Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

РАДИКАЛДЫ КӨЗҚАРАС ЕҢ АЛДЫМЕН ОТБАСЫМА СОҚҚЫ БОЛДЫ

ҚМДБ Баспасөз қызметі «Иман» журналы 21.10.2026 26 0 пікір
РАДИКАЛДЫ КӨЗҚАРАС ЕҢ АЛДЫМЕН ОТБАСЫМА СОҚҚЫ БОЛДЫ

Тұрған Омаров діни радикализм мәселесін екі қырынан да жақсы біледі. Ол кезінде діни білім алып, медреседе оқыған, мешіт жанында қызмет еткен. Кейін радикалды ортаның ықпалына түсіп, 2006 жылы пікірлестерімен бірге ұсталды. Қамауда өткен жылдар оның көзқарасын түбегейлі өзгертті. Бүгінде ол радикалды идеологияның ықпалына түскен адамдармен жұмыс істейді. Бұл сұхбатта Тұрған Омаров адам- ның радикалдану жолы, оның отбасыға әкелетін зардабы және қалыпты өмірге қайта оралуы туралы әңгімелейді.  

– Тұрған, дінге келу жолыңыз қалай басталды? 

– Бұған дейін кәдімгі зайырлы өмір сүрдім. Әкем мешіт салу ісімен айналысып жүрген кезде үйге дін туралы сөйлейтін қонақтар келді. Басында олармен дауластым, бірақ әңгімелері маған қатты әсер етті. Сол кездесуден кейін діни білімге қызығушылығым оянды. Алдымен жеке ұстаздардан сабақ алдым, кейін медресеге түстім. Құран оқуды, тәжуидті, діни негіздерді үйрендім. Медреседен кейін мешіт жанында жастарға сабақ беріп, ұстаз, кейін имамдық қызмет атқардым. Сондықтан кейінгі оқиғаларға дейін діннен мүлде хабары жоқ адам болған жоқпын. Керісінше, белгілі бір діни білімім мен тәжірибем бар еді. Бүгінде мені ең көп ойландыратын сұрақтың бірі де осы: осындай білімім бола тұра, қалайша радикалды көзқарасқа соншалықты терең кіріп кеттім? 

– Демек, діни білімнің өзі радикалды идеядан толық қорғай алмайды ғой? 

– Иә. Егер адам алған білімін үнемі толықтырып отырмаса, ақпаратты сын тұрғысынан тексермесе және бір ғана ортаның ықпалына түссе, бұрынғы білімі біртіндеп шетке ығысады. Менде дәл солай болды. Жаңа бедел иелері бұрынғы ұстаздарымды «қателескен» деп көрсете бастады, кейбір кітаптарды оқымауға шақырды. Бірте-бірте ақпарат алатын кеңістігім тарылды. Адам үшін ең қауіпті кезең – шағын топ өзін ақиқаттың жалғыз иесі деп есептей бастаған сәт. 

– Степногорскіде өміріңіз қалай өзгерді? 

– Қазақстанға отбасыммен бірге көшіп келдім. Балаларым қазақ тілін біліп, осы елде өссін деген ниетім болды. Степногорскіде кәсіппен айналыстым, саудам жүрді, тұрмысым түзелді. Бірақ дәл сол кезеңде кейін бүкіл тағдырыма әсер еткен жаңа таныстықтар пайда болды. Алғашында бәрі қалыпты діни пікірталас сияқты көрінді. Бір адаммен намаз оқу тәртібі, мәзһаб мәселелері туралы көп сөйлестік. Ол өте сенімді әрі эмоциямен сөйлейтін. Кейде адам терең білімі болмаса да, нық сөйлегені үшін білімді болып көрінеді. Біртіндеп мен де оның сөзін қабылдай бастадым. 

– Қарапайым пікірталас радикалды көзқарасқа қалай ұласты? 

– Бұл бір күнде болған жоқ. Әуелі орта өзгерді, одан кейін тіл, бедел тұтатын адамдар, айналадағы мұсылмандарға деген көзқарас өзгерді. Біз соғыс аймақтары туралы материалдар көрдік, қарулы қақтығыстарға қатысқандарды «нағыз батыр», «дін үшін жанын қиған адамдар» ретінде көрсететін әңгімелер тыңдадық. Ал бейбіт өмір, отбасы, кәсіп, бала тәрбиесі екінші кезектегі нәрсе секілді көріне бастады. «Сен дүние қуып жүрсің, ал нағыз ерлер ана жерде күресіп жүр» деген сөз ер адамның намысына әсер етеді. Радикалдану осындай психологиялық тетіктер арқылы да жүреді. 

– «Шәһидтік» туралы сөздер сізге неге әсер етті? 

– Өйткені оны өлімге ұмтылу деп емес, ата-анаң мен отбасыңа жақсылық жасаудың жолы ретінде түсіндірді. «Әке-шешеңді, жарыңды, балаңды жақсы көресің бе? Онда оларға ақыретте көмектесудің жолы осы» деген мазмұндағы сөздер айтылды. Қазір бұл адамның ең таза сезімін, ата-анаға деген сүйіспеншілігін мүлде басқа бағытқа бұратын манипуляция екенін жақсы түсінемін. Сен өзіңді отбасың үшін үлкен іс жасап жүрмін деп ойлайсың, ал шын мәнінде ең ауыр соққыны отбасың қабылдайды екен. 

– Сіз сол уақытта өзгелерге де ықпал ете бастадыңыз ба? 

– Иә. Бұл үшін өз жауапкершілігімді мойындаймын. Мен көп жігіттен үлкен едім, медреседе оқыдым, мешітте қызмет еттім. Сондықтан олар мені діни білімі көбірек адам ретінде қабылдады. Алдымен мені біреулер сендірді, кейін сол сөздерді өзім қайталай бастадым, ақырында басқаларды сол ортаға шақыратын жағдайға жеттім. Радикалды идеологияның қауіптілігі де осында: бір адамның қателігі оның өзімен ғана шектелмей, айналасындағыларға таралады. 

– Оңтүстікке барған сапар және «шейх Мақсұдпен» кездесу шешуші кезең болды ма? 

– Дәл солай. Біздің ортада ол адамға ерекше бедел берілді. Оның түрлі соғыс аймақтарында болғаны, белгілі адамдармен байланысы бар екені айтылатын. Қазір мұның көбін өзім тексермегенімді, өзгелердің сөзіне сенгенімді айтамын. Біз сонда шамамен он күндей болдық. Күндіз-түні уағыз, әңгіме, түрлі қалалардан келген адамдармен кездесу жүрді. Бірнеше күн бойы бір ғана ақпараттық ортада болған адамның дүниетанымы тез өзгереді. Мен де бұрынғы ұстаздарым мен алған біліміме күмәнданып, осы ортаны «нағыз ақиқат» деп қабылдай бастадым. 

– Сол жерде байғат бергеніңізді айтасыз. Бұл нені өзгертті? 

– Бізге сол адамды басшы ретінде мойындау, оның айтқанын тыңдау, кейбір әңгімені сыртқа шығармау керектігі түсіндірілді. Мен жеке кіріп, қолын алып, көзқарасын қолдайтынымды білдірдім. Кейін жақтастар жинау, дене дайындығымен айналысу, қару қолдануды меңгеру сияқты нұсқаулар айтылды. Степногорскіге қайтқанда менің көзқарасым бұрынғыдай емес еді. Мемлекет пен қоғамға, басқа мұсылмандарға деген қатынасым күрт өзгерді. 

– Сол кезеңдегі өзіңізді радикал деп атай аласыз ба? 

– Иә, анық айта аламын. Ол кезде әлемді «біз» және «олар» деп бөле бастадым. Мемлекетті дұрыс емес құрылым, көптеген адамдарды адасқан немесе діннен алыс деп қабылдадым. Қарулы күрес идеясы да мүмкін нәрсе болып қалды. Радикал адам үшін ең қауіптісі – оларға «ұстаздарының», жақтастарының сөзі мен іс-әрекеті қисынды болып көрінеді де тұрады. Ресми имам қарсы пікір айтса, «ол сатылған» дейсің, ата-ана қарсы болса, «олар дінді түсінбейді» дейсің, мемлекет тыйым салса, «исламға қарсы» деп қабылдайсың. Сөйтіп, кез келген қарсы дәлел сенің көзқарасыңды әлсіретпей, керісінше күшейте береді. 

– 2006 жылдың күзіне қарай әңгіме нақты әрекетке ұласты ма? 

– Ол біз бұған дейін сөз жүзінде талқылаған кейбір нәрселерді тәжірибеде тексеруге барған уақытымыз еді. Бұл өте қауіпті шектен өту болатын. 2006 жылғы 16 қарашада бізді ұстады. Қазір сол кезде ешқашан айта алмайтын сөзді айтамын: бізді дер кезінде тоқтатқаны дұрыс болды. Өйткені белгілі бір ойлар мен мақсаттар болғанын жоққа шығармаймын. Бұрын «ешкімді өлтірген жоқпын, ештеңе жарған жоқпын, не үшін отырмын?» деп ойлайтынмын. Қазір сұрақты басқаша қоямын: егер бізді сол кезде тоқтатпағанда, не болар еді? Зорлықты ақтай бастаған адам ертең міндетті түрде тоқтайды деп кім кепілдік береді? 

– Бұл түсінік бірден келген жоқ қой? 

– Жоқ, әрине. Алғашқы жылдары өзімді әділетсіздіктің құрбаны санадым. Тергеу, сот, мүліктің тәркіленуі, бәріне мемлекет пен қызметкерлерді кінәладым. Өз кінәмді көрмедім. Бірақ ең ауыр салдарды отбасыма қарап түсіндім. Адвокаттар мен түрмедегі қажеттіліктерге ақша керек болды, мүлік сатылды. Анам мен жұбайым, балаларым қиын жағдайда қалды. Сонда бір нәрсені ұқтым: радикалды көзқарастағы адам «өзім құрбан болуға дайынмын» дейді. Бірақ анаң дайын ба? Жарың мен балаларың дайын ба? Сен бұл жолды өзің таңдадың, олар таңдаған жоқ. Менің әрекетімнің ең үлкен зардабын ең жақын адамдарым тартты. 

– Қамауда көзқарасыңыздың өзгеруіне не түрткі болды? 

– Алғашында мен өте агрессивті болдым, әкімшілікпен қақтығыстым, қызметкерлерді жау санадым. Кейін терроризм мен экстремизм бойынша сотталған, менен де радикал адамдар келді. Олардың кейбірі айналаның бәрін кәпір санайтын, тіпті ата-анасы мен туыстарын да жоққа шығаратын. Мен олармен дауласа бастадым. Дауласқан сайын медреседе алған білімім, хадистер, ханафи фиқһы есіме түсе бастады. Ұстаздардан сұрап, кітаптардан тексергенде, бұрынғы білімім қайта орныға бастады. Яғни радикализм кезінде ығыстырылып қалған білім қайта жұмыс істеді. 

– Қызметкерлермен қарапайым адами қарымқатынас та әсер етті ме?  

– Әрине. Бір қызметкер менімен ұзақ уақыт сөйлесуге тырысты, ал мен оны жау ретінде қабылдадым. Кейін әңгіме спортқа ауысып, футбол ойнауға келістік. Қызметкерлер мен сотталғандар болып матч өткіздік. Осындай қарапайым әрекет менің санамдағы «абсолютті жау» бейнесін бұза бастады. Кейде адамға дәлел айтудан бұрын оның қарсы алдындағыны адам ретінде көруіне мүмкіндік беру керек. Содан кейін біз білікті ұстаздарды шақырып, Құран, хадис, араб тілі, ханафи фиқһын жүйелі оқуға мүмкіндік беруді сұрадық. Ешкім «сен қателесесің» деп қысым жасаған жоқ. Нақты мәселені алып, дәлел, кітап, ғалымдардың пікірлері арқылы талқыладық. Сенім осылай біртіндеп іштен өзгереді. 

– Сонда тиімді дерадикализацияның негізі неде?  

– Бір ғана қысыммен адамның сенімін өзгерту қиын. «Сен экстремиссің, сен қателесесің» десең, ол одан сайын жабылады. Ең әуелі оның неге солай ойлайтынын түсіну керек: кімді бедел санайды, қандай кітап оқиды, қандай жағдай оны осы көзқарасқа әкелді? Әр адамның өз «кілті» бар. Біріне діни дәлел әсер етеді, екіншісіне анасына деген қарым-қатынасы, үшіншісіне балалары. Сондықтан бұл әрқашан жеке әдіске құрылатын жұмыс деп санаймын. 

– Бостандыққа шыққаннан кейін осы жұмыспен айналысуға не түрткі болды?  

– Алғашында тек отбасыммен қалыпты өмірге оралғым келді. Бірақ біраз уақыттан кейін бұрын бізге сабақ берген ұстаздардың бірі бір мекемеде радикалды көзқарастағы сотталғандармен сөйлесуді өтінді. «Мен ғалым емеспін ғой» дедім. Ол: «Ғалым болып көрінудің қажеті жоқ, өз басыңнан өткенді айт», – деді. Сол сапардан кейін мен өз тәжірибемнің өзгелерге пайдасы барын түсіндім. 

– Сізге ерекше әсер еткен оқиғаның бірі анасымен кездесуден бас тартқан жас жігіт туралы екен. Қалай болған еді?  

– Анасы кездесуге келген еді, баласы болса оны «кәпір» деп санап, кездесуге шығудан бас тартқан. Мен одан: «Неге анаңмен кездеспейсің?» деп сұрадым. Сосын өз анам туралы айттым: «Сенің анаң тірі, сені көруге келді. Ал менің анам енді келе алмайды. Ол қайтыс болды. Мен оған өз әрекетіммен қанша ауыртпалық әкелгенімді әлі күнге ойлаймын», – дедім. Біраз сөйлескеннен кейін ол жылап жіберді. «Неге жылап отырсың?» десем, «Анамның алдында ұяламын» деді. Кейде күрделі діни даудан гөрі адамның өз өміріне, ата-анасына қарауына мүмкіндік беру әлдеқайда әсерлі... 

– Қазіргі жастар үшін қауіп бұрынғыдан өзгерді ме?  

– Қайта қазір қауіп күрделірек. Бұрын радикалды ортаға кіру үшін таныстық, жеке кездесу, дискілер, кітапшалар қажет болатын. Бүгінде телефонның өзі жеткілікті. Жасөспірім үйінде отырып-ақ сағаттап радикалды контент көре алады. Ол ешқандай топқа кірмеуі де мүмкін. Сондықтан жастарға түсінікті діни білім, сұрақтарына ашық жауап беретін білікті мамандар және отбасының назарын күшейту өте маңызды.– 2006 жылғы өзіңізбен бүгін кездессеңіз, не айтар едіңіз?– «Анаңды жақсы көр. Жарыңды жақсы көр. Оларға зиян жасама», – дер едім. Ол кезде дұрыс деп санаған көзқарасым ең алдымен өз отбасыма, балаларыма, жұбайыма соққы болды. Менің артымнан ерген жігіттердің де аналары, әйелдері, балалары зардап шекті. Бүгінде түсінгенім: адамның көзқарасы мен әрекетінің құнын көбіне оның ең жақын адамдары өтейді. Сондықтан 2006 жылғы өзіме: «Асықпа, адамдарды жау деп жариялама, отбасыңа қара, сенің соңынан ергендердің де тағдырын ойла», – деп айтар едім.

Сұхбаттасқан Данияр КЕНЖАЛИН,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі

«Иман» журналы, №10, 2026 жыл 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру