Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

КІТАПТЫ ҚАЛАЙ ОҚУ ҚАЖЕТ?

Индира ІЗБАСҚАНҚЫЗЫ "Мұнара" газеті 16.02.2021 8433 0 пікір
КІТАПТЫ ҚАЛАЙ ОҚУ ҚАЖЕТ?

Кітапта қанша игілік барын түсінсек те, кейде оны оқуға уақыт таппай жатамыз. Қиынсынамыз, енді бірде құлшынамыз. Арамызда сүзгіден өткізбей оқитындар да кездеседі. Кітапты қалай таңдау керек? Оны тұрақты оқып, төселу үшін не істейміз? Осы секілді сан алуан сұраққа жауап алу үшін кітапты жанына серік еткен жандарды сөзге тарттық.

Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі:

 

ДІНИ КІТАПТЫ ДҰРЫС ТАҢДА!

– Адам баласы дінсіз өмір сүре алмайды. Діні – оның руханияты, тура жолға нұсқаушысы. Егер адам Ислам ілімін сенімді дереккөздерден алып, сауат ашпаса, дін үкімдерін жаңсақ түсінуі мүмкін. Ал оның ақыры адасушылыққа апарады. Оған талай рет көз жетті. Әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдары намаз оқып, мешітке қадам басқан кейбір қандастарымыз, соның ішінде жастар жат ағым жетегінде кетті. Оған бір себеп – сол кезде жөн сілтеп, нұсқаулық беретін діни мазмұндағы қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы еді. Соның себебінен діни әдебиетті әркім өз бетінше тауып оқып, орыс, түрік, араб тілінен аудара бастады. Мұндай олқылықтарды болдырмас үшін ҚМДБ-ның сараптау комиссиясы діни кітаптарды арнайы тексеруден өткізеді. Сараптау комиссиясы кітаптың мазмұны, идеологиясы, ондағы діни үкімдердің дұрыстығы, тарихи оқиғалар, Құран аяттары мен хадистердің аудармасы, барлығын толық тексереді. Сондықтан діни кітапты таңдарда онда «ҚМДБ сараптау комиссиясы мақұлдаған» деген рұқсатнаманың болуына баса мән беру керек. Cондай-ақ дінге енді бет бұрып бастаған аға-әпке, іні-қарындастарыма айтарым, кітапты ұстаздың жетекшілігімен оқыған жөн.

Бүгінде мешіт жамағатының көп бөлігін жастар құрайды. Алты жыл Атырау облысында өкіл имам болып қызмет еткен кезімде осы жастармен етене жұмыс жасауға, оларды жақсы істерге жұмылдыруға тырыстым. Мешіттің жалынды, жігерлі жастарын жинап, «Иман жастары» атты топ құрдық, көптеген іс-шаралар өткіздік. Соның бірі – жастарды кітап оқуға баулыған «Айына – 1 кітап» бастамасы. Жастар ай сайын біз бекіткен бір діни кітапты оқып, ай соңында сол бойынша емтихан тапсырды. Осы акция 12 ай бойы өткізіліп, жыл соңында қорытындысы жасалды. Нәтижесінде ең көп ұпай жинап, бірінші орын алған бауырымызға Ұмра қажылығы табысталды. Екінші, үшінші орын иегерлеріне де түрлі сый-сияпаттар берілді. Жастар кітап оқуға дағдыланып қана қоймай, көрнекті ғалымдармен, олардың еңбектерімен танысты. Сөйтіп төл мәзһабымызға сай дұрыс діни түсінік қалыптасты.

Өз басым адамның жан жарасын емдейтін, рухани байытатын кітаптар оқығанды жақсы көремін. Қалың оқырманға Имам Ғазалидің қазақ тіліне аударылған «Жүрек сыры» атты кітабын оқуға кеңес берер едім. Одан бөлек бүгінде әдеп пен этика, отбасы құндылықтары мен ғылымхалы жайлы кітаптарды көп оқу керек. Себебі біздің қазіргі кемшін тұсымыз осы.

Марфуға ШАПИЯН, журналист-блогер:

 

САММАРИ ОҚЫҒАН АДАМ УАҚЫТ ҰТАДЫ

– Көп адамды кітаптан тосатын нәрсе – уақыттың тапшылығы. Осыны ескере отырып, өзім оқыған кей кітаптарға саммари жазуды қолған алған едім. Кітаптан алған игілігімді өзгелер де алсын деген оймен, кітаптан алған маңызды ақпараттарды басқаларға бөліскім келді. Саммари дегеніміз – кітаптың қысқаша мазмұндамасы, сүзіп алынған қаймағы, сөлі. Оның ең негізгі артықшылығы – адамның уақытын үнемдейді. Бір кітапқа 1 айын жұмсайтындар саммариін 1 күнде оқып шығып, қажетті ақпарат ала алады. Себебі кітаптың баспа табағын, бет санын көбейту үшін авторлар кейде ондағы бір ой қайталай беруі мүмкін. Саммариде осындай артық ақпараттың бәрі қысқарады. Әлбетте кітапты жан-тәніңмен сезініп, түпнұсқадан оқығанға не жетсін? Алайда асықпасаң, абзалы сол.

Бастамамның жүзеге асып келе жатқанына 1,5 жылдай уақыт болды. Осы аралықта 10-ға жуық кітапқа саммари жазылды. Сол кітаптарды алып оқып, алғысын айтып жатқандар да баршылық. Демек ойым діттеген жеріне жеткен секілді. Бір ескеретіні мұндай әдіс көркем әдебиетке келіңкіремейді. Көбіне нон-фикшн бағытындағы, мотивациялық, психологиялық кітаптарға қолданылады.

Өз басым бала күнімнен кітапқа жақын боп өстім. Оқушы, студент кезімде кітапты көп оқыдым. Содан болар қазір жылдам оқуға да, оны жедел ойға тоқуға да төселдім. Жақында «1 күнде – 1 кітап» челленджін бастадым. Бұл да сондай машықтануымның жемісі деп білемін.

Кітап оқуға дағдылану үшін оған күнделікті уақыт бөлу керек. Ұйқыға жатар алдында тұрақты түрде кемінде 2-3 бет оқып тұрса, адамда алға жылжу, даму болады. Тағы бір маңызды лайфхак – кітапты жаныңыздан тастамай алып жүру қажет. Тым болмаса телефонға электронды нұсқасын жүктеп алу керек. Себебі адам көлікте отырғанда немесе кезекте тұрғанда төңірекке қарап, телефон шұқылаумен көп уақытын зая кетіреді. Оның орнына кітап оқыса, керемет емес пе?!

Мирас КЕСЕБАЕВ, SMM маман: 

ЖЫЛДАМ ОҚУҒА ЖАТТЫҒУҒА БОЛАДЫ

– Кітап оқудың екі мақсаты бар. Біріншісі – нақты бір мәселені шешу үшін, екіншісі – ой-өрісті кеңейту үшін. Мәселен, сізге жарнама жасау керек делік. Бірақ сіз оның ретін, тәртібін білмейсіз. Сондықтан жарнамалауды үйрететін кітаптарды іздеп, оқи бастайсыз. Яғни жарнама, таргетинг дегеніміз не, аудиторияны жасы мен жынысына қарай таңдау, табысына қарай бөлу, бюджетті жоспарлау секілді жарнаманың қыр-сырын сол кітаптан үйренесіз. Ал басқалай жағдайда бұл сіздің ой-өрісіңізді дамытып, өзгелермен әңгімелескенде бөлісетін пайдалы ақпарат болып қалады.

Бала кезден кітап оқуға құмар болдым. Содан болар тілім тез оқуға жаттығып кетті. Жылдам оқып үйрететін арнайы курстарға қатысқан емеспін. Бірақ бұл ондай курстарға қатыспау керек деген сөзім емес. Керісінше сіз неғұрлым жылдам оқысаңыз, соғұрлым көп кітап оқып, мол білім аласыз. Сондықтан қатысқан дұрыс. Ал мен сол мазмұндағы кітаптарды көп оқып, ондағы жаттығуларды жасау арқылы қабілетімді барынша дамыттым. Қазір 200 беттік кітапты орташа жылдамдықпен 2 сағат ішінде асықпай қарап шыға аламын. Тіпті осы жиған тәжірибемнің арқасында «Жылдам оқы» атты кітабымды да жаздым. Сонда қамтылған әдіс-тәсілдердің бірқатарына қысқаша тоқталып кетсем. Мысалы, әр сөзден кейін кідіріс жасағанша, 2-3 сөзді қосып, бір тіркес қылып оқу арқылы жылдамдықты бірнеше есе арттыруға болады. Сонымен қатар диагональ оқу, яғни бетті қиғаштай отырып оқу әдісі өте жақсы көмектеседі. Бұл тәсіл көздің көру аймағын кеңейтеді. Сондай-ақ Шульте кестесінің тапсырмасын орындау керек. Сол кезде бұрын бір қарағанда бір сөзді ғана көретін адам кейін бірнеше сөзді, бір жолды, тіпті бір абзацты көретін жағдайға жетеді.

Десе де адам жылдам оқуды үйренбес бұрын, оған кедергі келтіретін әдеттерден арылуы керек. Соның бірі – кітапты дауыстап оқу. Адам дауыстап оқу кезінде минутына 100-150 сөзден артық оқи алмайды. Демек бұлай оқу жылдамдықты тежейді. Екінші кедергі – бір оқыған жеріңді түсінбей қалғандай, екінші қайтара оқу. Мұндай кезде ой бөлініп кеткен тұстан кері қайтпай, жалғастырып оқи беру керек. Себебі адамның келесі мәтіннің мазмұнынан-ақ негізгі айтылған идеяны ұғып алатыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Үшіншісі – іштей ежелеп оқу. Осы аталған кедергілерді кетірсе, жылдам оқып жаттығуға да жеңіл болады. 

Мен кітабымда жылдам оқу әдістерін ғана емес, сонымен қатар есте сақтау тәсілдерін де кірістірдім. Соның бірі – интеллект карта жасау, яғни негізгі идеяларды ағаш бұтақтары секілді кескінге түртіп жазып қою. Одан кейін кез-келген кітапты оқып болған соң, қорытынды жасау. Қиын терминдерсіз, қарабайыр сөздермен, 10 жасар балаға түсіндіргендей етіп, кітаптан түйгеніңізді түйіндеп айту. Сонымен қатар оқу кезінде концентрация болу үшін «Байлыққа апаратын құпия хат» тәсілін қолданып, бар назарыңды шоғырландырып оқу. Тағы бір әдісі – кітаптан қате тауып алатындай, сыни көзбен оқу. Бұл да назарды ешқайда бұрмай, мұқият оқуға көмегін тигізеді.

Кітап оқуға қатысты лайфхактарымның бірі – әртүрлі жанрларды ауыстырып оқимын. Бұл зерікпеуге, зейіннің жақсы болуына әсер етеді. Және кітап маған идея береді. Мазмұны менің мәселеме қатысты болмаса да, сол кітапты оқу барысында идеялар ойыма сап ете түседі. Осыны көп қолданамын. Одан бөлек конспект жасаймын. Керек кезінде кітапты ақтармай, сол конспектіге қарап оқып аламын. Тағы бір өте ыңғайлы лайфхактарымның бірі – түрлі-түсті стикер жапсыру. Мен соның төртеуін тұрақты қолданамын: өміріме енгізу керек дегенге ақпаратқа – қызыл стикер, есте сақтау қажет болса – сары стикер, ойлануды қажет ететін ақпаратқа – жасыл, ал ой-өрісімді арттыратын, пайдалы ақпараттар үшін көк стикерлерді қолданамын.

Кітап оқу кезіндегі маңызды мәселелердің бірі – оны барынша түпнұсқадан оқу. Өйткені тәржіма тұп-тура аударманы бере алмайды. 2008 жылы ағылшын тілін өз бетімше үйрендім. Содан бастап айына 1 кітап оқып отыруды өзіме мақсат етіп қойдым. Бұл менің тіл деңгейімді бірқалыпты ұстауға, кейде жақсарта түсуге мүмкіндік береді. Оның үстіне кітапты түпнұсқадан оқу өте қызық. Мені автордың өз тілінде жазған стилі, ойды жеткізу логикасы қызықтырады. Көбіне классикалық жанрдағы әдеби кітаптар оқимын. Джек Лондон, Стивен Кингтің кітаптары ұнайды. Шет тілін үйренуден өзімізді шектемегеніміз жөн.

Әбілқайыр ЖҰМАТАЕВ, исламтанушы, PhD докторант:

 

КІТАП МӘСЕЛЕҢДІ ШЕШУІ КЕРЕК

Біз кейде кітапты тым әспеттеп, өзімізден алыстатып аламыз. Кітаптың біз үшін жоғары, қасиетті ұғым болғаны сонша, ол өмірімізге қатысы жоқ нәрсеге айналып кетіп жатады. Кітап оқудың негізі неде? Логика ғылымдарының профессоры Сергей Поварнин өзінің «Как читать книги?» кітабында тұжырымдағандай, «Кітап оқудың негізі – диалог». Біз үшін парақ бетіне басылған сөздер ерекше абыройға ие. Ал бірақ шынайы өмірде автормен кездесіп, бізге тура сол ойын айтатын болса, біз бәлкім бірден келіспес едік. Келіспейтінімізді айтсақ, сөз қызып, оның әрі қарайғы негіздеуін амалсыз тыңдар едік. Талас болса, түбі ақиқатқа жетер едік. Тура сол сияқты, кейде автормен келіспеу, «кітаптың шетіне келіспейтініңді жазып, өз ойыңды білдіру» бағанағы кітапты оқудағы диалогты қамтамасыз етіп, бізді қыздыра түседі. Сондықтан кейде кітапқа дұрыс қарап, автордың айтқысы келген ойын сын тезінен өткізетін болсақ, оқу әлдеқайда жеңілірек болар еді.

Әлбетте классикалық кітаптан бөлек, күнделікті өмірлік қажеттілігімізді реттейтін кітаптан бастау да маңызды. Кітап оқу үшін кітап оқу – бос іс. Кітап сенің мәселеңді шешуі қажет. Не болмаса, эмоция беріп, таңдандыруы, шошытуы керек. Не дүниелік, не ақыреттік пайдасы жоқ кітапты оқу саналы адамға жараспайды. Дұрыс кітап таңдау – киім таңдағанмен бірдей. Ұнамайтын киім таңдасаң, кимейсің. Сүйіп таңдасаң, өзің қалағандай әсер қалдырса, бойыңа, стиліңе сәйкес келіп тұрса, неге кимеске? Кітап та сол секілді, сенің қазіргі деңгейіңе сәйкес келіп тұрса, сені келесі деңгейге көтере алса, дұрыс таңдағаның. Ортасын ашып, оқып көр, мазмұнын қара, саған бұл кітап қандай сұраққа жауап беруі керек? Сұрақ қой. Сол кезде оқып отырып, ізденіске көшесің. Ал оны қалай оқуды ұйымдастыру – кейінгі іс. Бастысы саған керек кітапты таңдау.

Кітап оқудағы, жалпы өзімізді өзгертеміз деген ниеттегі басты қателік – бір күнде басқа адам болып оянғымыз келеді. Кейде біліп тұрсақ та мұндай «оңтайлы» мүмкіндікті жіберіп алғымыз келмейді. Әдетте ол қалай іске асады? Кітап оқу жайындағы бір кісінің қанаттандыратын сөзін естиміз, ғалымды жолықтырамыз немесе басқалай шабыттанамыз. Сөйтіп «мен бүгіннен бастап кітап оқимын» деп шешеміз. Содан бір кітапты қолға алып, оқи бастаймыз. Әдетте шаршағанша. Бірінші күні 60 бет оқимыз, 100 деп ойлаған едік, бірақ жаман емес. Екінші күні 100 оқимыз дейміз, бірақ бұл жолы 40 болып қалды. Үшінші күні бес беттен кейін «жұмыстарымыз шығып қалады». Кейін тағы бір қарап қоямыз, талпынып көреміз, бірақ болмайды. Содан өзімізді айыптап, кітап көзге түскен сайын жүрегіміз «ауырып» жүреді.

Ниет дұрыс, бастапқы қадам да дұрыс, бірінші шабыттанып алу керек. Бірақ жиған бар шабытымызды бірінші күні сарп ету дұрыс емес. Бүгін жүз бет кітап оқып тастайтындай болып тұрған сезімге ермей, аз оқуға сабырлық ету керек. Бастапқыда бес деп белгілеңіз де, содан кейін тоқтаңыз. Қанша оқығыңыз келіп тұрса да, тоқтау маңызды. Сонда ертеңгі күнді күтіп жүресіз, шабыт түгесіліп қалмайды. Ертеңіне тағы да бес бет, осылай ақырын-ақырын кітап оқу әдеті қалыптасады. Бір күні шабыт бәрібір де таусылады, бірақ ол кезде кітап оқу әдетке айналып кеткендіктен, оқу қиын болмайды...

Маған көбіне бұқаралық-ғылыми әдебиеттер оқыған ұнайды. Шетелде ғалымдар өз еңбектерін ақшаға айналдыра алады. Тіпті оларға мұны жүзеге асыруға көмектесетін арнайы баспалар мен орталықтар болады. Бір кісі компьютерлік бағдарлама жазудан маман болса, сонымен байланысқа шығып, осы бағытта халыққа арналған жеңіл тілді кітап жазуды ұсынады. Осылайша ғалым-автор мен редактор кітап жазады. Автор ғылыми туралығын қамтамасыз етсе, редактор оның халық оқитындай жеңіл тілді, түсінікті болуына мән береді. Әдетте ондай кітаптар адамдардың қандай да бір салада өзін жақсартып, жаңа бір қабілет игеруіне көмектеседі. Сонда ауызекі тілде жазылған бағдарлама үйренуге арналған кітап шығады. Оның іші мысалдар, автордың басынан өткен түрлі қызық оқиғалар, сызба-кестелерге толы болады. Сыртына керемет пікірлер жазылады, дизайны көздің жауын алады. Бағасы да арзан болмауы мүмкін. Кітап сатудан түскен пайда автор мен редакция арасында бөлінеді. Мұндай кітапты бұқаралық-ғылыми кітаптар деп атайды. Яғни бұқара халыққа арнап жазылған ғылыми негізі бар кітап. Ондай кітаптың ішінде «өзіңе сен, азанда тұрып бәрі жақсы болады деп он рет айт» деген сынды нәрселер кездеспейді. Нақты проблеманың ғылыми қыры қарастырылып, тәжірибелік нұсқаулықтар беріледі. Мәселен, өмірін ұйқы саласын зерттеуге арнаған ғалым, профессор Мэтью Уолкердің «Біз неліктен ұйықтаймыз?» кітабы бар. Автор кітабында жеңіл әрі түсінікті формада түнгі ұйқының маңыздылығын, бір түнде адамның басынан өтетін түрлі физиологиялық-когнитивтік процестерді түсіндіреді. Белгілі бір сағаттардағы ұйқының адам денесіне қандай әсер беретінін зерттеулермен негіздей отырып баяндайды. Мұндай кітаптар адамға пайдалы.

 

Дайындаған Индира ІЗБАСҚАНҚЫЗЫ

 

«Мұнара» газеті, №17, 2020 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру