Кейде көшеде кетіп бара жатып ақша немесе құнды бір зат тауып аламыз. Оны өзімізге алуға бола ма? Әлде оны садақа ету керек пе? Бәлкім оған тиіспеу керек шығар? Бұл – қазіргі таңда жиі кездесетін мәселенің бірі.
Шариғат бойынша жоғалған затты тапқан кісі тауып алған затын жұртқа жариялап, оның иесін іздеуге әрекет етуі тиіс. «Кім көріп тұр» немесе «Құдай маған беріп тұрған шығар» деген оймен даладан тапқан дүниені қалтасына салып, кете беру – мұсылманшылыққа жат.
Зайд ибн Халид әл-Жүһани (Алла оған разы болсын) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім жоғалған затты құпия түрде өзінікі етіп алса, ол – адасушы», – деген (Мүслим, Ахмад).
Даладан бір нәрсе тауып алған адам: «Әлдекім бір затын жоғалтқан болса, анау жерге барсын, мынадай адамға жолықсын!» деп жұртқа хабарлауы керек. Ал іздеп келген адам табылған бұйымның сипаты мен белгілерін айтып, өзінікі екенін дәлелдеуі тиіс.
Тапқан нәрсесі жеміс, тамақ сияқты тез бұзылатын зат болса, оны жеуге рұқсат етіледі. Көп мөлшерде болса, қазидың бұйрығымен оны сатып, ақшасын аманат ретінде ұстап отырады (Фәтәуа Һиндия, 2/300).
Егер иесі табылмаса, тапқан адам иесіз затты бір жыл ұстайды. Иесі келсе, аманатын қайтарып береді. Келмеген жағдайда, ол зат тауып алған адамның мүлкіне айналады. Дегенмен күндердің күнінде иесі іздеп келіп қалса, әлгі адам сол затты немесе оның құнын қайтсе де қайтарып беруі шарт.
Сахабалар Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тауып алған алтын немесе күміс жөнінде сұрады. Алла елшісі: «Оның ыдысы мен бауын мәлімде. Содан кейін бір жыл күт. Егер иесін таппасаң, оны өз қажетіңе жұмса. Сол зат сенде аманат ретінде тұрсын. Қашан да біреу талап етіп келсе, оны қайтып бер», – деген (Мүслим).
Демек біреудің жоғалған заты қанша уақыт өтсе де, тапқан адамның мүлкіне айналып қалмайды. Қашан да иесі шықса, оны қайтып беру немесе оның құнын төлеу міндет болады.
Хасан АМАНҚҰЛ
Пікірлер (0)
Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру