Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында бата беру – ұрпақ тәрбиесімен, ұлттық құндылықтар жүйесімен және діни-рухани таныммен сабақтасып жатқан маңызды мәдени құбылыс.
Бата – белгілі бір жағдайға байланысты айтылатын ізгі тілек қана емес, адамның өмірлік ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететін, үлкен мен кіші арасындағы рухани байланысты бекемдейтін тәрбиелік құрал. Осы тұрғыда қазақ қоғамы «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас», «Жаңбырменен жер көгерер, батаменен ел көгерер» деу арқылы оның мән-маңызын тәрбие әдістемесі ретінде дәріптеп отырған.
Бата ұғымының мазмұны ұлттық кодымыздың діңгегі, асыл дініміз исламдық дүниетанымдағы дұға түсінігімен де тығыз байланысты. Қасиетті Құран Кәрімде Жаратушы Алла Тағала пенделеріне: «Маған дұға етіңдер, сендерге жауап берейін» («Ғафир» сүресі, 60-аят) – деп баяндау арқылы мұсылман адамның Раббысынан игілік тілеуінің маңызын көрсетеді. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Дұға – мұсылманның қаруы» деген хадисі дұғаның мұсылман өміріндегі рухани орнын айқындайды. Осыған сәйкес, қазақтың дәстүрлі баталарында да Алланың есімі аталып, адамның амандығы, жолының ашық болуы, ризық-несібесінің молаюы, ұрпағының өсіп-өнуі және елінің тыныштығы тіленеді. Демек, бата ұғымынан халықтың діни сенімі мен ұлттық дүниетанымының өзара сабақтастығын байқаймыз.
Оның негізгі ерекшеліктерінің бірі – тәрбиелік мазмұны. Қазақ қоғамында бата көбіне елге сыйлы ақсақалдар, билер мен абыздар тарапынан берілгендіктен, олардың айтқан сөздері кейінгі ұрпақ үшін өнегелік мәнге ие болған. Мысалы, «Атасызға ата бол, батасызға бата бол, панасызға пана бол» деген мазмұндағы өсиет сөздер жас ұрпақты тек жеке басының қамын ойлауға емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге, әлсізге қолдау көрсетуге және елге қызмет етуге үндейді.
Бата алудың маңыздылығы оның адамға тек ізгі тілек білдіруімен шектелмей, рухани демеу мен моральдық жауапкершілік жүктеуінен көрінеді. Қазақ дүниетанымында үлкеннің батасын алған адам сол ақ тілекті өзіне көрсетілген сенім ретінде қабылдап, өмір жолында адалдық пен табандылық танытуға ұмтылған. Сондықтан «Баталы ер арымас» деген ұғымды адамның ешқашан қиындық көрмейтіні немесе қателеспейтіні деп емес, қандай жағдайда да алған батасының мәніне сай өмір сүруге талпынуы деп түсінген жөн. Өйткені, батада адамның жолына береке, ісіне сәттілік, жүрегіне иман, бойына күш-қуат, елге пайдасы тиетін азамат болуына ізгі тілек айтылады. Осы тұрғыдан алғанда, бата – адамға сыртқы қолдау ғана емес, оның ішкі жауапкершілігін күшейтетін рухани бағдар. Үлкеннің ақ батасын алған ер өзіне артылған үмітті сезініп, қиындыққа мойымай, жақсы мақсатқа ұмтылады, ал оның елге қызмет етіп, адамдық қасиетін сақтауы батаның тәрбиелік мәнін іс жүзінде жүзеге асырады. Сондықтан халық санасында бата алған адамның «арымауы» оның өмірінде қиындық болмайды деген түсінік емес, ақ батаның рухани қуаты мен үлкеннің сенімі адамды дұрыс жолдан таймауға жетелейтінін білдіретін терең философиялық ұғым саналады.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында бата әлеуметтік қатынастарды реттеуші рухани тетік қызметін де атқарған. Үлкеннің батасын алу арқылы жас адам өзінің қоғам алдындағы міндетін сезініп, үлкендердің сенімін ақтауға ұмтылған. Сондықтан халқымыз «Алтын алма, алғыс ал» деп, материалдық байлықтан гөрі адамның ақ батасы мен халықтың алғысын жоғары бағалаған. Одан өзге ғұлама, ойшыл Жүсіп Баласағұн «Жақсы атты ер, білсең алғыс алады, жаман атты өлсе, қарғыс табады» – деп насихаттау арқылы әрдайым алғыс алу жолында тырысу қажеттігін басты назарда ұстаған.
Бата беру дәстүрінің тағы бір маңызды қыры – оның ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуінде. Өйткені, үлкендер өмірлік тәжірибесін қысқа да нұсқа нақыл сөздер арқылы кейінгі буынға жеткізсе, жастар сол өсиеттерді қабылдап, өмірінде басшылыққа алған. Осылайша, бата халықтың тарихи жадын сақтауға, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге және қоғамдық бірлікті нығайтуға ықпал еткен.
Дін мен дәстүрді басты бағдары етіп, оны ұдайы насихаттап жүрген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы соңғы жылдары ақсақалдардың бата беру байқауын өткізіп келеді. Мүфтият ұйымдастырған алғашқы бата беру байқауы 2023 жылы Астана қаласында өтті. Ал екінші рет Шымкент қаласында 2025 жылы ұйымдастырылды. Ақ сақалы жарасқан, ақ батасы тау асқан қариялар әр облыстан іріктелген еді. Екі байқауда да қазылар алқасы ақсақалдардың шариғат пен дәстүрге сай мағыналы бата беруіне, дауыс ырғағы мен киім үлгісіне, қосымша сұрақтарға жауап беруіне қарай бағалап, сол арқылы жеңімпазды анықтаған болатын.
Мұндай байқаулардың мақсаты қарияларды негізгі жарыстыру емес, бата беру дәстүрін жаңғырту арқылы жастарды кішіпейілділікке, имандылыққа, батылдық пен мәрттікке баулу. Сондай-ақ бата беру байқауларының өңірлерде өтіп тұруы сөз қадірін арттыруға, бата тек тілек айту ғана емес, тәлім мен тәрбие құралы екенін насихаттауға үлкен серпін берері сөзсіз. Себебі қазіргі кезде тойдағы айтар тілек пен асқа берілер батаны шатастырып жататын қариялар көп кездеседі. «Бата беруді білмеймін» деп ат-тонын ала қашатындар да жоқ емес. Сондықтан, қазақтың әрбір ер азаматы жастайынан бата жаттап, қандай жағдайда қандай бата берілетінін біліп жүргені абзал. Өйткені Алла қаласа ол да күндердің бір күнінде қартайып, әулеттің үлкені, қоғамның ақсақалына айналады. Сол кезде жастарға не айтарын білмей қол қусырса, ұрпағы кімге қарап бой түземек?
Қорыта айтқанда, «Фатиха» сүресінен бастау алып, «бәтиға» болып тілімізге енген «бата» ұғымы – қазақтың бойтұмары. Қазақта бала дүниеге келгеннен бастап, кез келген жастағы адамға жағдайға қарай берілетін батаның алуан түрі бар. Көненің көзіндей, шежіренің өзіндей болған баталарымызды біле жүрейік. Алла Тағала баршамызды әрдайым ізгілердің бата-тілегін алған игі ұрпақтардан етсін!
Нұрболат ДҮЙСЕБАЕВ,
РАНТ мүшесі
«Иман» журналы, №11, 2026 жыл
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Нұрболат Дүйсебаев
Иман журналы
16.11.2026
16
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру