Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ИХСАН АДАМДЫ ЖАМАНДЫҚТАН АЛЫСТАТАДЫ

Әділхан ИМАНӘЛІҰЛЫ muftyat.kz 30.06.2021 6288 0 пікір
ИХСАН АДАМДЫ ЖАМАНДЫҚТАН АЛЫСТАТАДЫ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен жарыққа шыққан «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасына үлес қосатын үлкен еңбек дер едік. Сонымен қатар бұл кітап мұсылман жамағаты арасында ынтымақ пен бірлікке шақыратын көрнекті құрал болады деген сенім мол. Себебі кез келген ымырасыздық пен нәпсіқұмарлық шынайылықтан алыстап, екіжүзділік жасаудан шығатыны белгілі.

Ихсан іліміне ден қою Құран кәрімде «тазкия» атауымен келген. Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: «Расында, Алла мүміндерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады. Пайғамбар оларға Алланың (Құрандағы һәм болмыста көрініс тапқан) аяттарын оқып түсіндіреді, (ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күнә атаулыдан) арылтып тазартады, сондай-ақ оларға кітап пен хикметті (яғни кітапты дұрыс түсіну әрі жүзеге асыру жолдарын, ондағы пәрмендер мен тыйымдардың хикметін һәм жаратылыс пен түрлі құбылыстардың мән-мақсатын) үйретеді. Шүбәсіз, бұдан бұрын олар анық адасуда еді» («Әли Имран» сүресі, 164-аят).

Алла Тағаланың адамзатқа берген нығметтері өте көп, оны санап тауыса алмасымыз анық. Сол нығметтің ішіндегі ең ұлығы, теңдесі жоғы – адамдар арасынан (Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын жеткізуші) пайғамбардың жіберілуі. Жоғарыдағы аятта жазылғандай, «Расында, Алла мүміндерге өз араларынан бір пайғамбар жіберу арқылы үлкен жақсылық жасады». Алла Тағаланың бір қауымға пайғамбар жіберуі – ол қауымға жақсылық қалағанының белгісі. Себебі Ол пайғамбар бұ дүниеде де, о дүниеде де шынайы бақытқа жету жолдарын үйретеді.

Аталған аят былай жалғасады: «Пайғамбар оларға Алланың (Құрандағы һәм болмыста көрініс тапқан) аяттарын оқып түсіндіреді». Пайғамбардың негізгі міндеті – адамдарға Алла Тағаланың аяттарын жеткізу. Жаратушы Иенің асыл сөздерін есту бір бақыт, оған амал етіп екі дүниенің жақсылығына жету – екінші бақыт.

«(Ой-саналарын теріс ойлар мен қате түсініктерден, жүректерін жалған сенімдерден және өмірлерін күнә атаулыдан) арылтып тазартады» делінген аятта. Демек екінші міндеті пейілін, ниетін, жан-дүниесін «барша лас істердің негізгі бастаушысы болған» жаман ойдан тазарту. Тазарған жан-дүниеге адами қасиеттерді орнықтыру пайғамбарлардың Құран мен сүннетті үйрету міндеттері аясына тапсырылған. Пенде пайғамбарлардан осы екі қасиетті бойына сіңірсе құлшылық ету барысында қалыбында хушуғ пен хузуғды жоғары деңгейде орындып, құлшылығына рух бағыштайды. Ал қарапайым өмірде жүректегі иманын іс-әрекетімен амалға асырып, күпірлік пен екіжүзділіктен, жалпы айтқанда кемшілік атаулыдан аулақ кетуге жол ашады.

Аятта одан әрі былай делінеді: «Сондай-ақ оларға кітап пен хикметті (яғни Кітапты дұрыс түсіну әрі жүзеге асыру жолдарын, ондағы пәрмендер мен тыйымдардың хикметін һәм жаратылыс пен түрлі құбылыстардың мән-мақсатын) үйретеді». Бұл аят түсіп жатқан кезде мұсылмандардың көпшілігі оқу мен жазу білмейтін сауатсыз еді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға Құран мен сүннетті үйреткеннен соң олар азғантай уақыттың ішінде бүкіл әлемге ұстаз болды.

Осы аяттан түсінетініміз, Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) негізгі төрт міндеті бар. Олар: Құранды оқып түсіндіру, жан-дүниесін тазарту, Құранды үйрету, сүннетті үйрету. Осы төрт міндет ішіндегі «жан-дүниені тазартуды» араб тілінде «тазкия» деп атайды. Жоғарыдағы аятта «йузаккиһим», яғни «оларды тазкия жасайды» деп қолданған.

Материалды кірден тазартуды «танзиф» деп атаса, рухани тазартуды «тазкия» дейді. Демек пайғамбарлардың негізгі міндетінің бірі рухани тазарту болған. Сондықтан Ихсан іліміне ден қою Құранда «тазкия» деп көрсетілген.

«Ихсан іліміне ден қою қашан басталды?» деген сұраққа, кейбір зерттеушілер «VIII ғасырда белең ала бастады» деген пікір айтады. Тіпті кейбіреулер басқа діннен кірген бидғат деген пікір айтқан. Алайда шындығына қарасақ, Ихсан іліміне ден қою Құран аяттары мен хадис шәріпке сүйене отырып қолға алынған болатын. Зерттеушілер Алла Тағаланың барша жерде көріп, қадағалап тұрғанын, Оның өз пенделеріне жақын екені, егер пенделер Оны еске алса, Алла Тағала да оларды еске алатыны, сонымен қатар адамдар Алла Тағалаға сүйіспененшілік танытса, Алла Тағала да ол пенделерге сүйіспеншілік танытатыны, сондай-ақ разы болатыны, сонымен қатар нәпсіге қарсы күресу арқылы бойда қалыптасатын көркем мінез арқылы Алла Тағалаға жақындай түсуге болатыны жайлы аяттар мен хадистер адамдардың Ихсан іліміне ден қоюына сеп болғанын анықтаған.

Алла Тағала «Бақара» сүресінің 115-аятында: «Шығыстың да, батыстың да иесі бір Алла. Жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар да, Аллаға бет бұрған боласыңдар», – деген. Сонымен қатар «Бақара» сүресінің 186-аятында: «(Уа, Мұхаммед!) Егер құлдарым сенен Мен туралы сұраса, Мен оларға өте жақынмын. Маған жалбарынып, дұға еткеннің дұғасын жауапсыз қалдырмаймын», – деген. Сондай-ақ Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте Алла Тағаланың: «Егер пендем Маған бір қарыс жақындаса, Мен оған бір кез жақындаймын, ол Маған бір кез жақындаса, Мен оған қарай жүремін. Ал егер ол Маған қарай жүрсе, Мен оған жүгіремін» дегенін жеткізген.

Сонымен қатар бір хадисте Жебрейіл: «Маған Ихсан туралы баяндап берші», – дегенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ихсан дегеніміз – Алла көріп тұрғандай құлшылық жасауың, сен Оны көрмесең де, шын мәнінде Ол сені көріп тұр», – деп жауап қайтарды. Міне, осы аяттар Ихсан іліміне ден қоюшыны әрқашан Алла Тағаланың қарап, қадағалап тұрғанын, «Таһа» сүресінің 7-аятында: «Сөзіңді мейлі әшкере сөйле. Расында Ол сырды да, құпияны да біледі», –дегендей ойым да, бойым да, тіпті сөйлеген сөзім де Алла Тағалаға жағымды болса екен деген ниетте болуға шақырған.

Ихсан іліміне ден қоюшы «Маида» сүресінің 54-аятындағы: «Әй мүміндер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла жедел бір қауым әкеледі. Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді», – деген аятқа зер салып, Алла Тағалаға сүйіспеншілік танытуға баса назар аударады, амалға асырады. Осылайша сүйіспеншілік таныту ықыласпен, хушуғ пен хузуғты орнына қойып құлшылық етуге алып келіп, «Байина» сүресінің 5-аятында: «Олар ғибадатты, нағыз Аллаға шынайы ынтамен бір беткей түрде орындауы, намаз оқуы, зекет беруі үшін әмір етілген. Міне, осы тұп-тура дін», – деген аятты негізге алып, діннен болған негізгі мақсат шынайылық деп біледі. 

Еліміздегі барша мұсылмандар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Ихсан ілімі бастамасына ден қою арқылы қолдау көрсете бермек. Алла Тағала келбетімізді қалай көркем еткен болса, жан-дүниемізді де сондай көркем еткей!

 

Әділхан ИМАНӘЛІҰЛЫ,

«Әлжан ана» мешітінің бас имамы

Нұр-Сұлтан қаласы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру