Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТОЙ МЕН ЖАНАЗАДАҒЫ ЫСЫРАП

Кеулімжай Құтты Иман журналы 12.11.2026 9 0 пікір
ТОЙ МЕН ЖАНАЗАДАҒЫ ЫСЫРАП

Қазіргі таңда ысырапшылдық адамзатты тығырыққа тіреуде. Мұның астарында дүниеге деген көзқарас пен соған сай қалыптасқан сана жатыр. Ысырапкершілік өміріміздің барлық саласына әбден сіңіп кетті. Соның ішінде той мен жаназадағы ысырап ең шырқау шегіне жеткендей. Мұның соңы жақсылыққа апармасы анық. 

Ысырап сөзі араб тілінен аударғанда «босқа шашу», «мөлшерсіз жұмсау», «шектен шығу» деген мағы- наларды білдіреді. Ысырап – сөз және  іс-әрекеттерде діннің, ақылдың немесе ғұрыптың белгілеген өлшемдерінің шегінен шығу немесе  асыра сілтеу, қолдағы бар мүмкіндікті рұқсат етіл- меген мақсатта жұмсап, шашуды білдіреді. Имам  Ғазали «Мүмкіндіктерді діннің, ғұрыптың және адамзаттың қажеттілігіне керекті мөлшерде жұмсау –  жомарттық, одан төменгі мөлшерде жұмсау – сараңдық, ал осы өлшемдерден асып кету – ысырап», –  деген екен. Сондықтан адам баласы қолындағы  барлық мүмкіндіктерді Алла жолында, қоғамның қажеттілігіне жұмсаса, ысырапқа жатпайды. Осыған қатысты «Жақсылық жасауда ысырап жоқ, ал  ысырапта ешқандай жақсылық жоқ» деген бір қанатты сөз қалған.

Бұрынырықта ұлан-асыр тойды  тек  мыңғырған  мал айдаған байлар ғана жасаса, бүгінде бар қазақ жасайды. Әрине, қуанышта көптің басын қосып елге дастарған жайғаны дұрыс. Дегенмен той үшін несие алып, белшеден қарызға батып, оны жылдар бойы төлеуді қалай түсіну керек?  Соңында несиені төлеуге байланысты жаңадан отбасы құрған жастардың арасында келіспеушіліктер болып, соңы ажырасумен аяқталып жатқанын біліп те, көріп жүрміз.

Тойдағы ысыраптың ең көбі дастарқан мәзіріне қатысты. Үстелді шамадан тыс толтырып тастаймыз. Бірнеше салат, екі немесе одан да көп ыстық тамақ, жеміс-жидектер мен сусындар. Оған нан мен бауырсақты, самса мен түрлі тәттілерді қосып қойыңыз. Негізінен бірінші асқа той иесі ет тартып жатады. Міне, осы жерден ысырап басталып кетеді. Астаудағы тамақты өз тәрелкесіне толтырып салып алғанмен, көпшілік тауыса жемейтінін көріп жүрміз. Мұның барлығы бірден қоқысқа тасталады. Сондықтан астаудағы, не табақтағы етті әр қонақ өзі жей алатындай етіп салып алса, ысырап болмайтын еді. Өйткені астаудағы қалған тамақ асханаға қайта апарылып, меймандарға немесе той иесінің үйіне алып етуге беріледі екен. Ал, еттің сорпасы  қазанымен төгіліп жатқанынан тіпті бейхабармыз...

Әлемдік азық-түлік агенттігінің мәліметтеріне сүйенсек, бір жылдың өзінде аштық пен дұрыс тамақтанбаудан 10 миллион адам көз жұматын көрінеді. Ал ысы- раппен қалай болса солай жұмсалып жат- қан азық-түліктің төрттен бірі үнемделсе 870 милион адамның азық-түлік қажеттілігін өтеуге жетеді екен. Кейбір дерек- терге сүйенсек, бір ғана АҚШ-тағы  қоқысқа тасталған азық-түлік қалдықтарының өзіне 80 миллион адам тоятын көрінеді. Ал әлемде әр бес минутта бір бала аштықтан жан тапсыруда. Олай болса, бір жапырақ нан мен азық-түлік ысырабының неге апаратынын өзіңіз пайымдай беріңіз. Әсілінде адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «..Негізінде, адамға белін түзеп, әлденуі үшін аз ғана дәм-тұз (азық) жеткілікті. Егер міндетті түрде ішіп-жеуі керек болса, асқазанының үште бірін тамаққа, үште бірін суға және үште бірін ауаға арнасын», – деп айтқанындай, ысырапқа жол бермей тамақтануға әбден болады. Тіпті, тамақтанудың ең дұрыс жолы – осы. Бірақ, ысырапшылдық қанына әбден сіңіп кеткен бұл күннің адамына бұл тым ауыр тиюде.

Тіпті күнделікті ішіп-жемнің өзінде жасалып жатқан ысырапкершілік жантүршігерлік деңгейге жетті. Ал исі мұсылман ата-бабамыздың дәстүрінде қара нанның өзі аяқ асты етілмеген еді. Олар жерге түскен түйіріне дейін теріп алған. Себебі нанды құрметтеуге қатысты Пайғамбарымыздың  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Айша анамызға: «Әй, Айша, нанды қадірле» деген ескертуін халқымыз да жерге тастамаған еді.

Үйлену тойындағы тағы бір ысыраптың түрі –  көпшіліктің тілінде «гулянка» аталып кеткен жастардың қала көшелерін аралып қыдыруы. Бұл шара қомақты қаржыны талап етіп қана қоймай, кептелістің кесірінен тойға екі жастың кешігіп келуіне де себепкер болуда. Сондай-ақ «love story»  деп аталатын шара және бар. Жастар қалай танысқанын көпшілікке жария етіп, тарихын таныстырады. Бұл шариғатқа да, дәстүрге де жат. Өйткені тойда  күйеу бала мен келіншектің ата-анасы, ата-енесі мен өзге үлкен жастағы кісілер болады. Оларға құшақтасқан, сүйіскен сәттерін көрсетуі ерсі екенін барлығымыздың ішіміз сезеді. Мұндай  фильмді  түсіру үшін әжептәуір ақша жұмсалатынын да біле жүрейік.

Ысырап жасап, шектен  шығу  –  тойдан да асып, жаназаға да жетті. Мәйіт  шыққан үйдің дастарқаны той мәзіріне теңесті. Негізінде  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жаназа мен құдайы аста ысырапшылдықтың алдын алу үшін арнайы мәзір бекіткен.  Яғни, дастарқанда: нан өнімдерінен – бауырсақ пен шелпек; сусын ретінде – шай мен су; ыстық тағамға ет немесе палау қоюға болады. Бүгінде Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарында осы дастарқан мәзірімен  құдайы астар беріліп жатыр. Енді бұл басқа да өңірлерге жұғысты болса дейміз.

Соңғы кездері тойға ғана емес, жерлеу кезінде ас беру үшін де банкіден несие алу оқиғалары айтыла бастады. Тек жалақымен ғана күнелтіп жүрген қарапа- йым жандарға мұның оңайға соқпайтынын несіне жасырамыз. Демек, біз шариғаттан да алшақтап бара жатқан жоқпыз ба? Асыл дінімізде адамы қайтыс болған үйге салмақ салуға болмайтыны баса айтылмаушы ма еді. Жақын адамы қайтыс болған кісі мәйіт жуындырып, кебіндеп, тезірек жерлеуге емес, ас-судың қаракетімен кетіп жатады. Мәйітке, бақиға озған адамға деген құрмет қайда қалды? Тіпті, ауылды жерде осындай қаракеттің салдарынан мәйіттің үйде жалғыз қалатын кездері де кездеседі. Үйдегілердің бәрі тайлы-тұяғы қалмай, бірі асқа сойылатын малды іздеп, екіншісі тарататын шүберек пен ас-судың жайымен қалаға шұбырады.

Неге қазақ осы елдегі басқа ұлыстардан кедейлеу тұрады? Үй-күйі жоқтардың дені өз қазағымыз десек еш қателеспейміз. Бірақ, той жасауға, жаназаны әлгіндей ысыраппен өткізуге келгенде алдымызға жан салмаймыз. Мұндай дарақылық керек пе бізге? Ал, қайтқан адамның  қабірін ерекше әспеттеп, ақ мәрмәрден кішігірім сарай тұрғызу жайлы айтудың өзі ұят...

 

Кеулімжай ҚҰТТЫ 

«Иман» журналы, №11, 2026 жыл

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру