Фаджр

Восход

Зухр

Аср

Магриб

Иша

Расписание на год на месяц

Орал облыстық орталық мешіті (Фото)

Орал облыстық орталық мешіті

«Орал облыстық орталық мешіті» Ол Орал қаласы Еуразия даңғылында орналасқан. 2003 жылы қалаға мешіт салу жоспарланып, орны белгіленді, алайда әкімнің басқа қызметке ауысуына байланысты, облыстың жаңа басшысы Нұрғали Әшімов мәселені қайта көтеріп, жаңа жоба жасатып, мешіт құрылысын өз бақылауына алып, нәтижесінде мұсылмандар жаңа ғибадатханаға ие болды.

Мешіт құрлысы 2004 жылы басталып, 2005 жылы қарашада, ораза айттың бірінші күні, ресми түрде ашылды. Облыстық 1800 адамға арналған жаңа мешіттің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысып, жиылған жұртшылықты ораза айт мерекесімен және жаңа мешіттің ашылуымен құттықтап, облыс әкімімен бірге Алла үйінің лентасын қиды.

Мешіт жобасын «ПСК Оралтехнопроект ЖШС» фирмасы, құрылысын «Адал-Арна ЖШС» фирмасы бір жыл көлемінде жүргізіп, ел игілігіне берді.

Алла үйі 2 қабатты, әйелдер намаз оқитын балконы бар. Мешіт Орта Азия сәулет үлгісімен салынған. Ғимарат іргетасы бетоннан құйылған, биіктігі 14,45 метр. Мешіттің цоколдік қабатының барлық қабырғалары бетонды. Бірінші қабат қабырғалары қызыл кірпіштен өріліп, сырты сыланған. Ал ішкі қабырғаларының барлығы гипсокартонмен қапталып, түсқағаз жапсырылған. Үлкен зал ішіне тіреу қоймас үшін, темірден арқалық мәткелер қойылған. Ғимараттың көрік беріп тұрған 20 бағанасы бар. Олар темірден жасалып, сырты ақ мәрмәрмен қапталған. Шатыры жасыл түсті сапалы қарақағазбен жабылған. Мешіт жерден 1,5 метр биіктікте.

Мешіттің биіктігі 15, ені 10 метр шығыс үлгісінде мозайкамен әшекейленген хасбеті бар. Бас қақпасы Еуразия даңғылына қаратылған. Сапалы ағаштан өрнектеліп жасалған қақпасының биіктігі 2,90, ені 2,88 метр. Негізгі есіктен кірген бойда ұзындығы 1,70, ені 4 метрлік шағын дәлізі бар және оның екі жағына аяқ киім шешеді. Бұл өңірдің қысы аязды болатындықтан суық бірден лап етіп ішке кірмес үшін барлық ғимараттарға екі дәліз жасалады. Сол осы мешіт ғимаратында да ескерілген. Есігі де сапалы ағаштан, жартысы шыныдан жасалған. Екінші есіктен кіргенде ұзындығы 5,40, ені 8,35 метрлік тағы бір дәліз бар. Онда шағын аспалы шам қойылған.

Сондай-ақ қабырғаның екі жағына кішігірім аспалы шам, ал төбеге заманауи үлгіде қабырға ішіне кіріңкі етіп 8 шам қондырылған. Дәліздің оң жағы цоколдық қабат пен балконға шығатын баспалдақ. Оның жанында 13,2 шаршы метрлік әйелдерге арналған сырт киім шешетін орын қарастырылған, ал дәліздің сол жақ бетінде 30,8 шаршы метрлік ер кісілерге арналған сырт киім шешетін гардероб тұр.

Үлкен залға негізгі есіктен кейін 2 есік арқылы өтуге болады. Мешіт ғимаратының негізін үлкен дәл осы зал құрайды. Оның биіктігі 11 метр, тіреусіз. Құбыла тарапта 1,35 метрлік шығыңқы михрабы бар. Залға шығыс үлгісіндегі биіктігі 6,5 метрлік ақ түсті 10 терезе қойылған. Олар ағаштан, шынылары итальян витражымен әшекейленген. Сонымен қатар түнде мешіт ішін жарықпен қамтамасыз ететін төбеде 60 шам бар.  Үлкен залдың  ұзындығы 20, ені 20 метр, михрабтың сол жағында өрт қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті сыртқа шығатын пластиктен жасалған есік бар. Залда 12 баспалдақтан тұратын биіктігі 6 метрлік ағаштан жасалған мінбер тұр. Мешіттің ішкі қабырғалары әшекейленбеген. Себебі төрт қабырғасына төбеге дейін түсқағаз жапсырылған. Төбесі ақ түспен сырланған.

Мешітте әйелдердің ғибадат етулері үшін балкон қойылған. Үлкен дәліздің оң жақтағы балконға шығатын және цоколдық қабатқа түсетін баспалдағы бар. Балконның ұзындығы 20, ені 5,50 метр. Үш люстрасы және арка қабырғаға орналастырған 8 лампасы бар. Ол балконды жарықпен қамтамасыз етеді. Балконда шатырға және одан ары мұнараға шығатын шағын баспалдақ та бар.

Мешіт ғимаратының цоколдық қабатына кіретін үш есік бар. Үлкен есік арқылы мешітке кірген соң, дәліздің оң жағындағы баспалдақ арқылы төменгі қабатына түседі. Түскен бойда сол жақта 18,4 шаршы метр болатын тазалықшыларға арналған шағын бөлме. Оң жақ қапталда – кіші залға өтетін жерде, ұзындығы 14,48, ені 5,30 метр, бір терезелі дәрісхана орналасқан.  Дәрісханада 10 парта, ұстазға арналған үстөл, қабырғаға тақта мен кітап сөрелері қойылған.

Цоколдық  қабаттағы кіші залдың биіктігі 3,45, ұзындығы  20,45, ені 20,45 метр. 3 терезесі бар. Ішкі қабырғалары төбеге дейін түсқағазбен жапсырылған. Ішіне 70 шырағданды аспалы шам қойылған. Цоколдық қабатқа мешіттің оң және артқы жағындағы қосымша есіктер арқылы кіруге болады. Оның ені  0,90, биіктігі 2,0 метр. Осы есік арқылы кіргенде 3,6х2,85 метрлік дәлізге тап боласыз, оң жағында 20,4 шаршы метрлік есепші мен хатшы бөлмесі орналасқан. Сол жағында 20,4 шаршы метрлік имамға арналған бөлме қарастырылған.

Мешіттің оң жақ тұсындағы цоколдық қабатында Құран оқитын бөлме орналасқан. Оған мешіт сыртынан арнайы жасалған дәліз арқылы барады. Құран оқу бөлмесі мен цоколдық қабатқа кіріп-шығу үшін пластиктен жасалған екі есік қойылған. Одан кірген бойда 12,8 метрлік шағын дәліз бар. Оның оң жағы найб имамдарға арналған 20,8 шаршы метрлік бөлме, сол жағы ұзындығы 13, ені 3,50 метрлік ұзынша келген Құран оқу, неке қиюға арналған бөлмелер орналасқан.

Мешіттің 41 метрлік екі мұнарасы, ғимарат шатырынан тіке бой көтерген. Ол негізінен темір трубадан қойылып, сырты төрт және алты бұрышты етіп қапталған. Мұнара мозайкамен әшекейленіп, ақ түспен боялып, ұшар басына жарты ай белгісі қойылған. Ал күмбездің биіктігі 7 метр, 8 қырлы шыныдан жасалынған. Ол өзіндік әсемдікке ие. Шынылы күмбез Германияда арнайы тапсырыспен жасалған. Салмағы 22 тонна. Күмбез үлкен зал ауасын реттеп отыру үшін ұшар басы элекрт тогына қондырылған түйме арқылы ашылып жабылады.

Алла үйінің жер аумағы 0,5989 га. Мешіт аумағы толықтай қоршалған. Ауланың арт жағында жүк көліктері мен өрт қауіпсіздігіне арналған ені 4 метрлік қақпа бар.

Мешіттің негізгі қақпасы Еуразия даңғылына қараған. Ауласына асфалт, оның бергі жағына тас төселген. Айналасы көгалдандырылып, арнайы су құбырлары арқылы суғарылып, шөптері уақытылы шабылып тұрады. Ауланың оң жақ қапталына шырша ағаштары өсіп тұр.

Мешіт газбен жылытылатын жеке жылу қазандығы арқылы еден астынан жылытылады және батареялармен жабдықталған.

Ғибадат ауласында таһаратхана мен жылу қазандығы және құрбандық шалатын арнайы қосымша нысан бар. Таһаратхана көлемі 11х9 метр, қызметкерлерге, әйелдер және ерлерге арналған дәрет орнының әрбіріне бөлек есіктер арқылы кіруге болады. Таһаратхана ыстық және суық сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ мешітте 9х5 метрлік үсті темір қаңылтырмен жабылған, шеті ашық, асты бетондалып, орталық кәріз жүйесіне труба арқылы жалғанған мал соятын орынның болуы да ескерілген. 

Мечети этой области или города