Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ МЫҚТЫ

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ "Мұнара" газеті 22.08.2022 1969 0 пікір
БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛ МЫҚТЫ

«Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде – дау бөлек» деп бірлігі бекем елдің сәні айрықша екенін жырлап кеткен Төле би бабамыздың бұл сөзі бүгінгі бізге ұран болмақ.

Асылында, туған елдің ынтымағы мен бірлігін, тыныштығы мен тәуелсіздігін бейбіт күнде өмір сүрген қазіргі ұрпақтан, түрлі майдан мен жорықтан, соғыс пен сұрапылдан көз ашпаған алдыңғы ата-бабаларымыз тереңінен ұққан. Ұғып қана қоймай, ел мен жердің қадіріне жете біліп, Отанды сүюдің шын үлгісін көрсетіп кетті.

Бүгінгі таңда азат елдің таңы арайлап атуы үшін батырларымыз секілді басты бәйгеге тігіп, соғыс майданында жүру міндет емес. Қазір елдіктің ертеңі – бірлігі бекем һәм білімі мықты ұрпақтардың қолында. Заман – оқығандікі. Надандықпен өткен тарихыңды, туған тіліңді, дәстүрлі дініңді, саралы салт-ғұрпыңды білмесең «бірлік», «береке» деген ұғымдардың мәні тұрмақ, мағынасын білмей өтпекпіз. Өз ұлтын тереңінен танып, оны шынайы сүюге ұмтылғанда қоғамның ынтымағы үшін бас біріктірудің шын үлгісін көрсете алмақпыз.

Қазыбек би бабамыздың «Бірлігі кеткен ел жаман, ерегісіп өткен ер жаман» деген нақылын еске алсақ, ауызбіршілігінен айрылған жұрттың жамандықтан өзге табары жоқ. Ал тиісінше ынтымағы жарасқан елдің бақыты базарлы, қоғамы ажарлы болмақ. Осы тұста бабалар ғұмырынан бір оқиғаны мысал етсек.

Қазығұрт тауының баурайында өткен ас-тойдан Түркістанға қайтып келе жатқан Төле би, Есейхан би бастаған бір топ игі жақсылар жолда Қарабас өзенінің бойындағы сазда бие байлап отырған Досай би ауылына ат басын бұрады. Аталас, ағайын би, болыстар бірер күн қона жатып, ел жағдайынан біраз әңгіменің басын қайырады. Ел арасындағы кикілжің жанжал, кейбір бозбалалардың жағымсыз мінездерін естігенде Төле би былайша термелепті:

Арғымақ баптап не керек,
Жабы қуып жеткен соң.
Ағайын-туған не керек,

Аңдысып күні өткен соң.
Бес күн жалған өтеді,

Ажал қуып жеткен соң.
Бір төбенің басына,

Тыға салып кеткен соң.
«Сөйле, Төле» дейсіздер,

Жастар барма тыңдайтын?
Бұрынғыдай жұрт кайда,
Айтатын оны біз қайда?..

Сол жолы Төле би өзінің Тұрсынбай, Құттыбай дейтін батыр жігіттеріне қарап былай депті дейді:

– Асып тусаң Керей бол,

Үш қазакқа мерей бол.
Уақ болсаң Шоға бол,

Даулы істе жорға бол.
Арғын-Қыпшақ болсаң Алтай бол.
Найман-Қоңырат болсаң Матай бол,

Байұлы болсаң Адай бол,
Үйсін болсаң Ботбай бол,
Бұл алтауы болмасаң,

Қалай болсаң солай бол? – деп араздасып, алауыз болған ауыл ішін сабасына түсірген деседі.

Адамзатты өзге жаратылыстардан абзал етіп жаратқан Жаратушының пенделеріне насихатының бірі – береке мен бірлікте екенін қасиетті Құран Кәрімдегі «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» деген «Мәида» сүресінің 64-аятынан аңғаруға болады. Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз үмметін әрдайым ынтымақ пен мейірімділікке, қоғамның тұтастығын сақтауға шақырып: «Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы Ислам жібін үзгенмен тең» (Тирмизи, Әдеп 78) деген. Яғни жоғарыдағы аят-хадистерден асыл дініміздегі ең қасиетті ұғымдардың қатарына ел тыныштығы мен берекесі кіретінін әрі басты назарда екенін аңғару қиын емес.

Әлемдегі қандай жасампаз ел болсын, тарих қойнауында ұрпағымен мәңгі жасап, өзінше бір із қалдыруды мақсат тұтады. Ал осы биік мақсаттың алтын қақпасы – әлбетте тұтастық, бірлік, жұмыла білген халық. Бұл ұғымдарды қалай бойға сіңіріп, өскелең ұрпаққа бере алу керекпіз десек, өзге жұрттан жол іздеудің қажеті жоқ. Себебі өз тарихымыздағы тау тұлғаларымыз оны әуелден-ақ іспен де, күшпен де, ақылмен де, даналықпен де бізге қалдырып кетті. Сол ұлы тұлғаларымыздың бірегейі Бұқар жырау бабамыздың екі жол нақылын көкірекке түйіп алсақ, мың жылдық насихат болмақ деп ойлаймын: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жаныңнан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін». Алла Тағала еліміздің тұғырын биік етіп, ынтымақ-берекемізді баянды еткей!

 

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы

«Мұнара» газеті, №15, 2022 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру