мәжинна суының,

Шама мен Тұфайл тауларын көзіммен қашан көрер екем?!

Мен осының бәрін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барып, айтып бердім. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі бослын): «Уа, Алла! Бізге Мәдинаны Меккедей, тіпті одан да артық сүйікті ете гөр! Мәдинаны бізге шипалы ет! Оның әрбір бөлігін бізге берекелі ете гөр!» – деп дұға етті.

Үшінші: тәуелсіздік – аманат

Бүгін біз кешегі тарихтың соқпағынан сүрінсе де, жығылмаған, дінін дәстүріне айналдырып, сенімін жоғалтпаған текті елдің тізгінін ұстап отырмыз. Баба мұрагерлеріміз. Шапқан тұлпардың тұяғы тозатын, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мекеннің мирасқорларымыз. Сондықтан да, ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ең алдымен өзіміз ұғынып, оны ұрпаққа жеткізу – парыз әрі аманат. Қасиетті Құранда Алла Тағала:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَى أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ

«Алла сендерге аманаттарды өз иелеріне қайтаруды және адамдар арасында билік еткендеріңде әділ үкім шығаруды бұйырады», – деген («Ниса» сүресі, 58-аят).

Әр дәуірдің өз дауысы бар. Бірақ елдік пен еркіндік туралы сөз – мәңгілік. Халқының тағдырын тереңнен толғап, келешекті кемел оймен болжаған Бұқар жырау – сондай ұлы үннің иесі. Оның әрбір тілегі бүгінгі ұрпақ үшін тек тарихтың сөзі емес, бағыт пен бағдар, серт пен аманат.

Жырау жалаң ұранмен емес, жүрекпен жазған, заманның зары мен арманын қатар өрген. Оның толғауындағы әр сөз – ұрпақтың жадында жатталуы тиіс қасиетті үн. «Алтыншы» мен «жетінші» тілек – ел болмысының іргетасы, ұлттық сана мен тәуелсіздіктің тірегі болар ұлы дауыс.

Бабамыз бұл тілектер арқылы тек өз заманына үн қатқан жоқ. Ол болашаққа хат жазды, бүгінгі бізге қарата сөйледі. «Ақ ордаң тозбасын, туың жығылмасын, жауға табан име!» – дегенді бейнелі тілмен, терең астармен жеткізді. Сондықтан бұл жолдарды оқу тек тарихты оқу ғана емес, ұлттың рухын сезіну. Төмендегі алтыншы және жетінші тілектер, еркін елдің елдігіне серт, жұртының жадында жаңғырар қасиетті сөздер:

Алтыншы тілек тілеңіз,

Алпыс басты ақ орда,

Ардақтаған аяулың.

Күнінде ертең біреуге,

Тегіннен тегін олжа болмасқа,бұл жолдарда жырау елдік пен еркіндіктің нышаны ақ орданы алға тартады. «Алпыс басты ақ орда» – бұл жай ғана шатыр емес, хандықтың, бірліктің, тұтастықтың баламасы. Мұндағы «алпыс бас» – елдің әр аймағы, әр рулық қауым өкілі, яғни кеңесетін, пікір қосатын, ел тағдырын бірге шешетін дана қауым. «Ардақтаған аяулың» – бұл халықтың өз елін, жерін, ханы мен халқын құрмет тұтуы, сүйіспеншілігі. Ал:

Күнінде ертең біреуге

Тегіннен тегін олжа болмасқа, – дегені, жыраудың болашақ үшін уайымдауы, яғни «Ел боламыз десеңдер, бүгінгі ордаңа ие бол. Күллі байлығың, жерің, жұртың, азаттығың тегіннен-тегін кетіп қалмасын, келешек ұрпақ қор болмасын», – деген сөзі іспеттес. Бұл – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтаңдар деген үндеу!

Жетінші тілек тілеңіз,

Желкілдеген ту келіп,

Жер қайысқан қол келіп,

Сонан сасып тұрмасқа, – бұл шумақ – жаугершілік заманды суреттейді. Мұндағы «желкілдеген ту» – соғыс, шапқыншылық, жат жұрттың басқыншылық әрекеті. «Жер қайысқан қол» – жау әскерінің көптігі, қаупінің зорлығы. Жырау еліне қауіп төнген сәтте, қорғансыз болмауға шақырады. «Сонан сасып тұрмасқа» – яғни, жау келсе, абдырамайтын, рухы биік, қауқары мықты, ұйымдасқан ел болу қажет дейді. Бұл жыраудың рухани дайындық, әскери тәртіп, ұлттық тұтастық жайындағы ойы.

Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Мұның мағынасы Отанды қорғау, тыныштығын сақтау жолында қажырлы еңбек етуді білдіреді. Сондай-ақ, туған жер ата-бабаларымыздың сүйегі жатқан жер болғандықтан ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді. Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ

«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқыныштан жылаған көз, Алла жолында елін күзеткен көз», – деген. (Имам Термизи).

 

Құрметті жамағат!

Отан – қасиетті ұғым, ал оның тәуелсіз болуы Алланың дарытқан шексіз нығметі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласының перзенті еді. Ол шаһардың әрбір тасы мен көшесін, тауы мен сайын жақсы көретін. Сол жерде дүниеге келіп, өсті. Сол секілді әрбір адамға туған жердің топырағы ерекше ыстық. Ақын Қадір Мырза Әлі «Отаныңнан қанша шақырым ұзақтасаң, сонша шақырым рухани жақындай түсесің», – деп айтқанындай әрбір жан өзінің туған жерін жақсы көреді, алыс жаққа сапарлап шыға қалса сағынады.

Міне, біздің ата-бабамыз түрлі жағдайлармен елінен жырақ кеткенде туған жердің топырағын, жусанын өзімен бірге алып жүреді екен. Сағынғанда есіне алып, сол топырақтан иіскеген. Тап осындай дәстүр арабтарда да бар екен. Араб әдебиетшісі Жахиздің айтуынша арабтар бір жорыққа аттанғанда немесе алыс сапарға шыққанда өздерімен бірге туған елдің топырағын алып жүрген. Елін, жерін сағынғанда сол топырақты иіскейтін болған.

Туған жердің ауасы, топырағы жанға шипа, тәнге дәру. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауру адамды ұшықтап, үшкіргенде сулы қолын топырақтап науқастың денесіне тигізген екен.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهَا قَالَتْ: كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ فِي الرُّقْيَةِ: «تُرْبَةُ أَرْضِنَا وَرِيقَةُ بَعْضِنَا يُشْفَى سَقِيمُنَا بِإِذْنِ رَبِّنَا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дұғамен емдегенде: «Жеріміздің топырағы, аузымыздың суы Раббымыздың қалауымен ауруымызға шипа болады», − дейтін (имам Бұхари).

Біз де бүгін жүрек төріміздегі туған жерді қадірлейік, қасиетті топырағымызды ардақтайық. Қиындықта – сабыр, кеңшілікте – шүкір етіп, аманат елге адал болайық. Себебі ел деген – өткінші дүние емес, ұрпаққа қалатын ұлы мұра. Жаратушы Жаббар Иеміз ұлтымыздың ұлы мұратын баянды еткей, еліміздің еңсесін биік, жеріміздің тыныштығын берік еткей.

 

[1] Идхир мен Жәлил – Мекке маңында өсетін хош иісті шөптер.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру