Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

Ислам тарихындағы алғашқы азан

Тазабек Исмаилов muslim.kz 30.10.2019 366 0 пікір
Ислам тарихындағы алғашқы азан

«Азан» сөзі араб тілінен тікелей аударғанда – «хабар беру», «білдіру» дегенді білдіреді. Ал терминдік мағынасы парыз намаздарының уақыттарын білдіру үшін айтылатын сөздердің жиынтығы. Жалпы Ислам тарихында алғашқы азанды Медине қаласында хазірет Біләл айтқан.

Меккеде жүргенде, мұсылмандар ғибадаттарын жария түрде орындай алмай, намаздарын жасырын түрде, ешкімге көрінбей ғана оқитын еді. Осыған байланысты ол кезде халыққа жар салып, ашықтан-ашық намазға шақыру ойға да кіріп шықпайтын нәрсе еді. Ал, Һижреттен кейін, яғни, мұсылмандар Мәдинаға көшкеннен кейін жағдай күрт өзгерді. Бұдан былай халықта діни бостандық бар еді. Мұсылмандар еш қысылмастан ғибадат-құлшылықтарын жасай алатын болды. Бұрынғыдай кәпірлердің зорлық-зомбылықтарынан құтылып, жандары жай таба бастаған еді.

Көпшіліктің күшімен Пайғамбар мешіті де тұрғызылып қойған еді. Алайда намаз уақыты кіргенде халықты мешітке жинайтындай бір шақыру түрі әлі белгіленбеген болатын. Мұсылмандардың бір бөлігі мешітке ерте келіп, намаз уақытының кіруін күтіп отырамыз деп, басқа істері бітпей қалып жүрді. Енді біреулері намазға кешігіп, қапыда қалып жүрді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні сахабаларын жинап, намазға шақыру түрін белгілеу үшін мәжіліс құрады. Кейбір сахабалар христиандар сияқты қоңырау шалуды ұсынса, енді біреулер еврейлер тәрізді сырнай тартуды алға тартты. Тіпті, отқа табынатын мәжусилер құсап, намаз уақыты кіргенде от жағуды еске алғандар да болды. Бірақ Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұлардың ешқайсысын қабылдамады.

Осы тұста хазірет Омардың (р.а.) ұтымды ұсынысы қабылданып, халықты намазға шақыру үшін арнайы бір адам тағайындалатын болды. Бұл жауапты міндет Біләл ибн Рабах (р.а.) есімді сахабаға жүктеледі.

Осыдан көп ұзамай-ақ Абдуллаһ бин Зәйд (р.а.) атты сахаба бір түс көреді. Түсінде оған азанның дәл қазіргі түрі үйретіліп жатыр екен.Абдуллаһ таң атар атпастан қуанышы қойнына сыймай, көрген түсін Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, бүге-шігесіне дейін баяндады. Пайғамбар (с.ғ.с.) оны мұқият тындап, азанды сол қалпында айтуды лайық көрді де бұл түсті халыққа жеткізіп, азан мәтінін Біләл ибн Рабахқа (р.а.) үйретті. Сол сәттен бастап Біләл өзінің әсем даусымен азан айтып, Мәдина қаласының аспанын жаңғырықтырды.

Ислам діні жер жүзіне жайыла бастаған күннен бастап, азан бір сәтте айтылмай қалған емес. Сондай-ақ, қиямет күніне дейін әлемнің түпкір- түпкірінде азан даусы жаңғырып, өз міндетін атқара бермек.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұсылман діни күнтізбесі