Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

«Шалқар» эфирінде Форум тақырыбы тарқатылды

23.02.2015 3246 0 пікір

Дүйім жұрттың басын қосқан Республикалық имамдар форумы дін саласына соны серпіліс, ерекше екпін әкелді. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел тізгінін ұстаған халық қалаулылары мен игі жақсылары жиылған мәжіліс – талқыға салған тақырыптарымен, алға қойған мақсатымен мазмұны мәнді, тағылымы терең.

Ел тарихындағы айтулы форумда көтерілген мәселелер мен қабылданған құжаттар жайында бүгін «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы Төлеби Оспан «Шалқар» радиосы арқылы берген сұхбат барысында кеңінен баян етті. Ата дініміз бен баба дәстүрі ұлт руханиятының бағдаршамы екенін еске салған Т.Оспан Форумда қабылданған бас құжаттарға тоқталды.

«Ұсынылып отырған негізгі құжат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Тұғырнамасы. 13 бөлімнен тұратын аталмыш құжатта негізгі діни ұстанымыз ретінде ең алдымен сенім мәселесі қозғалады. Яғни, сенімде Матуруди, құлшылық негіздерінде, құқықтық мектеп Әбу Ханифа мазхабына қатысты тұжырым-пайымдар, дәстүрлі діни таным-түсінігіміз кеңінен баяндалады» деген дін қызметкері бүгінде еліміздің аяғына нық тұрғанын, дін саласындағы тәжірибе мен білім бәсекесінде де бүгінгі имамдардың осал еместігін жеткізді. «Ғасырлармен қаланған халықтың сара жолы мен мемлекеттің биік ұстанымына қарсы, теріс пиғылдағы ағымдарға қарсы төтеп берер қауқарымыз да жеткілікті, тек тәуекел етіп, табандылық танытып, тер төгу керек»дейді наиб имам.

«ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің талқылауынан бірнеше рет өткен Тұғырнама теріс ағымдарға тойтарыс беріп, имани иммунитетімізді күшейте алатын басты бағытымыз. Аталмыш құжат халқымыздың бірлігін көздейді. Имандылық ордасы саналатын мешіттің рухани жетекшісі көркем мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре білетін имамдар екені сөзсіз. Осы орайда имамдық қызметтің ауқымы, жүктелер міндеттері мен жауапкершілігі жеңіл емес екені белгілі. «Имамның тұлғалық бейнесі» және «Дін қызметкерінің қызметтік этикасы» атты құжаттар халыққа қалтқысыз қызмет қылып, ағымдар әрекетіне тосқауыл қойып, күш-жігерін аянбай жұмсауды талап етеді. Сондай-ақ, жаңа заман имамының ғаламтор, заманауи ақпарат алмасу, жаңа техникалық байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік қабылеті, сөз саптай білуі де маңызды міндеттер. Имамдардың уағыз барысында дін жайын ұлт мұрасымен, тарихы мен әдебиетімен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып айта білуі де осы құжаттарда қамтылған талаптар. Ал, «Шынай мұсылманның тұлғалық келбеті» құжаты иісі мұсылман баласының мойнындағы мұсылмандық һәм адами міндеті, парызы мен борышын баяндайды. Қорыта айтқанда, бұл құжаттар әр азаматтың ар-намыс кодексі іспеттес» деп тұжырымдады  Төлеби Оспан.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қоғамдағы құбылыстарға ата салтымыз бен діни ұстанымымызды ұстап, ұлт  пен ұлыстың бірлігін сақтай отыра, үн қосып келеді. Кешегі тұңғыш ұйымдастырылған Республикалық форумда Діни басқарманың негізгі құжаттары ел бірлігі мен ынтымағына, өсіп-өркендеуі мен дамуына үлес қосу мақсатында қабылданды. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының аталған құжаттар негізінде тапсырған түсіндіру жұмысының Астанадағы алғашқы парасы осылайша Шалқар радиосының тікелей желісімен жұртшылыққа тарады.

«Нұр Астана» орталық мешітінің баспасөз қызметі


Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру