Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Әйел-Алланың аманаты

24.10.2017 47763 0 пікір

Әйел-Алланың аманаты

Қазақ халқы: «Әйел күннің шуағынан жаралған» деп дәріптеген. Ата-бабамыз қашанда қыз балаға ерекше қараған. Өмірдің ащы-тұщысын көріп ысыла берсін, тұяғы тасқа салса кетілер, суға салса жетілер деген оймен ұлын жел өтінде ұстаса, қызын аз күндік қонағым, алтынның сынығы, шұғаның қиығы деп, бөркінің төбесіне үкі қадап үлпілдетіп өсірген. Оны аялап, мәпелеген.

«Қыз» – ардақты ана, аяулы жар, ұрпақ жалғастырушы, яғни «қыз» деген ұғымға толассыз сөздер толып жатқаны айдан анық. Қыз бала – болашақ ана, инабатты келін, ана-әже. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.  Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді – тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін баласына, немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, жалғастырушы, дамытушы, әрине, Әйел-Ана.

Әріден келе жатқан әдепті берік ұстанған халық қызын ешкімге қорлатқан емес. Қазақ қашанда қызын әлпештеп өсіріп, оң жақта отырған қызға аңдап қарап, оның «ақылына көркі сай» болуын қадағалаған. Елімізде «қыз» сөзі және жалпы қыздарға байланысты халықтың ұғымында «қыз бала – елдің көркі, халықтың гүлі, өмір-тіршілігі» дегенді білдіреді. Қазақ халқында қызға берілген анықтама, оларға қойылған талап-тілектер, қызды еркелету, қызды тәрбиелеудің үлкен жолға қойылғанын көрсетеді.

Мұсылман діні келгенге дейін Араб қоғамында қыз баланы асыраудан қашатын, ұлды артық көріп, қызды болғанына күйініп, қатты ызаланатындар да бар еді. Бұндай жауыз мінездің асқынғаны сонша – жаңа туған нәзік жанды шарананы шімірікпестен тірідей өлімге қиып, аулаққа апарып көміп тастайтындары да кездесетін. Ислам әйел затын осыдан құтқарды.  Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ әйел затының жанұядағы әрі қоғамдағы орнын белгіледі. Өзіне тиесілі міндетін нақтылап, ар-ұяты мен абыройын қорғады. Сүйкімді қыз, сүйікті жар, аяулы ана ретінде беделін өсірді. Дініміздің әйелдерге зор қамқорлық жасауы – бар­ша әйел за­ты үшін адам­зат тарихындағы теңдессіз оқиға болды. Өйткені, өзге елдерде де әйелдің жағдайы тым аянышты күйде еді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.

 Қыз баланы бетке шіркеу, сүйекке таңба санайтын надандық әрекет Құранда ащы сынға алынған:

وَإِذَا بُشِّرَ أَحَدُهُم بِالْأُنثَىٰ ظَلَّ وَجْهُهُ مُسْوَدًّا وَهُوَ كَظِيم  58يَتَوَارَىٰ مِنَ الْقَوْمِ مِن سُوءِ مَا بُشِّرَ بِهِ ۚ أَيُمْسِكُهُ عَلَىٰ هُونٍ أَمْ يَدُسُّهُ فِي التُّرَابِ ۗ أَلَا سَاءَ مَا يَحْكُمُونَ 59

«Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кетеді. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» ( «Нахл» сүресі, 58-59-аяттар).

Сол кезде Жаратушы Ие надандық дәуіріндегі осы бір тағылыққа тосқауыл қойып, қыз баланы өлтірмеуге шақырды:

قُلْ تَعَالَوْا أَتْلُ مَا حَرَّمَ رَبُّكُمْ عَلَيْكُمْ أَلَّا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا وَلَا تَقْتُلُوا أَوْلَادَكُمْ مِنْ إِمْلَاقٍ نَحْنُ نَرْزُقُكُمْ وَإِيَّاهُمْ وَلَا تَقْرَبُوا الْفَوَاحِشَ مَا ظَهَرَ مِنْهَا وَمَا بَطَنَ وَلَا تَقْتُلُوا النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ ذَلِكُمْ وَصَّاكُمْ بِهِ لَعَلَّكُمْ تَعْقِلُونَ 151

«Жар­лы күй кешіп, тұрмыс-тіршіліктерің на­шар болғандығы үшін балаларыңды өлтірмеңдер! Сендердің де, олардың да ризығын Біз береміз» («Әнғам» сүресі, 151-аят).

Сондай-ақ, қиямет күнінде бейкүнә сәбилерге көрсетілген жауыздықтың есебі сұраққа алынып, жа­за­сыз кетпейтіндігі ескертіледі:

وَإِذَا الْمَوْؤُدَةُ سُئِلَتْ (8) بِأَيِّ ذَنْبٍ قتلت 9

«Тірідей көмілген балаларыңа «Қандай кінәларың бар еді, нен­дей күнә үшін өлтірілдіңдер?», – деп сұралғанда…». («Такуир» сүресі, 8-9 аяттар).

Бірде үлкен сахабалардың бірі өткенін еске алғанда, кейде қатты жылағысы, кейде күлгісі келетінін айтқан еді. Қасындағылар мұның себебін сұрағанда: «Жылағым келетін себебі – Исламға дейінгі кезде бір қызым бар еді. Төрт жасқа толғанда, көзін құртпақ пиғылмен шөлге ертіп апардым. Шұңқыр қазып жатқанымда, қызым ештеңеден бейхабар күйде менің үстіме жұққан құм-топырақты тазалаумен болды. Қазып болғаннан кейін, қызымды шыңғырып жылағанына қарамастан тірідей көміп кетіп едім. Сол бір қатігездігім есіме түскен сайын, еріксіз көзімнің сорасы ағады. Ал күлгім келетіні – жаһил кезімізде ұннан әртүрлі мүсін жасап, соған табынатын едік. Кейде соны отқа пісіріп жеп те қоятынбыз. Сол кезгі надандығымызға қазір күлкім келеді», − деп жауап берген екен.

Демек, Ислам діні алғашқы уақыттардан бастап-ақ қыз балаларға мейіріммен, аяушылықпен қарауға шақырған. Тіпті бір жанұядағы балаларды да ұл-қыз деп алаламауға тәрбиелеуінің өзі қыз балаларға дініміздің зор көңіл бөлгенін байқатады.

Адамзаттың асылы сүйікті пайғамбарымыз (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дінді насихаттай бастағанда, әйелдер қауымы да оған өте көп қолдау көрсеткен. Қыздары пайғамбарымызды (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  қатты жақсы көретін. Аяулы әкелерін қорғау үшін өжет мінезге де баратын. Бір күні пайғамба-рымыз (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  Қағбада намаз оқып тұрған кезде, Әбу Жәһил бастаған бір топ мүшрік бұқпантайлап келіп, мүбәрак басына түйенің ішек-қарнын тастап жіберіп, айыздары қана сыртынан әжуалап күліп жатты. Олардың мазақтаған дөрекі дауыстарын естігенде, Фатима (Оған Алла разы болсын) жан ұшыра жүгіріп келіп, мүшріктерге жер-жебіріне жете ұрысты. Жылап тұрып әкесінің үстінен аққан малдың қан-жынын тазалады. Әлгілердің аузына құм құйылып, дереу күлкісін тыйды. (Хайсами Али ибн Әбу Бәкр, Мәжмауз-зауаид, VI,13, Каир, х.1407 ж.).

Дін жолындағы осындай табанды ерліктері мен қажырлы еңбектерін бағалап пайғамбарымыз (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  бірде: «Осы дүниеде де, ақыретте де құрметке ие болатын төрт әйел бар: Имранның қызы – Мәриям, перғауынның жары – Әсия, Хуайлидтің қызы – Хадиша, Мұхаммедтің қызы – Фатима», – деген еді. (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 228.).

Ислам тарихында алғашқы шейіттің де әйел кісі болғаны баршамызға мәлім. Исламды жарыса қабылдап жатқандардың көпшілігін әйелдер құраған. Айталық, Әбу Бәкірдің (Оған Алла разы болсын)  үйінің қасына келіп, іштен дауыстап оқылған Құранға құлақ түретіндердің де біразы әйелдер еді. Өйткені, мүшріктер: «Әбу Бәкір әйел, бала-шағамызды жолдан тайдыратын болды», – деп уайымдаған. (Рыза Саваш, Хаз. Мухаммед  (с.а.в.) девринде кадын, Б. 81. Стамбул, 1991).

Тарихшылар сахаба Омардың (Оған Алла разы болсын)  Ислам дінін қабылдаған қырқыншы ер кісі екенін, оған дейін 39 ер кісі, 10 әйелдің мұсылман болғанын айтады. Алайда, кейбір зерттеушілер Омар (Оған Алла разы болсын)  Ислам дінін қабылдаған кездегі мұсылман әйелдердің саны ер кісілерден де көп болғанын алға тартады... (Рыза Саваш, Хаз. Мухаммед  (с.а.в.) девринде кадын, Б. 81. Стамбул, 1991).

 Әйгілі Ұхұд соғысына 14 әйел қатысқаны айтылады. (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Б. 241. Бәйрут, 1968.).
  Ер кісілермен қатар әйелдер де пайғамбарымызға (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келіп серт беретін. «…Мұндай серттерін білдіру үшін кейде топ-тобымен келіп жатса, кейде 2-3 әйел бірге келетін еді. Олар серт беруге келгендерін айтқанда, пайғамбарымыз (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  берген серттерін қабылдап, оларға керекті үгіт-насихат айтатын.

Осындай серт беру оқиғасын Сәлма бинт Қайс былай баяндайды: «Ансарлы әйелдермен бірге топ болып келіп, пайғамбарымызға серт бердік. Расулулла (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бізге Аллаға серік қоспауды, ұрлық жасамауды, зинаға жанаспауды, балаларымызды өлтірмеуді, біреуге жала жаппауды, өзіне қарсы келмеуді насихат етті және «Күйеулеріңді алдамаңдар» деді. Біз осы айтылғандарды орындауға уәде бердік. Үйге қайтып бара жатқанда, бір әйелге пайғамбарымызға қайта барып әлгі «Күйеулеріңді алдамаңдар» дегенінің мәнісі не екенін сұрауын өтіндім. Алла елшісі (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мұның «Күйеуінің рұқсатынсыз оның дүние-мүлкінен ешкімге ештеңе бермеу» екендігін түсіндіріпті». (Ш. Әділбаева, «Алғашқы мұсылман қоғамындағы әйелдер». Конференция материалы.).

Мәдина кезеңінің алғашқы жылдарында мұсылмандар қатты қиналғанда, әйелдер алтын, күмістен жасалған жүзік, сырғаларын, алқаларын пайғамбарымызға (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әкеп табыстап, мұсылмандарға көп көмек көрсеткен. (Ш. Әділбаева, «Алғашқы мұсылман қоғамындағы әйелдер». Конференция материалы.).

 Бұл да әйелдердің дін үшін барлық жанқиярлыққа бара білген ықыластылықтарын дәлелдеуде.

Ислам тарихшыларының сөзіне сүйенсек, әйелдер дін үшін Исламдағы соғыстарда айтарлықтай белсенділік танытқан. Тікелей қару алып шайқасумен қатар, керек кездерінде түрлі қызметтер де атқарған. Айталық, Исламның алғашқы кезеңінде мұсылман болған әйелдердің кейбіреулері жасырын тыңшылық қызмет жасады. Олар мұсылмандарға мүшріктердің қитұрқы жоспарларын астыртын жеткізіп тұрды. Пайғамбарымыз(Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мәдинаға ірге көтеріп, қоныс аудармақ болғанда, оған таң алагеуімде қастандық жасамақ болған мүшріктердің арам пиғылын мұсылмандарға алдын-ала хабарлаған Рукәйка бинт Әбу Сайфи еді. Сол түні Алла елшісінің (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  төсегіне Әли (Оған Алла разы болсын) келіп жатып, үй торыған дұшпандар пайғамбарымыздың қай уақытта үйден шығып кеткенін сезбей, айлалары іске аспай, сан соғып қалып еді. (Ибн Сағыд Мухаммед Әбу Абдиллаһ, әт-Табақатул-кубра, VIII, Бәйрут, 1968. Б. 52.).

Ислам үкімдерін әйелдер де ер кісілерден кем меңгермеген. Бір ғана Айша анамыздың(Оған Алла разы болсын)  өзі дінге көп еңбек сіңірген.  

Алла тағала Құран кәрімде:

يا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ يَحِلُّ لَكُمْ أَن تَرِثُواْ النِّسَاء كَرْهًا وَلاَ تَعْضُلُوهُنَّ لِتَذْهَبُواْ بِبَعْضِ مَا آتَيْتُمُوهُنَّ إِلاَّ أَن يَأْتِينَ بِفَاحِشَةٍ مُّبَيِّنَةٍ وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

Алла Тағала: Әй мүміндер! Сендер үшін әйелдерге зорлықпен мұрагер болуларың халал емес. Және бергендеріңнің бір бөлімін алып қалу үшін оларды зорламаңдар. Бірақ олар ашық арсыздық істесе басқа. Сондай-ақ олармен жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген қайыр жасап қойған болуы мүмкін. («Ниса» сүресі, 19-аят), – деп, отбасында ыдыс-аяқ сылдырлаған жағдайда сабырға келуге, әйелдің бір қылығы жайсыз көрінген жағдайда қатты ашуланып, қателіктерге ұрынбауға шақырады. Жаратушы Иеміздің қай ісінде де біз білмейтін талай хикмет, жақсылық жататынын еске салады.

Әйелді ұру былай тұрсын, күйеуінің оған ренжуін де дұрыс санамаған.

لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً، إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَر

Алла елшісі(Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мүмін ер кісі мүмін бір әйелге ашуланып ренжімесін. Адам әйелінің бір мінезін ұнатпаса, басқа мінезіне риза болады», – деген. (Mүслім, т.II, Б. 1091.)..

Тағы бір хадисте: «Мүміндердің иман жағынан ең кәмілі – көркем мінезде ең жақсысы, ал сендердің ең жақсыларың – жұбайларыңмен жақсы қарым-қатынаста болғандарың», – деген пайғамбарымыз (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  әйелді қай кезде де сыйлауға, оған дөрекілік көрсетпеуге, олармен жақсы тіл табысуға шақырған. Осы тұрғыда: «Ақыретте күйеуі ұрған әйелдің жоқтаушысы мен боламын», «Күйеуіне қиындық тудырмай, баласын бағып, намазын оқыған әйелдер сөз жоқ жұмаққа барады», − деген хадистері де баршаға ой саларлық.
Бір шаңырақтағы балалардың арасын алалағанды құп көрмеген Ақиық елші (Оған  Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде-кімнің үш (екі я бір) қызы болса, соларға жақсы қараса, ақыретте жұмаққа барады», – деп, қыз балаға мейіріммен қарап, ұлдан кем көрмеуді өсиет еткен.

Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Жұмақ – аналардың табанының астында», «Кімге жақсылық жасайын?» – деген сахабаға үш рет «Анаңа» деп жауап берген хадистері осыған дәлел.
Құран Кәрім әйел мен еркектің ізгі амалдарда, ақыреттегі сыйда бір-біріне тең екенін ескертумен қатар,

وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ

«Ерлердің әйелдердегі хақтары сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі хақтары бар» («Бақара» сүресі, 228-аят),– дейді. Шапағат пен мейірімнің үлгісі болған, барлық ісі жақсылық пен түсіністікке негізделген пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әйел-дердің құқықтарын аяқасты етпеңдер, Алладан қорқыңдар. Өйткені, сендер оларды Алланың аманаты ретінде алдыңдар» (әл-Әжлуни, т. I, 36),

«Сендердің ең ардақтыларың − жарлары мен балаларына жақсы қарағандарың. Араларыңда жанұясына ең жақсы қарайтын менмін» .(Mүнәуи, т. III, Б. 495.) , – деп әйелге жай емес, Алланың ер-азаматтарға тапсырған аманаты ретінде қарауға шақырды.

Хазреті Омар (Оған Алла разы болсын) бұл жайында: «Біз әйел баласының да жеке құқықтары болатынын Ислам келгенде барып біле бастадық», – деп еске алған . (Ибн Исхақ Мухаммед, Сира, ред: М. Хамидуллаһ, Кония, 1981. Б. 46.).

وَقُلْ لِلْمُؤْمِنَاتِ يَغْضُضْنَ مِنْ أَبْصَارِهِنَّ وَيَحْفَظْنَ فُرُوجَهُنَّ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا مَا ظَهَرَ مِنْهَا ۖ وَلْيَضْرِبْنَ بِخُمُرِهِنَّ عَلَىٰ جُيُوبِهِنَّ ۖ وَلَا يُبْدِينَ زِينَتَهُنَّ إِلَّا لِبُعُولَتِهِنَّ أَوْ آبَائِهِنَّ أَوْ آبَاءِ بُعُولَتِهِنَّ أَوْ أَبْنَائِهِنَّ أَوْ أَبْنَاءِ بُعُولَتِهِنَّ أَوْ إِخْوَانِهِنَّ أَوْ بَنِي إِخْوَانِهِنَّ أَوْ بَنِي أَخَوَاتِهِنَّ أَوْ نِسَائِهِنَّ أَوْ مَا مَلَكَتْ أَيْمَانُهُنَّ أَوِ التَّابِعِينَ غَيْرِ أُولِي الْإِرْبَةِ مِنَ الرِّجَالِ أَوِ الطِّفْلِ الَّذِينَ لَمْ يَظْهَرُوا عَلَىٰ عَوْرَاتِ النِّسَاءِ ۖ وَلَا يَضْرِبْنَ بِأَرْجُلِهِنَّ لِيُعْلَمَ مَا يُخْفِينَ مِنْ زِينَتِهِنَّ ۚ وَتُوبُوا إِلَى اللَّهِ جَمِيعًا أَيُّهَ الْمُؤْمِنُونَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ31

Әйел баласының киімі жайында Құранда былай делінген: «Мүмін әйелдерге де айт: өздеріне харам етілген нәрселерге қарамасын, ұятты жерлерін зинадан, күнә атаулыдан қорғасын, мәжбүр көрінген жерлерінен (бет, екі қол, тобықтан төмен екі аяқ) тыс әдеміліктерін көрсетпесін. Және бүркеншіктерін омырауларына түсірсін. Көркін көрсетпесін» («Нұр» сүресі, 31-аят).

Әйел баласына тән әурет жерін жабық кию үлгісі кемсітуден емес, қайта оны өте бағалы көздің қарашығындай көруден, сырт көзден, сондай-ақ, түрлі арсыздықтар мен кесірі қоғамға тиетін (зинақорлық, тастанды бала, түсік тастау секілді) жамандықтардан сақтау үшін бекітілгенін ескерген жөн.

Бұған қоса, Исламда әйелге күйеуінің ризашылығын көздеу, ерінің дүние-мүлкіне ұқыппен қарау, тек өз күйеуі үшін сәндену, неке қидырғанға дейін жігітпен оңаша қалмау, өзінің жаратылысындағы нәзіктігін сақтау, алыс сапарға жалғыз шықпау міндеттелді. Бұған қоса, қалыңдық сыйын иемдену, мұрагерліктен өз үлесін иемдену, сауда-саттықпен, табыс көзімен, ғылым-біліммен айналысу, келісім-шарттарға отыру, меншік иесі болу құқықтары да әйелге ортақ. Ал отбасын асырау ісі күйеудің мойнына жүктеледі. Әйелінің материалдық және рухани қажеттіліктеріне күйеуі шариғаттың шеңберіне сай көңіл бөлуі қажет.

Қазақ айтады: «Жақсы әйел жаман еркектің есіктегі басын төрге сүйрейді»-деп. Ол рас. Ағайын арасыдағы татулық пен береке бірліктің ұйтқысы әйел. Ертеректе, бір анадан туған ағайынды бес азамат бірде,  «арамыз тату, іргеміз бөлінбейді» деп мақтаныпты. Осыны естіген әйелдері «е, мына, абысындар, біздер араз болсақ, сендердің бөлінбейтін берекелеріңді көрер едік» деген екен.

Қорыта айтқанда, Ислам дінінде әйелдің орны ерекше. Сондықтан әйелге деген құрмет зор болуы тиіс. Ислам діні әйелге Алланың аманаты ретінде қарауға шақырған. Ешбір құқын шектемеген. Қайта өз жаратылысына сай сүйікті жар, аяулы ана ретінде қашан да оның орнын жоғары бағалаған. Қоғам тәрбиесін қыз баланың ұяттылығымен ұштастыра қарастырған. Әйел затын жат пиғылдылардың бұзық әрекеттерінен қорғауға тырысқан. Осындай құрметке лайық бола білу үшін әйелден де белгілі бір міндеттерді талап еткен. Әйелдер қауымының дәрежесін ешбір дін дәл Исламдағыдай биіктете алған емес.

Бәрімізді дүниеге әкелген аналарымыздың дәрежесі екі дүниеде де биік болсын!

Исенов Нариман Ермекұлы

ҚМДБ-ның Павлодар облысы

 бойынша өкіл имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру