Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Мұнаралы Еуропа» мұсылмандар қарашаңырағында тұсауын кесті

05.03.2014 5737 0 пікір

Бүгін Қазақстан мұсылмандарының қара шаңырағында Діни басқарманың тапсырысы негізінде «Асыл арна» телеарнасының түсірген «Мұнаралы Еуропа» атты деректі бейнефильмі тұсауын кесті. Рамазан айының аптапты ыстық күндерін елемей Әлемдердің Раббысының разылығын аңсаған М.Тазабеков бастаған топ Еуропаның 8 еліне атбасын тіреп, ол жақтағы мұсылман бауырларымыздың ахуалынан хабар беретін таңдай қаққызар тамаша дүние жасап шыққан. Аталмыш фильмнің тұсаукесер рәсіміне Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қатысып, еліміздегі Ислам дінінің дамуына жаңа қарқын ұсынатын бұл игі бастаманың тигізер пайдасының зор екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, аталған бейнефильмде ел жастарының бойына сабырлық секілді ұлы қасиеттерді сіңіруге септігі тиер үлгі бар екендігін және де талайларды мойын создырған Батыс елдеріндегі ахуалды таразылап, еліміздің бүгінгі діни жағдайының ұсынып отырған мол мүмкіндіктері мен Алланың біздерге нәсіп еткен ұлы нығметтеріне шүкірлік еткізер туынды екенін қозғап өтті.

Еуропа елдеріндегі Исламның бүгінгі жай-күйінен сыр шертетін туынды алдағы уақытта отандық телеарналарда көрсетілетін болады деген үміттеміз.

 Еуропа бізге екінші рет ашылды

 Күні кеше «Мұнаралы Еуропа» атты публицистикалық-деректі фильмнің тұсаукесеріне шақырылғандардың қатарында болып, аталмыш фильмді алғаш көрудың сәті түсті. Бірден басын ашып айта кететін дүние, фильмді «Асыл арна» ислами-ағартушылық телеарнасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасы бойынша түсірген.

  Біздің Діни басқарманың мұндай танымдық мәні терең, ағартушылық потенциалы орасан материалдарды ақпаратқа сусаған ағайынға лайықтауында ерекше ілтипатты еледім деуге болады. Себебін тарқатып айтатын болсақ, бұл қазақ телевизиясындағы, қазақ документалистикасындағы бұрын түрен салынып көрмеген тың тақырып.

Фильмде айтылғандай, Еуропа жайлы көзіқарақты көрермен, ойлы оқырман, талғамды тыңдарман негізінен екі ақпаратқа қанық: бірі – Еуропа әсіре либералданып, біржынысты некеге рұқсат берді, әке-шеше деген сөзден бас тартты, екіншісі – Еуропа әсіре мұсылманданып, шіркеулерден мешіттер, Смиттерден Мұхаммедтер көбейіп жатыр. Бір-біріне қарама-қайшы қос ақпарат.

«Мұнаралы Еуропа» осы екі жіктің арасын ажыратуды өзіне жеке мақсат тұтпағанмен, қашаннан христиан әлемінің синонимі іспеттес Батыс Еуропадағы исламның өзіндік тарихы, болмысы, бүгінгі сипаты, мәселелері мен жетістіктерін бірге таразылауға тырысады. Және көп жағдайда алдына қойған мақсаттың үдесінен шығыпты....

Қазіргі Батыс Еуропада ең кем дегенде 43 миллион мұсылманның тұрып жатқанын ескерсек, мұнда қалыптасқан Ислам феноменін түсіну үшін оны тарихи параллельдермен байланыстырмаса, түсініксіз болары сөзсіз. Содан да фильмнің өне бойында араб халифаттары мен Осман империясына қараған уақыттағы Еуропаның кенішті тарихынан флэшбектер беріліп отырғаны әбден ақталады.

Фильмнің Еуропадағы ислам мәдениетін тек біржақты қарамай, оның жетістігі мен кемістігін барынша саралап беруі, сол арқылы көрерменге біздің елдегі дін мен дәстүрдің даму үрдісінің қаншалықты жөнге қойылғанына сілтемелер беріп отыруы ұнады. Мысалы, Германияның Гамбург қаласындағы Капернаумкирхе лютеран шіркеуінің мешітке айналатыны туралы эпизод та бар, сәлден соң сол Гамбургтегі мұсылмандар ауданына өте жақын жерде лас, нас, харам казино, бар секілді орындарды әдейі орналастырған саясатын да сынай кетеді. Немесе Париждегі мешіттердің өте көп ашылғанын айта отырып, сұхбат беруші респонденттің аузынан елдегі иммиграциялық саясат та сын тезіне бір түсіп алады. 

Фильмнің ауқымын сезіну үшін сіздерге статистикадан келтірер болсақ, бұл материалды дайындау барысында Польша, Германия, Бельгия, Франция, Люксембург, Швейцария, Италия, Испания секілді 8 мемлекетті, 6000 шақырым жолды Рамазан айының 18 күнінде көлікпен жүріп өткенін айтсақ болады. Осы сапар барысында барлығы 2100 минуттық материал жинақталған. Қалай десеңіз де, өте ауқымды жұмыс, ауыр еңбек – лайық дүние.

Фильмнің әр елдегі Исламның қалыптасу формаларын жекелей ашуға тырысқанымен қатар, қазақтың тарихымен тарихи сабақтастықтарды қалдырмай іздеуге әбден мұқияттанған. Мысалы, Польшадағы мұсылманшлық туралы айта келіп Адольф Янушкевич пен қазақтың Құнанбай сұлтанының арасындағы достықты тілге тиек етіліп, Францияның Страсбор қаласы туралы түсінікте осында Әміре Қашаубаевтың ән шырқағаны туралы да қызық мәлімет беріле кетеді.

«Мұнаралы Еуропа» Ислам дінін қабылдаған еуропалықтардың қызық хикаяларымен де әдемі өрілген. Айталық, поляк Якуб Филипп Васильковски немесе неміс Нафиса Майхненің қалай мұсылман болғаны сіздерге әсер етпей қоймайды. Женевалық Ясин мен қол-аяғынан сал мадридтік Әбдіррахман ХАЛАФтың жүрек жылытар оқиғалары кімді де болсын бейжай қалдырмайды. Болмаса Берлиндегі Әбдулсамат Темиз бен Париждегі Әбдулсамат Алтай секілді қазақтың қазыналы қарттарының аузымен жергілікті мұсылманшылықтың қызығы мен шыжығы тарқатылады.

Бұл фильмде еуропалық діни ұйымдардың қызметіндегі жаңашылдықтардың біздің жағдайға ыңғайлысын үлгі ретінде ұсынуымен де ерекше. Мысалы, Дуйсбургтегі Меркез мешіттің жұмыс істеу тәсілі немесе Мадридтегі М-30 мешітіндегі қарапайым көрнектіліктердің өзін үлгі ретінде ұсынуы талай имамдарға дайын нұсқаулық болары анық. Шығармашылық топтың аяқ шалдырған қалаларындағы ірілі-ұсақты мешіттерді Қазақстанның жағдайымен қызықты аналогия жасауы да біздегі кейбір жағдайға еріксіз шүкір деп айтқызады екен. Миландағы ескі гараждың орнындағы мешітті немесе Марсельдегі үстінде қонақ үйі бар көше мешітін көрсеткенде осы күйді кештім.

Расында, қазақ журналистикасындағы ауқымды жоба тек мешіттер мен мұсылмандарды таңдап көрсетіп қоймай, Еуропадағы адамның игілігі үшін жасалған тұрмыстық игіліктерді де тізе кетеді. Адамзаттың жауһарынан саналатын Әлхамбра мен Хенералифе сарайлары, Құртұбтағы үлкен мешіт, Әлқасар секілді тарихи орындарды да қамту арқылы көрерменнің Әндәлүс өркениеті кезіндегі әлемге берген жаңалықтарымен де терең таныстырады.

«Мұнаралы Еуропада» Исламның бар үлгісін көрсететін бейнеэнциклопедия жасауды авторлар мақсат тұтпаса керек. Дұрысы, Еуропада христиандық бұрын өткен тарихтың бөлігі ретінде көрініс беріп жатса, Ислам оның болашағы екенін осы фильмнен-ақ болжауға болар. Әрі сырт кейпіне қызыққанмен Еуропаға қарағанда еліміз руханият жағынан бәрібір бір бас артық тұрғандығын аңғарасыз, шүкірлік те етесіз.

Сондықтан, бұл фильмнің кез-келген танымдағы көрермен үшін берер мағлұматы да, тәлімі де жетерлік. Ең бастысы, осындай танымдық дүниелер арқылы имамдардың да, қарапайым оқырманның да көкжиегі кеңейіп, жан сарайын байытатыны айқын. Осы ретте фильмге тапсырыс берген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының ерік-жігерін атап өтпеске болмайды. Бұл расында салиқалы қадам, салмақты дүние. Және бұл осы тақылеттес танымдық-ағартушылық фильмдер сериясының бастамасы ғана деп сенейік. Жалғасын міндетті түрде күтеміз!

muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру