Кеше Қарағанды облыстық мешітінде өңірге қарасты қала, аудан мешіттерінің бас имамдарымен алқалы жиын өтті. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы, Қарағанды облыстық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жиынды дінбасымыз Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің «Дін мен Дәстүр» кітабының таныстырылымымен бастады.
Қазіргі таңдағы дәстүрлі дініміз бен ата салт-дәстүрімізден шеттеп жүргендерге нақты бағыт беретін төл туындының халқымызға, оның ішінде жастарға тәлім-тәрбиелік мәні зор екендігін алға тартқан өкіл имам өңірдегі діни ахуалдарды тыңдады. Бас имамдар кезегімен есеп беріп, аймақтағы атқарылып жатқан іс-шаралардан мәлімет берді. Жалпы, облыс көлемінде діни ахуал тұрақты. ҚМДБ-сы тарапынан жүктелген жаңаша бағыттағы міндеттер мен талаптар өз үдесінен шығып отыр. Дөңгелек үстелдер мен жұма уағыздары, жалпы және жастар бөлімі бойынша жастармен жұмыс жасау көрсеткіштері мен оқу-ағарту жұмыстары өз арнасына түсіп, имамдардың кезекпен тәжірибе алмасып аймақтағы мешіттерде жұма намаздарын өткізуі жүйелі атқарылған. Имамдардың есеп беру барысында олардың белсенділіктері мен ұтымды ұйымдастырған іс-шараларын тыңдаған өкіл имам Өмірзақ қажы дін қызметкерлерінің алдында тұрған өзекті мәселелерге тоқталды.
Әрі қарай www.ihsan.kz сайтының бөлім меңгерушісі Ысқақ Рахимбекұлы ҚМДБ-ның ресми www.muftyat.kz сайтының жаңа түрімен таныстырып, ондағы түрлі айдарларға жеке-жеке тоқталып бағыт-бағдарларымен таныстырды. Әлеуметтік желілермен жұмыс жасай алу – бүгінгі күннің талабы. Осындай желілердің бірі facebook, twitter әлеуметік желілермен танысырып, ғаламтор әдебі мен оның маңызды тұстарын үйретті. Ақпараттық технологиялық уақыттың ағынына ілесуде ресми сайттардың мүмкіндіктерін тиімді қолдану, уақытылы мақала беріп тұру, жыл бойына атқарған іс-шараларда жетілмей жатқан тұстарын толтырып келесі жылда жүйелі жұмыстар атқаруды жоспарға енгізу қарастырылды.
Жамағат арасында еркін сұхбаттар өткізіп имам мен жамағат арасын жақындастыру, бес уақыт намаздағы уағыз мазмұнын байыту, діни сауат ашу курстарында білім алып жатқан шәкірттерді біліммен сусындату, халық арасында этика мен сөйлеу мәнерлеріне жіті көңіл бөлу сынды жайттар да басты назарға алынды. Осындай тағылымды жайттар ортаға салынып, сан-салалы бағыттарға басымдық беру үшін желтоқсан айында «Дін және дәстүр» тақырыбында облыстық ғылыми-танымдық конференция өткізілу жоспарланды. Оған алдын-ала шығарма бәйгесі жарияланып, іріктелген мақалаларды топтастырып кітапша етіп бастыру қолға алынды.
АНТ жұмыстарын дамыту тұрғысында пікір алмасу мен төл басылымдарымыз «Ислам және Өркениет» газеті мен «Иман» журналына жазылуды жыл бойына жалғастыра беру келісілді. Өзге де ағымдағы мәселелер сарапқа салынып, ұсыныстар тыңдалды.
Қарағанды облыстық орталық
мешітінің баспасөз хатшысы
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
04.12.2013
4125
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру