Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КЕҢЕС ҮКІМЕТІ МЕДРЕСЕЛЕРДІ ҚАЛАЙ ҚҰРТТЫ?

Темур АМАНҚҰЛ "Мұнара" газеті 31.05.2021 6536 0 пікір
КЕҢЕС ҮКІМЕТІ МЕДРЕСЕЛЕРДІ ҚАЛАЙ ҚҰРТТЫ?

Кеңес үкіметі алғашқы екі онжылдықта Исламның дамуын тежеу үшін аянып қалмады. Осы бағытта 1920-1930 жылдары мұсылмандық білім беру мекемелері, діни ұйымдар мен Ислам негіздерін қорғап келген мұсылмандық басқармасын жоюға тырысты. Алайда еліміздің дінбасылары мұсылман дәстүрлерін сақтап қалу үшін жан салды.

1917 жылға қарай Қазақ жерінде мұсылмандардың үш түрлі білім беру желісі қалыптасқан болатын. Біріншісі – «ескі» әдісті мұсылмандық мектептер мен медреселер. Екіншісі – «жәдидтік» жаңа әдісті мұсылмандық білім беру мекемелері. Үшіншісі – «орыс-туземдік» мектептері. Өзінің саны мен халық арасындағы беделі жағынан негізгі сұранысқа «ескі» әдісті мұсылмандық мектептер мен медреселер ие болды.

ХХ ғасырдың басында еліміздің барлық аймағында жергілікті халық арасында «жәдидтік» реформаторлардың жаңа күші пайда болды. Бастапқы кезеңде жәдидтер білім беру саласындағы реформаларды қолдап, дәстүрлі және еуропалық мектептердің ұстанымдарын біріктіруге тырысты. Жарияланған материалдарға қарағанда, жергілікті қоғамнан Абдулла Аулани ескі схоластикалық мектептердің заман талабына ере алмайтынын және олардың білім беру сапасының жеткіліксіз екенін атап өткен. Революцияға дейінгі жылдары Қазақстанда, атап айтқанда, Верныйда «Ғабдулвалиевтер», Ақсуда «Мамания», Қапалда «Якобия», Зайсанда «Қазақия» және «Ғизатия», Қарғалыда «Әмирия» және тағы басқа медреселер ашылып, кеңестік биліктің алғашқы жылдарында қызмет жүргізген. Бұл оқу орындарының шәкірттері жылдан-жылға көбейіп отырған. Қарғалыдағы «Әмирия» медресесінде 1912 жылы 150-ден артық бала дәріс алған болса, 1919 жылы оның саны екі есеге дейін өскен. Большевиктік төңкерістің аяқталуымен азаматтық соғыс жылдары аралығында Қазақстанда 14 410 оқушысы бар 2 410 мектеп жұмыс істеген. 1909 жылы ағартушылық мақсатты көздеген Жетісу облысының Қапал уезінде «Мұсылмандардың ағартушылық және қайырымдылық қоғамы», ал 1912 жылы Жаркент қаласында «Мұсылман-прогресшілдер қоғамы» ұйымдастырылды. Бұл қоғамдар оқу саласына көмек беріп қана қоймай, мұқтаж мұсылмандарға, кедей жатақтарға, қарттар мен жетім-жесірлерге, мүгедектерге ақшалай көмек көрсету ісін де қолға алды. Аталған мекемелер Түркістан АКСР жылдарында да өз қызметін жалғастырып келді.

Коммунистер ерте кезеңде бұрынғы империялық діни мектептерді «елемеу» саясатын жалғастырды. Бірақ білім беру саласындағы басты «дұшпандық элемент» ретінде дәстүрлі мектептер мен медреселер тұрғанын ұмытпады. Мәселен, 1920 жылдың 23 мамырында Халықтық комиссарлар бөлімінің есептерінде «ескі мектеп пен медреселер биліктің қолдамауы салдарынан өздігінен жойылады» делінген. Соның салдарынан Түркістан өңірінде сол жылдары 20-ға жуық мектепте бар-жоғы 75 оқушы білім алған.

Сөйтіп мұсылмандық білім беру жүйесін түбегейлі жоюда кеңес билігінің мұсылман ғұламаларын, имамдарды, мүдәрістерді және молдаларды жаппай қудалау кезеңін 1927 жылы «алғашқы тазалау», 1937-1938 жылдары «екінші тазалау», 1949 жылы «үшінші тазалау» деп үшке бөліп жіктеуге болады.

Мұсылмандық мектептер мен медреселердің өміршеңдігі кеңес билігінің мазасын қашырды. Кеңес үкіметі бастапқыда қарумен емес, балама білім беру торабын ашу арқылы күресуді жоспарлады. Сөйтіп бірыңғай оқу жоспары мен іс жүзінде ешқандай оқулық болмаса да орыс орта мектептерін аша бастады. Қазақстандық балаларға, ауыл шаруашылығы қызметкерлері мен жетім балаларға, орысша білім алатын мектептер мен интернат-мектептері ұйымдастырылды. 1923 жылы Қазақстанда 128 000 оқушысы бар 2025 орысша білім беретін мектебі, ал 1925 жылы 160 924 оқушы бар 2713 орыс мектебі сап түзеді. Атап өтетін жағдай, қиын экономикалық жағдайдағы мектептер санының өсуі білім беру жүйесінің сапалы деңгейінің төмендеуіне әкелді. Мәселен, 1927 жылы қазақ ауылдық мектептерінің тек 1,5%-ы және орыс мектептердің 28%-ы ғана жекеменшік ғимараттарға ие болды.

1925 жылы Қазақстандағы мұсылман халқының наразылықтарына қарамастан бас көтерген мүдәрістер мен имамдар тұтқындалып, түрмеге қамалды. Мектептер мен медреселерді, сондай-ақ Түркістан облысындағы қариханаларды күштеп жабу науқаны басталды. Бұл саяси қуғын-сүргін саясаты жиырмасыншы жылдардың соңында аяқталды. Осыған қарамастан мұсылман халқы арасында діни білім алудың дәстүрлері мен қажеттіліктері сақталды. Ашық түрдегі мектептер мен медреселердің орнына заңсыз «худжра» (бөлме немесе келья) деп аталатын жертөле мектептер пайда болды.

1921 жылдан 1926 жылға дейінгі кезеңде Түркістанда, содан кейін Қазақстанда кеңестік мектептер дінсіздік пен атеизм жолына көшкенімен сипатталады. Осылайша, коммунистік билік өскелең ұрпақтың санасын өз мүдделеріне икемдеуге тырысты. Бірақ коммунистік биліктің дінсіздік жолындағы үгіт-насихаттары діндар ата-аналардың өмірлік ұстанымына үлкен әсер етті. Мектептерде білім алушылармен қатар, ересектерді де дінсіздікке шақыратын жас атеистік топтар ұйымдастырылды. 1928 жылдың 20 қарашасында Алматыда тұңғыш атеистік республикалық конгресс өтті.

1920 жылдардың ортасынан бастап билік органдары мұсылмандық оқу орындардың кеңестік мектеп жүйесінің бәсекелесі болғанын сезінді және дінсіздік саясатын жүргізу мақсатында мұсылмандық мектептер мен медреселердің халық арасында діни сауатын ашу жолындағы іс-шараларға шектеу қоя бастады. Деректерге қарағанда, Қазақстанның шығыс, оңтүстік және батыс аудандарында 1926-1927 жылдары мұсылмандық білім беру мекемелері қызметтерін сақтап, кеңестік мектептерге қарағанда саны жағынан көп еді. 1926 жылдан бастап, бірқатар аудандарда мұсылмандық білім беру мекемелерінің саны азайып келді. 1917 жылғы Ақпан революциясына дейін Сайрам, Түркістан, Ақмешіт және Әулиеатада 31 медресе бар еді. Семейде сол жылдары 5083 оқушысы бар 17 мектеп және медресе жұмыс істеген, Торғай облысында 457 оқушысы бар 59 мектеп пен медресе, Ақмола облысында 14, Шығыс Қазақстан облысында 415 ер оқушысы бар 36 мектеп пен медресе жұмыс істеген. 1910 жылғы қорытындыға сәйкес, Жетісу өңірінде 12835 оқушысы бар 88 медресе және 7 мұсылман мектебі, Орал облысында 4926 оқушысы бар шамамен 206 мектеп пен медресе болған. Қазан төңкерісіне дейін Орынбор губерниясында 104 мектеп болды, олардың 10-ы «жаңа әдісті» мектептер санатына жатты. Сонымен қатар 94 мектеп мешіттердің жанында қызмет еткен. 1910 жылы Қарнақ ауданында 30 мешіт және 4 медресе жұмыс істеген.

Қазақстандағы мұсылмандық мектептер мен медреселердің оқу үрдісін дәстүрлі түрде мактабдар (Оңтүстік Қазақстандағы өзбек халқының шоғырланған аймақтарында), молда, қари, мүдәріс, ахун, ұстаз ұйымдастырды. Бастапқы кезеңде мектеп оқушылары Құранның Хафт-и йек (жетінші) бөлігінің мәтіндерін оқып, есте сақтауға мүдделі болды. Исламның жергілікті формасының идеологиясы ханафи және сопылық мазмұнды болғандықтан, «Чахар кітап» және «Бе-Дан» сияқты оқулықтар осы мектептерде пайдаланылды. Халықтың көпшілігі білімнің осы көлемімен қанағаттандырылды. Ең қабілетті шәкірттер оқуын медреседе жалғастырды. Онда олар әл’арабийат (араб филологиясы), ‘улум әл-Құр’ан (Құран негіздері), ‘улум әл-Хадис (хадис негіздері), әл-’ака’ид ва-л-мантық, яғни ақида (философия және логика негіздері) және әл-фиқх (Ислам құқығы) пәндерін меңгерді. Сәдуақас Ғылманидің жазуынша, Көкшетау өлкесіндегі медреседе 1923 жылғы заңға сәйкес медреселерде шәкірттерге усул-ал-фиқһ, таузих, сарф, наху, тәпсір, хадис, арабияттан дәріс өткізілген.

1924 жылдың 9 маусымында Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті Президиумының №18 шешіміне сәйкес, мұсылман мектептерінде 14 жасқа дейінгі балаларды оқытуға тыйым салу туралы шешім қабылданды. «Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің мұсылман тұрғындары арасында білім беру туралы шешімдерін орындау бойынша нұсқаулар» дайындалып, мұсылмандық білім беруге өте қатаң шектеулерді белгіледі:

  1. Ислам негіздерін оқыту тек қана мешітте жүзеге асады және ауыл немесе мешіті бар қаладағы халықтың үштен төрт бөлігін ғана қамтуы шарт делінген. Қойылған талап негізінде көбіне қадағалануға тап түскендер арасында бірінші кезекте имамдар, сонан соң ауыл жастары болды;
  2. Мұсылмандық діни негіздерін мешітте қызмет ететін молда ғана мұғалім бола алды, ол өз кезегінде міндетті түрде облыстық әкімшілік департаменті мен қоғамдық білім бөлімдерінің біріне тіркелуге мәжбүр болды. Тіркеусіз молдалық-мүдәрістік қызметті атқарған имамдар мен ишандар қамауға алынды;
  3. Ауыл немесе мешіті бар қалаларда жастарға діни негіздері мен намазды оқытпауы үшін, жергілікті коммунистік билік органдары атеистік пиғылы бар еркін концерттер мен спектакльдер, түрлі спорт іс-шараларды өткізуге міндеттелді.

Осы қаулы қабылданғаннан кейін еліміздің барлық өңірінде 15-75 оқушысы бар 20 медресе жабылды. Сол уақытта тек Сырдария өңірінде 5115 оқушы бар 276 медресе жұмыс істеген. Ал кеңестік орыс мектептерінің саны 15-ке жеткен еді. Коммунистік билік осы салыстырмалы санды аңғарып ел ішіндегі барлық діни мекемелерді қысымға алуды жалғастырды. Ислам ілімінің қарсы ең сорақы саясат 1925 жылы Ф.Голощекин Қазақстан өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаннан күннен басталды. Голощекин жергілікті халықтың мәдени және этникалық болмыстарынан бейхабар еді. Бірақ өзін еліміздің барлық ерекшелігін білетін кісідей жұмысқа кірісті. Ақмола облысындағы ислам негіздерінен сабақ беріп келген 153 имам, 78 муезинді, 2 жоғары білімі бар ишанды қуғындады. Сонымен қатар 121 шәкірті бар 3 мүдәрісті қамауға алды. Олардың тағдыры күні бүгінге дейін белгісіз. Ақмола облысындағы 547 шәкірті бар 14 медресені жергілікті билік тарапынан қадағалауға алғызды. Ал 7 медресені ашуға өтініш білдірген имамдарды түрмеге отырғызып, отбасыларымен бірге қыспаққа алды. Сол жылдары кеңестік биліктің 14 жастан бастап мұсылмандық білім алу жөніндегі шешіміне қарсы шыққан жергілікті халықтың барлығы әкімшілік бұзушылықпен айыпталды. Аумақтағы имамдар осыған байланысты кеңеске қарсы әрекеттері үшін ұсталды. 1926 жылы жергілікті билік оргындарының Жетісу облысы бойынша есеп беру деректеріне қарағанда, 458 молда Голощекин саясатының құрбаны болды.

 

Темур АМАНҚҰЛ,

Дінтану ғылымдарының докторы, PhD

«Мұнара» газеті, №10, 2021 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру