Бақыт туралы жырламаған шайыр, ақыл айтпаған абыз, ойын білдірмеген ақылман жоқ шығар, сірә. Хәкім Абай: «Адамның бақыты – ақыл, ғылым, ар және мінез» деп, жан дүниесінің тазалығын жоғары қойса, Шәкәрім Құдайбердіұлы «Арлы болсаң, бақыттысың» деп ар-ұят пен адал еңбекті бақыттың басты кілті деп білді. Ал оған жетудің әдістеріне қалам тербегендер одан да көп. Біз де білгенімізше адамға бақыт сыйлайтын қарапайым әдістерді тізіп көрдік.
Позитивті ойлау
Жаман ойлардан арылып, жақсылықтан үміт күтіп, әр күнді дұрыс ойлармен бастаған жөн. Асығыстық жасамай және мазасызданбай осы сәтпен өмір сүруге ұмтылу қажет. Жақсы ойлар ғана ізгілікке жетелейді. Ой, сөз және әрекет бірге қосылғанда, қандай да бір салдарға әкеледі. Ол тыныштық, жұмсақтық, сабырлық, бақыт болуы немесе толықтай қарама-қайшылық болуы мүмкін. Сондықтан позитивті ойлап үйреніңіз. Бақытқа арналған жол жоқ. Бақыттың өзі – сол жол. Кейде ол өте қиын, бірақ қызықты жол болуы мүмкін.
Ертедегі данагөйлер: «Үш нәрсеге адам баласы әлсіз. Олар жаман ырым, жаман ой және көреалмаушылық. Жаман ойдан құтылудың жолы – ол жайында айтпау; көреалмаушылықтан құтылудың жолы – бауырыңа жамандық тілемеу; жаман ырымнан құтылудың жолы – оны іске асырмау», – деп өсиет еткен.
Ислам діні мұсылмандарды адамдарға қатысты жақсы ойда болуды, оларға қатысты жаман ойда болмауды үйретеді, әсіресе, адалдығы мен жақсы жағы басым болған адамдарға қатысты жаман ойда болу күнә болады. Өйткені, адамдардың сырлары мен олардың ішкі жан-дүниелерін бір Алла ғана біледі. Құранда Жаратушы Құдай Тағала былай деген: «Уа, иман келтіргендер! Көп ойдан аулақ болыңдар. Шынында кейбір ойлар күнә...». («Хужурат» сүресі, 12- аят). Пайғамбарымыз 10да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде: «(Жаман) ойдан ұзақ тұрыңдар! Шынында жаман ой – сөздің ең өтірігі...» деген. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда біреулер жайында жаман ойда болу құлқы басым. Біреу сүрініп, қателік істесе немесе бір нәрсені қате айтып қойса, ел болып соны сөгіп, сынап, жер-жебіріне жетіп жатамыз. Ал оның пенде екендігін және қателесуге қақы бар екендігін ескермейміз.
Жақсылық жасау
Өзгелерге көмектесіп, жақсылық жасауды әдетке айналдырған бұл жалғанда да о дүниеде де ұтыста. Жақсы істер адамға күш-қуат пен қуаныш сыйлайды. Ал қуаныш бақытты сезіндіреді.
Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма? Әрбір игі іс – жүзіңізді нұрландырып, жүрегіңізді рахатқа бөлейді, ризығыңызы арттырып, жаратылыстардың сізге деген махаббатын оятады.
Ибн Аббас: «Игі іс – адамның жүзіндегі нұрды күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал, жаман іс – жүзді қарайтады, жүректі қарайтады, денені әлсіретеді, ризықты кемітеді және жаратылыстардың ол адамға деген жек көрушілігін тудырады», – деген.
Расында, адамның ең жақсысы – басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі – адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. «Жақсылықтың қарымтасы тек жақсылық емес пе?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы – тек жақсылық қана.
Салауатты өмір салтын ұстану
Салауатты өмір дегеніміз – денсаулықты күту, оған мән беру ғана емес, күнәлі әрекеттен тыйылу, жоламау дегенді де білдіреді. Бұл жайында Құранда: «Алламен қатар әлдекімді немесе әлденені құдай тұтпа! Әйтпесе, жеккөрінішті әрі қорланған күйде қаласың», – делінген («Исра» сүресі, 22-аят). Бұл аятта Алла адамдарға адасудан сақтануды ескертуде. Ал Жаратушысын тапқан жанның жүрегі тыныштық тауып, өзін әлемдегі ең бақытты адамдай сезінеді.
Салауатты өмір салтын ұстану адамды тікелей бақытқа жетелейді. Өйткені физикалық денсаулық пен эмоционалдық жағдай бір-бірімен тығыз байланысты.
Ертедегі данагөйлер: «Үш нәрсеге адам баласы әлсіз. Олар жаман ырым, жаман ой және көреалмаушылық. Жаман ойдан құтылудың жолы – ол жайында айтпау; көреалмаушылықтан құтылудың жолы – бауырыңа жамандық тілемеу; жаман ырымнан құтылудың жолы – оны іске асырмау», деп өсиет еткен.
Дені сау адамның өмірге деген құштарлығы жоғары, ал көңіл-күйі тұрақты болады. Салауатты өмір салтының бақыт сезіміне әсер ететін негізгі себептері:
Гормондардың бөлінуі. Тұрақты физикалық белсенділік пен спортпен айналысу кезінде ағзада «бақыт гормондары» деп аталатын эндорфин мен дофамин бөлінеді. Бұл күйзелісті азайтып, көңіл-күйді көтереді.
Күш-қуаттың артуы. Дұрыс тақтану және сапалы ұйқы ағзаны қажетті қуатпен қамтамасыз етеді. Энергиясы көп адам күнделікті мақсаттарына оңай жетеді, бұл өз-өзіне деген сенімділікті арттырады.
Психикалық тұрақтылық. Зиянды әдеттерден (темекі, алкоголь) бас тарту жүйке жүйесін тыныштандырады. Адам мазасыздық пен күйзеліске сирек ұшырайды.
Салауатты өмір салты тек дене саулығына емес, ой-санаға да әсер етеді. Спортпен айналысатын адам өзін сергек, белсенді сезінеді. Мидың жұмыс істеуі жақсарады, көңіл-күй көтеріледі. Ал зиянды әдеттер – мысалы темекі шегу, ішімдік ішу – адамның тек денесіне емес, болашағына да зиян тигізеді. Бұл әдеттерден аулақ болу – өзіңе деген құрметтің белгісі.
Жақындармен уақыт өткізу
Отбасыңызға және жақын-жуығыңызға және достарыңызға көбірек көңіл бөліңіз. Өзгені сынамай, түсіністікпен қарау – қарым-қатынасты жақсартады да, өз кезегінде адамға бақыт сыйлайды. Отбасымызға және жақын-жуығымызға Алланың аманаты ретінде қарасақ, олармен жақсы қарым-қатынаста болуға ұмтыламыз.
Бала-шаға, жан жарыңмен бірге уақыт өткізу – отбасылық ынтымақты нығайтып, берекені арттыратын, сондай-ақ әрбір отбасы мүшесінің дамуына ықпал ететін маңызды фактор. Бұл қарым-қатынас пен эмоционалдық тұрақтылыққа ықпал етіп қана қоймай бір-біріне деген жылулық пен мейірімнің де артуына ықпал етеді.
Баламен өткізген уақыт ақша әкелмегенімен мейірім мен жақындық сыйлайды. Оның кішкентай кезіндегі риясыз күлкісін, күлімдеген кездерін кейін сағынасыз. Сондықтан онымен бірге ойнап, асқақ армандарын тыңдасаңыз, жасыңыз ұлғайғанда олар да сіздің жаныңыздан табылады. Бақыт деген осы емес пе?
Кеулімжай ҚҰТТЫ
«Иман» журналы, №10, 2026 жыл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Кеулімжай Құтты
Иман журналы
03.11.2026
275
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру