Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі muftyat.kz 11.11.2022 4834 0 пікір
ІЗГІ АМАЛ ЖАСАУДЫҢ САУАБЫ МЕН МАҢЫЗЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

  

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!

 

Адам жүрегіне ұялаған иман, оны ізгілік амалдар жасап, қоғамға пайдалы іс жасауға жетелейді. Алла Тағала қасиетті Құранның көптеген аяттарында иман келтіруден кейін ізгі амал жасау керектігі турасында айтқан. Бұдан біздер ізгілік амал жасаудың мұсылман өмірінде қаншалықты маңызды екендігін түсінеміз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәһф» сүресі, 30-аятында: 

إِنَّ الَّذِينَ آمَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ إِنَّا لا نُضِيعُ أَجْرَ مَنْ أَحْسَنَ عَمَلا

«Сондай-ақ иман келтіріп, игі іс істейтіндерге келсек, Біз игі істер істейтіндердің сауабын әсте зая етпейміз», – деп айтқан.

Әһли сунна ғалымдары иман мен амалды екі бөлек дүние ретінде қарастырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 277-аятында:

اِنَّ الَّذينَ امَنُوا وَعَمِلُوا الصَّالِحَاتِ وَاَقَامُوا الصَّلوةَ وَاتَوُا الزَّكوةَ لَهُمْ اَجْرُهُمْ عِنْدَ رَبِّهِمْ وَلَا خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلَا هُمْ يَحْزَنُونَ

«Негізінен иман келтіріп iзгi ic iстегендер, намазды толық орындап, зекет бергендер, олар үшін Раббыларының қасында сыйлық бар. Оларға қорқу жоқ әpi олар қайғырмайды», – деп айтқан. Аятта иманнан кейін, ізгі іс жасағандар деп қосып атаған. Араб грамматикасында екі бөлек сөзді бір-біріне қосарлата айту ережесі бар. Алайда амал иманның ажырамас бөлігі болғанда, «иман келтіріп», деген сөзден кейін «ізгі іс істегендер» деген сөзді айтудың еш қажеті болмас еді.

Иман мен амал бөлек-бөлек болғанымен өзара тығыз байланыста. Яғни, иман пендені жәннатқа кіруге себепкер етсе, жасаған (намаз, ораза секілді) амалдары жәһаннамнан құтылуға бірден-бір жол. Бұл жайында Алла Тағала қасиетті Құранның «Ғафыр» сүресі, 40-аятында:

مَنْ عَمِلَ سَيِّئَةً فَلَا يُجْزى اِلَّا مِثْلَهَا وَمَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِنْ ذَكَرٍ اَوْ اُنْثى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَاُولئِكَ يَدْخُلُونَ الْجَنَّةَ يُرْزَقُونَ فيهَا بِغَيْرِ حِسَابٍ

«Әлде кім бір жамандық істесе, сонда ол, соның өзіндей ғана жазасын көреді. Ал ер, әйел кімде-кім сенген түрде ізгі іс істесе, міне солар: жәннатқа кіреді. Сондай-ақ олар онда есепсіз ризыққа бөленеді», – деп айтқан. 

Ендеше, мұсылман адам әрдайым дүние-ақыретке пайдалы ізгі амалдарды көптеп жасауы қажет. Ғалымдарымыз ізгі амалдың қабыл болуы үшін екі шарт бар екендігін айтқан:

Біріншісі: ықылас;

Екіншісі: атқарылатын іс-амал ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алып келген шариғатқа сай келуі.

Ғұламаларымыз да: «Өмір – кеме, жүзем онда демеңіз,
Ізгіліктен жасалмаса кемеңіз», – деген.

Қасиеттің Құран аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде Алла Тағалаға сүйікті деп танылған ізгі амалдың түрлері көп айтылған. Олардың негізгілеріне тоқталар болсақ:

 

Бірінші ізгі амал: Уақытында оқылған намаз

Исламның бес шартының әуелгісі иман болса, екіншісі – намаз. Алла Тағала қасиетті Құранның 87 жерінде намаз оқуды бұйырып, оның адам баласы үшін маңыздылығына ерекше назар аударған. Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын):

سَأَلْتُ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أيُّ الأَعْمَالِ أَحَبُّ إلَى اللهِ؟ قَالَ: الصَّلَاةُ عَلَى وَقْتِهَا

Мен Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қайсы амал Алла Тағалаға ұнамды?» – деп сұрадым. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз», – деп жауап берді...», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Қасиетті Құранда Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың Алла Тағаладан:

رَبِّ اجْعَلْنِي مُقِيمَ الصَّلاَةِ وَمِن ذُرِّيَّتِي رَبَّنَا وَتَقَبَّلْ دُعَاء

«Раббым! Мені әрі ұрпақтарымды намазды толық орындаушы ет! Раббымыз! Тілегімізді қабыл ал», – деп дұға еткендігі де мұсылман адамның намазға қаншалықты берік болу керектігіне дәлел («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

Дін мен дәстүрін ұштастыра білген бабаларымыз да қилы да қиын замандардың өзінде бес уақыт намазына берік болған. Сол себепті де ақын-жырауларымыздың насихаттарында бес уақыт намаз турасында көптеп тілге тиек етілген. Бұқар жырау өзінің атақты он бір тілегінде:

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытта бес намаз,

Бірі қаза болмасқа, – десе,

 

Шортанбай Қанайұлы бабамыз:

Құбылаға бас қоймақ,

Мұсылманның тарығы.

Ораза, намаз қаза қылмасаң,

Көңіліңде Құдай барлығы, – деп айтқан.

Хакім Абай атамыз: «Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс, Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс», – деп, исламның бес тірегі саналатын ғибадат-құлшылықтарды түгелімен орындауды өсиет еткен.

­Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бес уақыт намаз арқылы адамды рухани тазаратынына мынадай мысал келтірген: «Қалай ойлайсыңдар, егер де сендердің біреулеріңнің есіктеріңнің алдында өзен ағып жатса (хауыз болса), ол оған күн сайын бес уақыт жуынатын болса, оның бойында кір қалама ма?» – деп сұрайды. Сахабалар: «Жоқ, оның ешбір кірі қалмайды», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз да тура сол секілді. Адамның істеген қателіктерін жуып-шаяды», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

 

Екінші ізгі амал: Ата-анаға жақсылық жасау

Кез келген адам үшін дүниеде ең қымбат жан – оның ата-анасы. Сондықтан да асыл дініміз адам баласына ата-анасын құрметтеп, сыйлауға, қолынан келер жақсылықты жасауға, оларды риза етіп, ақ батасын алуға бұйырған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 23-аятында:

وَقَضَىٰ رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا ۚإِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا

«Раббың тек қана өзіне құлдық жасауды, әке-шешеңізге жақсы қарауды бұйырды. Ал егер олардың бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа. Сондай-ақ, оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен оларға құшақ жайып, былай деп дұға жаса «Уа, Раббым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», – деп айтқан.

Ата-ана балаға кішкентайында бүкіл мейірімін төгіп, мәпелеп өсіреді. Ата-анасы кәрілік жасына жеткен кезде, перзенті оларға мейіріммен қарауы –Алла Тағаланың ризалығы мен сүйіспеншілігіне жетелейтін ізгі амал. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

رِضَى اللَّهِ في رِضَى الوَالِدَينِ ، وسَخَطُ اللَّهِ فِي سَخَطِ الوَالِدَيْنِ

«Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында», – деген (имам Тирмизи).

Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын) анасын мойнына салып алып Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Әлгі кісі ибн Омарға: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ. Сені босанарда оны қысқан толғақтың біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазар», – деп жауап берді.

 

Қисса

Бір күні Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан бұл дүниедегі жәннаттағы көршісін көрсетуін сұрайды. Сол кезде Жебірейіл періште келіп: «Сенің жәннатағы серігің пәленше жерде тұратын пәленше деген қасапшы», – деп жауап берді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) қасапшының дүкеніне барған кезде ет сатумен айналысып жатқан жас жігіт екенін көрді. Мұса оған (оған Алланың сәлемі болсын) жігіттің істерін жақыннан бақылап көрді бірақ ешбір ерекшелікті байқамады. Түн болған кезде қасапшы аздап ет алып үйіне қайтты. Мұса пайғамбар да (оған Алланың сәлемі болсын) оған ілесіп барып, қонақ қылуын өтініш етіп, бірақ өзін таныстырмады. Жігіт Мұсаны (оған Алланың сәлемі болсын) кең пейілімен қарсы алып, үйіне кіргізіп қонақ қылды. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) бақылауын жалғастырды. Әлгі жігіт тамақ дайындап, үйіндегі бір қарт әжені жуындырып, киімін ауыстырып, қолымен тамақ берді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) әлгі қарияның түсініксіз тілде бір нәрсе айтқанын естіді. Қарияны тамақтандырғаннан кейін жігіт қонағын күтіп, тағам әкеліп, бірге тамақ іше бастады. Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) жігіттен қарт әже жайында сұрады. Жігіт: «Бұл менің анам мен оның қызметіндемін», – деп жауап берді. Содан кейін Мұса (оған Алланың сәлемі болсын): «Анаң өз тілінде не деп айтты?» – деп сұрады. Жігіт: «Мен әркез осылай анамның қызметін жасаған кезімде ол: «Алла Тағала ақыретте Мұса пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) саған көрші етсін!» – деп дұға етеді. Мен сияқты жұмыр басты пендеге пайғамбармен көрші болу қайдан бұйырсын», – деді. Сол кезде Мұса пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Онда мен сені сүйіншілейін! Алла Тағала сенің анаңның дұғасын қабыл етті. Сенің ақыреттік көршің мен боламын», – деді.

 

Үшінші ізгі амал: Игі істі тұрақты түрде жасап отыру

Аз да болса үзілмей, әрдайым жасалып тұратын ізгі амалдар – Алла Тағалаға ең сүйікті амалдар қатарына жатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَحَبُّ الأعمالِ إلى اللهِ أدْوَمُها وَ إِنْ قَلَّ

«Алла Тағалаға ең ұнамды амалдар – аз болса да үздіксіз (тұрақты түрде) жалғасатыны», – деген (имам Бұхари, имам Мүслим).

Имам ән-Нәуәуи осы хадиске түсініктеме бере отырып, былай дейді: «Бұл хадис амалдарда тұрақты болуға шақырады, сонымен қатар бұл жерде кішігірім, бірақ тұрақты іс, үлкен, бірақ тұрақты емес істен гөрі абзал екені айтылады. Үнемі жасалынатын кішігірім амал, үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі».

Демек, күнделікті әр түні оқылған екі рәкағат нәпіл намаз, бір мәрте ғана көп оқылған нәпіл намаздан әлде қайда артық. Бір мәрте ғана берілген үлкен садақадан, аз да болса, әрдайым, үзілмей беріліп тұратын садақа артық. Ендеше, мұсылман адам қандай да бір жақсы амалды аз мөлшерінде үзбей жасауға тырысуы қажет.  

 

Төртінші ізгі амал: Адамдарға пайдалы іс жасау

Мұсылман адамның басты сипаттарының бірі – қоғамға пайдалы болу. Асыл дінімізде Алланың ризалығын көздеп, өзгелерге жәрдемдесу, адамдардың қажеттілігін өтеу үлкен құлшылық деп саналады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

خَيْرُ النَّاسِ أَنْفَعُهُمْ لِلنَّاسِ

«Адамдардың жақсысы (өзге) адамдарға көбірек пайда тигізгендері»,деп айтқан (имам Табарани).

Қасиетті Құранның «Мәриям» сүресінің аяттарында Иса пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сәби күнінде Алла Тағаланың құдіретімен тіл қатып: «Мен Алланың құлымын», – деп бастай келе:

وَجَعَلَنِي مُبَارَكًا أَيْنَ مَا كُنتُ

«Мені қайда болсам да берекелі етті», – дейді (Мәриям» сүресі, 31-аят). Осы аяттағы «берекелі болу» дегенді ғалымдарымыз: «өзгелерге пайдалы болу» деп түсіндірген.

Ардақты  Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ағаштардың ішінде мұсылманға ұқсайтын ағаш бар», – деді. Сонда Абдулла ибн Омардың жас бозбала кезі болатын. Ол: «Ол ағаш құрма ағашы», – деп айтқым келді. Алайда сол жерде отырғандардың ең кішкентайы болғандықтан (әдеп сақтап) үндемедім. Сол кезде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі: «Ол – құрма ағашы. Құрма ағашының барлық жері – хайырлы», – деді. Бұл хадисте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрма ағашын мысал ету арқылы, құрма ағашы мол жеміс пен қоса айналасына ыстық күні көлеңке болса, нағыз мұсылманның да басқа адамға көптеген пайдасы осылайша болу керектігін меңзеген.

Хәкім Абай: «Адамға хәлінше ихсанды болмақ – қарыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес», – деп, адам барынша өзгелерге жақсылық жасауды ойлап, алайда тек өзгеден ғана жақсылық дәмете беру  дұрыс іс емес екендігін айтқан.

Ендеше, мұсылман адам Жаратушысының алдындағы намаз, ораза сынды парыз құлшылықтарды орындауымен қатар, шамасы келгенінше өзгелерге жәрдемдесу, жанашыр болу, қоғамға пайдалы іс жасау және т.б. істерді ұмыт қалдырмауы қажет.

 

Қадірменді жамағат!

Дегенмен Алла Тағаланың біздерге берген ізгі істер көп. Мысалы, айтар болсақ:

  1. Таң сәріде Алладан жарылқау тілеу
  2. Жеке өзіңіз отырғанда ойлану
  3. Жақсы, салиқалы адамдармен араласу
  4. Алла Тағаланы зікір ету
  5. Шынайы ықыласпен намаз оқу
  6. Қасиетті Құранды көп оқу
  7. Нәпіл ораза ұстау
  8. Жасырын садақа беру
  9. Мұсылманның қайғы қасіретімен бөлісу
  10. Өткінші дүниеге қызықпау, ақырет үшін бас тарту т.б.

Сондықтан мұсылман баласы әрбір күнін ізгі амалдар жасаумен өткізуге тырысуы қажет.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 97-аятында:

مَنْ عَمِلَ صَالِحًا مِّن ذَكَرٍ أَوْ أُنثَى وَهُوَ مُؤْمِنٌ فَلَنُحْيِيَنَّهُ حَيَاةً طَيِّبَةً وَلَنَجْزِيَنَّهُمْ أَجْرَهُم بِأَحْسَنِ مَا كَانُواْ يَعْمَلُونَ

«Ер немесе әйел болсын кімде-кім иман келтірген бойда (Алланың разылығына бөлейтін) сауапты да ізгі амал істесе, Біз оған міндетті түрде жақсы өмір сыйлаймыз (ізгі тіршілікте жасатамыз). Әрі оларға дүниеде істеген игі істерінен де жақсырақ сыйлық береміз», – деп, ізгі амал жасаған пендерлерге дүниеде де, ақыретте де мол жақсылықтар бар екендігін айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде де: «Шыншылдық – ізгілікке, ал ізгілік болса, жұмаққа бастайды», – деген.

Алла Тағала баршамызды иманына берік, ізгі амалдар жасаушы құлдарының қатарынан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру