Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚ КІМДЕ ЖОҚ?

Ерболат ЖҮСІПОВ muftyat.kz 10.09.2020 4416 0 пікір
МҰСЫЛМАНШЫЛЫҚ КІМДЕ ЖОҚ?

Алла Тағала адамзат баласына соңғы елші етіп Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарды жіберіп, жер бетіндегі иләһи дінді кемеліне жеткізіп, қияметке дейін үкімі жүретін Ислам дінін бекітті. Адамзаттың екі дүниеде бақытқа кенелуіне кепілдік беріп қасиетті Құранды түсірді. Адамдарға тура жол бастаушы, ақ пен қараны айырушы ретінде түсірілген қасиетті Құран тәліміне назар аударар болсақ, бөлінуден, бірін-бірі күндеуден сақтану керектігін көреміз.

«Шын мәнінде, мүміндер бір-біріне бауыр» («Хужурат» сүресі, 10-аят) деп сипаттаған Алла Тағала Құранның көптеген аяттарында мұсылмандардың бірлігіне, өзара бауырмалдығы мен құрметіне айрықша мән беріп, алтыбақан алауыздықтан тыяды. Тіпті тағы бір аятта: «Алла: «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер», - деп, Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды, өзіңе уахи еткенімізді һәм Ибраһимге, Мұсаға әрі Исаға шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдарды сендер үшін де дін етіп бекітті» («Шура» сүресі, 13-аят) деп дінде жік-жікке бөлінбеуді бұйырады. Аятта айтылғандай «Дінді дұрыс түсініп, дұрыс тұтыңдар һәм дінде жік-жікке бөлінбеңдер» деп Нұхқа шегелеп тапсырған негізгі ұстанымдар мұсылман үмметіне де жүктелген.

Дегенмен қазіргі уақытта мұсылмандардың жағдайына назар салсақ, әртүрлі жамағаттың көптігін байқаймыз. Және әр жамағат өзін ақиқат жолында екенін жар салып, басқалардың бағыты бұрыс деп айтудан тайсалмайды. Бұл жамағаттың бірі рухани кемелдікке шақырса, енді бірі дағуаттан басқасын жоққа шығарады. Тағы бірі бауырмашылдыққа шақырса, бірі таухидке шақыруда. Кейбірі тіпті саясатқа араласып, халықты халифат құруға шақырса, ал бірі басқаның бәрін күпірлікпен айыптайды. Қарап отырсақ, аталған мақсаттың бәрі әрбір мұсылманның бойында болу керектігін ұмытқандаймыз. Ардақты Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен кәусар бұлақтың бұл күнде әркім қалаған тұсынан құдық қазып, Ислам дінінің құндылығын жоғалтып жатқандай көрінеді.

Бүгінде жоғарыда айтып өткен түрлі топтардың өзіне тән белгілері, ұстанған ұстанымы, тіпті белгілі бір мақсат-мүддесі де айқын қалыптасып үлгерді. Соны ойлаған шақта санаға сансыз сауал қаптап, жауабын таппай жанталасамыз. Рухани кемелдік, тақуалық деп жүріп, сыртқы көрініске мән бермей, Ислам дінін ортағасырлық дін етіп көрсетіп қоймадық па? Дағуат деп белгілі ұстанымдағы көпшілікті бейнелеп, ұзын көйлек, бір қаладан екінші қалаға сапар шегіп жүрген адамдарды елестетіп, тек осы жамағат қана Алла діні үшін жанашыр, қалғанының діни дерті болмағандай көрсетіп қоймадық па? Халифат деп кіндік қанымыз тамған қасиетті туған жерімізді тәрк етіп, белгісіз мақсатта бөгде елге сапар шегуді Исламның негізгі талабы етіп көрсетіп алмадық па? Ең сорақысы «Әлімсақтан бері мұсылманмын» деген, «Бірінші тілек тілеңіз бір Алладан жазбасқа» деп дін мен дәстүрлі сабақтастыра білген халқымызды күпірлікпен кінәләйтін жамағаттың пайда болуына жол бердік емес пе?

Әрбір топ өз қалауынша Құран аяттары мен Пайғамбар хадисін ыңғайына иіп алғандай әсер береді. Олар аталған аят пен хадис арқылы өз жамағатын ғана қуаттап, қалғанын керексіз, орны жоқ жамағат етіп көрсетіп жатқан секілді. Сондықтан кейбір жастардың «Ана жамағат адасқан, мына жамағат тозақы» деуі таңғалмайтын құбылысқа айналды. Алайда шынайы мұсылман Жаратушы Алланы бір деп таныған және өзіне міндеттелген бес парызды орындап жүрген жан деп білеміз. Мұсылман адам бүгінгі әлем жағдайын дұрыс түсініп, өзге сенім өкілдеріне құрметпен қарап, сабырлық танытып, бейбіт өмір сүруге ұмтылуы тиіс. Қазіргі кезде жастарымыз Ислам дініне қызығушылық танытып, ақиқатты мойындауда. Алайда кейбір бауырларымыз дін парыздарын толық орындай алмай жүрген азаматтарға «кәпірсің» деп кінә тағуда. Дінімізде иман негіздерін мойындап, Ислам парыздарын әлі толық орындай алмай жүрген адамдарға сен кәпірсің деу дұрыс емес. Еліміздің тұрғындарының 70 пайызы – мұсылмандар. Аллаға жан тәнімен иман келтіріп, иман негіздерін мойындаған адам ақиқатында мұсылман болып есептелінеді. Сондықтан мұсылмандар арасында намаз оқитын немесе намаз оқымайтын адам деп сенім мәселесінде бөліп-жару – үлкен қателік. Мұсылман болу әсте-әсте демекші, әр нәрсенің өз уақыты бар.

Мұсылман Ислам дінін толық мойындап, қоғам арасында татулықты, тыныштықты, бейбітшілікті сақтауы тиіс. Шынайы мұсылман ең алдымен Исламды, өзінің салт-дәстүрін, тарихын жақсы білуі керек. Мұсылман тек қара басының қамы үшін ғана емес, өзге адамдардың игілігі жолында өмір сүруі қажет. Хадисте «Нағыз мұсылман – өзге адамдарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбейді» делінген. Тағы бір хадисте «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны» деген. Сондықтан  өзін шынайы мұсылман санаған адам басқа адамдарға, жалпы қоғамға зиянын тигізбей, керісінше пайдалы болу арқылы өзін жақсы жағынан көрсетіп, үлгі болуы тиіс.

 

Ерболат ЖҮСІПОВ,

Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру