Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН НЫҒМЕТІ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ «Иман» журналы 12.10.2026 316 0 пікір
ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН НЫҒМЕТІ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти

 

ОТБАСЫ ТАТУЛЫҒЫ – АЛЛАНЫҢ БЕРГЕН НЫҒМЕТІ

 

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 

Отбасы адам баласының өміріндегі ең қастерлі ұғымдардың бірі. Адам дүниеге келген сәттен бастап отбасының жылуын сезінеді, ата-ананың мейірімін көреді, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, ізет пен әдепті ең алдымен шаңырақтан үйренеді. Сондықтан отбасы – тәрбиенің бастауы, қоғамның өзегі, ұлттың рухани тірегі.

Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығын жоғары бағалаған. «Отан – отбасынан басталады», «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Ата – бәйтерек, бала – жапырақ» деген мақал-мәтелдер халқымыздың шаңырақтың қадірін терең түсінгенін көрсетеді.

Ислам діні де отбасы институтына ерекше мән береді. Құран Кәрімде ерлі-зайыптылар арасындағы сүйіспеншілік пен мейірім Алла Тағаланың ұлы белгілерінің бірі ретінде сипатталған. Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: Сондай-ақ, Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқандығы. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін анық дәлелдер мен талай ғибрат бар» («Рум» сүресі, 21-аят). Бұл аятта отбасының үш маңызды негізі айқын көрінеді. Ол – тыныштық, сүйіспеншілік және мейірім.

Демек, отбасы құру дегеніміз тек бір шаңырақтың астында бірге өмір сүруді ғана білдірмейді. Отбасы құру – бір-біріне сүйеу болу, қуанышта бірге қуану, қиындықта бірге сабыр ету, бір-бірінің кемшілігін кешіре білу, өзара құрмет көрсету деген сөз.

Неке ер мен әйелдің келісімін ғана білдірмейді. Ол екі жаққа да үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені мұнда адам тағдыры таразыға түседі. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-біріне аманат ретінде қарауы керек. Өйткені отбасындағы әрбір сөз бен әрекет тек осы дүниедегі қарым-қатынасқа ғана емес, адамның ақыреттік жауапкершілігіне де қатысты. Бұл ретте Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасына деген жауапкершілігі мұсылман баласына үлкен өнеге.

Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасына қажетті дүниені қамтамасыз етудің маңызын ерекше атап өтіп, садақа беруді отбасынан бастауды өсиет еткен. Бұл жерде біз маңызды бір қағиданы көреміз: отбасы мүшелеріне қамқорлық жасау жай тұрмыстық міндет емес, сауапты амал.

Әкенің баласына уақыт бөлуі, ананың перзентіне мейірім көрсетуі, ер адамның отбасын адал еңбекпен қамтамасыз етуі, әйелдің шаңырақтың берекесін сақтауы сынды амалдар үлкен жауапкершіліктің көрінісі екенін білдіреді.

Отбасының татулығы бір күнде қалыптаспайды. Ол күн сайынғы ізгі сөзден, өзара құрметтен, кешірімнен және сабырдан құралады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халқымыздың даналығы да осыны меңзейді. Кейде отбасындағы үлкен мәселе үлкен себептен емес, айтылған бір ауыр сөзден басталады. Бір ауыз сөз көңілді қалдыруы мүмкін. Ал бір ауыз жылы сөз жүрекке демеу болады. Сондықтан шаңырақтағы әрбір сөзге мән берген жөн.

Отбасында татулық орнауы үшін ерлі-зайыптылар бір-бірін қарсылас емес, өмірлік серігі ретінде қабылдауы қажет. Ер адам әйелін құрметтеуі керек. Әйел ерінің еңбегін бағалауы қажет. Ата-ана баласына мейірім танытып қана қоймай, оған дұрыс тәрбие беруі тиіс. Ал бала ата-ананың қадірін біліп, олардың алдындағы міндетін ұмытпауы қажет.

Құран Кәрімде ата-анаға жақсылық жасау туралы: «Раббың Өзіне ғана құлшылық етулеріңді және ата-анаға жақсылық жасауды бұйырды»
(«Исра» сүресі, 23-аят) деп айтылған. Бұл – отбасы мүшелерінің арасындағы байланыстың қаншалықты маңызды екенін көрсететін аят.

Қазақ қоғамында да ата-ананы ардақтау ерекше құндылық болған. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді», «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген мақалдар ұрпақ тәрбиесінің жауапкершілігін айқындайды. Бала ата-ананың сөзінен бұрын ісіне қарап өседі. Сондықтан перзентіне жақсы тәрбие бергісі келген ата-ана алдымен өзі үлгі болуы керек.

Отбасындағы татулық тек сол үйдің мәселесі емес. Ол тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер етеді. Шаңырағында тыныштық орнаған адам қоғамда да сабырлы болады. Отбасынан мейірім көрген бала өзгеге де мейірім танытады. Ата-анасын құрметтеген ұрпақ ұстазын, үлкенін, елін құрметтеуге бейім болады. Сондықтан отбасы мәселесіне тек тұрмыстық мәселе ретінде қарауға болмайды. Бұл – рухани, әлеуметтік және ұлттық мәселе.

Қазіргі уақытта ажырасудың алдын алу, отбасылық жауапкершілікті арттыру, жастарды некеге дайындау, ерлі-зайыптылар арасындағы өзара құрметті қалыптастыру сынды амалдар аса маңызды міндеттердің біріне айналды. Бұл ретте неке қиған жастарға тек үйлену тойын өткізу емес, отбасы болудың жауапкершілігін түсіндіру қажет.

Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандыра түсу үшін мешіт жанынан Отбасылық кеңес беру орталықтарын аштық. Себебі жастар бір-бірінің мінезін, жауапкершілігін, өмірлік ұстанымын түсініп, отбасылық өмірге дайын болуы керек. Отбасы тек қуаныштан тұратын мекен емес. Әр шаңырақта түрлі сынақ болады. Кейде тұрмыстық қиындық кездеседі, кейде пікір қайшылығы туындайды. Осындай сәтте ерлі-зайыптылардың сабыры мен кешірімі сыналады. «Сабыр түбі – сары алтын» дейді халқымыз. Шаңырақтың беріктігі қиындықтың болмауында емес, қиындықты бірге еңсере білуде.

Отбасында бір-бірінің кемшілігін іздей берген адам береке таппайды. Керісінше, жақсы қасиетін көріп, кемшілігін түзетуге көмектескен жөн. Құран Кәрімде: «Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің» («Фуссилат» сүресі, 34-аят) деп баяндалады. Бұл қағида отбасылық қарым-қатынасқа да қатысты. Егер жұбайлардың бірі ашуланса, екіншісі сабыр сақтауы, бірі қателессе, екіншісі кешіре білуі керек. Әрине, кешірім әділетсіздікке көз жұму деген сөз емес. Отбасында өзара құрмет қалыптасуы қажет. Бірақ ұсақ ренішті үлкейтіп, оны ұзақ уақыт бойы жүректе сақтау татулыққа кері әсер етеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманды жақсы қарым-қатынасқа, көркем мінезге үндеген. Сондықтан отбасыдағы ең үлкен маңызды мәселе кімнің жеңгені емес, шаңырақтың аман қалғаны аса маңызды.

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақалдың астарында үлкен мән бар. Үйлену – бір күндік қуаныш. Ал отбасы болу – ғұмырлық жауапкершілік. Қазақтың «Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан» деген сөзі де отбасындағы келіннің орнына қатысты айтылған. Алайда мұндай нақылдарды бүгінгі күн тұрғысынан дұрыс түсіну қажет. Отбасындағы береке бір адамның ғана міндеті емес. Шаңырақтың татулығына ер де, әйел де, ата-ана да, бала да өз үлесін қосады. Сондықтан отбасы – ортақ аманат.

Отбасы татулығы – Алланың адам баласына берген үлкен нығметі. Адамның дүниеде жинаған байлығы, мансабы, атақ-абыройы қанша жоғары болғанымен, шаңырағында тыныштық болмаса, оның көңілінде толық бақыт болмайды. Ал керісінше, бір-біріне сүйеу болған отбасы қиындықтың өзін бірге еңсереді.

Шаңырақта әке жауапкершіліктің, ана мейірімнің, бала үміттің символына айналғанда отбасы берекелі болады. Сондықтан әрбір азамат өз үйінің татулығына үлес қосуы керек. Әке баласына уақыт бөлсе, ана перзентіне мейірім берсе, бала ата-анасын құрметтесе, ерлі-зайыптылар бір-бірін қадірлесе, ағайын арадағы сыйластықты сақтаса сонда ғана отбасы берік, қоғам тұрақты болады.

Бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы отбасы құндылықтарын нығайтуға ерекше мән беріп келеді. Мешіттерде неке мәдениетін қалыптастыру, жастарға отбасылық жауапкершілікті түсіндіру, ата-аналармен жұмыс жүргізу, отбасылық кеңес беру және ажырасудың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейтіп келеміз. Өйткені отбасын сақтау бір шаңырақты ғана сақтау емес, ұлттың болашағын сақтау деген сөз. Абайдың: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмеген істің бәрі бос» деген өсиетін отбасы тәрбиесіне де қатысты қабылдауға болады. Өзара сыйластық пен түсіністік бар жерде береке болады.

Құранда ізгі құлдардың дұғасы ретінде: «Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» – деп тілейді» («Фурқан» сүресі, 74-аят) деген дұға айтылады. Бұл аят түрінде айтылған сөз әр ата-ананың жүрегіндегі ең ізгі тілек. Ендеше, шаңырағымызға сүйіспеншілік ұялатайық. Бір-бірімізге ауыр сөз емес, жылы сөз айтайық. Ренішті ұзақ сақтамай, кешірімді болайық. Балаларымызға байлықтан бұрын тәрбие, дүниеден бұрын иман, атақтан бұрын адамдық қасиеттерді сіңірейік.

Алла Тағала барша отбасына береке беріп, ерлі-зайыптылардың арасын сүйіспеншілік пен мейірімге толтырғай. Перзенттерімізді ата-анасына қуаныш сыйлайтын, еліне қызмет ететін ізгі ұрпақтан еткей. Әумин!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру