Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

БІЛІМ ІЗДЕНУ (ПАЙДАЛЫ ІЛІМ)

muftyat.kz 26.08.2021 18747 0 пікір
БІЛІМ ІЗДЕНУ (ПАЙДАЛЫ ІЛІМ)

«Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса,

Алла оның жәннатқа барар жолын жеңілдетеді» (Имам Мүслим).

 

Білім алу, сауатты болу – діннің талабы. Себебі Алла Құранның алғашқы аяттарын уахи еткенде әуелі «Алақ» сүресінің бес аятын түсірді: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол (Алла) адамды ұйыған қаннан жаратты. Оқы! Сенің Тәңірің ең ардақты! Ол қаламмен жазу үйретті. Адамдарға білмегенін үйретті» («Алақ» сүресі, 1-5 аяттар). Алғашқы түскен аят «Оқы» әмірімен басталғандықтан мұсылман баласы оқып-үйренуі тиіс. Құран Кәрімде 719 жерде ілім жайында баян етіледі. Сонымен қатар Құранда айтылған кейбір мәселелерді тек ілім иелері ғана түсінетінін көптеген аятта баяндайды. Қасиетті Құранда: «Адамдарға баян еткен бұл мысалдарды ғалымдар ғана түсіне алады», – деген («Анкәбут» сүресі, 43-аят). Қай заман болмасын білетін мен білмейтін тең болмайды. Құран бұл ақиқатты әуелде адамзатқа: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бола ма?» – деп ескертті («Зүмәр» сүресі,  9-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға білім алудың парыз екенін айтып, сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткен болатын. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшриктерге бостандық алулары үшін әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап етіп, қаншама сахабалардың сауатын ашуға мүмкіндік жасайды. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу құлшылықтың кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Ал білімсіздіктің залалы шаш етектен. Білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, дінге қара күйе жақтырады.

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде Әбу Зәр (Алла оған разы болсын) есімді сахабасына: «Ей, Әбу Зәр! Таңертең үйіңнен шығып, Құраннан бір аят үйренуің сен үшін 100 рәкағат нәпіл намаз оқығаннан да қайырлы. Сол секілді таңертең үйіңнен шығып, ілімнен бір бөлім үйренуің сен үшін мың рәкағат нәпіл намаз оқудан жақсырақ», – дейді (Имам Ибн Мәжа).

 

Хәкім Абай ғалым болуға талпыну жайында бір өлеңінде былай деп ой салады:

Ғалым болмай немене,

Балалықты қисаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

Ондай болмақ қайда деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз.

Қиямет күні төрт кісі есеп-қисапсыз, азапсыз жәннатқа кіру үшін қақпаның алдына шақырылады. Біріншісі – оқыған іліміне амал жасаған ғалым. Екіншісі – қажылығына қажылықты бұзатын амалдарды араластырмаған адам. Үшіншісі – дін үшін соғыста қаза тапқан шейіт. Төртіншісі – халалдан дүние тауып, оны риясыз Алла жолына жұмсаған жомарт кісі. Төртеуі жәннатқа кім бірінші кіреді деп, өзара сөз таластырады. Алла оларға қазылық ету үшін Жәбірейіл періштені (оған Алланың сәлемі болсын) жібереді. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) әуелі шейіттен сұрайды:

– Сен дүниеде жәннатқа бірінші болып кіруге лайықты қандай амал істедің?

Шейіт оған:

– Мен Алла разылығы үшін дін жолындағы соғыста шейіт болдым, – дейді.

Жәбірейіл:

– Шейіттің сауабын сен кімнен естідің? – дейді.

– Ғалымдардан естідім, – дейді ол. Жәбірейіл:

– Ендеше әдеп сақта! Ұстазыңның алдын кесіп өтпе, – дейді.

Сонан соң Жәбірейіл періште қажы мен жомартқа да дәл осындай сұрақтар қояды. Олар да шейіттің айтқандарына ұқсас жауап береді. Сол уақытта ғалым тұрып:

– Уа, ұлық Раббым! Егер сахидің (жомарттың) маған көрсеткен жомарттығы, істеген жақсылығы себеп болмағанда, мен ілім ала алмаған болар едім, – дейді. Сонда Алла Тағала:

– Ғалым дұрыс айтады. Уа, жәннат қақпасының күзетшілері! Жомарт бастап, қалғандары соңынан еріп кіру үшін жәннаттың есіктерін айқара ашыңдар! – дейді. Алла Құранда адамдардың білімсіздігі мен сауатсыздығынан күнә мен ширк жасайтынын және олардың білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтынын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда, Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баян етер еді. Керісінше мүшриктерді баяндағанда, оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екенін, алайда бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне үзір бола алмайтынын ескертеді.

Дүние мен ақырет бақытының кілті – білімде. Білім – амалдардың ең абзалы. Білім мен хикмет – мүминнің жоғалтқан мүлкі, оны қайдан тапса алуы тиіс. Білім жолы – жәннат жолы. Хадисте: «Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді», – деген (имам Мүслим).

 

Имам Хасан (Алла оған разы болсын) ғалымдар жайында былай деген: «Ғұламалардың сиясы мен шейіттердің қаны қиямет күні өлшенеді. Сонда ғұламалардың сиясы шейіттердің қанынан ауыр тартады».

 

Білім алып, өзгеге пайдамыз тиіп, иманға келуіне себепші болсақ, шексіз сауапқа кенелетінімізді Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хазреті Алиге айтқан мына хадисінен білеміз: «Сенің себеп болуыңмен Алла Тағала бір адамға хидаят (тура жол) берсе, сен үшін бұл дүние және дүниеде болған барлық нәрседен жақсы», – деген (имам Бұхари).

Адамның бәрі сауатты не ғалым болуы мүмкін емес. Дегенмен, Құран сөзімен айтқанда, білмеген мәселеде: «Егер білмесеңдер, білетіндерден сұраңдар», – деген аятты басшылыққа алуымыз керек («Әнбия» сүресі, 7-аят). Аллаға құлшылық ету, қоршаған ортамен үйлесіп, шариғат бойынша өмір сүру үшін мұсылманға діни әрі зайырлы білімді қатар алып жүру – заман талабы. Жейтін асымыз халал болуы үшін мал және диқаншылықпен айналысу қажет. Өндіріліп жатқан өнімге харам қоспа қосылып кетпеуі үшін технолог, биолог және химик маман болу, науқасты емдеу үшін білікті дәрігер болу керек. Ол үшін мұсылманға оқу керек.

Дін ілімі Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қалған мұра, оны әркім алуға ниет етуі тиіс: «...Расында ғалымдарпайғамбарлардың мұрагерлері. Шын мәнінде пайғамбарлар динар да, дирһам да (алтын, күміс ақша) мұраға қалдырмайды. Олар білімді мұраға қалдырады. Кімде-кім оны алса, мол олжа алғаны...», – деген (имам Әбу Дәуід). Пайғамбардың мұрагері болу қандай бақыт! Мұрагер болу үшін Пайғамбар әулетінен болу шарт емес, мұрагер болу – барлығына теңдей берілген мүмкіндік.

Бірде Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) Мәдинаның көшесінде кетіп бара жатып, көшеде жүрген жамағатқа:

– Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасын бөлісіп жатыр, сендер болса мұнда уақыттарыңды босқа өткізіп жүрсіңдер, барып сол мирастан өз үлестеріңді алмайсыңдар ма? – дейді. Әлгі адамдар:

– Қайда бөлісіп жатыр? – деп сұрағанда Әбу Һұрайра:

– Мешітте бөлісіп жатыр, – деп жауап береді. Адамдар мешітке бет алып, артынша қайтып келеді. Әбу Һұрайра олардың қайтып келгенін көріп:

– Не болды? – деп сұрағанда, олар:

– Біз мешітке барып едік, онда сен айтқандай бөлісіп жатқан ештеңе көрмедік, – деп жауап қатады. Сонда Әбу Һұрайра:

– Сендер мешітте ештеңе көрмедіңдер ме? – деп қайта сұрайды.

Иә, бірнеше адам көрдік, біреулері намаз оқып жатыр, біреулері Құран оқып жатыр, біреулер адал мен арам жайында тартысып жатыр, – дегенде, Әбу Һурайра:

– Сорларың құрысын, Пайғамбардың мұрасы сол ғой, – деп жауап берген екен (имам Табарани).

Бабаларымыз білім алудың маңызы жайында ұрпағына ұлағатты сөз қалдырған. «Білім инемен құдық қазғандай», «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» деп, білімдінің ала алмайтын қамалы, аса алмайтын асуы болмайтынын меңзейді. Білім мен ғылымға Ислам діні ерекше көңіл бөледі. Білім – діндарлық, тақуалық, шүкіршілік секілді жақсылықтардың бастауы. Алланы тану, дұрыс құлшылық ету және жәннатқа апарар сара жол тек қана білімде жатыр. Надандықтың қараңғылығын сейілтіп, адам баласының жолын жарық ететін – білім.

 

Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек...», – деген.

 

Адам мен ұлттың қадірі білімімен өлшенеді. Білімді адам тақуалыққа жақын болса, білімсіз адам қателік жасаудан қорықпайды. Мәселен, надан адамнан бір мәселе сұраса, білмеймін деп айтудың орнына өз ойын айтады. Ал білімді адам бірден жауап бермей, кітаптан көрейін деп аса жауапкершілік танытады. Сол үшін Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп, кітапқа қарау керектігін ескертеді.

Ахмет Иүгінеки:

Өтеді абыроймен білімді жан,

Ал надан бейне өлік, жүрсе де аман.

Білімді бір тең келер мың кісіге,

Білімге сай пайдалы өзге не бар?

Біліммен ғалым өсіп, көкке жетер,

Адамды наданшылық төмен етер.

Білім ал, Жаратқанның соңғы елшісі

«Білім қайда болса да ізде» – депті.

Білікті керек сөзді біліп айтар,

Қажетсіз, бос сөздерден бойын тартар.

Біліммен танылады бр Алла да,

Ешбір пайда, қайыр жоқ надандықта.

Шын білімі болмаған қанша халық,

Табынар құдай жасап қолдан-пұтқа, – деп, өлеңін шариғатқа негіздеп, білім және надандықтың жайын көркем сөзбен түсіндірген.

Әз Жәнібектің алпыс биі болған екен. Бір жолы хан билеріне: «Дүниеде не өлмейді?» – деп сұрақ қойғанда, алпыс биі бір ауыздан былай депті: «Ағын су өлмейді, Асқар тау өлмейді, Аспанда ай мен күн өлмейді, Әлемде қара жер өлмейді».

Сонда Жиренше шешен бәріне қарсы шығып:

Ағын судың өлгені,

Алты ай қыста қатқаны.

Асқар таудың өлгені,

Басын бұлттың жапқаны.

Ай мен күннің өлгені,

Еңкейіп барып батқаны.

Қара жердің өлгені,

Қар астында жатқаны.

Ажал деген атқан оқ,

Бір Алланың қақпаны.

Дүниеде не өлмейді?

Жақсының аты өлмейді,

Ғалымның хаты өлмейді, – депті.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шариғат ілімдерін Жәбірейілдің (оған Алланың сәлемі болсын) ұстаздық етуімен үйренген. Демек, ілімді өз бетінше емес, ұстаз арқылы үйрену – сүннет. Ал алған ілімін ұмытпау үшін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисіне амал еткен жөн болады: «Кімде-кім оқыған ілімі жадында жақсы сақталсын десе, бес түрлі қасиетті өзіне міндет тұтуы керек:

  1. Түн ортасында тұрып, екі рәкағат болса да тәхажжуд намазын оқысын;
  2. Әрдайым дәретпен жүрсін;
  3. Мейлі көпшілік арасында, мейлі оңашада болсын, тақуалықты ұстансын;
  4. Тамақты нәпсісін тойдыру үшін емес, тақуалық үшін ішіп, жесін;
  5. Дәрет алғанда тісін мисуакпен тазалап отырсын» (Усмон ибн Хасан ибн Ахмад Шокир Хувайрий. Дурратун Носихин. Таржимон: Дилмурод Қушоқов. – Ташкент, 2017. 21-бет).

Адам білімді өзіне әрі өзгеге пайдасы тисін деп оқиды. Өзгелерден мәртебем биік болсын, сайыста үстем болайын деп үйрену – күнә.

 

Хадисте: «Кімде-кім ғалымдармен тартысу үшін, ақымақтарды жеңу үшін немесе өзіне адамдардың назарын аудару үшін ілім үйренсе, оны Алла Тағала тозаққа кіргізеді», – деп айтылған (имам Тирмизи, ибн Мәжа).

 

Ертеректе бір патша ел аралап, халықтың тұрмыс тіршілігін көруді ойлайды. Бірде медреседен келе жатқан қолында кітабы бар баланы кездестіреді. Баланы тоқтатып, ислам мен иманның шарты, дәрет пен намаздың парызы жайында сұрақтар қояды. Бала патшаның сұрақтарына мүдірместен жауап береді. Баланың жауабына тәнті болған патша бір дорба алтын береді. Патша ары қарай жүріп кетеді. Ауылдың шетіне жеткенде бір диқанды кездестіріп, одан жөн сұрап, диқаншылыққа қатысты, яғни жақсы әрі сапалы өнім алу үшін не істеу керектігі, қандай өнімнің сорты мол өнім беретіні жайында сұрақтар қояды. Диқаншы маман болғандықтан, егістік пен диқаншылыққа қатысты сұрақтарға кәсіби тұрғыдан жауап береді. Расында да өз саласының маманы екені көрініп тұрады. Патша оның кәсібилігіне риза болып, дегенмен, шариғаттан сауаты қалай екен деп, ислам мен иманның шартын, адал мен арамнан сұрақтар қояды. Диқаншы діни сауаты таяз болғандықтан, сұрақтарға мүдіреді. Сонда патша ашуланып: «Мұсылман бола тұра осыны да білмейсің бе? Өз дінін білмеген адам қалайша мұсылман болмақ? Мына бейбаққа дүре соғыңдар», – деп нөкерлеріне әмір береді.

Нөкерлер диқанды ұстап, жазаламақ болып жатқан кезде әлгі медресенің шәкірті болған бала келіп қалады да, әкесіне араша түсіп патшаға датын айтады: «Бұл менің әкем, диқаншылықпен айналысып, бала-шағасын асырап әрі мені оқыту үшін медресеге жіберді. Өзі діни сауаты болмаса да, балам білімді болсын деп мені оқытып жатыр. Әкемнің діни сауатының болмауы оның кінәсі емес, оның әкесінің кінәсі. Әкесі кезінде үйретпесе, оқытпаса, әкем қайдан білсін? Уа, Патша! Құдіретіңіз жетсе, әкемді емес, оны оқытпағаны үшін өліп қалған әкесін қабірден тұрғызып алып, соған дүре соғыңыз», – дейді. Патша баланың сөзіне тоқтап, кешірімін береді.

Иә, көріп отырғанымыздай, діни сауатымыз болмаса, оқиық, үйренейік, егер жасымыз келіп қалса, онда бала-шағамызды оқытайық. Ең болмаса, мойнымыздағы әкелік міндетімізді дұрыс атқарайық.

 

«Уа, Алла! Расында мен Сенен пайдалы білім, адал ризық-несібе әрі қабыл болатын амал сұраймын» (имам Ибн Мәжа).

 

«Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан

 (Нұр-Сұлтан, «Muftiyat» баспасы, 2021 жыл)

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру