Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Жәннат нығметтері

07.12.2017 41310 0 пікір

 

Тағалаға тән. Сәлем әрі салауат бүкіл әлемге жіберілген ең соңғы Пайғамбары Мұхаммедке (с.а.у) Алланың игілігі һәм салауаттары нәсіп етсін.

Алла Тағала Құранда:

سَارِعُوا إِلَى مَغْفِرَةٍ مِنْ رَبِّكُمْ وَجَنَّةٍ عَرْضُهَا السَّمَوَاتُ وَالْأَرْضُ أُعِدَّتْ لِلْمُتَّقِينَ (133(

«Раббыларыңның кешіріміне, кеңдігі жер мен көктей болатын, тақуалар үшін әзірленген жәннатқа ұмтылыңдар»[1].

Әрбіріміз иман шарттарын білеміз. Омар (р.а) жеткен хадисте Жебірейіл (а.с.) Пайғамбарымыздан (с.а.у.) иман жайлы сұрағанда, ол (с.а.у.): 

 ...أن تؤمن بالله وملائكته وكتبه ورسله واليوم الآخر ، وتؤمن بالقدر خيره وشره ...

«Иман дегеніміз, Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне және тағдырдың жақсылығы мен жаманына (Алладан деп) сену»[2] - деп жауап берді.

Адам баласы бұл дүниеде жәннат, тозақты көре алмағанымен Құран және хадистерде олардың хабары келгендіктен мұсылман адам оған иман келтіреді. Аһлу сунна уал жамағаттың сенімі бойынша жәннат пен тозақ жаратылған және қазір бар, Алланың қалауымен мәңгі қалады, ешуақытта жоғалып кетпейді деп иман келтіру иманның бір бөлігі. Сондықтан пенде тозақ пен жәннатқа сенбейінше иманы дұрыс болмайды.

Алла Тағала бұл өмірде пенделерін бостан-босқа жаратқан жоқ. Оларды ақыреттегі мәңгілік өмірге жаратты. Пенде бұл дүниеден өтуімен не жәннаттық болады, не тозақтық болады. Кім дайым нығметті қаласа бұл өткінші өмірде өзінің жастық шағын, денсаулығын, байлығын, бос уақытын жақсы амалдарды жасаумен ғанимет тұтсын. Алла Тағала Құранда:

ثُمَّ إِنَّكُمْ بَعْدَ ذلِكَ لَمَيِّتُونَ (15) ثُمَّ إِنَّكُمْ يَوْمَ الْقِيامَةِ تُبْعَثُونَ (16(

«Содан кейін сендер, сөз жоқ, өлесіңдер. (15). Сосын сендер қиямет күні, сөз жоқ, қайта тірілесіңдер»[3].

Жәннат иман етіп, Алладан қорыққандардың орны. Ол жайында Алла Тағала Құранда бірнеше аятта айтқан. Солардың бірі Сәжде сүресінің17-аятында:  

فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ (17(

«Һәм ешбір жан істеген ісінің сауабы ретінде олар (мүміндер) үшін көзайымдардан (жұмақ қызықтарынан) не жасырылғандығын білмейді»[4].

Сондықтан мәңгілік өмірде бақытты болуымыз үшін бұл қамшының сабындай келте өмірде ақыретіміз үшін амал етуіміз керек. Алла Тағала Құранда: «Негізі, дүние тіршілігінің рахаты ақыреттің жанында (түкке тұрғысыз) аз[5]».

Жәннат Алла Тағаланың салих және әміріне бойсынған пенделері үшін дайындаған үлкен нығметі. Алла Тағала Құранда: «Һәм тақуаларға: «Раббыларың не түсірді?»,- делінгенде, олар: «Игілік» дейді. Көркем іс істегендерге осы дүниеде жақсылық бар. Ал ақырет жұрты одан да қайырлы. Тақуалар жұрты (жұмақ) қандай керемет. (30). Олар (тақуалар) кіретіндері – астарынан өзендер ағатын Адын бақтары. Онда олар үшін қалаған нәрселер бар. Алла тақуалардың тартуын осылай береді[6].

Біз төменде жәннатқа деген қызығушылығымызды арттыру мақсатында жәннат жайында келген аяттарды және хадистерді келтіретін боламыз. Бұл бізді жақсы амалдарды арттырып, жаман амалдардан ұзақтауымызға жігерлендіреді. Алла Тағала хадис қудусиде: «Салиқалы пенделерім үшін көз көрмеген, құлақ естімеген, адам баласының ойына келмеген нәрселерді әзірлеп қойдым[7]»,-деген.

Жәннаттың дәрежелері көп. Убада бин Сомиттен жеткен хадисте: «Жәннатта жүз дәреже бар. Әр дәреженің аралығы жер мен көктің аралығындай. Фирдаус ең жоғарғысы. Одан жәннаттың төрт өзені ағады. Оның жоғарғысында арш орналасқан. Егер Алладан жәннатты сұрайтын болсаңдар Фердаус жәннатын сұраңдар»,-деген.

Жәннатың дәрежелері адамдардың иманына, ықыластарына, салих амалдарының көптігіне қарай әр түрлі болады. Бухари және Муслимде Әбу Сайд Худуриден (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Біреулердің басқалардан артықшалықтары себепті сендер шығыстағы немесе батыстағы жұлдыздарға қарағандарың секілді жаннат мекендеушілері өздерінің үстіндегі тұрақтарға қарайтын болады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулуллаһ (с.а.у). Ол жай адамдар жете алмайтын, пайғамбарлардың орны ма деп сұрағанда, Жоқ,Алланың атымен ант ішіп айтайын, Кім Аллаға иман келтіріп, пайғамбар әкелген нәрсеге иман келтірсе соларға арналған[8]»,- деді.

Жәннатта алтын және күмістен құрылған қасырлар бар. Ибн Омардан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім жәннатқа кірсе өлмей мәңгі тірі болады. Мәңгі нығметте болып, үмітсіз болмайды. Киімдері тозбайды, сондай-ақ әрдайым жас болып, қартаймайды. Сол уақытта: Уа, Расулуллаһ (с.а.у.). Оның құрылысы қандай деп сұралды. Кірпіштері күміс пен алтыннан, сылақтары хош иістен, жері шафраннан, тастары гауһар және жақұттан[9]»,- деп жауап берді.

Әби Мәлик Ашариден келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Жәннатта сыртынан іші, ішінен сырты көрінетін бөлмелер бар. Ол бөлмелер мұқтаждарды тамақтандырғандарға, жақсы сөз сөйлегендерге, оразасын ұстап, адамдар ұйықтап жатқанда намаз оқығандарға»,-деді.

Әбу Муса әл-Ашариден (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз  (с.а.у.): «Момын адамға жаннатта ұзындығы алпыс мил болған інжу шатыры дайындалған. Бұл шатырда онымен бірге әйелі де тұрады. Басқа момын оны аралап келеді. Олар бір-бірін көрмейді[10]»,-деді.

Абдулла бин Амр бин Асс (Алла ол екеуіне разы болсы) айтты: Пайғамбарымыз (с.а.у) айтты: «Кім уәделескен (өзге дін) адамын өлтірсе, жаннаттың иісін сезбейді. Оның иісі қырық жылдық ара-қашықтықтан сезіледі  делінсе, басқа руаятта жетпіс жылдық ара-қашықтықтан сезіледі[11]»,- делінген.

Жәннатта жүзімнен, құрмадан, анардан болған жемістерден бау-бақшалар бар. Бұл ағаштың жемістері еш бітпейді. Жәннатта сондай  ағаштар бар салт атты оның саясында жүз жыл шапса да оны жүріп өте алмайды. Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Расында, жаннатта бір ағаш бар, салт атты кісі оның саясында жүз жыл жүрсе де жүріп өте алмайды. Қаласаңдар Алла Тағаланың мына аятын оқыңдар: «Созылған көлеңке астында» (Уақиға: 30)[12]», – деген.

Жәннаттың ағаштарының көптігі Алла Тағаланы көп зікір етумен болады. Біз Алланы көп зікір ету арқылы жәннатта өзімізге ағаш отырғыза алады екенбіз. Ол жайында Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде: «Кімде-кім «Субханаллоһи уә биһамдиһи» деп айтатын болса, жәннатта ол үшін бір құрма ағашы отырғызылады»,-деген.

Жәннатта адам нені қаласа сол сәрсе болады. Ол жайында Алла Тағала Құранда: (Оларға былай делінеді): «Өткен күндерде (дүниеде) істегендерің үшін рақаттана жеңдер, ішіңдер»[13]. Жәннатта ағып жатқан өзен, бұлақтар бар. Құранда: «Тақуаларға уәде етілген жаннаттың мысалы: Онда (жәннатта) суы (түсі, исі) бұзылмайтын өзендер, дәмі өзгермейтін сүтті өзендер, ішушілер үшін тәтті шарапты өзендер және тазаланған балдан өзендер болады. Әрі оларға (тақуаларға) онда (жәннатта)  бүкіл жемістер әрі (күналарына) Раббыларынан кешірім болады. Енді (сол жұмақтықтар) тозақта мәңгі бақи қалушы, қайнаған су ішкізіліп, (ол су) ішектерін тесіп өтетін біреулер сияқты бола ма?[14]». Сондай-ақ аяттарда келгеніндей Тәсним, Салсабил, Кафур бұлақтары бар.

Жәннатта жеп-ішкеннің бәрі кекірік болып шығып, иісі миск болып шығады. Жәбир (р.а) мен Пайғамбарымыздың (с.а.у) былай деп жатқанын естідім: «Жәннаттағылар онда жеп-ішеді, түкіріп-сіңбірмейді және үлкен-кіші дәрет сындырмайды» – дегенін естідім. Сонда сахабалар: «Сонда ішіп-жегені қайда кетеді?»-деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у): «Ішіп-жегені кекірік болып шығып, оның иісі мисктің иісіндей болады және  жәннатықтардың тәспих пен тахмидті айтуы, олардың бұл дүниеде дем алғанындай әдеттегі ісі болады[15]»-деді.

Жәннат аһілі үшін жәннатта пәк, әдемі әйелдер болады. Олардың ішінде бұл дүниедегі әйелдер және қор қыздары. Бұл дүниедегі әйелі егер жәннатқа кірер болса қор қыздарымен ақыреттегі де әйелі болуымен қатар олардың ішіндегі ең әдемісі болады. Алла Тағала Құранда: «Сендер және сендердің жұбайларың жәннатқа шаттана кіріңдер!»[16] десе, басқа аятта хор қыздары жайында «Асылында, оларды (жәннат әйелдерін) жаңадан жараттық, оларды пәк бойжеткендер етіп жасадық, жарына ғашық құрбылар еттік»[17].

Жәннат аһілі адамның қиялы жетпейтін дәрежеде сұлу болады. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз  (с.а.у.): «Жәннатқа ең алғаш кіретін топ түндегі толған айдың суретіндей көріністе болады. Одан кейін кіретіндер аспандағы ең жарық жұлдыздың көрінісінде болады. Олар онда дәрет сындырмайды, сіңбірмейді, түкірмейді. Олардың тарақтары алтыннан, терілері миск. Хош иісті шығаратын аспаптары удтан. Әйелдері қор қыздары болады. Олардың мінездері бір адамдыкіндей, Адам (а.с) сияқты бойлары алпыс зиро болып жаратылады[18]». 

Муаз бин Жабал (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): « Жәннаттықтар жаннатқа денелерінде, беттерінде түгі жоқ хәлінде кіреді. Көздері қара, үлкен, жастары отыз үште болып кіреді[19]».

Әнас бин Мәлік (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Жаннатта оның тұрғындары әр жұма сайын баратын базарлар бар. Олардың беттері мен киімдеріне солтүстіктен жел есіп тұрады. Олар өздерінің аһілдеріне одан да сүйкімді болған хәлде оралады. Олар жақындарына оралған уақытта, сендер бұрынғыдан да әдемі болып кетіпсіңдер ғой дейді. Олар да оларға: бізден кейін сендер де әдемі болып кетіпсіңдер[20]»,- деп айтады.

Жәннатқа кіргендердің ең жақсы армандарының бірі Алланы көру. Пайғамбарымыз (с.а.у) бір хадисінде: «Жәннаттықтар жәннатқа кіргеннен кейін Алла Тағала: «Сендер менен тағы бір нәрсе беруімді қалайсыңдар ма?»-деп сұрайды. Олар: «Сен біздің жүзімізді ағартпадың ба? Бізді жәннат аһлдерінен етіп, тозақтан құтқармадың ба?»-дейді. Перде көтерілгенде жәннаттағылар үшін Раббыларына қараудан артық нәрсе болмайды[21]».

Кімде-кім жәннатқа кірсе одан шықпайды, онда мәңгі қалады. Алла Тағала Құранда: «Оған (жұмаққа) бейбіт күйде кіріңдер. Міне, осы –мәңгілік күн»[22]. Хадисте: «Жәннатқа кіргендерге жаршы: «Сендер бұнда дендерің сау болып, ауырмайсыңдар. Мәңгі өмір сүріп, ауырмайсыңдар. Жас болып, қартаймайсыңдар. Дайым нығметте болып, жаманшылыққа ұшырамайсыңдар»,-деп жар салады. Кейін Алла Тағаланың мына аят каримасын оқыды: «Сонда (оларға): «Істеген (ізгі) істерің үшін  мұраға алған жұмақтарың осы»[23] делінген түрде дабысталады.  

Ей Алла! сенің разылығыңды және жәннатыңды сұраймыз. Сенің қаһарыңнан және тозағыңнан пана тілейміз. Біз сенен Фирдаус жәннатын сұраймыз. Жәннатқа жақындататын сөздерді, амалдарды орындауымызға жәрдем беруіңді сұраймыз. Бізге жәннатты нәсіп етіп, тозақ отынан сақта. Амин. 

 

С.Шоқанов. Шариғат және пәтуа

бөлімі меңгерушісінің орынбасары

 

[1] «Әл-Имран»: 133-аят.
[2] «Сахих Муслим» 8 хадис
[3] «Муминун» сүресі 15-16 аяттар.
[4] «Сәжде» сүресі 17-аят.
[5] «Тәубе» сүресі 38-аят.
[6] «Нахл» сүресі 31-аят.
[7] «Фатхул бари» 8\515
[8] «Фатхул бари» 6\320
[9] Табараниде келген Мунзири Тарғиб кітабында хасан деген баға берген 6\285
[10] «Фатхул бари» 8\624
[11] «Фатхул бари» 6\269
[12] «Фатхул бари» 6\319
[13] «Хаққа» сүресі: 24- аят
[14] «Мұхаммед» сүресі: 15-аят.
[15] «Наууаи шарх Сахихул Муслим» 17\173
[16] «Зухруф» сүресі: 70-аят.
[17] «Уақиға» сүресі: 35-37 аяттар
[18] «Фатхул бари» 6\362
[19]  «Мажмағ» 10\399
[20] Наууаи шарх Сахихул Муслим 17\170
[21] Наууаи шарх Сахихул Муслим 3\17
[22] Қаф: 34-аят.
[23] Ағраф: 43-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру