Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРАН ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

Арман Қуанышбаев muftyat.kz 11.08.2023 4704 0 пікір
ҚҰРАН ЖӘНЕ ТАБИҒАТ

Табиғат – тіршілік атаулының құтты қонысы, жер бетіне көрік беріп тұрған Алланың жаратылысының бірі. Айналамызға көз салсақ, кездейсоқ болуы мүмкін емес керемет сұлулықты, үйлесім мен ерекше жүйені байқаймыз. Алла Тағала Құранның «Фатиха» сүресінің 2-аятында: «Әлемнің Раббысы Аллаға мақтаулар болсын», – деп Өзінің бүкіл жаратылыстың, әлемдердің Иесі екенін айтқан. Ал табиғатты біздің пайдалануымыз әрі ғибрат алуымыз үшін жаратқан.

Алла Тағала Құранда: «Сондай-ақ көктер мен жерді және олардың арасындағыларды алты күнде жараттық әрі (одан) Бізге еш шаршау болған жоқ» («Қаф» сүресі, 38-аят), – деген. Алла Тағала бұл әлемді жаратып қана қоймай, оны ерекше сұлу, көркем еткен. Құран Кәрімде жаратылыс туралы айтылған аяттардың бірінде: «Адамдардың қолымен істегенінен (күнәларының кесірінен) құрлық пен теңізде бүлік (апаттар, кесел-кесапаттар) пайда болды. (Ондай апаттар) олардың істегенінің бір бөлігін (жазасын) татуы үшін (пайда болды)! Бәлкім, олар (тәубеге) қайтар» («Рум» сүресі, 41-аят). Тәпсір ғалымдары бұл аяттағы «бүлік» сөзі адамдардың күнәсі мен қарсылығының кесірінен қуаңшылық, өрт және селдің салдарынан көбейіп, берекенің жоғалып, зиянының көбеюі деген. Өйткені жер мен көктің түзелуінің адамдардың бағынуына қатысы бар.

Құранда экологиялық жауапкершілік пен табиғатқа қамқорлық туралы да айтылады. Алла Тағала: «Жер түзетілгеннен соң, жер бетінде бұзақылық жасамаңдар. Алладан қорқып, Оның мейірімінен үміт етіп Оған дұға қылыңдар»,– деген («Ағраф» сүресі, 56-аят). Бұл табиғатты қорғау, оған зиян келтірмеу керектігін білдіреді. Өйткені адамзат қоршаған ортасыз, табиғатсыз өмір сүре алмайды. Алланың мейірімен адам баласы табиғатты пайдаланып, өз қажеттілігін алады. Сондай-ақ Алла Тағала Құранда табиғаттың даналықпен жаратылғаны жөнінде былай дейді: «...Ақиқатында, осыларда, сөзсіз, түсінетін адамдар үшін жер бетінде белгілер бар» («Рағыд» сүресі, 4-аят). Бұл табиғаттың бізге ұсынатын сабақтары мен даналығына көз жеткізу үшін оны зерттеп, түсінуіміз керек екенін көрсетеді.

Құранда табиғат Алланың мейірімі мен құдіретінің белгісі екені айтылады. Алла Тағала былай дейді: «Жерді жемісті ету үшін сендерге көктен жаңбыр жаудырды, одан сусын берді және сол арқылы мал жаятын өріс шығарды» («Нәхл» сүресі, 10-аят). Бұл – Алланың мейірімі. Адамзаттың игілігі үшін барлығын жаратқан Аллаға шүкір етуімізді еске салады.

Табиғатқа жанашырлықпен қарау – құлшылық әрі үлкен сауап. Алла Тағала адам баласын жер бетін көркейтуге, түрлі бүлінуден қорғауға шақырады. Шариғатта табиғи байлықтарды пайдаланудың өз ережесі мен заңдылығы бар. Құранның талабы бойынша, табиғатты пайдаланудың ең маңыздысы – ысырап етпеу және шектен шықпау. Алла Тағала Құранда: «Ішіп-жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер», – деп әмір етеді. Ысырап және табиғи байлықтарды оңды-солды шашу – жаратылыс заңдылығына қайшы. Өйткені Алла өлшеп, белгілі дәрежеде жаратқаны жөнінде «Қамар» сүресінің 49аятында: «Шын мәнінде әр нәрсені бір өлшеумен жараттық», – дейді. Табиғи байлықты шектен тыс пайдалану әлемдік тепе-теңдікті бұзады. Сондай-ақ қоршаған ортаны бүлдіріп, зиян тигізу де экологиялық апаттарға алып келетінін ұмытуға болмайды.

Құранда табиғаттың Алланың бірлігі мен хикметінің белгісі екені айтылады. Алла Тағала Құранда: «Өздерің көріп жүрген көкті ешбір тірексіз жаратқан – Алла. Сосын Аршыны меңгерді. Және күн мен айды бағындырды», – дейді («Рағыд» сүресі, 2-аят). Аятта көктің ешбір тіреусіз Алланың құдіретімен тұрғаны айтылады. Бұл да – осыны жаратқан, бар еткен хикмет иесі болған Алланың бар екенінің бір дәлелі. Жаратушы Иеміз күнді де, айды да пенделеріне пайдалы етті. 

Құранда табиғатты қорғау және қалпына келтіру қажеттігін де атап өтеді: «Жер бетіндегі қандай да бір жануар не қос қанатты құстар; (барлығы да) өздерің (уа, адамдар) секілді үмбеттер» («Әнғам» сүресі, 38-аят). Алла Тағала «Уақиға» сүресінің 63-аятынан бастап егін, ағаш, су жайлы айта келіп 82-аятта: «Расында берген ризыққа шүкір етудің орнына оны жасынға шығарасыңдар ма?» – дейді. Бұл аяттар – Алланың жалғыз дара екеніне және құдіретіне дәлел. Табиғатты қорғау және қалпына келтіру қажеттігін айтып, қоршаған ортаға қатысты бағыт-бағдар береді. Бұл бағыт-бағдарлар адамдарға табиғатты сақтау мен қорғаудың мүмкіндіктері мен жолдарын түсінуге, оның берген мүмкіндіктеріне ризашылық білдіруге, өсімдіктерді қорғау мен қамқорлық жасауға бағытталған. Себебі нығметке шүкірлік ету оны сақтаумен, қорғаумен және
аялаумен іске асады.

Қорыта айтқанда, Құран мен табиғат бізге құлшылық пен шүкірлік туралы сабақ береді. Жаратқанның разылығы үшін жаратқанына шүкірлік етіп, табиғатқа зиян тигізбей пайдалануымыз керек. Табиғат Алланың хикметінің, бірлігінің белгісі екенін ұмытпайық!

 

Арман ҚУАНЫШБАЕВ,

РАНТ мүшесі

«Иман» журналы, №7, 2023 жыл  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру