Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ...

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ muftyat.kz 23.09.2020 11278 0 пікір
ЕҢБЕК ЕТПЕЙ ЕЛГЕ ӨКПЕЛЕМЕ...

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бала-шағасын адал еңбекпен асырауға тырысып жүрген жан Алла жолында күресушімен тең. Ар-ұятын сақтап, адал дүниені іздегендер шейіттермен деңгейлес» деген. Қазақта «Еңбек етпей елге өкпелеме, Егін екпей жерге өкпелеме» деген халық нақылы бар. Дінімізде де, дүниетанымымызда да еңбекті орны ерекше. Ел арасында адал еңбегімен отбасын, елді асыраған еңбек адамдары ерекше құрметке ие. «Ешкімге де қол еңбегінен артық ризық бұйырмаған. Дәуіт (ғ.с) пайғамбар да өз еңбегімен күн көрген» деген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі – соның дәлелі. «Еңбек апталығы» аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының нағыз еңбеккер екі адамын таныстырып өтуді жөн көрдік...

Қолы қимылдағанның...

Жантас Сапарбекұлы – аула тазалаушы. Оның жұмысы таңғы жетіден басталады. Жаз маусымында үлкен ауланы сыпырады, ал қыста қар күрейді. Арқаның аязды күндері мен боранды сәттерінде ауланы қардан тазалау оңай емес. Десе де, өз ісін беріле істейтін ол «бос жүргеннен екі қолға бір күрек тапқан әлдеқайда пайдалы» дейді. 

– Жігіт адамға жұмыссыз жүру әсте жараспайды, – деп бастады сөзін кейіпкеріміз. – Отағасы отбасының нәпақасын тауып беруі – міндет. Аллаға шүкір, қазір үшінші нәрестемізді күтіп отырмыз. Қолымдағы күрекпен солардың ризық-несібесін тауып беремін. Бала кезде үлкен кісілерден «қолы қимылдағанның – аузы қимылдайды» деген сөзді жиі естеуші едім. Расында, солай екен. Еңбек еткен адам ризығын табады. Мұсылман баласы әр істі көркем әрі адал орындауы керек. Маңдай термен келген нан тәтті демей ме? Біреудің табысына ортақтасып, оның қолына қарау, ризықты өзгеден дәмету – жігіт адамға ұят. Бұл – намысқа тиетін іс. Мен қалаға келгенде қолымнан келетін қызметтің бәрін жасадым. Күзетші де болдым, жүк те тасыдым, сауда жасап, аула да сыпырдым.

 

Расында, Алла елшісі жұмыс істеген қолды ерекше жоғары бағалап, отбасы нәпақасын табу үшін жолға шыққан мұсылманның мәртебесін айрықша атап өтетін. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда: «Адамзат еңбегіне қарай табысқа жетеді. Сөз жоқ, еңбегінің нәтижесін жедел көреді. Кейін оған еңбегінің бодауы толық беріледі» («Нәжм» сүресі, 39-41-аяттар), – деп баяндайды.

Бірде пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сахабамен амандасып, қолының күстеніп кеткенін көреді. Себебін сұрағанда отбасы нәпақасын табу үшін еңбектеніп жүргенін жеткізеді. Пайғамбарымыз досының қолын ұстап, мынадай сүйінші хабар жеткізеді: «Міне, Алла осындай қолды жақсы көреді».

Жантаспен амандасқан сәтте қолының күстеніп кеткенін байқадық. Алла жақсы көрген пенделерінің қатарына қоссын деп тілейміз.

«Еңбек етем деген адамға ауылда болсын, мейлі қалада болсын жұмыс табылады. Еңбек адамды шынықтырады. Денсаулығын жақсартады. Жұмыс істегеннің ең сүйсінетін бір тұсы – табысыңды үйге апарып, отбасыңды қуантқан сәт, одан қалған бір бөлігін қайырымды істерге жұмсаған кез. Осыдан артық бақыт пен сауап бар ма? Адал еңбекпен келген ақшаның берекесі болады. Аллаға шүкір, алатын айлығым аз болса да оның берекесін көріп келемін. Менің бір ұққаным: бақыт деген байлықта емес, қанағат ете білуде. Қолда барға қанағат ете алған адамнан асқан бай пенде болмайды», – дейді сөзін түйіндеген Жантас Сапарбекұлы.

Ұста һәм ұстаным

Адамды ойы мен қол-аяғы асырайды. Сондай жанның бірі – Досжан Әбубәкірұлы. Досжанның достары «оның қолы гүл» деп әзілдейді. Расында, солай екен. Ол елордада бір мекемеде ұста қызметінде. Кеңсе мүлкін жөндеумен қатар, темір дәнекерлеп, адам игілігі үшін түрлі бұйым жасайды.

– Мендегі ұстаным – «еңбек – бәрін де жеңбек», – деп бастады сұхбатын. – Құрылысшы болып жүрген жылдар көп тәжірибе жинақтауыма септігін тигізді. Істей алмаймын деген сөзден бұрын істеп көрейін деген ұстаным үмітіме әрқашан қанат бітіріп келеді. Ұсталық істе жұмыстың көзін білмей қалған сәтте өз бетімше ізденемін. Интернеттен қарап, өзіме керек істі үйреніп аламын. Еңбек еткен адам ешқашан нәпақасыз, ризықсыз қалмайтынын түсіндім. Істің көзін тапсаң, кез келген жұмысты өз уақытында бітіресің әрі ауыр шаруаны жеңіл тәсілмен жасайсың. Ұсталық жұмыс сабыр мен ойды талап етеді. Осы екі кұндылық үйлесім тапқан кезде ғана жұмысың алға басады әрі жақсы нәтижеге қол жеткізесің. Осыған дейін әр салада жұмыс істедім. Бір түсінгенім: адам өзі қалаған саланы меңгеріп, сол бағытта еңбектенсе – шаршамайды, керісінше, демалады. Өйткені, жұмысты ерекше сүйіспеншілікпен істейсің. Мына өмірде қолыңнан келмейтін істі жасаудан артық қиындық жоқ шығар.

Расында, әр адам әр іске қабілетті. Таңдауың түскен мамандық бойынша еңбектену адамға ерекше сезім сыйлайды. Сүйікті ісіңмен айналысып, әдемі шаршау да – әсерлі сәттің бірі.

Мұсылманның әр сәті ғанибет. Жұмыстан шаршап, үйінде тынығып жатқан мұсылманның қате-кемшіліктері де кешіріле бастайды екен. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде былай дейді: «Еңбек етуден қолдары күстеніп, шаршап-шалдығып ұйқыға кететін адам кешірімге бөленіп, күнәларынан арылады». Бұл – ниетін түзеген мұсылманның әрі сәті сауапқа айналады деген сөз.

Алла елшісі әркез былай дұға жасайтын: «Аллам! Мен Сенен уайымнан, қайғыдан, шарасыздықтан, жалқаулықтан, қорқақтықтан, сараңдықтан, қабырғаны қайыстыратын көп қарыздан және дұшпанға таба болудан сақтауыңды тілеймін».

Байыптап байқасақ, осынау жағымсыз сипаттардан арылтатын жол – еңбек. Халық даналығында айталатын «Еңбек – бәрін де жеңбек» деген сөздің астарлы мағынасы осы болса керек...

 

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру