Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚАЗАЛЫ ҮЙДЕ ҚАЗАН АСЫЛМАСЫН...

Ержігіт ТАШҰЛЫ muftyat.kz 18.02.2021 1097 0 пікір
ҚАЗАЛЫ ҮЙДЕ ҚАЗАН АСЫЛМАСЫН...

Ежелден кең байтақ даланы мекен еткен халықпыз. Соған байланысты ұлттық әдет-ғұрып, салт-санамыз аса бай. Әр елдің салты басқа демекші, сол әдет-ғұрып дәстүрлеріміз еліміздің әр өңірінде әрқалай орында себеп болып жатады. Оған орналасқан мекенжайдың алыс-жақындығы, арақатынасы, әлеуметтік ахуал сынды жағдайлар себеп.

Тіпті кей аймақтарда өзге ұлт өкілдерінің де әсері айтарлықтай байқалады. Осы ретте бүгінде ортақ шешімін таппай келе жатқан ғұрыптарымыздың бірі – марқұмды жерлеу рәсімі жөнінде сөз қозғауды жөн көрдім.

Жалпы қазақ мәйітке құрметпен қарап, тірі кезіндегі өкпе-назын, қарызын кешіреді. Сондай-ақ халқымыз жерлеу рәсімдеріне де ерекше көңіл бөлген. Марқұмды соңғы сапарға аттандыру шариғат шеңберінде өтуі керек. Өкінішке қарай, бізде қаралы жағдайда дін қағидаттарын орындамақ тұрмақ, ойға алмайтын сәттер де кездеседі. Тіпті орта жолдан қосылған кейбір салт-дәстүрді дін деп ойлап, онсыз өлікті жөнелтпейтін болдық. Шариғатты білмей жатып, өзімізідікін дұрыс деп орынсыз таласқа жол беретініміз және бар.

Сонымен қатар бүгінде қазалы үйде қазан асу да бұзылмас дәстүрге айналып отыр. Ең өкініштісі – бұл мәселенің бәсекеге жол беруі. Тіпті тойға жайылған дастарқаннан да асып түсетін сәттердің кездесетіні өкінішті-ақ! Ол аздай келген адамдарға ақша тарқату, жыртыс сынды еш негізсіз ырымдар да кең етек алып отыр. Егер ой елегінен өткізер болсақ, осының бәрі жақын-жуығынан айрылып отырған үйді тонау емес пе? Ендеше, ескіден қалған ырым деп онсыз қара жамылып отырған үйде қазан көтеруі әбестік. Шындығына келер болсақ, қазақ қайғыға ортақтасып, жерлеу рәсімін ағайын-туыс, көрші-қолаң болып атқарған. Тіпті қаралы үйде тек жаназа намазы оқылып, қазан көрші үйлерде көтерілгені де тарихтан белгілі. «Қазалы үйде  қазан асылмайды» деген сөз де содан қалса керек. Осы келеңсіз жайттарға тосқауыл қою мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Жаназа пәтуасы» атты кітапша шығарды. Бүгінде оңтүстік өңірдегі Кентау, Түркістан қалаларында бұл жұмыс өз нәтиже беріп жатыр.

Жергілікті әкімдер және имамдардың араласуымен қазалы үйдегі ысырапшылдыққа тыйым салынып, ол халықтан қолдау тапты. Алайда бұл ұланғайыр қазақ даласының тек бір аймағында ғана орын алған өзгеріс. Кей өңірлерде әлі күнге аста-төк ысырып орын алуда. Тіпті мейрамхана жалдау да қалыпты жағдайға айналып барады. Ең сорақысы, қазалы үйдің қазанын әңгімеге айналдырып, сынап жататын жағдайлар да кездеседі. Ол аздай дастархан басында дауыс көтеріп сөйлеу былай тұрсын, көк шай сұрайтындар да кездеседі. Ащы да болса, бұл шындық. Ендеше, осы олқылықтың бәрін жойып, шариғат аясында амал етуді үрдіске айналдырайық. Ол үшін қайғыдан қан жұтқан отбасын сабырға шақырып, қолдан келген көмегімізді көрсеткеніміз жөн.

Осы мәселе жөнінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім қаралы үйден үш күннің ішінде тамақ жесе, мен ол адамнан аулақпын» деген екен. Ендеше, Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын боламыз десек, қаралы жағдайға жауапкершілікпен қарап, ысырапқа жол бермейік, ағайын!

 

Ержігіт ТАШҰЛЫ,

Білім беру ісінің үздігі.

Түркістан облысы,

Отырар ауданы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі