ҚМДБ Ислам қаржы секторының меңгерушісі Нұржан Жақсылықұлы Ұлыбританиядағы Durham Centre for Islamic Economics and Finance және Малайзияның құнды қағаздар нарығын реттеуші Securities Commission Malaysia бірлесіп ұйымдастырған «Islamic Capital Markets Summer School» халықаралық курсына қатысып, біліктілігін арттырды.
Бір айға созылған курстың алғашқы үш аптасы онлайн, ал қорытынды төртінші аптасы Ұлыбританиядағы жетекші оқу орындарының бірі саналатын Durham университетінде офлайн форматта өтті. Durham университетінің Ислам экономикасы және қаржысы орталығы Батыс елдерінде исламдық қаржы бойынша білім беру және зерттеу бағытында жетекші институттардың бірі саналады.
Курс барысында исламдық капитал нарығына қатысты өзекті тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, исламдық қор нарығындағы бағалы қағаздар, сукук шығарудың шариғат талаптары, блокчейн технологиясы арқылы сукук шығару, ислам экономикасындағы капитал теориясы, қор нарығы мен Шариғат мақсаттарының арақатынасы, тұрақты даму үдерісіндегі исламдық қаржының рөлі, исламдық қаржы өнімдерін әзірлеу және исламдық капитал нарығының болашағы мен сын-қатерлері талқыланды.
Исламдық қор нарығы тек байлықтың бір қолдан екінші қолға ауысуымен шектелмей, нақты экономикалық игіліктер қалыптастырып, қоғамның әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі керектігіне баса назар аударылды.
Бағдарлама аясында профессорлармен қатар исламдық қаржы саласында тәжірибесі мол практик-мамандар дәріс оқып, теориялық тұжырымдар мен олардың практикалық қолданысын қатар қарастырды. Атап айтқанда, Ұлыбритания Банкіндегі өтімділікті басқаруға арналған исламдық қаржы құралдары мен Малайзиядағы бағалы қағаздар нарығын реттеу тетіктері практикалық тұрғыдан зерделенді. Ұлыбритания Банкі сарапшылары елдегі исламдық қаржы индустриясының даму тәжірибесімен бөлісіп, зайырлы мемлекет жағдайында исламдық қаржыны дамытудың үлгілерін көрсетті.
Халықаралық курсқа Қазақстаннан бөлек, Малайзия, Түркия, Индонезия, Пәкістан және Уганда елдерінің азаматтары қатысты. Бұл қатысушыларға әртүрлі елдердің тәжірибесін салыстырып, исламдық капитал нарығының дамуындағы ортақ үрдістер мен ерекшеліктерді талқылауға мүмкіндік берді.
Ұлыбританияда өткен «Islamic Capital Markets Summer School» курсы исламдық капитал нарығындағы заманауи үрдістерді, жаңа қаржы құралдары мен реттеу тетіктерін теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеуге, сондай-ақ олардың қазіргі даму бағыттарын сыни тұрғыдан талдауға мүмкіндік берді.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyatkz
15.09.2026
79
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру