Таң

Күн

Бесін

Екінті

Ақшам

Құптан

ТАХНИК ЖАСАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Медет Құрмашұлы muftyat.kz 15.03.2024 1990 0 пікір
ТАХНИК ЖАСАУДЫҢ МӘНІ НЕДЕ?

Тахник – жаңа туған сәбиді емізбес бұрын таңдайын құрма немесе тәтті нәрсемен сүрту. Бұл – Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет амалы.

Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла одан разы болсын) өзінің ұлы туғанда оны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды. Сонымен қатар тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Әбу Талханың (Алла одан разы болсын) ұлы туғанда бірнеше құрманы шайнап, сосын оны нәрестенің аузына салып, таңдайын сүрткен.

Хафиз бин Хажар «Фатху әл-Бәри» (9/588) кітабында: «Тахник дегеніміз – бір нәрсені шайнап, сәбидің аузына салып, таңдайын сүрту. Бұны істеудегі мақсат сәбидің ауыз бұлшық етін нығайтып, емуге, жеуге дайындау. Ең абзалы құрма. Құрма табылмаған жағдайда тәтті нәрсемен таңдайын сүртеді. Тәтті нәрселердің ішінде ара балы басқаларына қарағанда жақсырақ», – деген.

Білім мен технологияның дамыған заманында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінің кейбір ғылыми жақтары ашылуда. Медицина мамандары сәби әсіресе ерте туған болса, ағзасында глюкозаға мұқтаждық болады. Сол себепті бала ембей қояды, өсуі тежеледі, миы зақымдалып, дамымай қалады, басқа да көптеген ауруларға душар болатынын айтуда. Ал құрмамен не тәтті нәрсемен тахник жасау арқылы осы жетіспей тұрған глюкозаның орны толады. Өйткені құрма глюкозаға бай.

Сондай-ақ жоғарыда хадистерде айтылғандай, сахабалар тахникті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасататын. Бұл жерде тәбәрік ету де бар. Өйткені Әнас бин Мәліктің (Алла одан разы болсын) жеткізуінше Умму Сәлим босанған уақытта: «Уа, Әнас! Мына баланы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарып, тахник қылдырмайынша, еш нәрсемен тамақтандырмаңдар», – деген. Имам ән-Нәуауи осы хадистің пайдасы жайлы: «Бала өмірге келген уақытта оны салих, беделді кісілерге апарып, таңдайын құрмамен сүрту керек», – деген (Шарх ән-Нәуауи ағла Муслим 14/100).

Міне, осы секілді біздің халқымызда да нәрестенің аузына аузы дуалы ақсақалдарға, батырларға, би-шешендерге түкірту ырымы бар. Біздің дана бабаларымыздан қалған осы дәстүрдің де түп төркінінде сүннет амалдың бар екенін айтуға болады. Мұндағы мақсат сәби өскенде сол сияқты сыйлы, өнегелі азамат болсын деген ниеттен туған.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ,

ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы

«Иман» журналы, №2, 2024 жыл

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру