Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ҚҰРБАНДЫҚ ОРНЫНА САДАҚА БЕРУГЕ БОЛА МА?

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі fatua.kz 19.07.2020 15021 0 пікір
ҚҰРБАНДЫҚ ОРНЫНА САДАҚА БЕРУГЕ БОЛА МА?

Ханафи мәзһабы бойынша құрбан шалу бай[1], азат, балиғат жасына толған, ақылды, жолаушы болмаған мұсылманға – уәжіп.

Алла Тағала Құран Кәрімде:

فَصَلِّ لِرَبِّكَ وَانْحَرْ

«Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал»[2], - дейді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

  مَنْ كَانَ لَهُ سَعَةٌ وَلَمَ يُضَحِّ فَلاَ يَقرَبَنَّ مُصَلَّاَنَا .

«Кімде-кім шамасы бола тұрып құрбандық шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жоламасын»[3], – деген. Мұндай ескерту уәжіп міндетін орындамаған адамға қаратып айтылады.

Тағы бір хадисте:

 مَنْ ذَبَحَ قَبْلَ الصَّلَاةِ فَلْيَذْبَحْ شَاةً مَكَانهَا وَمَنْ لَمَ يَكُنْ ذَبَحَ فَلْيَذْبَحْ عَلَى اسْمِ اللَّهِ

«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын»[4], – делінген.

 Құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені, шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет[5].

Алайда, сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Ал егер құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Өйткені, уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

Демек, құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс. Ал құрбан шалудың орнына садақа беру мойнынан уәжіпті түсірмейді.   

 

[1] Бай деп құрбан айт күні өзінің және отбасының негізгі қажеттелігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адамға айтылады.

[2] «Кәусар» сүресі, 2-аят.

[3] Ахмад риуаяты.

[4] Муслим риуаяты.

[5] Радду әл-мухтар, 9-том, 454-бет.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру