Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ АЗАМАТТАРЫ (ФОТО)

muftyat.kz 28.06.2021 4709 0 пікір
АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ АЗАМАТТАРЫ (ФОТО)

28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Бұл күн ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімі үшін жат емес. Себебі бұл бөлімде сайдың тасындай іріктелген БАҚ қызметкерлері жұмыс істейді. Төл мереке қарсаңында осы азаматтарды жалпы оқырманға таныстырып өтуді жөн санадық.

Марат Дәлелханұлы. Діни басқарманың ең ауқымды Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі. Бұл бөлім 2020 жылдың ақпан айында құрылды. Бүгінгі таңда бөлім ақпарат таратудан бөлек, дінді жаңа форматта жеткізудің барлық амалын жасап келеді. Бөлімге «Халық арна» телеарнасы, Ғаламтормен жұмыс секторы, «Хикмет» студиясы қарайды. Бөлімнің жұмысы негізінен ҚМДБ-ға қарасты «Muftyat» медиа орталығында атқарылады. Марат Дәлелханұлы бүгінде осындай үлкен бөлімнің көшін алға сүйреп, үйлестіріп келеді.

Ағабек Қонарбайұлы. ҚМДБ Баспасөз хатшысы. ҚМДБ жаңалықтары мен қызметінің бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуы үшін жанын салады. БАҚ беттерінде жарық көрген асыл дінімізге қатысты жарияланған материалдарды сараптап отырады. Одан бөлек Діни басқарма атынан түрлі мәлімдемелер жасайды. Баспасөз мәслихаттарын ұйымдастыру, БАҚ-тардағы хабарларға дін қызметкерлерін қатыстыру секілді жұмыстарды Ағабек атқарып келеді. Бос уақытында футбол, үстел теннисін ойнайды.

Серікбол Хасан. Ғаламтормен жұмыс секторының жетекшісі. Діни басқармаға қарасты сайттар мен әлеуметтік желілердің жұмысын үйлестіреді. Әр сәрсенбі сайын дін және руханият саласындағы танымал тұлғалармен сұхбаттасып, «Сәрсенбілік сұхбат» жүргізеді. Одан бөлек «Мұнара» газетін шығарысады. Серікболдың сүйікті тақырыбы – көне суреттер мен белгісіз тұлғаларды зерттеу. Одан бөлек балаларға арнап өлеңдер жазады.

Ерболат Айтбайұлы. «Хикмет» студиясының жетекшісі. «Қазақ» радиосы арқылы әр жұма сайын тыңдарманға жол тартатын «Ықылас» радиохабарының редактор-жүргізушісі. Діни басқарманың қызметкерлері «Ықылас» радиохабары арқылы еліміздің түпкір-түпкіріне асыл дініміздің насихатын жеткізіп келеді. Ерболат – кітаптың жанашыры. Кітап десе, ішкен асын жерге қояды.

Еркін Шәкірұлы. Былайғы көрермен Еркінді «Қазақстан» арнасынан шығатын «Таңшолпан» таңғы бағдарламасы арқылы жақсы таниды. Бүгінде «Хикмет» студиясында қызмет етеді. Діни басқарманың «Халық арна» телеарнасынан көрерменге ұсынылатын «Иман шуағы» бағдарламасының редактор-жүргізушісі. «Иман шуағы» бағдарламасы арқылы көптеген дін қызметкерлерімен сұхбаттасып, сүбелі сөзін көрерменге жеткізіп келеді. Еркіннің сүйікті ісі – футбол ойнау, саяхаттау.

Қайсар Тұрлыбеков. Тек бөлімге емес, Діни басқармаға еңбегі сіңген оператор-фотограф. Мүфтияттың бүкіл игі шараларын бастан-аяқ суретке түсіріп, тарих қойнауына енгізіп келеді. Қайсар – фото мен видео материалдардың нағыз маманы. Өзі режиссер, өзі оператор, өзі монтаждаушы. Өмірде еңбекқор, ықыласты, аманатқа адал жігіт. Волейбол, шахмат, үстел теннисін жақсы ойнайды.

Ермұрат Назарұлы. Діни басқарманың Muftyat.kz ресми сайтының үйлестірушісі. Сайт пен әлеуметтік желілердегі парақшаларға жан бітіріп келе жатқан азамат. Ермұрат бұған дейін бірқатар басылымдарда қызмет еткен, өз саласының нағыз маманы. Ермұрат сауатты һәм жауапты. Muftyat.kz сайтының отымен кіріп, күлімен шығатын бір адам болса, ол осы Ермұрат.

Білімбек Солтанмұрат. Негізінде Білімбек киім дизайны мамандығын Түркиядан меңгерген. Бүгінде мүфтияттың дизайнері болып қызмет етіп келеді. Діни басқармаға қатысты іс-шаралардың логотипінен бастап баннерлеріне дейін өзіндік дизайн жасап, әрлейтін талантты да білімді жігіт. Суретшілігі де бар, сыпайы да сертіне берік азамат.

Алмас Мырзахан. «Халық арна» телеарнасы мен «Хикмет» студиясы арқылы көрерменге жол тартатын бағдарламалар мен бейнероликтерді әсерлі етіп беріп келе жатқан осы Алмас. Ол монтаждаған бейнероликтерді көрген адамның көңілі сүйсініп, қол соғады. Алмас салауатты өмір салтын сақтайды. Велосипед тебеді, волейбол, футбол ойнайды.

 

Махамбет Искандеров. Ақпарат және қоғаммен байланыс бөліміндегі орны бөлек азамат. Бөлім меңгерушісінің көмекшісі. Бөлім жұмысына дем беріп, қажетті мүмкіндік жасайды. Жұмыс жоспары мен есебін дайындап, қадағалайды. Бөлім басшысымен бірге Діни басқарманың ақпараттарын, «Qalamtor» ақпараттық пулының жұмысын ұдайы бақылап отырады.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру