الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Тарихтың қай кезеңіне үңілсек те, адамзаттың өркениетке жету жолында ұлы ұстаздардың ізі мен орны қашан да биік. Ұстаз – ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін егіп, санасына адамзаттық һәм имани құндылықтарды сіңіретін тұлға. Халқымыздың «Ұстазы жақсының, ұстанымы жақсы» деген сөзі де ұстаздың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын көрсететіні анық.
Ұстаз – тек білім беруші емес, ол – жүрекке әсер етіп, тағдыр қалыптастыратын, ұлттың келешегін бекем ететін темірқазық. Ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тағдырын айқындайтын ұлы мұрат, тұтас бір халықтың болашағына бағытталған аса жауапты іс. Ал сол жауапкершіліктің ең ауыр жүгі – ұстаздың мойнында.
Ұрпақтың тағдырына бағыт-бағдар беретін де, елдің ертеңін қалыптастыратын да – ұстаздың тұлғасы, өнегесі, ықпалы. Сондықтан ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғалғанда, ең алдымен, ұстаз бейнесі туралы айтылатыны сондықтан.
Қоғам ұстаздың қолымен өсіп-өнеді. Ұлт ұстаздың еңбегімен көгереді. Демек, ұрпақ тәрбиесінде ұстаздың орны – теңдесіз, өлшеусіз ұлы орын.
Абай атамыз:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға – деп, ұстаздың еңбегін тек кәсіп емес, рухани жауапкершілік деп түсінген. Ұстаздың әрбір қадамы бала санасына із қалдырады. Сондықтан да Абай «ақырын жүріп, анық бас» деу арқылы ұстаз жолының сабырмен, байыппен, терең ойланып басылуы қажет екенін ескертеді.
Ислам дінінде ұстаздың мәртебесі өте жоғары. Себебі ұстаз – білім беруші ғана емес, жүрекке иман сәулесін себуші, мінез-құлық пен рухани тәрбиенің шамшырағы.
Әрине, білім мен тәрбие – қатар жүруі тиіс. Кейде қоғамда «білімді адам» мен «тәрбиелі адам» ұғымы шатасып жатады. Нағыз ұстаз осы екеуін үйлестіре білген жан. Ұрпақ тәрбиесі – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның, әсіресе ұстаздардың ортақ жауапкершілігі. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің мүбәрәк хадисінде:
كُلُّكُمْ رَاعٍ، وَكُلُّكُمْ مَسْؤُولٌ عَنْ رَعِيَّتِهِ
«Сендердің әрбірің бақташысыңдар және әрбірің өз қарамағындағы жандар үшін жауаптысыңдар», – деген (имам Бұхари).
Сондықтан ұстаз – ұрпақ бақташысы. Ол өз шәкіртінің ақыл-санасына, жүрегіне, рухына қарай бейімделіп, үлгі бола білуі керек.
Қисса
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден озған шақ. Жүректерде сағыныш, көкіректерде күйзеліс… Сол күндері жас сахаба Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) жүрегінде алаулаған бір мақсатты серік етті – Пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен ілімді жинау, сақтау, тарату.
Бір күні ол Мәдиналық бір ансарлық жігітке:
- Кел, Алла Елшісінің сахабаларынан ілім үйренейік. Қазір олардың саны көп, әрқайсысы бір шырақтай, – дейді.
Алайда әлгі жігіт таңырқай қарап:
- Саған не болған, Ибн Аббас? Пайғамбардың көзін көріп, сөзін естіген ұлы сахабалар арамызда жүргенде, сенен біреу ілім сұрайды деп ойлайсың ба?! – деп жауап береді.
Бұл сөз Ибн Аббастың жүрегіне салмақ салса да, ол дауласпады. Үнсіз қалды. Бірақ ізденіс жолынан таймады. Енді ол жалғыз өзі ілім жолына бет бұрды.
Қай сахабадан бір хадис жетті десе, соған қарай асығатын. Барса, сахаба үйінде демалып жатады екен. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) есігінің алдына жамылғысын төсеп, топырақ пен желге қарамай үнсіз жатып күтетін. Үй иесін мазалауға ұялатын. Бетіне шаң соқса да, сабырмен тосатын. Себебі ол ұстазға деген құрметті жақсы білетін.
Ақыры есік ашылып, сахаба сыртқа шыққанда, көз алдында Алла Елшісінің туысы – шаңға бөккен Ибн Аббас тұрады.
- Уа, Пайғамбардың туысы! Неге келдің? Бір ауыз сөз айтып, кісі жіберсең, өзім-ақ келер едім ғой! – дейді сахаба тебіреніп.
Сонда Ибн Аббас кішіпейілдікпен:
- Жоқ, мен – ілім ізденушімін. Шәкірт ұстазға келуі тиіс, – деп жауап береді. Сөйтіп, хадис сұрап, үйреніп кетеді.
Жылдар жылжып, уақыт алмасқанда Ибн Аббастың айналасына ел жиналып, одан білім үйрене бастайды. Кезінде оның бұл жолын түсінбеген әлгі ансарлық жігіт те енді халықтың ортасындағы осы көрініске қарап тұрып, мойындап:
- Расында, Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) менен де ақылдырақ болыпты, – деп ағынан жарылған екен.
Шын мәнінде ұстаз – адамзат қоғамында ерекше орын алатын тұлға, Алланың ұлық істерін жалғастырушы, пайғамбарлық міндеттің бір көрінісін арқалаушы. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَعَلَّمَ آدَمَ الْأَسْمَاءَ كُلَّهَا ثُمَّ عَرَضَهُمْ عَلَى الْمَلَائِكَةِ فَقَالَ أَنبِئُونِي بِأَسْمَاءِ هَؤُلَاءِ إِن كُنتُمْ صَادِقِينَ
«(Алла) Адамға барлық нәрсенің атауын үйретті. Артынша оларды періштелерге көрсетіп: қане айтқандарың рас болса, Маған мыналардың атауларын айтып беріңдерші», – деген («Бақара» сүресі, 31-аят).
Бұл аятта Алланың алғашқы адамға білім беруі арқылы ұстаздықтың бастауы болғаны көрсетіледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл адамзаттың ұстазы. Ол үмбетіне Құранды үйретіп, дінді түсіндіріп, жүректерді тазартып, адамдарды надандықтың қараңғылығынан ақиқаттың нұрына жеткізді. Сондықтан әрбір білім үйретуші адам Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жолын жалғастырушы болып саналады.
Қисса
Мәдина. Мешіттің іші адамдарға толы. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әдеттегідей сабырлы қадаммен мешітке кіріп келеді. Жүзінде нұр, жүрісінде парасат бар.
Бір сәт, көз тоқтатып қараса, мешіттің ішінде екі түрлі топ отыр.
Бірінші топ – қолдарын жайып, көздерінен жас парлап, Аллаға жалбарынып, шын ниетімен дұға етуде. Құлшылықпен шұғылданып, Жаратушыдан сұрап отыр. Біреуі кешірім тілейді, біреуі шипа сұрайды, енді бірі бала-шағасына береке тілеуде. Ал екінші топ бір шетте шеңбер құрып, тыныштықпен білім алып отыр. Бірі сұрақ қойып, бірі жауап беруде. Құран мен сүннетті үйреніп, ілімге терең бойлап барады. Олар тек үйреніп қана қоймай, білмегендерге де үйретіп те отыр.
Сол сәтте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі топқа да көз тастап тұрып: «Екеуі де жақсы іспен айналысып отыр. Бірақ біреуі – екіншісінен абзал», – дейді.
Сосын сөзін жалғастырып: «Мына топ Алладан тілеп, жалбарынып отыр. Алла қаласа береді, қаламаса бермейді. Ал екінші топ ілім алып, үйреніп қана қоймай, өзгелерге де үйретіп отыр. Олар – абзалырақ» – деп, жүректің төрінен шыққан сөзін айтты.
Сәл кідіріп, үні жұмсара түсіп, жүрекке қадалатын жалғыз сөз айтты: «Мен – мұғалім болып жіберілдім». Сосын, көп ойланбастан, өзі де сол ілім алып отырған топқа барып, олардың ортасына жайғасып отырды...
Бұл – Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұстаз ретіндегі жолын, ілімге деген шынайы құрметін көрсеткен ұлы сәт еді. Алланың Елшісі бұл жерде дұғадан тыс қалған жоқ, себебі білім мен тәрбиеге жол сілтеп, адамзатқа мәңгілік өнегені мирас етіп кетті.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
...يَرْفَعِ اللَّهُ الَّذِينَ آمَنُوا مِنكُمْ وَالَّذِينَ أُوتُوا الْعِلْمَ دَرَجَاتٍ...
«... Алла араларыңдағы шынайы иман келтіргендердің, әсіресе, өздеріне ілім берілгендердің дәрежесін еселеген үстіне еселей түседі...», – деген («Мүжәдәлә» сүресі, 11-аят).
Бұл аяттан ұғатынымыз – Алла Тағаланың құзырында білім иелерінің дәрежесі биік. Адамды осы мәртебеге жетелейтін ең маңызды себептердің бірі – ұстаздың еңбегі.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
خَيْرُكُم مَنْ تَعَلَّمَ القُرْآنَ وَعَلَّمَهُ
«Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің», – деген (имам Термизи).
Бұл хадис ұстаздықтың ең абзал істердің бірі екенін көрсетеді. Құран үйретуші ұстаз – Алланың дінін жеткізуші, адамзатқа ең қажетті білімді беруші болып табылады.
Исламда білім – тек ақпарат емес, ол рухани тәрбиеге негізделген. Ұстаз шәкірттің жүрегіне имандылық, жүріс-тұрысына көркем мінез, санасына жауапкершілік береді. Бұл тұрғыдан ұстаз – екінші ата-ана. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Маған бір әріп үйреткен адамға қырық жыл құл болуға дайынмын», – деген екен.
Бұл сөз – ұстазға деген құрметтің қандай деңгейде екенін көрсететін терең мағынаға ие. Ұстаз – тек оқытушы ғана емес, өмірлік бағыт-бағдар беретін тұлға. Ол адамды тек дүниелік білімге ғана емес, ақыреттік ілімге де үйретеді.
Ұстаздың бойындағы маңызды сипаттардың бірі – өзгелерге жақсы үлгі бола білуі, әсіресе шәкірттеріне. Бұл – тек сөзбен емес, амалмен дәлелденуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لِمَ تَقُولُونَ مَا لَا تَفْعَلُونَ كَبُرَ مَقْتًا عِندَ اللَّهِ أَن تَقُولُوا مَا لَا تَفْعَلُونَ
«Уа, иман келтіргендер! Өздерің істемейтін нәрсені неге айтасыңдар?! Өздерің істемейтін істі айту – Алланың алдында ең жеккөрінішті нәрсе», – деген («Саф» сүресі, 2-3-аяттар).
Сөз бен істің сай келуі – адамның қабылдауына әсер ететін ең негізгі жол. Ал ұстаз – бұл мінезге өзгеден гөрі көбірек мұқтаж жан. Себебі ол – үлгі болатын тұлға. Дана халқымыз «Ұққаның жақсы болса – жақының көбейеді, ұстазың жақсы болса – ақылың көбейеді» деп бекер айтпаған болса керек. Сондықтан Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) секілді көркем мінезді болуға тырысуы тиіс.
Ұстаз шәкірттеріне тек білім ғана емес, әдеп, мінез, күнделікті өмірлік дағдыларды да үйретуі керек. Сонда ғана ұстаздың күнделікті әрекеті шәкірт санасына сіңіп, олардың мінезіне әсер етеді.
Бүгінгі қоғамда ұстаздың рөлі бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Ақпарат пен технология дамыған, түрлі ағымдар мен жат идеологиялар жайлаған қазіргі заманда адасқан жандарға дұрыс бағыт көрсетіп, ақиқат пен жалғанды ажыратып беретін – білімді, көреген ұстаздар.
Ғаламтор мен әлеуметтік желілерде діни ақпараттың көптігі – адамды білімді етіп жатқан жоқ. Керісінше, дін атын жамылған адасушылықтың артында шынайы ұстаздардың жетіспеушілігі тұрғаны байқалады. Бұл туралы Алла Тағала Құранда:
وَلْتَكُن مِّنكُمْ أُمَّةٌ يَدْعُونَ إِلَى الْخَيْرِ وَيَأْمُرُونَ بِالْمَعْرُوفِ وَيَنْهَوْنَ عَنِ الْمُنكَرِ وَأُولَئِكَ هُمُ الْمُفْلِحُونَ
«Араларыңда ізгілікке шақырып, жақсылықты бұйыратын һәм жамандықтан тыятын бір қауым болсын. Міне, солар азаптан құтылып, мақсат-мұратына жеткендер», – деген («Әли-Имран» сүресі, 104-аят).
Міне, ізгілікке шақырып, жамандықтан тыятын – олар ұстаздар. Сондықтан жастарымызға шариғи негізде дұрыс түсінік беретін, сенімі дұрыс, жүрегінде иман, бойында парасат бар ұстаздардың болуы – қоғам тұрақтылығы мен рухани қауіпсіздігінің кепілі.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
مَنْ دَلَّ عَلَى خَيْرٍ فَلَهُ مِثْلُ أَجْرِ فَاعِلِهِ
«Кім бір жақсылыққа жол көрсетсе, ол жақсылықты жасаған адамның сауабындай сауап алады», – деген (имам Мүслим).
Сол себепті, әрбір ата-анаға жүктелетін маңызды міндеттердің бірі – баласына кімнен білім алып жатқанын қадағалау және шынайы, сенімді ұстаз таңдауға мұқият болу. Себебі ұстаз бағыт-бағдар беруші, шәкіртке дұрыс жол көрсетуі арқылы қоғамды түзейді.
Қазіргі таңда білікті ұстаздар – мешіттерде, медреселерде, университеттерде, сондай-ақ онлайн платформаларда Ислам ілімін насихаттап, білім мен тәрбиені ұштастыра отырып, қоғамның рухани іргесін қалап жатыр. Олар – намаз үйретіп қана қоймай, сабырлы болуды, адалдықты, жауапкершілікті, мейірімділікті де бойға сіңіруге тырысады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар!» – деген («Тәубе» сүресі, 119-аят).
Бұл аят ұстаздардың да, шәкірттердің де ақиқат жолында болуын, шыншыл болуын талап етеді. Себебі ұстаз – шындық пен ақиқаттың адаспайтын шамшырағы болуы керек.
Ендеше, бүгінгі қоғамда ұстаздың рөлі – тек білім үйрету емес, жүрек тәрбиесімен айналысу, руханиятты жаңғырту және үмбетті тура жолда ұстау. Осындай ұстаздарды қадірлеу – дінді қадірлеу, ұлтты өрге сүйреу.
Құрметті жамағат!
Ұрпақ тәрбиесіндегі ұстаздың орны айрықша әрі маңызды. Ұстаз – тек білім беруші ғана емес, үлгі-өнеге болатын рухани тәрбиеші. Ұрпақтың болашағы ұстаздың қолында, сондықтан ұстаздардың міндеті – шынайы ықыласпен, сабырлықпен, шыншылдықпен, кішіпейілділікпен өз шәкірттеріне үлгі болу.
Ислам діні ұстазға зор құрмет көрсетуді міндет етеді, себебі ұстаз – қоғамның, ұлттың дамуы мен өркендеуінің негізі. Халқымыздың «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деп айтқан сөзі ұстаздардың ел арасында үлкен құрметке ие екендігін көрсетеді. Ұстаздардың ізгі ниеті мен адал еңбегі арқылы ғана келешек ұрпақ саналы, білімді, тәрбиелі болып өседі.
Осыған орай, біз баршамыз ұстаздарға құрметпен қарап, олардың еңбегін бағалап, болашақ ұрпақты тәрбиелеуде өз үлесімізді қосуға тырысуымыз керек. Алла Тағала ұстаздарға сабыр беріп, олардың еңбегін нәтижелі етсін, жүректерін нұрландырып, шәкірттерін тура жолға бағыттауын нәсіп етсін!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyat.kz
03.10.2025
1399
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру