Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ІЗГІ АМАЛДЫҢ ИГІЛІГІН БІЗ ДЕ КӨРДІК

Айдос Жамбылұлы muftyat.kz 18.08.2021 3740 0 пікір
ІЗГІ АМАЛДЫҢ ИГІЛІГІН БІЗ ДЕ КӨРДІК

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өзінің 30 жылдық тарихында халықтың рухани қажеттілігін өтеумен қатар, қоғамда қайырымдылық іс-шараларға ұйытқы болды. Әлі де игі іс-шаралар жалғасын табуда. Діни басқарманың сауапты істері мұсылман жамағаты мен жалпы халық тарапынан үлкен қолдау тауып келеді.

2020 жылы Бас мүфти лауазымына сайланған Наурызбай қажы Тағанұлы пандемиялық жағдай кезінде халыққа рухани әрі мүмкіндігінше материалдық тұрғыда қолдау көрсетіп, қайырымдылық істердің бастамашысы болды.

Бас мүфти өткен жылы еліміздегі пандемия кезінде 221 093 отбасыға азық-түлік үлестіруге қолғабыс етті. Игі іске еліміздің әр аймағында мешітте қызмет етіп жатқан имам-молдалар мен «Зекет» қорының өкілдері үлкен үлесін қосты. Қасиетті Рамазан айында республика бойынша еріктілердің көмегімен үй жағдайында ораза ұстаған 120 113 адамға ауызашар асы жеткізіліп, жекелеген 3 190 адамға қаржылай көмек көрсетілді. Карантин кезінде 255 оттегі концентраты мен түрлі дәрі-дәрмектер 100-ге жуық емханаға жеткізілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлын ресми қабылдау кезінде Діни басқарманың ізгі іс-шараларына жоғары баға берді. Имамдар форумына құттықтау хатын жолдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Діни басқарма егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға атсалысып келеді. Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі исламды дамытуға зор үлес қосуда. Биылғы пандемия кезінде Діни басқарма көптеген қайырымдылық шарасына ұйтқы болды. Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса маңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқаруда» деп атап өтті.

Біз де мешіт қызметкері ретінде Бас мүфти бастаған сауапты істерге үлес қосу мақсатында Bionet BM3 аппаратын алып, Маңғыстау облыстық ауруханаға табыстадық. Аталған аппарат жансақтау бөліміне түскен науқастар үшін ең қажетті құралдың бірі болғандықтан оны сатып алуға және облыстық ауруханаға табыстауға шешім қабылдадық. Ізгі ниетіміздің нәтижесінде Bionet BM3 аппараты ауруханаға жеткізілді.

Облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Сағат Бітімов осы аппараттың көмегімен қаншама тұрғынды ауыр науқастан арашалап алғанын айтып, дін қызметкерлеріне алғысын жаудыруда. Осы ретте игі іске үлес қосқан барша азаматқа ризашылық ниетімізді жеткіземіз. Жақсылықтың басы-қасында болған Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар қажы Ізімбайұлына да ризашылық ниетімізді білдіреміз. Алла разы болсын!

Халқымызда: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген жақсы сөз бар. Жуырда осы сөздің негізгі мәні мен мағынасын терең түсінгендей болдым. Алланың қалауымен Bionet BM3 аппараты арқылы нағашы ағам ауыр науқасынан айықты. Өзіміз сатып алған аппараттың көмегі күндердің күнінде өзімнің нағашы ағама тиеді деген ой мүлде санамызға келмепті. Бұл аппараттың игілігін туысымыз да көрген кезде «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» деген мақал санамда қайта жаңғырды. Аллаға шүкірлер мен мадақтар айттық.

Мына өмірде әр адам өзінің жақсы көрген нәрсесімен сыналады. Алайда мұсылман үшін Алланың разылығы барлық нәрседен жоғары тұруы тиіс. Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұмсамайынша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақсылыққа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) дейді.

Алла жолында жақсы көрген нәрсемізді жұмсасақ, Хақ Тағала бізді бір сынақтан құтқарады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінің бірінде садақа бәлекеттен құтқаратыны айтылады. Былай айтқанда, садақа жамандықты жояды. Асылында, садақаға алушы емес, беруші адам мұқтаж. Өйткені, адам баласы садақа беру арқылы өзіне келетін қауіптен құтылады. Осылайша, жамандықты жойып, жақсылыққа қадам басады.

Алла үшін берілген садақа ешқашан кемімейді. Керісінше, мұсылманның мүлкі мен дүниесінің берекесі артады. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис шарифінде: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде садақа беру үшін қолын созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» деген.  

Алла жолында берілген садақа пенденің қате-кемшіліктері мен күнәсінің кешірілуіне себепші болады. Әз Пайғамбар айтқандай, су отты қалай сөндіретін болса, садақа да күнәларды солай өшіреді. Садақа беру адамдар арасында мейірімділік, қайырымдылық, сүйіспеншілік сынды ізгі қасиеттерді арттырады.

Алла Тағала елімізден, жер бетінен жұқпалы індетті жойып, науқастарға шипасын беріп, жақсы күндерде жолығуды нәсіп еткей. Алла разылығы үшін шын ниетпен берген садақамыздың сауабы артып, игілігін көрейік. Әмин!    

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Жаңаөзен қалалық

мешітінің наиб имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру