Ықылас – асыл дініміз Исламдағы мұсылманға қажетті ең маңызды қасиеттің бірі Ықылас ұғымы ниетті барлық бөтен мақсаттардан тазарту, барлық іс-амалды тек Алланың разылығы үшін жасау деген мағынаны білдіреді. Ықылассыз жасалған амалдан қайыр жоқ. Ал шынайы ниетпен жасалған кішкентай амалға үлкен сауап жазылады.
Адам өз ісін өзгелердің мақтауы, пайдасы немесе атақ үшін емес, тек Жаратушының разылығы үшін жасауы керек. Исламда әрбір амал ең алдымен ниетке қарай бағаланады. Ардақты Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Амалдардың қабыл болуы ниетке байланысты. Кімде кім неге ниет етсе, оның қарымтасын алады», – деген. Біз бұл хадистен кез келген құлшылықтың басты шарты дұрыс ниет екенін анық аңғарамыз.
Адам барлық амалдарын тек Алланың разылығы үшін істеуге ұмтылуы қажет. Ислам тарихына қарасақ, кітап иелері өздеріне ақиқаттың айқын дәлелі келгеннен кейін өз араларында бөлініп кетті. Кітап иелері ақырғы Пайғамбар келген соң кейбіреулері оған иланса, енді біреулері мойындамай өз араларында қайшылыққа түсті. Әйтпесе кітап иелері оған дейін кітаптарындағы сүйінші хабар мен белгілерге қарап соңғы Пайғамбардың келетініне қатысты өзара келісімде болатын.
Бұл туралы Алла Тағала былай дейді: «Әйтпесе оларға да хақ дінді шын көңілден толық қабылдап, «таухид» сенімімен бір Аллаға риясыз құлшылық ету, намаз оқуға, зекет беруге бұйырылған еді. Нағыз тура, мінсіз дін, міне осы!» («Бәйинә» сүресі, 5-аят). Ықылас адамды риядан және екіжүзділіктен сақтайды, құлшылығын мәнді етеді, ал амалдарына береке береді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла тек Өзі үшін шынайы ықыласпен жасалған амалдарды ғана қабыл етеді», – деген.
Абай Құнанбайұлы:
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс», – деп жырлайды. Әрине ораза, намаз, зекет, қажылық – әр мұсылманға міндетті, күмәнсіз парыз амалдар. Шынайы мұсылман осы парыз амалдардың талаптарын толық ұстануы керек. Бұл өлеңде Абай атамыз ең маңызды нәрсеге ишара етеді. «Бастапқы үш» дегені – иман (сенім), ықылас (ниет), ихсан, яғни тақуалық (ішкі рухани тазалық). Яғни, адамның жүрегі түзелмей, амалы түзелмейтінін меңзеп тұр. Осылайша: «Қылғанменен татымды бермес жеміс» дейді. Сыртқы ғибадаттар, мысалы намаз, ораза, қажылық сынды амалдар толық орындалса да, егер ішкі таза ниет, мықты иман мен ықылас болмаса, оның рухани пайдасы аз болады.
Алла Тағала пендесін түрлі нәрселермен сынайды. Бұл сынақтардың түпкі мәні – пендесін тақуалыққа тәрбиелеу. Соның бірі – құрбан шалу рәсімі. Себебі «құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Демек пенде Алланың разылығын көздеп, Оның мейіріміне бөленуді шынайы қалап құрбан шалу арқылы Жаратқанның жарылқауына бөленеді.
Құрбан шалудың шариғаттағы анықтамасы мынадай: Құдайға құлшылық ниетімен белгілі бір уақытта ереже-шарттарын сақтай отырып, мал шалу. Кімнің бір қойды сатып алып, оны құрбандыққа шалуға шамасы жететінін Алла жақсы біледі. Құдай біздің ішкі ниетімізден де толық хабардар. Сондықтан құрбан шалудың негізгі мақсаты – адамды Аллаға жақындату. Тіпті құрбан шалуға шамасы келмеген адамдар бұл күндері мұқтаждарға садақасын беріп, Құдайдың мейірімінен үміт етеді. Құрбан айт күндері әр адам өзінің материалдық мүмкіндігі аясында құрбан шалып, жақсы істерге ұмтылатыны сондықтан.
Құрбан шалу – Аллаға деген ықыластың үлкен белгісі. Исламдағы барлық құлшылықтың түпкі мәні мен мақсаты – пенденің ықыласын арттыру, шынайы ниетті шыңдау. Өйткені қорасында қойы бар шаруа немесе қолында қаражаты бар адам малдың ең жақсысын, яғни семізін, ірісін Алла жолына арнап, құрбандыққа шалады.
Жаратушы Иеміз Құранда мұсылман баласына ең жақсы көрген нәрсені садақа етуді, яғни Алла жолында жұмсауды бұйырған. Бұл туралы қасиетті кітабымызда былай делінген: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не берсеңдер де Алла оны сөзсіз толық біледі» («Әли Имран» сүресі, 92-аят). Жомарт жан Алла үшін барын аямайды. Жақсы көретін дүниесінің ең жақсысынан құрбан шалып, садақа береді. Мұндай игі ыждағатпен орындаған адам міндетті түрде жақсылыққа кенеледі.
Ислам тарихынан белгілі, Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) қартайған шағында қаншама жыл күткен баласын құрбандыққа шалып жатқанын түсінде көреді. Бұл Раббысының әмірі екенін түсінген ол шынайы берілу, толық мойынсұну ниетімен ауыр сынақ бола тұра үлкен құрбандық жасауға бел буады.
Алланың сынағынан сүрінбей өткен Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) көктен көк қошқар түсіріледі. Құрбан шалу рәсімі осы сәттен бастап мұсылман үмбеті үшін сүннет амал болып қалды.
«Құрбан шалу – Ибраһим бабаларыңның салып кеткен жолы. Құрбандыққа шалған малдарыңның әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», – деген хадистің мәні осында жатыр.
Адам баласы қажет кезде Алла жолында ең құнды нәрсесін қия білуі керек. Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) үшін ең бағалы, ең құнды, ең сүйікті, жүрегімен жақсы көрген перзенті болса, соның өзін Алла үшін еш ойланбастан құрбан етуге дайын болған еді. Алдында екі таңдау тұрғанда еш қиналмастан Жаратушысының разылығын таңдады. Біз бұдан Алланың разылығы ең жоғары құндылық екенін жіті түсінеміз.
Шын мәнінде Алла біздің мал-мүлкімізге, бала-шағамызға, атақ-абыройымызға, мансабымызға мұқтаж емес.
Қасиетті Құранда: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген. Алла Тағала біздің шынайы ықыласымыздың дәрежесіне қарай мәртебемізді де жоғары көтереді. Өйткені тапқан табысының белгілі бір үлесін Алла жолына арнау үлкен жомарттықты қажет етеді. Бұл – сараң адам үшін ауыр амал. Тіпті ондай адамдарға құрбандық жасау бақыты бұйырмайды.
Құрбан шалу рәсімінің жеке адамға тигізер пайдасына келер болсақ, ең әуелі пенде бұл арқылы Аллаға жақындай түседі, тақуалығын арттырады. Құрбан шалу амалы адамның Аллаға деген шүкірін көбейтеді. Жүрегіміздегі Аллаға деген махаббатты оятып, ықыласымызды арттыра түседі. Сонымен қатар дүниеге деген сүйіспеншілігімізді азайтады. Жүректі дүниеқұмарлықтан тазартады.
Жүректі кір шалса, ол жерге иман ұяламайтыны белгілі. Шын мәнінде Жаратушыға жақындататын амалдардың бірі – Алла жолында дүние жұмсау. Хақ Тағала жақсылық жолында шынайы ниетпен дүние жұмсаған адамның байлығына береке нәсіп етеді.
Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ризық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) делінген.
Құрбан шалудың қоғамға тигізер пайдасы да ұшан-теңіз. Сол үшін асыл дініміз жағдайы келген мұсылманға құрбан шалуды міндеттеген. Тіпті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шамасы жете тұра құрбан шалмаған жан намаз оқитын орнымызға жақын да жоламасын!» – деп қатаң ескерткен. Иә, байдың малында кедейдің ақысы бар. Қара суды қанағат тұтып жүрген жандар мейрам күндері ет жеп, мәз-мейрам күй кешеді.
Құрбан айт – бай мен кедейдің арасына мейірімділік сезімдерін сыйлайтын сәт. Расында айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Ұлы Аллаға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі.
Жаратушыға иман келтірген үмбеттің әрбір ғибадаты, құлшылығы, тіршілігі Алла Тағалаға бойсұнушылыққа, шынайы тақуалыққа негізделген. Хақ Тағала Құран Кәрімнің «Әнғам» сүресінде былай деп бұйырды: «Шын мәнінде, менің намазым да, құлшылығым да, тіршілігім де, өлімім де әлемдердің Раббысы Алла үшін» деп айт. Сондықтан да мүміннің қуанышы, мерекесі де Жаратушымен бірге, Раббысының әмір-тыйымын орындау арқылы болады.
Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман үмбетін таныған адамға да, танымаған жанға да ас беруді, оған қайырымдылық жасауға үндеген. Шын мәнінде Құрбан айт ренжіскен кісілердің көңілін жібітеді. Құрбан айт қоғамда әлеуметтік мәселелерді шешуге оң ықпал етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жыл сайын Құрбан айт мейрамы кезінде жомарт жандардың көмегінің арқасында мыңдаған тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға, жетімдерге, қараусыз қалған қарттарға, жалғыз басты аналарға, жалпы көмекке мұқтаж жандарға құрбандық етін үлестіріп келеді. Имамдарымыз Құрбан айт күндері қоғамға қайырымдылық істерді дәріптеуге барынша үлес қосуда.
Құрбан айттың негізгі мәні – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық, қанағат сынды адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру екенін естен шығармаған абзал. Алланың рақым нұры төгілетін айтта жұртымызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік.
Алла Тағала еліміз бен жерімізге берекесін жаудырып, шалған құрбандықтарымызды, берген садақаларымызды, айт күндері амалға асырған әрбір игі істерімізді қабыл еткей. Әумин!
ДІНИ МЕРЕКЕЛЕР
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ
«Иман» журналы
18.05.2026
126
0 пікір
+7 7172 999 866
Астана қаласы, Қарасаз к-сi, 3
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру