Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Өмірзақ БЕКҚОЖА muftyat.kz 01.10.2021 1824 0 пікір
АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА МІНДЕТ

Жер бетіндегі әрбір халықтың бойында оны өзгелерден даралап тұратын, өзіне ғана тән қасиеттері болады. Біздің халқымыздың сондай ерекшеліктерінің бірі – үлкенді сыйлай отырып, оның сөзіне құлақ асу, кішіпейілділік таныту.

Қарттарымыз да жасына лайық сөзі дуалы, әрекеті берекелі, ісі тәрбиелі, ойы терең, ақылы дариядай болып келеді. Ұрпақтың ертеңгі күнінің бүгінгі күнінен асып түсуіне ықпал етіп, қоғамды алға қарай жетелеуші де – осы қариялар мен ардагерлеріміз. Соның ішінде қоғамның рухани және адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруда соғыс және еңбек ардагерлерінің батырлығы мен ерліктерін келер ұрпаққа насихаттау және өнегелерін үлгі тұту – баса назар аударарлық мәселе.

Ел мүддесін биік қоятын, өзінен кейінгі ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір қауымға бас-көз бола білген ардагерлеріміздің біз үшін орны ерекше. Асыл дінімізде қарияларға құрмет көрсету, үлкенді сыйлау мұсылман үмбетіне міндеттелген.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде: «Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетпеген – бізден емес», – деген. Дана халқымыз үлкенге қарап бой түзеген. Алдыңғы буыннан үлгі ала отырып, соларға ұқсап бағуға тырысқан. Әлі күнге осы ізет-иба ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, алдымен үлкендерге жол беріп, батасын алуға тырысып келеміз.

Төл тарихымызға зер сала қарасақ, қай кезеңде де қазыналы қариялар мен абзал ардагерлердің елді бірлік пен адал еңбекке жетелеп отырғанын байқаймыз. Қариялар ел ішіндегі дауды да әділ шешіп, ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын ұстанып, көпке үлгі көрсеткен. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде одан әрі дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан. Сондықтан біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуі тиіс деп есептейміз.

Алапат соғыстағы жеңістің бізге қалай келгенін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген соғыс және тың ардагерлеріне ұдайы қамқорлық көрсету – біздің парызымыз. Бүгінгі бейбіт ғұмырымыз бен бақытты болашағымыз үшін қадірлі ардагерлерге алғысымыз шексіз.

Ардагерлеріміздің қайсарлығы, жігерлігі, Отанға деген сүйіспеншілігі, келешек ұрпақ үшін қалдырған қасиеттері – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын игілік. Өйткені Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесімізді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат ету.

Бүгінгі таңда ардагерлерге қамқорлық көрсету мемлекет тарапынан да, мешіттер тарапынан да оң жалғасын тауып жүр. Ардагерлерімізді ардақтау арқылы ұлт болып ұйысудың жолына нық қадам басып отырмыз.

Расында ардақты да абыройлы ардагерлеріміз, қадірменді қарияларымыз ұлттық ұлағатымыздың, текті тіршілігіміздің, салт-дәстүріміздің темірқазығы іспетті. Қазақы қалпымызды сақтап, қасиетін жаңғыртып отырған  қарияларымыз мол. Ендігі жерде солардың өмірлік мол тәжірибесі мен үлгі-өнегесін замана талабына сай ұрпақ тәрбиесінде ұтымды пайдалана білуіміз қажет.

Біз – ерлікті ежелден енші тұтқан, елдікті ту етіп көтерген, ұрпақтар сабақтастығын парасатпен ұстанған елміз. Сондықтан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету бағзыдан қалыптасқан. Үлкенге ізет көрсеткен дана халқымыз «Қариясы бардың – қазынасы бар» деген қанатты сөз қалдырған. Бұл – үлкенін ізеттейтін, кішісін құрметтейтін елге ғана тән қасиет.

 

Өмірзақ БЕКҚОЖА,

Қарағанды облысының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі