Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ – НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ

Серікбол ХАСАН muftyat.kz 02.07.2020 848 0 пікір
ТҰҢҒЫШ ДИПЛОМАТ – НӘЗІР ТӨРЕҚҰЛОВ

2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні. 1992 жылдың 2 шілдесінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының тұңғыш тұжырымдамасы іспетті бірқатар Жарлыққа қол қойды. Осы күннен бастап қазақстандық дипломатияның берік негізі қалана бастады. «Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер үнсіз тұрады» деген даналық сөз бар. Демек дипломатия бар жерде бейбітшілік бар. Айтулы мереке қарсаңында КСРО дипломатиясының негізін қалаушылардың бірі, 1928-1936 жылдардағы КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті өкілі, қазақтың тұңғыш дипломаты Нәзір Төреқұловтың өмірі мен атқарған қызметі жайынан аз-кем баян етпекпіз.

 

Құран сүрелерін жатқа білді

Нәзір Төреқұлов 1892 жылы Коқандағы дәулетті отбасында дүниеге келді. Нәзір алғашқы білімді Қоқандағы жәдидтік бағыттағы медреседен (1904) алды. Нәзір медресе қабырғасында жүріп араб тілін үйренді. Құран сүрелерін жатқа біліп, Ислам негіздерін суша сімірді. Оның осы жерден алған білімі Ислам дінінің қасиетті қос қаласы орналасқан Сауд Арабиясында елші болып қызмет еткенде көмегі тиді.

Медреседе үш жыл оқығаннан кейін, басқа ұлт өкілдеріне арналған орыс училищесін (1906) және Қоқандағы коммерциялық училищені (1914) тәмамдады. Училищеде Нәзір экономика негіздерін, сауда байланыстарын меңгерді. Саясат ғылымдарының докторы, нәзіртанушы Тайыр Мансұровтың айтуынша, осы училище қабырғасында Нәзірдің қоғамдық-саяси көзқарасы қалыптасқан.

«Нәзір өзінің білімін Мәскеу коммерциялық институтында жалғастырды. Бұл жерде оған француз және неміс сияқты Еуропа тілдерін тереңірек білуге мүмкіндік туды. Төреқұлов оларға қоса түрік тілін де білді. Осылайша ол кәсіпқой дипломаттың табысты жұмыс істеуіне аса қажет қасиет иесі – нағыз полиглот болды. 1914 жылы бұрқ ете түскен Бірінші дүниежүзілік соғыс, одан кейінгі аласапыранды оқиғалар балам коммерсанттық жолды таңдайды деген Нәзірдің әкесінің үмітін біржолата үзді. 1917 жылғы Қазаннан кейін және Орталық Азияда жаңа өкімет орнағаннан бастап, таптық күресте біршама шыңдалып, тәжірибе жинақтаған Төреқұловтың саяси қызмет мансабына кең мүмкіндіктер ашылды» деп жазады Тайыр Мансұров.

 

Демалыс күнін жексенбіден жұмаға ауыстырды

Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде, яғни 1914-1916 жылдары Нәзір Мәскеу коммерциялық институтының экономика факультетінде оқыды. 1916 жылдың 25 шілдесіндегі Патша жарлығынан кейін Нәзір Төреқұлов Батыс майданының бел ортасынан табылды. Майданда соғысқа шақырылған Орта Азия халықтары сарбаздарына қолдау көрсетті. Майданда жүрген жерлестерінің басын қосып «Еркін дала» ұйымын құрды. Осы ұйым арқылы Нәзір жерлестерін ұлт-азаттық қозғалысқа үндеді.

Қазан көтерілісінен кейін, яғни 1918 жылдың қазанында Нәзір большевиктер қатарына қосылды. Өз еркімен Қызыл армия қатарына алынып, саяси мансап жолы басталды. Публицист һәм ұйымдастырушылық қырынан да танылып, газет-журнал шығаруда да белсенділік танытты. Ол Қоқаннан «Халық газеті» (Народная газета) мен Түркістан компартиясы Орталық комитетінің төл басылымы «Инкилоб» (Революция) журналын шығаруға атсалысты.

Саяси қызметте де Төреқұловтың айы оңынан туды. Жыл сайын жаңа қызметтің құлағын ұстады. 1919 жылы Түркістан ағарту комиссары, 1920 жылы Түркістан компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, ал 1921 жылы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болды. Соңғы қызметінде Нәзір Төреқұлов барлық мекемелерде демалыс күнін жексенбіден жұмаға көшіру туралы қаулы қабылдады. Кеңес заманында мұндай шешім шығару нағыз мұсылман әрі жүректі басшысының ғана қолынан келетін ерлікке пара-пар іс болатын. Сондай-ақ сол уақытта Өзбекстан мен Түркіменстан территориясына өткелі тұрған Маңғышлақ уезі мен Адай болысын (қазіргі Маңғыстау облысы) Қазақстанға алып қалған осы Нәзір екені айтылады.

Академик Рахманқұл Бердібайдың жазуынша, Нәзір большевиктер қатарында жүрсе де дінге құрметпен қараған. «Кеңес үкіметі орнағаннан кейін басшылық қызметті иеленгендердің көбі дін мәселелеріне теріс қарағаны белгілі. Ал Н.Төреғұлұлы діннің адам баласы тарихындағы өзгеше мәнін әуел бастан-ақ анық түсінген, сондықтан да белсенділердің дүрмегіне қосылмаған, діннің қасиетін жоғары бағалаған. Мұны ол өзінің көптеген мақалалары мен баяндамаларында қадай айтып, ұғындырып отырады» деп жазады Рахманқұл Бердібай.    

1922 жылдан бастап Нәзір Төреқұлов Мәскеуге шақыртылып, бүкілодақ көлемдегі жұмыстарға тартылды. Ол Мәскеуде жүріп те имандылық тақырыбын қаламына арқау етуді тоқтатпады. Бұл жайлы журналист Марфуға Шапиян: «Нәзір Төреқұлов кеңестік атеизмнің келуімен Қазақстандағы Ислам дінінің тынысы тарылып бара жатқанын сезді әрі жоғалып бара жатқан иманын жоқтады. 1927 жылы «Муштум» басылымында жарияланған «Имандылық» атты жазбасында: «Ислам және коммунизм пәлсапасын һәммеге ұғындырмақта бір ғана өлшем болса керек. Имандылық, имандылық һәм имандылық. Мәскеуде тақуа болып күн кешірмектің жолын таппай өзім де қапалымын. Ахуалым әуелгідей емес, терең қиялға шомып, мұның себебін де дөп тапқандаймын, сол сәтте көзіме келеңсіз бір көрініс іліне кеткені. Ол немене деймісіз? Ол – иманнан жұрдай бола бастағанымыз», – дейді. Көптеген замандастары атеизмді жырлап кеткенде Нәзірдің Мәскеуде жатып, биліктің бір шетін ұстап жүріп, мұндай сөз айтуы – ерлік» деп жазады.

Нәзір Төреқұлов 1922-1928 жылдары КСРО халықтары Орталық баспасы басқармасының төрағасы болды. Орталық баспасы қызметінде жүріп баспагерлік қырын ашты. КСРО құрамындағы ұлттардың мәдениетін дамытуға бір кісідей үлес қосты.

 

Сегіз тіл білді, сегіз жыл елші болды

Оның КСРО құрамындағы мұсылман халықтарына жасаған жақсылығы оң бағаланды. Бұл жайлы Тайыр Мансұров: «Орталық баспаның төрағасы болып қызмет істеп жүргенде-ақ Нәзір НКИД (Сыртқы істер халық комиссариатының) резервіне қойылған болатын. НКИД басшылығының Н.Төреқұловты КСРО-ның Сауд королдігіндегі өкілетті өкілі етіп тағайындау мәселесіне орай ВКП (б) Орталық Комитетінің бас хатшысы Сталинге жазған арнайы қызметтік хатында оның «мұсылман әлемі мен дүниетанымының аса ірі білгірі және Хиджазтағы біздің өкілдерімізден талап етілетін күрделі де нәзік саясатты жүргізуге барынша лайық та қабілетті екендігі» атап көрсетілді. Бас хатшы бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп Төреқұлов 1927 жылғы 15 желтоқсанда Хиджаз, Неджі және қосылған облыстар корольдігіндегі (сол кезде Сауд мемлекеті осылай аталған) өкілетті өкіл болып тағайындалды» деп жазады.

Осылайша сегіз тіл білген Нәзір корольдікте сегіз жыл елші болды. Нәзірдің елшілік қызметін арабтар да жоғары бағалады. Әсіресе оған Әбдел Әзиз әл-Сауд король, оның Хиджаздағы өкілі, ханзада Фейсал, басқа да араб жетекшілері жылы ықылас танытты. Нәзір корольмен және оның отбасы мүшелерімен шынайы достық қатынас орната білді. Соның арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі қаланып, Сауд үкіметі мен Кеңес одағы арасындағы саяси және сауда байланысы нығая бастады.

 

Бірнеше рет қажылық парызын өтеді

Сөз басында айтқандай, Нәзірдің Қоқандағы медреседен араб тілін жетік меңгергені, арабша шешен сөйлейтіні оның қызметіне айтарлықтай оң серпін берді. Нәзір арабтың шенеуіктері, зиялылары, бизнес өкілдері, діни қайраткерлерімен тығыз байланыс орнатты. Дін тақырыбында пікір таластырғанда арабтың діни қайраткерлерінің өзін таң қалдырды.

Ол бірнеше рет қажылық парызын өтеп, мұсылмандығына арабтардың өзін тәнті етті. Нәзірдің мұсылман болуы, Ислам дінін терең білуі оның қызметіне даңғыл жол ашты. Себебі араб еліндегі мәртебелі кездесулер көбіне қасиетті қала Меккеде өтетін. Нәзір мұсылман болғандықтан, оның үстіне шариғат шарттарын жетік білгендіктен, сондай құрметті кездесулердің бел ортасынан табылатын. Бұл жағынан Нәзір Төреқұлов Сауд Арабиясындағы өкіл қызметін атқарған еуропалық әріптестерінен оқ бойы озып кетті. Себебі еуропалық елшілер басқа дінде болғандықтан, оларға қасиетті қалаларға кіруге рұқсат берілмейтін.

«Жалпы кеңестік өкілетті өкілдің жұртты өзіне қарата білетін ерекше тартымдылығын айта кеткен жөн. Жоғары дәрежедегі бекзаттар, атап айтқанда, әр саланың министрлері, әскери шенді адамдар, тіпті, жергілікті жасырын полицияның бастығына дейін Нәзірмен жақсы қарым-қатынаста болып, қажетті мәлімет-ақпараттарды бөлісіп отырды. Ал Нәзір Төреқұловтың ұтымды ұсыныстары Мәскеуге өзінің халықаралық беделін нығайту бағытында нақты қадамдар жасауға мүмкіндік берді» деп жазады Тайыр Мансұров.

Нәзір Төреқұлов өкілетті өкіл қызметін атқарған уақытта Әбдел Әзиз әл-Сауд король әскери-саяси мәселеде КСРО-ның көмегіне жүгінуге дайын екенін мәлімдеді. Нәзірдің екі ел арасындағы беделі 1932 жылы Сауд Арабиясының болашақ королі, ханзада Фейсалдың КСРО-ға сапары кезінде де анық көрінді. Нәзір екі елдің арасындағы стратегиялық әріптестікті жоғары деңгейге жеткізді. Алайда Кеңес одағы Нәзірге лайықты баға берген жоқ. Керісінше КСРО-ның Таяу Шығысқа деген қызығушылығы төмендеп, екі ел арасындағы байланыс қатқылданып, бірте-бірте салқындай бастады. Соның салдарынан Нәзір елшілік қызметінен босады. Елге оралып, Мәскеудегі бірқатар институттарда қызмет істеді. Алайда Нәзірдің бұл қызметі де ұзаққа созылмады. 1937 жылдың шілдесінде қамауға алынып, ату жаза­сына кесілді. Оған Рысқұловпен байланыс орнатты, Түркия тыңшысы болды деген айып тағылды. Алаш жетекшілері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлын қамқорлыққа алып, баспаға қызметке тартқаны да өзіне жала болып жабысты.

Нәзірдің жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткенінен хабардар болған Әбдел Әзиз әл-Сауд король мен оның айналасындағы атқамінерлер Кеңес одағымен арадағы дипломатиялық байланысты біржола үзді. Шынында, Нәзір атылған 1937 жылдан бастап Кеңес өкіметі құлаған 1990 жылға дейін екі ел арасында елшілік байланыс болған жоқ. Елу жыл бойы екі ел арасында елшілік байланыстың болмауы арабтардың Нәзірге деген құрметінен еді...

 

Серікбол ХАСАН,

ҚМДБ Ғаламтормен жұмыс секторының меңгерушісі

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру

Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі