«Жиенбет Жаужүрек Жексенбай Дүйсенбетұлы» мешіті
Шу ауданы Жиенбет ауылында бой көтерген. Оны республикаға белгілі кәсіпкер, меценат 1999 жылы ЮНЕСКО шеңберінде ұлы ғұлама ғалым М.Х.Дулатидің 500 жылдық мерей тойын халықаралық деңгейде Үндістанда атап өтуге ат салысып, Қазақстан делегациясына демеушілік жасаған «Құрмет» орденінің иегері, Шу ауданының Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері Әділхан Жаужүрек 2000 жылы жеке қаржысына салдырған. Сонымен қатар ол мешіттің оң жағында іргелес жатқан жерге алаң жасаттырып, 1920 жылдардағы ашаршылықтың және 1937-1938 жж. қуғын-сүргіннің құрбандарына, сондай-ақ 1944-1945 жж. Ұлы Отан соғысының боздақтарына, олардың есімдері қашалып жазылған мәрмәр ескерткіш белгі қойдырды, көшенің қарсы бетіне жастарға арнап спорт кешенін салдырды. Құдай үйінің жанынан салынған мұндай біртұтас кешенді құрылыс республикада ұшыраса бермейді. Ерекше талғампаздықпен салынған мешіттің құрылысы сәулет өнерінің туындысы дерліктей. Құдай үйіне барар көше асфалтталынған, ғимараттың алдындағы қақпасы кірпішпен арка етіліп өрілген биіктігі 2 метрдей болатын өрнектеліп қаланған кірпіш дуалдың бір шеті темір шарбақпен ұштасып жатыр. Құдай үйінің сол жағында намазға келушілерге арнап жуынатын, демалып, сүбхат құратын ұзындығы 25 м., ені 5м., биіктігі 2,5 метр болатын арнайы жай салынған. Мешіт құрылысының әдемілігі, ішінің мұнтаздай тазалығы, жарықтың мол құйылып тұруы құлшылық етушілердің де ыкылас-пейілін, ынтасын өзіне аудара түседі. Оң жақ маңындағы қара топырақты құнарлы жерге жеміс ағаштары, алма отырғызылып, жоңышқа егіліп тасталған, жаз айларында көкпеңбек болып жайқалып мешітке ерекше көрік беріп тұрады. Спорт кешенінің алдына да жеміс ағаштары отырғызылған, мешіттің айналасы толық көкмайса, абаттандырылған. Бұл кешенді мешітке жатады. Еденіне қалың кілем төселген, іші қыс айларында көмірмен жылытылады.
Ғибадатхана 130 адам құлшылық етуге арналған, жерінің аумағы 10 сотық, ғимараттың ауданы 126,8 шаршы метр, іші екі бөлмеден тұрады. Имамның кызмет бөлмесі 8,1, әйелдердің намаз оқитын бөлмесі 7,9 шаршы метр, іргетасы цемент, қабырғасы селикат кірпіштен қаланып, төбесі бетон плитамен жабылған. Ғимараттың алдыңғы жағына оқшаулау етіп биіктігі 21 метрлік кірпіштен өріліп мұнара тұрғызылған. Мешіттің күмбезінің биіктігі 3 метр, 6 терезе мен 1 есік орнатылған. Құдай үйінің екі бүрышына мұнара түрғызылып, төбелеріне жарты ай орнатылған. Ислам негіздерін үйрететін курс жүмыс істейді. Алла үйіне кәсіпкер көмектесіп тұрады.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР

05.06.2019
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3