Бүгін Алматы қаласындағы Алматы Орталық мешітінде қасиетті Құран Кәрімді толық меңгеріп, қырағат ілімінен арнайы сынақтан сүрінбей өткен қариларға ижаза табыстау рәсімі өтті.
Аталған шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, қари шәкірттерді құттықтап, Құран ілімінің артықшылығы мен оның үмбет өміріндегі маңызына тоқталды.
«Бүгінгі басқосу қасиетті Құранға қызмет етуді өмірлік мұрат еткен шәкірттеріміздің еңбегі бағаланып, ижаза куәліктері табысталатын ерекше күн. Бұл тек бір оқу бағдарламасының аяқталуы емес, сонымен қатар Алла Тағаланың кәләмін дұрыс оқып, өзгелерге үйретуге берілген үлкен жауапкершіліктің басталуы. Алла Тағала қасиетті Құранда:«Расында, Алланың құлдарының ішінен ғалымдары ғана Одан шынайы түрде қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят), – деп білім иелерінің дәрежесін жоғары қойған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп, оны өзгелерге үйреткендерің», – деген (Бұхари). Міне, бүгін осы сүйінші хадистің аясында тәрбиеленіп, Құран ілімін меңгерген шәкірттерімізге куәлік табыстап отырмыз»,- деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Шара аясында Асым қырағатының Хафс және Шұғба риуаяттары бойынша, аш-Шатыбия жолымен Құранды толық меңгерген қариларға арнайы ижаза куәліктері табысталды. Атап айтқанда, Абдазим Ниғматулла Сауранбекұлы, Ағарту Нұржан Асылбекұлы, Болат Дәурен Саламатұлы, Мұсар Нұрсұлтан Бәкірұлы, Нияз Ринат Русланұлы және Рахметулла Ислам Құрбанжанұлы ижаза иегері атанды.
























ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
ҚМДБ Баспасөз қызметі
muftyat.kz
08.06.2026
666
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру