Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚCАҚАЛДАР ИНСТИТУТЫ – ИМАНДЫЛЫҚ МЕКТЕБІ

18.03.2014 5441 0 пікір

Жуырда дін мен дәстүрдің сабақтастығын дәріптеу мақсатында Алматыда зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Оған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, академик Ғарифолла Есім, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді, профессор, алаштанушы Айгүл Ісімақова, белгілі исламтанушы-ғалым Сәбит Ибадуллаевтар қатысты. Дөңгелек үстелді «Асыл арна» телеарнасының директоры, ақын Мұхамеджан Тазабеков және Нұржан Таласұлы жүргізді. Айтылған оралымды ойлар мен салиқалы сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

Мұхамеджан Тазабеков: Дін мен дәстүр – біздің ұлт болып қалыптасуымызға, халық болып, тәртіпті, тәрбиелі ел боп өмір сүруімізге ықпал еткен рухани күш. Ұлттық салт-дәстүріміздің арқасында кең далада шашырап жатқан біздің көшпенді халқымыз белгілі бір тәртіпке келіп, біріге білді. Ұрпағын «тек» деп өсірген ата-бабамыздың тәрбиеге өте үлкен жауапкершілікпен қарағаны баршамызға мәлім. Өткен тарихымызға қарасақ, кеткен кемшіліктің қайдан екенін түсінуге болатын сияқты. Дін мен дәстүріне бекем болған шешен, ақын, жыршы, зергер, сәулетші, қара қылды қақ жарған билер мен қазылар ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеп өсірді. Алайда осы игі дәстүр кеңес кезінде үзіле жаздаған еді. Аллаға шүкір, қазір рухани құндылықтарымыз ұлт жадында қайта жаңғырып, жастарымыз жақсылыққа ұмтылуда. 

Нұржан Таласұлы: Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел. Асыл дініміз Исламнан бастау алған салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз – ұлтымызды өзгелерден ерекшелейтін құндылықтар. Осы тұста бүгінгі келелі жиынымыздың алғашқы сұрағын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына қойсақ. Мүфти-хазрет, Діни басқарма 2014 жылды «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Жалпы бұл идея неден туындады және күтілетін нәтиже қандай? Сонымен қатар, алда қандай ауқымды жоспарларыңыз бар?  

Ержан қажы Малғажыұлы: Қай заманда болсын қазақ халқының жер бетінен жоғалып кетпей, жоралы жұрт болып қалыптасуының негізгі факторы – діні мен дәстүрі болды. Тіпті, Мұхамеджан бауырым айтқандай, кеңес кезінде де, «дін – апиын» деп ұрандатқан Құдайсыз қоғамда да ата-бабаларымыз сеніміне селкеу түсірмей, дәстүріне бекем болды. Дінге қысым көрсетілген замандарда да Исламның ұрпақтан-ұрпаққа жетуіне, жойылмай, сақталып қалуына себепші болған негізгі күш – дәстүр еді. Бұл бастама халықты, жалпы жамағатты ортақ құндылықтарға біріктіруден туған идея еді. Өйткені, әдет-ғұрып – баршаға ортақ дүние. Алайда түсінбеушілікпен кейбір жат ағымдардың ықпалында жүрген жастарымыз дін мен дәстүрге қайшы пікір айтып қалады. Егер Алланың сөзі Құранға назар аударсақ, Жаратушы Иеміз «Хужурат» сүресінде: «Сондай ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар етіп жараттық», – дейді. Әрбір өркениеттің, ұлттың өзіндік дүниетанымы бар. Мәселен өзбекті ала шапанымен танимыз, ал қазақты өзге жұрттар рухани байлығы – салт-дәстүрі арқылы таниды. Мұндай ерекшелік Алла тағаланың хикметі. Көрдіңіздер ме, адамдарды ұлтқа бөліп жаратуының өзі Алланың мейірімділігі. Бұл аяттан адамдардың бір-бірін тануы Жаратушыны тануға ұласуы керектігін түсінеміз. Имам-молдалар үшін 2014 жылды «Дін мен дәстүр» деп жариялауымыздағы мақсат – дінмен бітеқайнасқан дәстүрді дәріптеу. Сол арқылы имандылыққа шақыру. Қазір біз жақсы қазақтан жақсы мұсылман шығады дегенді айтып жүрміз. Осы жыл аясында ғылыми кітаптар, деректі фильмдер түсіруді жоспарлап қойдық. Тарихи мешіттер мен медреселер туралы тың зерттеулер жасалынып жатыр. Имандылықпен ұштасқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін «Дін мен дәстүр» деген кітап шығардық. Ол қазір зиялы қауым өкілдерінің үлкен қолдауына ие болды.    

Ғарифолла Есім: Мүфти-хазрет жақсы сөз айтып өтті. Соған өз ойымды қоса кетсем. Ата-бабаларымыз бізден де көреген, ақылды, данышпан болды. Бірақ біз қазіргі өмір жағдайына байланысты олардан да асып түсуіміз тиіс. Уақыт талабы осылай. Кеңестік кезеңде өмір сүрген біз дінді дәстүр деп түсіндік. Өсе келе байқасақ, екеуі бір-біріне ұқсас дүниелер екенін білдік. Дәстүр мен дініміз бір-біріне сіңісіп кеткені соншалық дәстүр дініміздің қызметін атқарып келді. Өйткені діни жоралғылар дәстүр ретінде күнделікті өмірде қолданыста болды. Біз солай қабылдадық. Олай болмағанда коммунистер дінге тосқауыл қойып, қудалаған уақытта дінді сақтап қалу мүмкін емес еді.

Мұхамеджан Тазабеков: Мәмбет аға, тарихымызға қарасақ, қазақ даласынан шыққан тұлғалар Исламның әлемге жайылуына сүбелі үлес қосқаны ешкімге жаңалық емес. Осы жайлы өз ой-пікіріңізбен бөлісе отырсаңыз. 

Мәмбет Қойгелді: Қазақ даласындағы бірнеше дүркін шапқыншылықтардан соң қайта рухани жаңғыру үрдісі жанданды. Қарахан мемлекеті кезінде Ислам діні ресми дін деп қабылданды. Ибн Сина мен Әл-Фараби сынды ғұламалар Ислам білімі мен ғылымында төңкеріс жасады. Жүсіп Баласағұнидің «Құтты білігіне» Х ғасырда тең келер кітап болмаған. Өйткені, ол Ислам мәдениетіне сүйеніп жазылған құнды еңбек. Ал Әл-Фараби «Қала мәдениеті» деген еңбегінде: «Егер қала халқы иманды болғанда ғана үлкен жетістіктерге жетеді», – деп жазады. Сол секілді егер біз иманды қоғам құра білсек, онда өміріміз жарқын болады. Бір мысал айтайын. Тоғылық хан бірде дін таратып жүрген қожадан: «Әй, қожа! Осы сенен анау жатқан ит артық па, әлде сен артықсың ба?» – деп сұрайды. Сонда қожа: «Егер сол итте иман болса, онда ол менен артық», – деп жауап берген екен. Міне, қараңызшы қандай тапқырлық десеңші?! Өйткені, сол заманда білгірлер барлық нәрсені имандылық өлшемімен өлшеген. Адамның артықшылығы – иманда. Толстой бір сөзінде: «Адам мен хауанның айырмашылығы біреу ғана. Ол – хайуанда ұят жоқ, ал адамда ұят бар», – деген.

Ғарифолла Есім: Осы жерде айта кетер бір нәрсе: дәстүрдің екі түрі бар. Біріншісі, дінмен біріккен діни дәстүр, екіншісі, зайырлы дәстүр. Осы дін мен дәстүрдің ұштастығын жүйелеп алып, елдік келбетімізді сақтап қалу үшін мектеп қабырғасынан бастап дін мен дәстүрімізді насихаттауымыз керек. Ол үшін мектептерге дін және дәстүр деген пән енгізуіміз керек. Дін мен дәстүрдің тәрбие беру саласында маңызы зор. Бұл ретте мүфти-хазреттің бастамасымен шыққан «Дін мен дәстүр» кітабы таптырмас оқулық болар еді. Осы кітаптың екінші нұсқасын шығару үшін баршамыз атсалысуымыз керек деп ойлаймын.

Ержан қажы Малғажыұлы: Ғарифолла ағамыз дұрыс айтып отыр. Бұл – ізденістің бастамасы. Сондықтан осы ретте бұл бастамаға барлық ғалымдарды, тарихшыларды үн қосуға, зерттеулерін жолдауға шақырамын. 

Мұхамеджан Тазабеков: Шариғат ұлттардың дәстүріне қалай қарайды? Шариғаттағы дәстүрдің орны қандай? Бұл сауалымызды ортамызда отырған белгілі исламтанушы-ғалым Сәбит бауырымызға қойғымыз келеді.

Сәбит Ибадуллаев: Құранда Алла тағала адам баласына: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған». Қазақша «ғұрып» сөзі «әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді. «Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді.«Дәстүр» сөзі де арабша «дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады. Бұл сөздің осынау терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек.

Шариғат саласында сондай маңызға ие болған әдет-ғұрыпқа фиқһ негіздері ілімінде арнайы терминдік анықтама берілген.Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфи өзінің әл-Мустасфа атты еңбегінде былай дейді: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді білдіреді». Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер.

Мұхамеджан Тазабеков: Сәбит мырза, осы жерде мысал келтіре кетсеңіз.

Сәбит Ибадуллаев: Мысалы, қыздың қалың малына қатысты мәселе. Біз оның өлшемі мен құнын дәстүр арқылы білеміз. Сол секілді, садақа өлшемдері. Ол да әдеп-ғұрыппен келген. 

Ғарифолла Есім: Менің Сәбит мырзаға қояр сұрағым бар еді. Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар деп жатамыз. Оны қалай ажырата аламыз? Осы сұрақтарға да дайын болуымыз керек қой. 

Сәбит Ибадуллаев: Иә, сұрағыңыз орынды. Шариғатта дұрыс, бұрыс деген үкім бар. Дұрыс үкімдерге шариғатқа қайшы келмейтін адамгершілік ұғымдары жатады. Мысалы, үлкенді сыйлау, кішіге құрмет деген секілді. Ал бұрыс үкімдерге шариғатқа қайшы сырттан енген жаман әдеттер жатады. Мысалы, арақ ішу, Алладан өзгеге табыну, темекі шегу, т.б. 

Ержан қажы Малғажыұлы: Бұл нәрселер дәстүрімізде де, медицина ғылымында да құпталмайтын амалдар. Мысалы, Алладан өзге нәрседен сұрауға байланысты айтсақ, қазақ халқы бұған қатысты былай дейді: «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады». 

Мұхамеджан Тазабеков: Дінімізде де, дәстүрімізде де отбасы құндылығына аса мән берілген. Қазақ даласында отбасылық мектеп берік қалыптасқан. «Қызды қырық үйден тыйым, «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер ұрпақты ұлағаттылықа, имандылыққа ұйыстырып келеді. Айгүл ханым, ғалым әрі ана ретінде дәстүріміздегі отбасы құндылығы, ұрпақ тәрбиесінің орны мен рөлі жайлы айтып өтсеңіз.

Айгүл Ісімақова: Жуырда мемлекеттік тапсырыспен 100 томдық «Бабалар сөзі» атты үлкен еңбек жарық көрді. Соның 10 томы имандылық дастандар, жырлар, өлдеңдер екен. Ахаң, Ахмет Байтұрсынов әдебиет, әдет, әдеп деген сөздердің бәрі әдеп, имандылық деген ұғымдарды білдіретінін сонау өткен ғасырда анықтап қойды. Біздің дін мен дәстүріміздің сабақтастығын осы кітаптан көруге болады. Байқасаңыз, сол бабалар сөзі, өлең-жырларының бәрі Алланың атымен басталады екен. Бұл олардың қаншалықты діндар екенін айғақтайтын бұлтартпас дәлелдер емес пе? Ұлт жанашырлары халыққа қызмет етуді абыройлы міндеп деп қабылдаған. Тіпті, Әлихан атамыздың Жүсіпбек Аймауытовқа тек әдеби шығармалармен шектелмей, психология саласын зерттеуді ұсынғаны туралы деректер бар. Бұдан бабаларымыздың ғылымның барлық саласын меңгеруді бір-біріне міндеттеп қойғанын аңғарамыз. Зере әжеміздің Құнанбайды дәретсіз емізбегені, одан текті ұл Абай секілді ұрпақтың өмірге келуі кездейсоқтық емес. Мұның бәрі имандылықпен ұштасып жатқан тәрбие. Қазақ өз ұрпағын «өлімнен ұят күшті» деп тәрбиелеген. Бұл халқымыздың нақылына айналып: «Ұяты бардың – иманы бар», – деген сөз тараған.      Дәстүр деген сөзден шығады, үнділер ХХ ғасырда коммунизм идеясын қабылдамады. Неге? Өйткені, ол идея үнді халқының дәстүріне қайшы еді. Екінші жағынан коммунизм имандылықты, дәстүрді қолдамады. Ал өз кезегінде бұл идеяны құрастырушылар моралды, адамгершілікті дін мен дәстүрден көшіріп алды.

Ержан қажы Малғажыұлы: Әлхамдулилла, ата-бабамыз сан ғасырлардан бері аңсап өткен тәуелсіздікке қол жеткізудің арқасында асыл дініміздің қайнар бұлақтарымен қайта қауышып жатырмыз. Халқымыз дербестікпен бірге дәстүрлі мәдениетіне, тілі мен дініне толыққанды ие болып, оларды заманға сай дамытуға мүмкіндік алды. Өшкеніміз жанып, ұмытқанымыз жадымызда жаңғырды. Мұның барлығы Қазақ елінің ұстанған бағыт-бағдарының дұрыстығын, ата-баба жолынан айнымағандығын білдіреді.Біздің мақсатымыз – ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғаттағы мазһабымыз бен танымдық мектебімізді тұғырлап, асыл дүниелерімізді, жауһарларымызды жарыққа шығару, үзілгенімізді жалғап, жоғалтқанымызды түгендеу, сан ғасырлық тарихы бар діни дәстүрлерімізді қалпына келтіру. Сол арқылы қазақтың толыққанды ұлтқа, Алаштың іргелі елге айналуы үшін қолдан келгенше үлес қосу.  

Ғарифолла Есім: Батыста қоғамдық қарым қатынасты заң мен дәстүр реттеп отырған елдер бар. Кезінде дәстүр заңның қызметін атқарып, қоғамдық қарым-қатынасымызды өз бетінше реттеп отырған. Мәселен: түрмелер, балалар үйі, қарттар үйі болмаған, жетім жесірін қаңғыртпаған. Ал дін қоғамдық  қатынаста маңызды рөл атқарды. Ал бүгінгі күні қазақ дәстүрден сәл ауытқып кеткен. Енді сол бабалар мұрасын жандандыру жолында тынымсыз еңбек ету керек деп ойлаймын. Бұл тұрғыдан келгенде, Діни басқарманың оң бастамаларын қолдаймын. Мүфти-хазретіміз айтқандай, ұлттық дәстүр, әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің сақталуын, ұрпақ сабақтастығын көргіміз келсе, кеше кеңес кезінде теріске шығарылған құндылықтарымызды қайта аршып алуы¬мыз керек. Соның бірі – Ақсақалдар институты. Қазақ ұғымында «ақсақал» қоғамның ерік берген тұлғасы. Қоғамдық мәселені реттеп, тепе-теңдігін сақтап отырған биі. Ал, қазір сол ақсақал деген ұғымды бұрмалап ардагер деп қолданып жүрміз. Мен оған қарсымын. Бұл жасанды болып көрінеді. Ақсақалы бар елді жау ала алмайды. Мұнда дәстүр де бар, сабақтастық та бар. Өйткені, жетімнің тойын, жесірдің қажеттілігін өтеп, кедейдің мұңын шешуді сол елдің ақсақалдары реттеп отырған. Сондықтан Ақсақалдар  институты өмірге қайта оралса, қо¬ғам¬да берік орнын тапса, ұтарымыз көп болар еді. 

Сәбит Ибадуллаев: Ғарифолла аға, дұрыс айтасыз! Салт-дәстүр ұлт үшін тағылым, тәрбие, сана, тіршілік ережесі ретінде ел зердесінде сақталған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарған. Мысалы, қыз ұзату, қонақасы, ерулік ата салтымыз болып саналады. Халықтың атадан балаға көшіп отыратын рухани іс әрекеті дәстүр арқылы көрініс тауып отырған. Салт-дәстүр мәдениеттің байлығы мен халықтың тектілігін білдіретін көрсеткіш. 

Мәмбет Қойгелді: Жетісу губернаторының есебінде қылмыстық оқиғалар, түрмеге отыру, өлім, т.б. жағдайлар қамтылған екен. Бір қызығы, мұсылман қазақтары арасында сотталу, түрмеге қамалу, біреуге қиянат жасау секілді оғаш қылықтар орын алмаған. Өйткені, мұндай әдеттерге ақсақалдар жол бермеген. Бұл қазақтың дәстүріндегі жазылмаған заң еді. 

Ержан қажы Малғажыұлы: Оңтүстік Қазақстан облысына барған бір сапарымда бір қызық оқиғаға куә болдым. Анадай жерден біртоп ақсақалдар келе жатты. Бір кезде қарсы беттен әйелдер шықты. Көше тар екен. Олар аталар өткенше күтіп тұрды да қасына жақындағанда құрметпен иіліп сәлем салды. Ақсақалдар оларға батасын беріп, дұға жасап жатқанын көрдім. Қазақта бата алу деген дәстүр бар. Батаны көпті көрген ақсақалдар береді. Бата алған жастар жамандық көрмейді. Қазақ сәбиге есім қойғанда да жай қоя салмайды. Пайғамбарлардың, халыққа белгілі тұлғалардың есімін береді. Сәби өмірге келгенде оның ең бірінші еститін сөзі азан болған. Мұны ғалымдар баланы Алланың әміріне бойсұнуға шақыру, құлшылықтарды орындауға тәрбиелеу деп түсіндірген.Ұрпағымызды иманды, аталарымызды батагөй болсын. Тәуелсіз Қазақстанның туы мәңгілікке желбіреп, дін мен дәстүріміз жаңғыра берсін. Дұғамыз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әумин!         

Жазып алған 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру