الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.
Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.
Алла Тағала шексіз мейірімімен бізге иман нәсіп етіп, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің қатарынан болу құрметіне бөлегеніне сансыз шүкірлер болсын. Хақ Тағала бізге бұл дүниеде тіршілік етуіміз үшін тән берсе, ақиқатқа, мәңгілік бақытқа ұмтылу үшін жан сыйлады. Осы тән мен жанның тепе-теңдігі сақталмаса, адам өмірінің бағыты бұзылмақ. Тәннің азығы – қорек, ал жанның азығы – иман мен ізгілік. Тән азық пен киімге мұқтаж болса, жан рухани қорекке зәру. Жанды тәрбиемен нұрландырып, кемелдікке бастау әр пенденің басты міндеті.
Адам баласының кемелдікке жету жолы – өзін-өзі тәрбиелеуден, нәпсісін тыйып, жүрегін тазартудан басталады. Шындығында, кімде-кім өз бойына үңіліп, руханиятын түзетсе – жүрегі тазарады, жаны нұрланады, амалдары көркейе түседі.
Араб тілінде «тәзкия» сөзі – тазарту және өсіп-жетілу деген екі мағына береді. Демек, өзін тәрбиелеу – бір жағынан күнә атаулысынан арылу болса, екінші жағынан иманымызды күшейтіп, бойымызды көркем қасиеттермен безендіру. Белгілі ғалым Ибн Фарис «Муқайяс әл-луға» атты еңбегінде: «Бұл ұғымның (тәзкия) түп мағынасы екі негізден шығады: бірі – тазалық, екіншісі – өсіп-өркендеу», – деп жазады. Осы негізге сүйене отырып, нәпсіні тәрбиелеу (тәзкия) дегеніміз – жаман сипаттардан арылып, жақсы қасиеттерді бойға дарыту деп айтуға болады. Бұл істің маңыздылығы мен ұлылығын – Алла Тағала «Шамс» сүресінде ашық әрі айқын түрде баян етеді. Жаратушы Жаббар иеміз бұл сүреде он бір мәрте ант етіп, өзін (нәпсісін) тазартқандардың құтылатындығын айтады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
قَدْ أَفْلَحَ مَن زَكَّاهَا
«Оны (нәпсіні) тазартқандар құтылды», – деген («Шәмс» сүресі, 9-аят).
Адамның рухани күйі – оның өмір сүру сапасына тікелей ықпал ететін көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды ішкі әлемінің айнасы. Жақсы амал жасап, күнәлардан бойын тыйғанда, жүрек жеңілдеп, сана айқындалып, өмірдің мәні мен мақсаты анық көріне бастайды. Бұл – адамның болмысы мен Жаратушы бұйырған мақсаттың бір арнаға тоғысуы. Ал керісінше, күнә мен немқұрайлық белең алғанда, жүрек қарайып, адам өзін шаршаңқы, беймазалық пен енжарлық жайлаған күйде табады. Сондықтан әрбір мұсылман өз рухани жағдайын үнемі бақылап, ішкі әлсіздіктің түп-тамырын шынайы түрде саралап отыруы тиіс. Себебі жүрек таза болмаса, амал да, ой да берекелі болмайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы дұғаны айтатын болған:
اللَّهُمَّ بَاعِدْ بَيْنِي وبيْنَ خَطَايَايَ، كما بَاعَدْتَ بيْنَ المَشْرِقِ والمَغْرِبِ، اللَّهُمَّ نَقِّنِي مِنَ الخَطَايَا كما يُنَقَّى الثَّوْبُ الأبْيَضُ مِنَ الدَّنَسِ
«Уа, Алла! Мені күнәларымнан Шығыс пен Батысты ажыратқаныңдай алыстата гөр. Уа, Алла! Ақ көйлек кірден қалай тазарса, мені де күнәларымнан сондай таза ет» (Имам Бұхари).
Тазалықтың діндегі орнын білдіретін ең үлкен дәлел – намаз. Өйткені намаз сияқты ұлы құлшылықтың өзі тазалықсыз қабыл болмайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا قُمْتُمْ إِلَى الصَّلَاةِ فَاغْسِلُوا وُجُوهَكُمْ وَأَيْدِيَكُمْ إِلَى الْمَرَافِقِ وَامْسَحُوا بِرُءُوسِكُمْ وَأَرْجُلَكُمْ إِلَى الْكَعْبَيْنِ وَإِن كُنتُمْ جُنُبًا فَاطَّهَّرُوا...
«Уа, иман келтіргендер! Намазға тұрар алдында беттеріңді жуыңдар, қолдарыңды шынтаққа дейін (яғни, шынтақты қоса) жуыңдар, бастарыңа мәсіх тартыңдар және аяқтарыңды тобыққа дейін (яғни, тобықты қоса) жуыңдар. Егер бой дәреттерің бұзылса, бастан-аяқ жуынып дәрет алыңдар...», – деп айтқан («Мәйда» сүресі, 6-аят).
Халқымыз тазалыққа аса мән берген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин: «Сабаз болсаң жердей бол, жер бәрін шыдап көтереді, таза болсаң судай бол, су бәрін жуып кетіреді», – деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан.
Ислам діні әрбір мұсылманға тазалыққа мән беріп, оны күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі етуге үндейді. Құранда бұл тақырыпқа ерекше мән берілген. Себебі адамды күнәдан, жамандықтан тазартып, жүрегін жұмсартып, нәпсісін тәрбиелеу Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарлық жолындағы басты мақсаттарының бірі болған. Бұл туралы Құранда – «Бақара», «Әли Имран» және «Жұма» сүрелерінде ашық түрде айтылған. Бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мақсаттарының ең бастысы жүректерді тазарту екенін көрсетеді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
...إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ
«Расында Алла тәубешіл құлдарын және үнемі таза болушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл істі ерекше бір тепе-теңдікпен атқарған, ол бір жағынан жеке адамның ішкі жан-дүниесіне әсер етіп, екінші жағынан бүкіл қоғамды жақсылыққа бастады. Оның тәрбиесі тек сөз жүзінде емес, нақты әрекетпен, үлгі арқылы жүзеге асты. Сол себепті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұсынған рухани тазару жолы барлық заманға жарамды, әмбебап рухани мектепке айналды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
الطُّهُورُ شَطْرُ الإيمانِ...
«Тазалық – иманның жартысы», – деп айтқан (имам Мүслім).
Қасиетті Құранда Алла Тағала:
يَا أَيُّهَا الْمُدَّثِّرُ (1) قُمْ فَأَنذِرْ (2) وَرَبَّكَ فَكَبِّرْ (3) وَثِيَابَكَ فَطَهِّرْ
«Уа, бүркенген жан! Тұр, халыққа ескерт. Раббыңды ұлықта. Киіміңді таза ұста», – деген («Муддассир» сүресі, 1-3 аяттар).
Ата-бабамыз: «Тазалық – саулық негізі», – деп бекер айтпаған. Қазақ халқы тазалықты тек тәннің емес, жанның да кемелдігі деп түсінген. «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі – жапырақ» деген де сөз бар. Бұл сыртқы тазалықтың маңыздылығын меңзейді.
Қисса
Күндердің бір күнінде халифаның ұлы, тақуалығымен танылған Абдуллаһ ибн Омар (Алла оған разы болсын) сапар шегіп келе жатып, жол бойында бір қой бағып жүрген қарапайым бір жас қойшыны көреді.
Жақындап келіп, оны сынамақ ниетпен:
- «Бауырым, мына қойларыңның бірін маған сатшы?» – дейді.
Қойшы кішіпейілдікпен:
- «Бұл қойлар менікі емес, мен тек қожайынның малын бағып жүрмін», – деп жауап береді.
Абдуллаһ ибн Омар сынағын тереңдете түсіп:
- «Ендеше, қожайыныңа қасқыр жеп қойды деп айта сал. Сен де пайда тап, ол да білмей қалар», – дейді.
Осы сәтте қойшы көкке қарап, жан-тәнімен:
– «Ал Алла қайда?!» – деп жауап қайтарады.
Бұл сөз қарапайым қойшыдан емес, жүрегінде иман оты жанған, Алланы үнемі еске алып жүретін тақуа құлдың жан айқайы еді. Бұл сөз Ибн Омардың жүрегін шым еткізді. Көзіне жас келіп, жан дүниесімен толқып, жас жігіттің берген жауабына дән риза болады. Осы бір сәт жүректегі ықыластың, жан тазалығы мен тақуалықтың нағыз көрінісі болды.
Сол жерде Ибн Омар (Алла оған разы болсын) бұл баланың иманына, тазалығына тәнті болып, оны дереу қожайынынан сатып алып, азат етеді. Оның бағып жүрген қойларын да сатып алып, өзін-өзі адалдықпен қорғай білген жас жігітке сыйға тартады.
Жан тазалығы – бұл адамның ішкі дүниесін күнәдан, жаман ойлардан, көреалмаушылық, тәкәппарлық, рия сияқты рухани аурулардан арылтуы. Ол – Алламен байланысын күшейту арқылы жүректі тазартып, нәпсіні тәрбиелеу жолы. Осындай рухани дерттерден тазарту Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберілуіндегі ең ұлы мақсаттардың бірі болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
هُوَ الَّذِي بَعَثَ فِي الْأُمِّيِّينَ رَسُولًا مِّنْهُمْ يَتْلُو عَلَيْهِمْ آيَاتِهِ وَيُزَكِّيهِمْ وَيُعَلِّمُهُمُ الْكِتَابَ وَالْحِكْمَةَ وَإِن كَانُوا مِن قَبْلُ لَفِي ضَلَالٍ مُّبِينٍ
«Ол (кітап иелеріне жатпайтын) үмми қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға (Алланың өзіне уахи еткен) аяттарын оқиды, оларды (яғни ой-саналарын теріс түсініктерден, жүректерін жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылтады, сондай-ақ оларға (Алла түсірген) кітап пен хикметті (яғни өзінің сүннеті арқылы Құранның мән-мағынасын) үйретеді. Әйтпесе, олар бұған дейін анық адасуда еді», – деп айтады («Жұма» сүресі, 2-аят).
Адам баласы бұл өмірде тәннің қажеттіліктеріне барынша көңіл бөледі: тамақ, киім, жайлы баспана, денсаулық. Алайда сол тәннің ішіндегі ең құнды нәрсе – жан. Жан – Алланың аманаты. Ол тазармаса, адам рухани күйзеліске ұшырап, өмірден мән таба алмайды. Жан кірлеген сайын жүрек қарайып, нәпсі үстемдік етеді, ал бұл – иманға, ізгілікке кері әсерін тигізеді. Сол себепті Ислам діні адамның тек сыртқы емес, ішкі әлемінің де тазалығына ерекше мән береді. Жанның шынайы тазаруы – Алламен байланыс орнату арқылы, күнәдан арылу арқылы, жүректі тәрбиелеу арқылы жүзеге асады. Ал енді жан тазалығына қол жеткізу үшін біз не істеуіміз керек? Қандай амалдармен жүрегімізді жұмсартып, рухымызды байытамыз? Төменде жанды тазартып, ішкі дүниемізді көркейтуге апаратын бірнеше маңызды жолмен таныс болайық.
а) Тәубе және истиғфар (кешірім тілеу)
Жанның ең негізгі емі – шынайы тәубе. «Раббым, кешіре гөр!» – деп күнде айту жүректі жұмсартады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعاً أَيُّهَا الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, мүминдер! Бақытқа жетіп құтыламын десеңдер, барлығың бірдей Аллаға тәубе етіңдер», – («Нұр» сүресі, 31-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
كُلُّ بَنِي آدَمَ خَطَّاءٌ وَخَيْرُ الْخَطَّائِينَ التَّوَّابُونَ
«Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген (Ибн Мәжа).
Ата-бабаларымыз: «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», – дейді. Бұл нақыл шариғаттағы тәубе есігі ешқашан жабылмайды деген ұстаныммен үндес. Мейлі адам қанша күнә жасаса да, егер шын ниетпен тәубе етсе Алла қабыл етеді.
ә) Алла Тағаланы зікір ету
Зікір сөзі шариғи мәтіндерде «Құран», «намаз», «білім» «Алла Тағаланы еске алу» деген сынды түрлі мағыналарда келген. Дегенмен, зікір сөзінің негізгі қолданылу аясы «Алланы еске алу» деген мағынаны білдіреді. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَاذْكُرِ اسْمَ رَبِّكَ وَتَبَتَّلْ إِلَيْهِ تَبْتِيلا
«Раббыңның атын (үнемі) жадыңда ұстап, (күндіз-түні) аузыңнан тастамай зікір ет әрі Оған жан-тәніңмен бет бұр», – деп айтқан («Муззаммил» сүресі, 8-аят).
Ибн Ато әс-Сәкандари (Алла оны рақымына алсын): «Зікір дегеніміз – Хақ Тағаланы үнемі жүректе сақтау арқылы қаперсіздіктен арылу, Алланың есімін, сипаттарын, үкімдерін, істерін және Оған жақындататын нәрсені тілмен де, жүрекпен де үнемі қайталау», – деп анықтама берген.
Алланы еске алу – адамды уайымнан арылтып, үмітпен қуаттандырады, күнәдан қорғайды, иманды бекемдейді. Жүрек – Алланы еске алғанда ғана тыныштық табады. Қасиетті Құранда Алла Тағала:
أَلَا بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ
«Шын мәнінде жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады», – деген («Рағд» сүресі, 28-аят).
Жалпы «Зікір» сөзі қазақ халқына тансық сөз емес. Мәшһүр Жүсіп бабамыз:
Қайырды олай болса, көп беріп қал,
Демейді өлім келсе: жас, кәрі шал.
Пайғамбар хадисінде айтқан екен,
Жігіттер мына сөзге құлағың сал:
Ұжмақдық – шырын сөзді, жылы жүзді,
Тілінде Хақ зікірі сөйлер сөзді, – деп, насихат қалдырған.
б) Шыншылдармен дос болу
Достық – адамдардың бір-біріне адал, қалтықсыз сеніп, бір мүдделі, ортақ көзқараста болатын қасиет. Достық өзара жауапкершілік пен қамқорлықтың, рухани жақындықтың белгісі. Нағыз достық кісіге шабыт беріп, өмірде кездесетін түрлі сәтсіздіктерге мойымауға, басқа түскен қайғы мен қиыншылықты бірге көтеруге жәрдемдеседі.
Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَكُونُوا مَعَ الصَّادِقِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар», – деген («Тәубе» сүресі, 119-аят).
Ардақты Пайғамбарымыз өзінің хадисінде:
مَثَلُ الجَلِيسِ الصَّالِحِ والجَلِيسِ السَّوْءِ، كَمَثَلِ صاحِبِ المِسْكِ وكِيرِ الحَدَّادِ؛ لا يَعْدَمُكَ مِن صاحِبِ المِسْكِ إمَّا تَشْتَرِيهِ أوْ تَجِدُ رِيحَهُ، وكِيرُ الحَدَّادِ يُحْرِقُ بَدَنَكَ أوْ ثَوْبَكَ، أوْ تَجِدُ منه رِيحًا خَبِيثَةً
«Жаман дос пен жақсы достың мысалы әтір сатушымен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келер болсақ, не ол сенің киіміңді күйдіреді, не одан шыққан сасық иісті сезесің» (имам Бұхари).
Имам Нәуәуи: «Бұл хадисте тақуа, құрметке лайықты адамдардың және жақсы мінез-құлық пен білім иелерінің арасында болудың артықшылығы айтылған. Сонымен қатар бидғатшы, ғайбат айтатын, көргенсіздігімен танымал болған адамдар мен жағымсыз қасиетке ие болған жаман адамдардың арасында болудың тыйым салынғандығы айтылған», – деп түсіндіреді.
Қазақтың дәстүрлі әдептілік ұстанымында достыққа үлкен көңіл бөлінеді. Халық арасында достық туралы мақал-мәтелдер жеткілікті: «Дос жылатып, дұшпан күлдіріп айтады», «Досы жақсының, өзі де жақсы», «Дүниеде адамның жалғыз қалғаны – өлгені, қайғының бәрі соның басында». Дұрыс дос таңдай білу – өмірлік мақсаттардың бірі.
Қадірлі жамағат!
Жан мен тәннің тазалығы – мұсылманның иманы мен амалының айнасы. Тән тазалығы – ғибадаттың шарты болса, жан тазалығы – құлшылықтың мәні. Бірінсіз бірі толық болмайды. Өйткені жүрек кірлесе, амалдың берекесі кетеді, тән тазаланбаса, құлшылық қабыл болмайды. Алланың алдында ардақты құл болу үшін де, қоғамға пайдалы тұлға болу үшін де осы екі тазалыққа ұдайы көңіл бөлуіміз тиіс.
Жүректі күнәдан тазартып, нәпсіні тәрбиелеу – әрбір мұсылманның өмірлік міндеті. Кімде-кім жүрегін саф ниетпен, тілін зікірмен, тәнін тазалықпен, дос-жаран ортасын ізгілікпен безендірсе – оның өмірі бақытқа, ақыреті құт-берекеге толы болмақ. Алла Тағала бізді тазалықты сүйетін құлдарының қатарына қоссын!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
muftyat.kz
22.08.2025
2078
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру