
Өткен аптада БАҚ беттерінде елімізде 40 мыңға жуық жетім бала бар, олардың 10 мыңға жуығы шетелдіктерге берілген деген статистикалық деректер жарияланды.
Елімізде тәрбиеленіп жатқан сол жетімдердің жағдайы қандай? Статистикалық деректерге жүгінсек, 40 мыңдай жетім балалардың 11 мыңға жуығы интернаттық мекемелердегі, 196 ұйымда, нақты айтқанда, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау мекемелерінде тәрбиеленуде. Ал кейбір деректерге қарағанда, 2 мың жетім бала патронаттық тәрбиеде екен. Осы мәселені ой елегінен өткізген жөн болар. Себебі нақты дерек 40 мың жетім баланың 30 мыңға жуығы балалар үйінен тыс жерде жүргенін, мыңдаған баланың түрлі діни, күдікті ұйымдардың тәрбиесінде екенін айтады.
Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Забира Оразалиева балалар үйі желісін дамытуға айрықша көңіл бөлініп жатқанын айтады.
– Өкілетті органдармен бірлесіп, жаңа балалар қалашықтары мен отбасылық үлгідегі балалар үйін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2020 жылға дейін отбасылық үлгідегі 9 үй мен қалашық ашылатын болады, – деді Забира Оразалиева.
Заңгерлер мен әлеуметтанушылар отбасылық балалар үйі жобасын іске қоспастан бұрын, олардың қаржыландырушы топтардың кім екендігін анықтап алу маңызды. Өткен жылы Алматы облысы, Іле ауданы, Түймебаев кентінің тұрғындары сол ауылдағы Сергий Радонежский ғибадатханасы мен оның жанынан ашылған балалар үйін басқарған православ миссионері, Ресей азаматы Софронийге қатысты шағым түсіріп, оны Ресейге депортациялауды талап еткені белгілі. Жыл аяғында Іле аудандық соты «Радонеж» қайырымдылық корпоративтік қоры қамқорлығындағы балаларды аудандық білім беру бөлімі қарамағына беру туралы шешім шығарды. Онда «Паналау орны – діни ұйым емес. Бірақ балалар ғибадатханаға барып құлшылық етеді, өзге дінді ұстанатын этникалық тегіне қарамастан, бәрі шоқындырылған. Паналау мекемесінде тәрбиеленіп жатқан қазақ және басқа ұлттардың балалары да шоқындырылған» деп көрсетілген. Бұл көзге түсіп қалғаны ғана.
– Осыған дейін де жұмыс істеп келген діни бірлестіктер жанынан ашылған балалар үйі де құрылтайшыларының кім екендігін қоғамнан құпия ұстады. Нәтижесінің қандай болғанын бәріміз білеміз. Жас ұрпақ тәрбиесінде айқындылық болмаса, олардың болашағы да күмәнді болады, – дейді заңгер Ғабиден Жайлин.
Бұл ойды теолог-ғалым Мұхиддин Исаұлы да қостайтынын, соңғы кезде күш ала бастаған кейбір лаңкестік топтар өздерінің заңға қайшы әрекеттеріне дайындықты балалардың санасын улаудан бастайтынын айтады. Тіпті «ИГИЛ» сияқты лаңкестік ұйымдарда біздің қазақстандық балалар бар болуы мүмкін» деген деректер бар.
– Иман жолындағы тәрбие қазақтың «әлди-әлди» деген сөзінен, бесік жырымен қалыптасады. Имандылық, діни тәрбие біздің тұрмысымызға күнделікті тұрмыс-салттарымен енді. Оны күштеп немесе жасанды түрде ендірудің жақсылыққа апармайтынын көзіміз көріп жүр. Біздің дінге көзқарасымыз балалық шақта ата-анамыздың тәрбиесімен қалыптасты. Діни тәрбие мәжбүрлі түрде емес, эволюциялық жолмен қалыптасуы керек, – дейді Мұхиддин Исаұлы.
Біз осы мақаланы жазуға дайындық отбасылық негізде жұмыс істеп жатқан балалар үйінің тыныс-тіршілігімен таныспақ болып, олардың бірқатарында болдық. Көзіміздің жеткені «ата-анасы жоқ, тұлдыр жетім» деген атау тек сот шешімімен ғана беріледі. Олар ес жиғанша, міндетті түрде тек мемлекеттік жетімдер үйінде тәрбиеленеді екен. Қалғандарының бәрі – ата-аналық құқынан айырылғандардың балалары. Бір қызығы, Алматыдағы кейбір жаңа үлгідегі балалар үйінің тәрбиешілерімен сөйлесу барысында мұндай жаңа үлгідегі балалар үйіне некеден туған балалар ғана қабылданатынын білдік. Аты-жөнін айтудан қашқақтаған тәрбиешілердің бірі некесіз балалар «харамдар» санатында болғандықтан, оларды қабылдай алмайтындарын айтады. Маған бұл жауап түрпідей тиді. Некесіз туған жетімекке «харам» деп қарап, оларды есігінен де қаратпайтын жетімдер үйінің әртүрлі діни секталардан қандай айырмашылығы бар?
Біз осы мақаланы жазуға дайындық барысында Алматыда жаңадан ашылған бірнеше отбасылық үлгідегі балалар үйінде болдық. Барлық жағдай жасалған. Мектеп жасындағы балалар сол жердегі орта мектепте жергілікті балалармен бірге білім алады. Сондай жаңа үлгідегі балалар үйінің бірі – «Ақжар» елді мекенінде жұмыс істеп жатқан «Ақ үміт» балалар үйінің директоры Қалинұр Болысов мырза «Сіздерді кім қаржыландырады? Құрылтайшыларыңыз кім?» деген сұрағымызға «Олардың кім екенін көпшілікке білудің қажеті жоқ. Біздің құрылтайшыларымыз балалар үйіне жасаған жақсылығының-қаржысының қайтарымын тек Алладан ғана күтеді» деген жауап алдық. Сенатор Қуаныш Айтаханов жетімдер үйінің тыныс-тіршілігі, тіпті онда өтіп жатқан қайырымдылық шаралардың барысын мемлекетке көзден таса етпеуі қажеттігін айтады.
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына әзірге балалар үйінде жас балаларды мәжбүрлеп дін жолына түсіру туралы шағым айтылмағанын, балаға дінді үйрету мәселесінде оның өз әдебі мен уақыты және жүйесі болатынын айтады. Баланың басына сыймайтын діни рәсімдерді үйретуден бұрын оны әдептілікке, сыпайылыққа, адамгершілікке, алдамауға, өтірік айтпауға, яғни жалпы, адами құндылықтарды бойына егуіміз керек. Сонда өз уақытымен оның жүрегіне иман ұялайды. Бойына иман ұялаған бала жаза баспайды.
– Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен Діни басқарманың қайырымдылық үйлерін ашу жоспарланып отыр. Қайырымдылық үйінде тұратын жетім, көпбалалы отбасынан, тұрмысы төмен жанұядан шыққан балалар түске дейін мектепке барса, түстен кейін тәрбиешісі оған сабағын орындауға көмектеседі. Имандылық дәрісін береді. Бұл имамдыққа тәрбиелеу деген сөз емес. Керісінше, имандылық пен зайырлылықты ұштастыра отырып, көкірек көзі ашық, елге жаны ашитын азаматтарды қалыптастыру. Алла қаласа, алдағы уақытта Діни басқарманың өзінің қайырымдылық үйлері болады. Қазір бірнеше облыста дайын ғимараттарымыз бар. Бұл – біріншіден, мемлекетке көмек, екіншіден, жағдайы төмен отбасын қолдау, үшіншіден, жетім балаларды қамқорлыққа алу, төртіншіден, жастарды бала кезден теріс ағымның ықпалынан сақтау, яғни имани иммунитетін қалыптастыру. Адам имандылық жолына саналы түрде жүрек қалауымен келеді. «Дінде – зорлық жоқ» деген Алла тағала. Бұл Құранда «Бақара» сүресінде айтылған аят деп ойлаймын, – дейді Ағабек Қонарбаев.
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
15.04.2015
3796
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру