Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры доктор, профессор Шамшәдин Керім бастаған бір топ ұстаздар Қарқаралы жеріне барып, тарихи жерлерді аралап, бабалар жүрген жолды жағалап рухани қоңданып қайтты.
Ертеден-ақ Қарқаралының ақ қайың мен сұлу терек зерлеген шұрайлы өлкесі оқымысты-ғалымдардың, саяхатшы-зерттеушілердің назарын аударған еді. Бұл өлке халқымыздың тарихы, салт-дәстүр, болмыс-бітімінің айнасындай ардақты Абайдың есімімен тығыз байланысты. Абайдай перзент тәрбиелеп, қазақтың маңдайын жарқ еткізген әкесі Құнанбай қажының Қарқаралыда салдырған күмбезді мешіті өз алдына әлқисса. Қазақ даласындағы имандылықтың мұнарасы ғана емес, тарих куәгері болған мешіт Нұр-Мүбарак университеті ғалымдарының негізгі нысаналарының бірі еді.
Құнанбай мешіті Қарқаралы қаласында құрылысы 1850 ж. басталып, 1851 ж. салынып біткен. Мешіт салу жөніндегі мәселе 1847 жылы көтеріліп, арасында Күшік-Тобықты баласы Құнанбай бар, 16 болыс қол қойған. Аға сұлтан, майор Құсбек Таукин мөр басқан мешіт салу туралы акт дуанға тапсырылған. Оңда құрылыс үшін халықтан қаржы жиналатыны айтылады. 1849-52 жылдары Қарқаралы округіне аға сұлтан болған Құнанбай құрылыс жүргізу ісін өз қолына алып, тыңғылықты аяқтағаңдықтан, халық арасыңда Құнанбай мешіті аталып кеткен. Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатақ, молдалар үйі бой көтереді. Әлі күнге дейін ел арасындағы қызметін жалғастырып келе жатқан Құнанбай мешітіне зиярат жасаған Нұр-Мүбарак ұстаздарының арасынан Рахымжан Әкімбеков мырза жұмаға жиылған жамағатқа жан мен тәннің үйлесімі мен діни тәрбиесі жайлы уағыз жасады. Құнанбай қажы мешітінің жамағатына уағыз бен зияраттары арқылы жаңа леп берген ғалымдарға Бас имам Әміржан Әшімұлының да алғысы шексіз болды.
Қарқаралы ауданының әкімі Халел Мақсұтов университет делегациясын жылы қабылдап, өңірдегі ислам дінінің жай-күйі болашағы жайлы сөз етті. Әкім Халел Мұқатайұлы профессор Шамшәдин Керім мырзаға Қарқаралының 190 жылдығына арналған төсбелгісін табыс етті.
Қарқаралының атауын жақпартасты келген көрікті таулардың алыстан қарағандағы көрінісі қазақ әйелдерінің дәстүрлі баскиімі Қарқараға ұқсауымен байланыстырылады. Бұл өлкенің солтүстігіндегі Қарасор көлінің жағасында 1848 жылдан 1930 жылға дейін белгілі Қоянды жәрмеңкесі өтіп тұрғаны белгілі. Қаланың мәдени-экономикалық өсіп-нығаюына Қоянды жәрмеңкесінің ықпалы зор еді. Осылайша Қарқаралы біртіндеп саяси орталыққа айналды. Нұр-Мүбарак ұстаздары сол тарихи мекендерді аралап, көзайым болып қайтты.
Қаз дауысты Қазыбектің ұрпағы болып саналатын халық композиторы және ақын Мәди Бәпиұлы өзі туып-өскен Қарқаралыны жанындай жақсы көріп, өмір бойы сүйсініп, әнмен тербеп жырға қосты.
Атыңнан айналайын Қарқаралы,
Сенен бұлт менен қайғы тарқамады.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы, – деп тас бұлақтың суындай шымырлап шыққан жыр шумақтары туған жерге деген мәңгілік махаббатты анық аңғартады. Осы тектес Қарқаралы туралы өлеңдер мен аңыздар өте көп. Орыс жазушысы М.М.Пришвин ең алғаш «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қиссасын осы төңіректе естіген. Қазақтың мың әнін жинаумен тарихта теңдессіз тәлім қалдырған атақты музыка зерттеушісі А.В.Затаевич Қарқаралы өңіріндегі құйма құлақ, зейінді де зерек жыраулар аузынан 154 ән жазып алған. Міне осындай трихи деректерді тізе берсең, Қарқаралының қасиет-қадірі жалғаса берері сөзсіз. Осындай ел тарихы, халықтық қазына, шежірелер ізімен тікелей бетпе-бет жүздесіп, рухани азықтанып алған ұстаздар жаңа оқу жылына жаңа қарқынмен кірісіп кетті. Біздің білуімізше, туған жердің тарихи жерлерін аралап, ата-бабаларымыздың жолын зерделеу университетіміздің проректоры профессор Шамшәдин Тұрсынұлының жылдағы сүйікті әрі дағдылы дәстүрі. Бұл сірә, әрбір «мен қазақпын» деген исі мұсылманға үлгі боларлық өнеге.
Айша КЕҢЕСБАЙ,
Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі





ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.09.2015
3945
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру