Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ХАДИСТЕГІ ОРНЫ

Ислам МАРАТҰЛЫ Мұнара газеті 06.05.2026 44 0 пікір
ӘБУ ХАНИФАНЫҢ ХАДИСТЕГІ ОРНЫ

Имам Әбу Ханифа – Ислам әлеміндегі сүнниттік танымал төрт мәзһабтың бірі саналатын ханафи мәзһабының іргетасын қалаған ғалым. Ол һижраның 80 жылында (миләди 699 жылы) Ирактың Куфа қаласында дүниеге келіп, 150 жылы (миләди 767 ж.) 70 жасында Бағдат қаласында көз жұмған.

Ол  «Әбу Ханифа» деген лақап есіммен танымал болған. Ғалымның Әбу Ханифа деп аталу себебіне бірнеше деректер келтіріледі.
Әбу Ханифа «Ханиф» ислам дініне шынайы беріліп, соның жолымен жүрген, яғни «Діннің әкесі» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар «ханиф» сөзі парсыларда сол кезде сия сауыттың аты болған деседі. Имам Ағзам сол кезде сия сауытын жанынан бір елі тастамайтын еді. Кейбір деректерде имам Әбу Ханифаның «Ханифа» атты қызы болған. Соның құрметіне Ханифаның әкесі деген мағынада «Әбу Ханифа» деп аталғандығы айтылады.

Имам Ағзам Әбу Ханифаның өзін ілімге арнауы, өмірін ілім үйренумен және оны  басқаларға үйретіп, шәкірт тәрбиелеумен өткізуі, осы жолдағы шынайы ниеті мен қажырлы еңбегі ол кісінің Ислам тарихында есімі алтын әріптермен жазылуына себеп болды. Имам Шафиғи (Алла оны рақымына алсын) Әбу Ханифа жайында: «Адамдар фиқһ ғылымында Әбу Ханифаға қарыздар. Кімде-кім Әбу Ханифаның кітаптарын оқымаса, ғылымға бойламағаны және фиқһ ғалымы болмағаны», – дейді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа – Ислам дінінің қайнар көздері Құран мен хадис ілімін терең меңгерген ғалым. Ол төртінші халиф Хазіреті Әлидің (Алла оған разы болсын) дәуірінде мұсылмандардың астанасы болған әрі уақыт өте келе ислам ілімдерінің ошағына айналған Куфа қаласында туып, сол жерде білім алды. Ол сонымен қатар ілім үйрену жолында қасиетті Мекке қаласына бірнеше мәрте сапар шекті.

Имамның шәкірті Әбу Юсуфтың (оны Алла рақымына алсын) айтуы бойынша: Әбу Ханифа он алты жасында әкесімен бірге Исламның бес парызының бірі – қажылықты өтеуге жолға шығады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) мешітін зиярат етіп, Мәдина қаласына да барады. Сонда айналасына адамдар топталып алған бір қарт  кісіні көзі шалған кішкентай Нұғман әкесінен әлгі қарт кісінің кім екендігін сұрайды. Әкесі: «Бұл Алла елшісін көрген сахаба. Аты-жөні Абдулла Жузу әз-Зубәйди» деп жауап береді. Әбу Ханифа: «Оның қандай артықшылығы бар?» деп тағы сұрайды. Әкесі: «Ол Пайғамбарымыздан (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) хадистерді естіп-білген», - дейді. Әбу Ханифа қасына апаруын әкесінен өтінеді. Әкесі кідірместен айтқанын істейді, топты жара әлгі сахабаға жақындатады. Әбу ханифа әлгі сахабадан мынадай хадис естіп көкейге тоқиды: «Кімде-кім Алланың дінінде ғалым болса (фақиһ) Алла оның қайғы-мұнын жойып, күтпеген жерден несібесін береді».

Сенімді деректерде Әбу Ханифаның хадис үйренуге қатты әуес болғаны туралы мәліметтер көп. Мысалы, әйгілі ғалым әз-Зәһәби «Сияр ағлам ән-нубәлә» атты еңбегінде Әбу Ханифаның Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбардың хадистерін үйренуге көңіл бөліп, осы мақсатта бірнеше мәрте сапарға шыққандығын жазады. Ол аталмыш еңбегінде Әбу Ханифаның хижра жыл cанағының 100-жылынан бастап, бұл мәселеге ерекше ден қойғанын айтып өтеді.

Оның мүжтәһид ғалым екенін оны жақтаушылар да, оған сыни көзқараста болған ғалымдар да мойындаған әрі куәлік еткен. Сондықтан, оның кейінгі буынға қалдырған фиқһ іліміне қатысты мұрасы Ислам дінінің қайнаркөзі Құран мен сүннетке негізделеді деп нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Соның бір айғағы ретінде «Муснадул-Имам Әби Ханифа» атты хадис жинағын айтуға болады. Бұл – Ханафи фиқһының қайнаркөзі болып табылатын хадистерді қамтыған құнды еңбек.

Суфиян ибн Уяйнә (Алла оны рақымына алсын): «Мені хадис ғылымына бағыттаған және мені хадис маманы еткен Әбу ханифа еді» деп, Оның хадис ғылымындағы басшылығын да тілге тиек етсе, Абдулла ибн әл-Мүбәрак (Алла оны рақымына алсын): «Егер хадис белгілі болып, оған байланысты бір ой-пікір керек болса, онда Мәлик пен Суфиян және Әбу Ханифаның пікірі дайын тұратын еді. Ал Әбу Ханифа – олардың ішіндегі ең зерегі, фиқһта терең бойлағаны, үшеуінің ішіндегі фиқһты да терең білетіні сол еді», - деген.

Ұбайдулла ибн Амр әр-Раққи (Алла оны рақымына алсын): «Біз Әғмаш пен Әбу Ханифаның жанында отырғанымызда, біреу Әғмаштан бір мәселе туралы сұрап еді, Әғмаш: «О, Нұғман! Пәтуасын бер», – деді. Сөйтіп Әбу Ханифа оның пәтуасын беріп еді, әлгі кісі: «Мұны қайдан алдың?» – деп сұрады. Сонда Әбу Ханифа: «Өзіңіз келтірген хадистен алдым» – деді. Сонда Әғмаш: «Сендер – дәрігерсіңдер, ал біз – дәріханамыз», – деп айтты.

Әбу Яхия әл-Химмани (Алла оны рақымына алсын) былай дейді: «Мен Әбу Ханифаның былай дегенін естідім: «Түсімде Пайғамбардың (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) қабірін қазып жатқанымды көрдім. Сөйтіп Басраға барып, бір кісіні Мұхаммед ибн Сиринге осы түсті жоруын сұрауды тапсырдым. Сонда Ибн Сирин: «Бұл – Алла Елшісінің (оған Алланың салуаты мен сәлемі болсын) хадистерін тарататын адам», – деді». Басқа бір риуаятта: «Бұл – пайғамбарлықтың ілімін таратып жүрген адам», – деп келген.

 Хатиб әл-Бағдади (Алла оны рақымына алсын) «Тариху Бағдад» кітабында былай деп келтірген: «Сағид ибн Сәлим әл-Басри былай дейді: Әбу Ханифаның: «Атоны Меккеде көріп, одан бір мәселе туралы сұрадым. Сонда ол: «Сен қай жерденсің?» – деп еді, мен: «Куфа еліненмін», – дедім. Ол: «Сен діндерін бөлшектеп, топ-топ болған жерденсің ғой?» – деп еді, мен: «Иә» – дедім. Ато: «Сен қай топтансың?» – деді. Мен: «Бұрынғыларға тіл тигізбейтін, тағдырға иман келтіріп, ешкімді күнәсі үшін кәпір демейтін топпын», – дедім, Ато маған: «Жақсы біледі екенсің, осы жолыңнан тайма!» – деді».

 Хакім Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген өсиетті сөзіне сай, біз де имам Әбу Ханифаның (оны Алла рақымына алсын) тағылымға толы ғұмырын өзімізге үлгі етіп, артында қалған мол білім мұрасын терең танып, ықыласпен оқып, оны өмірімізде жүзеге асыруға бар ынта-ниетімізді салуымыз қажет.

Ислам МАРАТҰЛЫ,

ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің маманы

Мұнара газеті, №3

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру