Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Өкілдік өткізген жиын қарекет қылуға үндейді (видео)

11.09.2014 3699 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Астана қаласы бойынша өкілдігі елорда имамдарының кезекті жиналысын өткізді. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз бен Елорда өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлының қатысуымен өткен жиын барысында алда атқарылуы тиіс іс-шаралар жайы қозғалды.

Наиб мүфти Серікбай қажы алда келе жатқан иісі мұсылман қауымының кезекті ұлық мерекесі – Құрбан айт мейрамын бұқаралық сипатта ұйымдастыру керектігін айтып, бірқатар мәселелерге тоқталды. Бұған қоса, айт намазының уақытын анықтау, «Раббың үшін құрбан шал!» акциясын өткізуде жылдағы үдеден де жоғары деңгейде ұйымдастыру, мереке күні мал сойылатын базарларға жауапты имамдарды белгілеу мен мейрам күндеріндегі қауіпсіздік пен ішкі тәртіп мәселелері  де талқыланды.

Ал өкіл имам Наурызбай Өтпенов биылғы «Дін мен дәстүр жылы» аясында ҚМДБ міндеттеген төрт бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстарды да күшейте түсі керектігін алға тартты. «Бас мүфти тапсырған осы бағыттар аясында, әсіресе, уағыз-насихат жұмыстарын жандандырып, оның ішінде күнделікті бесін, шам намаздарында жамағатқа жүйелі түрде уағыз жүргізу істерін ілгерілету керек. Осы бағытқа сай, «Ислам және өркениет», «Иман» журналына жазылу жұмыстарын да біріздендіріп, бұқара халықпен қоян-қолтық болуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, халықтың тыныс-тіршілігінен дер кезінде хабардар болып, бір арнадан табылуға тиіспіз» деді ҚМДБ-ның өкіл имамы Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ биылғы қажылық маусымына байланысты түсіндіру дәрістерін жүргізу, БАҚ беттеріне сұхбат беру, Құрбан айтына байланысты қайырымдылық шараларын көптеп ұйымдастыру жұмыстары да күн тәртібіндегі жоспардан тыс қалған жоқ. Бұл орайда бүгінгі таңда бауыр еті – баласының мейіріміне зәру қарияларға арнап қайырымдылық кешін өткізуге баса назар аударылды. Бұған қоса ата-анасының аялы алақанынан айырылған балаларға арналған іс-шараларды да өткізу керектігі айтылды.

Елорда имамдарының бүгінгі басқосуында күнделікті сауат ашу курстары, теріс пиғылды, дәстүрімізге жат ағымдармен жүргізуге тиісті жұмыстар жайы да қайта пысықталып, дін қызметкерлері өкіл имамнан арнайы тапсырмалар алды.

Сенім алауыздығын тудырмау мақсатында мешіт маңында орналасқан кітап дүкендеріндегі діни әдебиеттердің Дін істері комитеті мен ҚМДБ сараптамасынан өткендігін анықтау да бүгінгі жиында көтерілген негізгі мәселелер қатарында қаралды.

Жайық НАҒЫМАШ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру