Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ПАРАҚОРЛЫҚ – ДЕРТ, КҮРЕСУ – МІНДЕТ

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ muftyat.kz 22.11.2021 5863 0 пікір
ПАРАҚОРЛЫҚ – ДЕРТ, КҮРЕСУ – МІНДЕТ

Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Сондықтан бұл тақырып үнемі терең зерттеуді, белсенділікті және оған қарсы тұруды қажет етеді.

Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық. Сол себепті алдымен пара берудің себептері мен пара алудың жағдайларын зерделеп, оны түп-тамырымен жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. Пара беру де, пара алу да – пайдалы іске жатпайды, керісінше дінімізде ауыр қылмыс саналады. Асыл дініміз Исламдағы жетпіс үлкен күнәнің бірі – осы жемқорлық.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Араларыңдағы малды (дүниені) жаман жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар», – деп («Бақара» сүресі, 188-аят) ескерту жасаған. Мұның мағынасы «Би мен қазыларға мал-дүние ұсынбаңдар. Дүние беріп, олардың көңілін табуға, пара беріп, біле тұра өзгеге тиесілі мүлікті, игілікті қолды етпеңдер» дегенді білдіреді.

Жемқорлық пен парақорлық Құранда харам және қылмыс ретінде көрсетілген. Олар жайлы Алла Тағала «...өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер...» («Мәида» сүресі, 42-аят) делінген. Бұл аятта пара алып, арам табыспен күнелтетін яһудилер жайында баяндалады.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да өзінің  хадистері арқылы да парақорлыққа тыйым салған. Сахаба Абдулла бин Амрдың (оған Алла разы болсын): «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пара берушіні және пара алушыны қарғыс еткен», – деген риуаяты бар (Әбу Дәуіт, Термизи).

Сыбайлас жемқорлықпен күресте дін қызметкерлерінің де көмегі зор. Дін қызметкерлерінің адамгершілігі мен беделі халықтың сенімін нығайтуға үлкен үлес қоса алады. Себебі қазіргі таңда еліміз бойынша мешіттерде сыбайлас жемқорлықтың дінімізге жат нәрсе екені үнемі насихатталып келеді. Атап айтсақ, жыл басынан бері сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға байланысты ҚМДБ Ақтөбе облыстық өкілдігінде 30 шара өтті. Жемқорлық туралы 2 видеоролик түсіріліп, өңір бас имамының тікелей қатысуымен 6 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ақтөбе облысының мешіттерінде параға байланысты 22 рет жұма намазында уағыз айтылды.

Ислам ғұламалары бірауыздан пара алудың харам екенін мақұлдаған. Тіпті алдын ала шарт етіп берген сыйлық та пара болып есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, мүміндер! Алла Тағаладан қорқыңдар. Әркім ертеңі үшін не жібергеніне қарасын. Алла Тағаладан қорқыңдар. Шәксіз Алла Тағала не істегендеріңді толық біледі. Сондай-ақ Алланы ұмытқан, Алла Тағала оларға өздерін ұмыттырған кісілер тәрізді болмаңдар. Міне, солар – бұзақылар» дейді («Хашр» сүресі, 18-19 аяттар). Осыдан-ақ парақорлықтың қоғамның баяндылығын бұзатын індет екенін түсінуге болады. Өйткені пара жүрген жерде әділетсіздік орнап, адам мен қоғам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.

Пара берудің шариғатта үкіміне тоқталсақ. Біріншіден, пара алу мен пара беру және параға дәнекерлік жасау – харам. Сол себепті пара жолымен табылған табыс та харам болып саналады.

Екіншіден, пара ретінде берілген мүлікті не сыйлықты алу харам болғандықтан, оны иесіне қайтарып беру – міндет. Егер алынған зат табылмаса, сол заттың құнына тең басқа зат қайтарылады. Егер мүліктің (параның) иесі табылмаған жағдайда, мұқтаж жандарға таратылады.

Қорыта айтқанда, жемқорлыққа қарсы күрес – әр азаматтың міндеті. Ол үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, ең алдымен азаматтардың бойындағы әділдік, инабаттылық сияқты моральдық қасиеттерді барынша дамыту қажет. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының «Кеселді жалқау, қылжақбас, Әзір тамақ, әзір ас. Сыртың – пысық, ішің – нас, Артын ойлап ұялмас» деген өлең жолдарын әр адам өмір сүру қағидасының басты ұстанымы ретінде қабылдап, әр отбасы осы мәселеге аса мән бергені абзал.

 

Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ,

Ақтөбе облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру